305
Көрмеге қатысатындығын 105 ел растады
Көрмеге қатысатындығын 105 ел растады
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Америка Құрама Штаттарының елшісі Джордж Кроллмен кездесті. Басқосу барысында тараптар АҚШ-тың «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу мүмкіндігін қарастырды.
Басқосу барысында АҚШ елшісі Кролл Американың ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға қызығушылық білдіргенін жеткізді.
Бүгінгі таңда халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысатындығын 105 мемлекет растады, 98 мемлекеттің комиссары тағайындалды, 82 мемлекет қатысу келісімшартына қол қойды.
Сол күні таңертең «ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Армения Республикасының Экономикалық даму және инвестиция министрі Сурен Караянмен кездесті.
Басқосу барысында екі жақ Арменияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу мүмкіндігін қарастырды. «ТМД-ның барлық елдері халықаралық көрмеге қатысатындығын ресми растады. Сондықтан олардың қатарында Арменияны да көргіміз келеді», деді А.Есімов.
Өз кезегінде, Сурен Караян Армения үкіметінің жақын арада нақты шешім қабылдайтындығын айтты. Көп кешікпей кеше түстен кейін Сурен Караян Армения Республикасының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын растады. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне ТМД-ның барлық елдері қатысатын болады.