880
Тарихқа тағзым
Тарихқа тағзым
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі, миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық талайды сарсаңға салып, қасірет шектірді. Осы атаулы күнді Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің аймақтарында атап өтті.
Айрықша мағынаға ие тарихи маңызды күні Шалқар аудандық балалар кітапханасы ғимаратында «Тарих және тағдыр» атты дөңгелек үстел өткізіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы М.Бекетова азаттықты армандап кеткен бабаларымызды еске алу, оларға тағзым ету тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін қасиетті парыз екенін айтып өтті.
Сондай-ақ шара барысында оқушылар қуғын-сүргін құрбандарына арнаған өлеңдер оқыды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында Ақмола облыстық «Қоғамдық келісім» КММ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ғылыми конференция өткізді.
Конференция жұмысына ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестік өкілдері, қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтары қатысты.
Тарихшы-ғалым Е.Елжанова мен М.Өтегенов өз баяндамасында саяси қуғын-сүргін құрбандары болған «Алаш» қозғалысының қоғамдық-саяси қызметі, оның мүшелерінің қайғылы тағдырлары, түрлі халықтардың Қазақстанға депортациялануының себеп-салдары туралы әңгімеледі.
Сонымен қатар, конференцияда облыстың мемлекеттік мұрағаты дайындаған Ақмола облысындағы 1919-1954 жылдардағы саяси қуғын-сүргін туралы мұрағат құжаттарының жинағы таныстырылды.
«Ақтөбе облысының Ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім» КММ директоры Н.Ағниязовтың ұйымдастыруымен атаулы күнге орай «Ұлы нығмет: қасіреті мен тағылымы» атты дөңгелек үстел өтті.
Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің, «Қоғамдық келісім», Аналар кеңесі мен «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты. Басқосуға Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-нің профессоры, тарих ғалымдарының докторы Н.Абдоллаев қатысып, «Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттері» тақырыбында баяндама жасады.
– Біздің естеліктеріміз халықтың, әсіресе жас ұрпақтың жүрегінде ыза-кек, өшпенділік отын қоздатпауы тиіс. Қуғын-сүргіндерден барлық халық, миллиондаған жазықсыз адам зардап шекті және сол ауыр зардапты бірлесіп жеңді. Өткеннің кінәсін бүгінгі және болашақ ұрпақтың мойнына артуға болмайды, – деді «Қоғамдық келісім» КММ маманы Сапаров Түлкібай.
Дөңгелек үстелге қатысушылар өзара ой-пікір бөлісіп, Алаш арыстарының ерлігін насихаттап, жастарды тарихты оқып-үйренуге және зерделеуге шақырды.
Ал Атырауда «Қазақстан этностарын рухани танымал ету» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шара қатысушыларды интерактивті ойындар арқылы таныстырудан басталды.
Өз кезегінде, «Тхониль», «Былина» және «Довира» этно-мәдени бірлестік төрағалары жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, азаматтық бірегейлікті нығайтуға және Қазақстан халқының шығармашылық мұрасы мен дәстүрлі мәдениетін насихаттауға бағытталған бірлестіктерінің үздік жобаларын көрсетті.
Кездесу барысында қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жетілдіру бойынша пікір алмасып, өз сұрақтарына жауап алды. Кездесу соңында Атырау және Батыс Қазақстан облыстары ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің басшылары екі өңірдің тәжірибесі мен тығыз ынтымақтастығын нығайту мақсатында бірлескен іс-шара өткізу қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.