50402
Alga Peterburg: Әлем жұлдыздары Димашқа қарап бой түзейді
Alga Peterburg: Әлем жұлдыздары Димашқа қарап бой түзейді
Осыдан үш жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болған Санкт-Петербург тұрғындарыYouTube платформасындағы «Эхо Петербурга» каналында ол туралы ақпарат бере бастады. Кейіннен Димаштың өмірі мен өнері туралы көп дерек беру үшін олар Alga Peterburg каналын ашты. Бастапқыда тек Димаштың шығармашылығына арналған бұл каналда бүгінде Қазақстан, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы сұхбаттар, репортаждар, фильмдер көптеп жүктеледі. Қазір Түркістан қаласының жаңаруы туралы фильм әзірлеуге кірісіп кеткен петербургтік шығармашылық топқа хабарласып, әңгімелескен едік.
https://www.youtube.com/watch?v=6GDQuhPfhu4
Túrkistan: Алғашында сіздер жүргізген «Эхо Петербурга» каналының атауын Alga Peterburg деп Димаштың шығармашылығымен танысқан соң өзгерттіңіздер ме, әлде жаңадан канал аштыңыздар ма?
Alga Peterburg: Жаңа канал аштық. Негізінен біз спортпен белсенді түрде шұғылданып, спорт мектептерімен тығыз байланыс орнатып, тіпті жеке команда құрдық. Сөйтіп жүргенде Димаш туралы естіп-біліп, оның шығармашылығымен таныса бастадық. Феномен ретінде танылған оның өнерінің адамдарға неліктен ерекше әсер ететінін білгіміз келді. Өнерінен бөлек, оның сахнада өзін-өзі ұстауына, ашық-жарқын мінезіне, үлкендерді сыйлауына, кішілерге құрмет көрсетуіне өте-мөте тәнті болдық. Сөйтіп, таныстарымыздан, достарымыздан, спортшылардан ол туралы сұрай бастағанымызда Димашты ешкім білмейтін болып шықты. Сосын ол туралы деректер жинастыруды жөн көрдік. Осылайша, 2018 жылдың күзінде Димаш деген жаңа әлем аштық. Шыны керек, ол уақытта Димаш туралы мәліметтер аз болды. Жоғарыда сіз айтып өткен «Эхо Петербурга» каналы арқылы Димаш пен оның шығармашылығы туралы ақпарат бере бастадық. Тағы бір түрткі болған жайт, Димаш «Новая волна» халықаралық байқауында «Любовь уставших лебедей» әнін жан-тәнімен беріліп айтып шықса да, залда отырған көрерменнің реакциясы, олардың жым-жырт болып отыруы бізге ұнамады. Сөйтіп, Димаштың сол концерттегі керемет орындауы мен оның өнеріне таңданған көрерменнің реакциясы түсірілген видеоны қосып, фан-клип жасап шығардық. Оған дейін мұндай видеоны қалай жасайтынын да білмейтінбіз.Тіпті, YouTube-тың тілін толық түсінбейтін едік. Сол ролик 80 миллионнан астам мәрте көрілді. Бірақ кейіннен ол канал бұғатталып қалды. Айта кетерлік жайт, Димаш туралы канал жүргізе бастаған соң, оның әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерімен байланыс орнатып, араласа бастадық. Димаштың көмегімен географиялық білімімізді жақсартып алдық десек те болады. Сол шетелдік жанкүйерлерге Димаш туралы ағылшын және испан тілінде хабар тарататын Echo Pitera каналын ашқан болатынбыз. Екі каналды дамыту үшін тынбай жұмыс істедік. Алайда 2020 жылдың басында танымал екі каналдың екеуі де жабылып қалды. Сөйтіп, ақылдаса келе сол жылдың наурыз айында Alga Peterburg каналын аштық.
Túrkistan: Әдетте Димаштың жанкүйерлері аудитория жинау үшін YouTube-тағы канал атауына оның есімін немесе Dears сөзін қосқанды құп санайды. Ал сіздер Димаштың шығармашылығы үшін ашқан каналды неліктен Alga Peterburg деп атадыңыздар?
Alga Peterburg: Былтыр бізді үнемі қолдап жүретін жазылушыларға YouTube-та Димаш туралы жаңа канал ашатынымызды айтып, каналды қалай атасақ болады деп ақыл-кеңес сұраған болатынбыз. Олар ұсынған көп нұсқаның ішінен «Алға» сөзі ерекше ұнады. Оған дейін сәтті жүргізіп келе жатқан екі каналды жауып тастаса да, әлеуетіміз артып, күшіміз тасып тұрған кезде «алға» деп өзімізді қамшылап, жұмысты ары қарай жалғастыру керек деп шештік. Негізі, каналдың атауында Димаштың есімі болмаса да, жанкүйерлер бізді оңай тауып ала алады. YouTube-та тек атау бойынша емес, басқа жолмен аудитория жинауға болатын сиқырлы тетіктер бар. Егер канал атауына Димаштың есімін қоссақ, көрермен бізді тек фан-парақша ретінде қабылдайтын еді. Ал біз фан-парақша емес, үш адамнан құралған, Димашты жан-жақты таныту үшін қыруар жұмыс атқарып жүрген шығармашылық топпыз.
