50529
Зеренді мен Бурабай курортты аймақтарында қоқыс төгетін жер жоқ
Зеренді мен Бурабай курортты аймақтарында қоқыс төгетін жер жоқ
Ақмола облысында тұрмыстық қалдық төгетін заңды полигон жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аймақта 130 қоқыс алаңы болса, олардың тек 24-і ғана тиісті рұқсат қағаздарын алған. Ал, қалғандарының қызметі заңсыз. Тіпті Зеренді мен Бурабай курортты аймақтарында да қоқыс төгетін ресми орын жоқ. Былтыр экологтар жүргізген тексеріс нәтижесінде Бурабай ауданының аумағында 100-ге жуық заңсыз қоқыс төгілген орын анықталған. Ал, облыс бойынша 1500-ден асады. «Мұның барлығы заңды полигонның жоқтығынан», - дейді мамандар. Ал, табиғат жанашырларының айтуынша, ашық жатқан күл-қоқыстың қоршаған ортаға залалы зор.
«Қалдықтар ыдырағанда ауаға зиянды газдар шығады. Ол енді ауаны ластандырады. Екіншіден, топыраққа улы заттар түседі осы тұрмыстық қалдықтардың ішінен. Үшіншіден, жерасты суы ластанады. Жерасты суы мына көл, өзендердің өзі ластанады» дейді қоғамдық бірлестік төрағасы Әбілжан Тоқанұлы.
Экология департаментінің мәліметінше, мамандардың араласуымен жоғарыда айтылған 1500-ден астам заңсыз полигонның жартысы жойылған. Қалғандары бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Ал, табиғаты көркем Зеренді ауданында 40-тан астам жерде заңсыз күл-қоқыс төгілгені анықталған. «Олардың 10 шақтысын тазаладық», - дейді аудан әкімі.
«Бүгінгі таңда біз аудан орталығындағы полигонды заңдастыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Оның аясында 3 млрд теңгеге жаңа полигон салынады. Жоспар бойынша ол 2022 жылы іске қосылады. Одан бөлек, қазір ашық жатқан қоқыс төгетін жерді 10 млн теңгеге бетон қабырғамен қоршаймыз дейді Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов.
«Бурабайда да алдағы жылдары аумағы 30 гектар жаңа полигон салынады», - дейді жауаптылар. Бірақ облыс орталығы Көкшетауда заңсыз қоқыс төгілген жерлер көбеюі мүмкін. Себебі, қала іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигонының рұқсат мерзімі өткен жылы аяқталды. Заң бойынша қазір ол жабық. Алайда, коммуналдық мекеме қазір қоқысты 2016 жылы жабылған ескі полигонға тасып жатыр. Мұны олар басқа амалдың жоқтығымен түсіндіреді. Дегенмен, заң талабы орындалуы тиіс.
«Экология департаменті заңсыз қоқыс тасыған серіктестікке қатысты тексерісті бастады. Ал, Красный яр жақтағы полигонды иелері рекультивация жасауы қажет. Оларға қанша жылда бұл жерді жою керектігі бәрі айтылған» дейді мемлекеттік экологиялық инспектор Нұрбек Хамитов.
Көкшетауда да жаңа полигон салу жоспарланған. «Қазір оның құжаттары рәсімделуде», - дейді, жергілікті билік өкілдері. Ал, қоғам белсенділерінің айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдемей, күл-қоқыс мәселесінен құтылу мүмкін емес. Себебі, арнайы полигон салынған күннің өзінде оның мерзімі ары кетсе 10 жылдан кейін бітеді.