Túrkistan: Каналдың сипаттамасында «Біз тек Димаш туралы айтатын боламыз» делінген. Бірақ Димаштан өзге қазақстандық әншілер, әртістер әрі қазақ мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы да көп контент әзірлеп жүрсіздер. Мұның барлығын қамтуға Димаштың шығармашылығы түрткі болды ма?
Alga Peterburg: Әдепкіде Alga Peterburg-ті тек Димаштың шығармашылығына арнаймыз деп ойлағанбыз. Димаш пандемияға дейін Arnau әлемдік турне аясында көп концерт қойып, түрлі іс-шараларға қатысты. Димаштың шығармашылығындағы өрлеу сол кезең болды. Тіпті, іс-шаралардың көптігінен каналға материалдар жариялап үлгермей қалып жүрдік. Пандемия басталған соң, әлем әншілері секілді Димаштың да барлық жоспары кейінге шегеріліп, шығармашылығында үзіліс болды. Ал сол уақытта біздің әлеуетіміздің мол болғаны соншалық, ақырында өз-өзімізді «тоқтата» алмай, каналға қазақ мәдениеті мен өнеріне қатысты өзге қызықты материалдар әзірлеп салғымыз келді. Сөйтіп, Қазақстанның мәдениетін, жас өнерпаздарды, әсіресе Ержан Мақсым мен Данелия Төлешованың өмірі мен шығармашылығын зерттей бастадық. Кейіннен бұл қатарға Иманбекті қостық. Осы зерттеулерден қазақтың жас өнерпаздарының әлем әншілеріне сахнада өзін-өзі қалай ұстау керек жағынан ғана емес, сондай-ақ, қалай еңбектену, діттеген мақсатқа қалай жету керек мәселесі бойынша да үлгі көрсетіп жүргенін байқадық. Жалпы, бастапқыда уәделескендей шығарылымдарда дін, ұлт, саясат туралы сөз қозғамаймыз. Alga Peterburg – мәдени канал, мақсатымыз – ақпаратты мәдениет призмасы арқылы тарату. Ә дегенде Димаштың шығармашылығына қызықтық, кейіннен Димаш арқылы қазақ мәдениетін танып-білуге қызығушылық пайда болды. Сосын бұл керемет мәдениет жайында біз ғана біліп қоймай, әлем жұртшылығы білуі керек деген ой түйдік. Оған қоса, көптеген деректен хабардар бола бастаған соң, Қазақстан мәдениетін әлемге таныта алатынымызға, оған білген-түйгеніміз, әлеуетіміз жететініне көз жеткіздік. Димаш жүрген жерінде өз мәдениетін, әдет-ғұрпын әркез насихаттап жүреді. Димаш секілді қазақ мәдениетін әлемге таныту аз да болса біздің де қолымыздан келіп жатқан секілді. Біз мұны игі іс деп білеміз. Өйткені өзге ұлттың мәдениетімен таныс болсаң, нәсілі, ділі, дініне қарамастан адамды тез түсінесің, оңай тіл табысасың. Димаш осыған көзімізді жеткіздік. Негізі, осы каналды жүргізгелі бері көп нәрсені түсіндік, түйдік, есейдік. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Димаштың концертіне барғанымызда жергілікті жанкүйерлер ұйымдастырған Nomad time деген іс-шараға қатыстық. Онда қолөнершілер мен бүркітшілердің өнерін, ұлттық ойындарды тамашаладық. Үлкен киіз үй тігілді. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм таттық. Керемет ұйымдастырылған бұл іс-шарадан әсер алғанымыз соншалық, тіпті әлі күнге дейін бауырсақтың тіл үйірген дәмі есімізден кетпейді. Сол кездесуде қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болған біз тіпті жүргізушіден микрофонды «жұлып» алмақшы болып, бізге бауырмалдық танытқан қазақ халқына ыстық лебізімізді білдіріп, жылы сөз айтпақшы болдық. Айта кетерлік жайт, Alga Peterburg каналының алпыс пайызға жуық жазылушысы – қазақ. Достарымыздың көбі де – қазақтар. Біздің шығарылымдарды қалт жібермей көретін олар бізді ара-тұра түзеп, ақыл-кеңес беріп отырады. Сол себепті олармен бір отбасының мүшесі секілді араласатынымызға шексіз ризамыз.
https://www.youtube.com/watch?v=Aul0SccBC4c
Túrkistan: «Душа казаха, сердце казаха – домбыра» деген шығарылымда Алматыдағы музейлердің бірінен репортаж жасап, қазақтың ұлттық аспаптары, соның ішінде домбыра туралы жасаған зерттеулеріңізді жарияладыңыздар. Сонда сол үшін Алматыға арнайы бардыңыздар ма, әлде?
Alga Peterburg: Нұр-Сұлтанда өткен концертке барғанда көптеген адаммен байланыс орнаттық. Солардың бірі музейде қызмет етеді екен. Ол кісі Алматыға келіп, музей жайында репортаж жасауды ұсынды. Бір жылдан соң Алматыдағы шығармашылық топта жұмыс істейтін достарымыз музейдегі аспаптар туралы видеолар түсіріп берді. Мәтіні мен субтитрін әзірлеп, каналға жүктедік. Түсінгеніміздей, қазақтың салт-дәстүрі барлық адамзатқа сәйкес келетін секілді. Бәрінен бұрын бізді отбасы мәдениеті мен тұрмыс салты қатты таңғалдырды. Мейлі қалада болсын, ауылда болсын, үлкен жанұяның үстел басында отыруы, үлкендердің дастарқан басында кімнің қайда отыратынын шешуі, дастарқанға табақпен ет әкелгенде үйдің үлкенінің етті әркімге бөліп беруі ерекше ұнады. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан бұл дәстүрге таңырқамау мүмкін емес. Мұндай ерекше салт-дәстүрлерді зерттеудің өзі қызықты. Сосын жеті атаға дейін қыз алыспау салты бойынша зерттеу жүргіздік. Сонымен қатар, Димаш ата-әжесінің қолында өскендіктен, қазақтардың тұңғыш немерені ата-әжесінің тәрбиесіне беру маңызын зерттедік. Біз түгілі, тіпті Димаштың көптеген шетелдік жанкүйерлері де мұның мәнін өз бетінше зерттепті. Түсінуімізше, қазақтар бірінші немерені жаңадан отбасын құрған жас ата-анаға оңай болсын деп үлкендердің тәрбиесіне берген.
[caption id="attachment_147898" align="alignnone" width="1024"] Санкт-Петербургте өткен Димаштың концертінен кейінгі жанкүйерлермен кездесу[/caption]
Túrkistan: Каналдарыңыздағы айдарлар атауы үнемі өзгеріп отыратын секілді...
Alga Peterburg: Негізі, бізде отызға жуық айдар бар. Уақыт өте келе көзқарас, қызығушылық өзгереді, сол секілді айдарлар да үнемі өзгеріп отырады. «Жаңалықтар» айдарында Димаш пен өзге қазақстандық өнерпаздар туралы жаңалықтар жариялаймыз. Ал «Шолу» айдарында Димаш феноменін зерттейміз. Бұдан бөлек, жоғарыда айтқандай, қазақтың өнері, салт-дәстүрі туралы жасаған өз зерттеулерімізді жариялаймыз. Сондай-ақ, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Абай өмірін жіті зерттеген қауымдастықпен байланыс орнатып, көп мәлімет білдік. «Көзқарас» айдарында Димаштың әндерін тыңдау кезіндегі тыңдаушының реакцияларын жариялаймыз. Өзіңіз білетіндей, қазір Димаштың орындауындағы әнге реакция білдіру арқылы танымал болып жатқандар жетерлік. Арасында аз қаралым жинағандары да бар. Оларды да әлем танысын деген мақсатпен видеоларды біріктіріп, жариялап отырдық. Тіпті бұл видеолар көпке дейін трентде болды. Алайда авторлық құқық бойынша шектеулерге байланысты олардың санын қысқартуға тура келеді. «Қонақ» айдарында Димаштың шығармашылығымен таныс танымал адамдармен онлайн сұхбат жүргіземіз. Мысалы, Құдайбергеновтер жанұясының жақын досы, ол кезде академия ректоры қызметін атқарған Асхат Маемировпен, сондай-ақ, журналист Дана Нұржігітпен сұхбат құрдық. Сондай-ақ, Димаштың шығармашылығымен етене таныс шетелдіктермен де әңгіме-дүкен құрдық. Мысалы, Ливанда тұратын кәсіби музыкант Хамда Фархат Димаштың орындауындағы әндердің адам денсаулығына оң әсер ететінін, оның әндері ауруды жазатынын түсіндіреді. «Dears хикаялары» айдарында әлемнің әр бұрышындағы Димаштың жанкүйері оның шығармашылығымен танысқан соң өмірінің қалай өзгергенін баяндайды. Сондай-ақ, онымен кездескен сәттерін баяндайды. Бір жанкүйердің Димашқа Майкл Джексонның қолы қойылған картина сыйлағаны туралы айтқаны есімізде. Ал «Репортаж» айдарында Қазақстанның қалалары мен Санкт-Петербургте өткен іс-шаралар және Димаштың концерттері туралы сюжеттер жасаймыз. Үлкен сұранысқа ие «Алға Димаш» айдарында кәсіби әншілер мен қарапайым жанкүйерлердің қатысуымен онлайн концерт өткіземіз. Күні бүгінге дейін екі сағатқа жалғасқан алты концерт ұйымдастырдық. Әр концерт сайын қатысушылар тізімін ұлғайтуға тырысамыз. Алдағы уақытта «Саяхат» айдарын ашқымыз келеді. Қазақстанға тек Димаштың концерттерін тамашалауға барып қайтпай, қалаларды көлікпен, мотоциклмен аралағымыз келеді. Жуырда Түркияға барып келдік. Онда тұратын қазақтармен танысып, дастарқандас болдық. Бұл керемет кездесулер жайында әзірлеген роликтер көрерменнің көңілінен шықты. Қазір Alga Peterburg-тен (115 000 жазылушы) бөлек, Димаштың шетелдік жанкүйерлеріне арналған Echo Pitera (22 000 жазылушы) каналын қайта қалпына келтірдік және саяхат туралы репортаждар жариялайтын «Эхо жизни» каналын аштық.
https://www.youtube.com/watch?v=F9bbV6DU4iM
Túrkistan: Санкт-Петербургте өткен концертте Димашпен кездесе алдыңыздар ма? Димаш Alga Peterburg каналы туралы біле ме, қалай ойлайсыздар?
Alga Peterburg: Димаш Alga Peterburg туралы біледі деп сенеміз. Ал Санкт-Петербургте 2019 жылғы 29 қарашада өткен концерт туралы репортаж әзірлегенбіз. Димашпен кездесе алмасақ та, осындай қуанышты бөлісетін достарымызды, концертке келген жанкүйерлерді шақырып, кездесу ұйымдастырдық. Бұл кешке жалпы саны үш жүздей адам келді. Түрлі байқаулар өткізіп, ән айтып, би билеп, керемет көңіл көтердік. Естен кетпес күн болды. Ал Димашпен Минскіде өткен ІІ Еуропалық ойындардың ашылу салтанатынан кейін кездейсоқ кездесіп қалдық. Біз сол ашылу салтанатында ән шырқайтын Димаш туралы репортаж жасау үшін арнайы барған едік. Сол кезде Димаш Санкт-Петербург халқына сәлем жолдап, ыстық лебізін білдірген болатын.
Túrkistan: Алдағы уақытта каналға жазылушылар санын қазіргіден бетер көбейту үшін қандай жоспар құрып отырсыздар?
Alga Peterburg: Қазір бізде идея көп, тиісінше жоспар да өте көп. Жанкүйерлер күн сайын небір қызықты идеялар ұсынып, ойымызға ой қосып отырады. Жоспарларымыз туралы сөз етсек, маусым айында Түркияның Алания қаласында Абай ескерткішінің ашылуы туралы репортаж әзірлемекшіміз. Онда тұратын қазақтар бізді күтіп алып, көмектесуге ниет танытып отыр. Сосын Түркістан қаласының жаңаруына қатысты фильм әзірлеуге көшеміз. Қазір барлық түркітілдес халықтың рухани тұрғыда басын біріктіретін Түркістан туралы зерттеулер жүргізіп, деректер жинастырып жатырмыз. Сосын, әлбетте, пандемия тезірек аяқталып, Димаш гастрольге шықса екен дейміз. Сол кезде өмір басқа арнаға бұрылатыны анық. Осы ретте айта кететін жайт, Димаш адамды өзгертеді, әсіресе, беделі жоғары жұлдыздардың мінез-құлығын өзгертеді. Қазір барлығы Димашқа қарап бой түзейді. Оның шығармашылығымен етене танысқан кез келген адамның жүрегі жылып шыға келетіні хақ. Каналымызда қонақ болатын сарапшылар оның шырқаған әнін тыңдаған соң, адамдардың мейірімді, рақымшыл, қайырымды бола бастайтынын жиі айтады. Жалпы, Димаштың шығармашылығымен танысқанға дейінгі өміріміз бен кейінгі өміріміздің арасы жер мен көктей. Жалғыз біз емес, көпшілік те осылай өзгерді деп ойлаймыз. Біздің негізгі мақсатымыздың бірі – көпшілікке Димаштың осындай ерекше қыры туралы айтуға мүмкіндік беру.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