50751
Жанарбек ӘШІМЖАН: Журналистер – қоғамның қантамыры
Жанарбек ӘШІМЖАН: Журналистер – қоғамның қантамыры
Қазақстан Парламенті жаңадан сайланғаннан кейін, сәуір айында «Nur Otan» партиясының жанынан 14 республикалық-қоғамдық кеңес құрылған болатын. Солардың бірі – Miras республикалық-қоғамдық кеңесі. Кеңес төрағасы – Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан. Біз де депутатқа арнайы хабарласып, заң шығарушы органның тыныс-тіршілігі, халық қалаулыларының міндеті мен жоспары жайлы әңгімелестік. Сонымен қатар Жанарбек Садықанұлы ұлттық журналистиканың келбеті мен мәртебесі жөнінде де ой өрбітті.
– Қазір Парламент Мәжілісінде көп орынды «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері иеленіп отырғаны белгілі. Сіз де осы партия атынан мандатқа ие болып отырған депутатсыз. Халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекеттің дамуын жеделдету жолында «Nur Otan» фракциясының алға қойған жоспары, міндеті жөнінде әңгімелеп берсеңіз. – Жыл басынан бері жаңа құрам мандатқа ие болып, өздеріңізге мәлім халықтың сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 216 бағдарлама мен жоба-жоспар қабылданды. Парламент отырысында «Nur Otan» фракция мүшелеріне өздерінің саласына индикаторлар бөлінді. Мәселен, өзіме руханият пен мәдениет саласы бойынша 11 индикатор тиесілі. Бюджет саласы мен құрылыс, қоршаған орта мен әлеуметтік әл-ахуал саласы бүкіл сайлауалды бағдарламада көрсетілген. «Nur Otan» съезінде «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес депутаттар бекітілді. Парламенттегі фракция мүшелеріне ғана емес, Үкімет құрамындағы сала министрлігінің вице-министрлері де жауапты болады. Бағдарламаны жүзеге асыру жолында жауапты тұлғалармен өткен аптада ғана кездесіп, әр сала өкілдерімен орындалуы тиіс дүниелерді талқыладық. Үкімет пен комитет мүшелері қатысып, комитет төрайымы жетекшілік етті. Фракция жиынында ұсыныс-тілекті айтып, атқарылып-атқарылмаған жұмыстардың есебін кезең-кезеңімен беріп жатырмыз. Сондықтан фракцияның алдында қойылған міндеті – 2025 жылға дейін «Nur Otan» партиясының қабылдаған бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру. Тиісті индикатордың барлығын әр депутатқа жүктеу көзделіп отыр. Халықтың жанына батып жүрген екі мәселе бар: бірі – денсаулық саласы, екіншісі – әлеуметтік сала. Осы мәселенің шешу жолын қарастырып жатырмыз. Елдің талап-тілегіне облыс орталығы мен жергілікті билік қана араласып қоймай, жан-жақтағы әріптестерімізбен бірлесіп, Үкімет мүшелері және жауапты тұлғалармен байланысып, жүзеге асырылуын, мәселенің шешілу жолын қарастырамыз. Осы кезеңге дейін атқарылған жұмыстардың есебі назардан тыс қалған емес. Нақты жүзеге асып жатқаны мен кедергілерге тап болған мәселелерді анықтап, тиісті орындарға бағыттап отырамыз. 2025 жылға дейін атқарылатын бағдарламаның биылға жүктелген міндеттерін өз кезеңімен сәтті жүзеге асырылуы назарда. Алғашқы сессиямыз аяқталды. Халық алдында есеп беруге дайындалып жатырмыз. – Жуықта «Nur Otan» партиясы алғаш рет депутаттар қызметінің рейтингін қалыптастыру ережесін бекітті. Бұл рейтинг қандай критерийлер бойынша анықталады? Әрі мұндай талап не үшін қажет болып отыр? – Бұл – мандатқа ие болған депутаттың жауапкершілігін арттыру. Критерийлеріне келетін болсақ, біздің міндетіміз – заң жобаларымен жұмыс істеу. Депутаттық сауал дайындап, үш ай сайын тікелей эфирде атқарылған жұмыстар туралы есеп беруге тиіспіз. Бұл – бізге жүктелген міндет. Бұрын соңды Мәжіліс депутаттарының тәжірибесінде мұндай болмаған. «Nur Otan» фракция мүшелерінің міндеті – халыққа тікелей эфирде есеп беріп, қойылған сұрақтарға жауап беру. Тікелей эфир ұзақтығы бір сағатқа созылады. Ең алғашқы тікелей эфир сәтті өтті. Үш ай сайын онлайн түрде халықпен жүздесіп отырамыз. Бұл – міндетті түрде есепке алынатын жоспар. Жоғарыда айтып кеткен депутаттық сауалдар, заң жобалары негізінде әр депутат өзінің комитетіне ғана емес, халықаралық іс, экология, агроөнеркәсіп жұмыстарынан да хабардар болып отыруы керек. Бұл да депутат қызметінің рейтингіне әсер етеді. Одан кейін, дөңгелек үстел мен сайлауалды бағдарламада көрсетілген міндеттерді Үкіметпен бірігіп, «Комитеттің кеңейтілген үлкен жиыны» деп аталатын ашық алаңда талқылап алуды екі-үш депутат жауапкершілігімізге алғанбыз. Бұл да рейтинг көрсеткішіне әсер етеді.Рейтинг – депутаттың сергек жүруіне, қоғаммен тікелей байланысып, дұрыс ақпарат беруге, ашық диалогке шығуға қолайлы әдіс. Әріптестерім де осы бағыт бойынша жұмыс атқарып жатыр. Депутаттың қызметтік рейтингі сессия соңында ғана емес, әр айдың аяғында жасалады.– «Nur Otan» партиясы жанынан көптеген қоғамдық кеңес құрылды. Бұл кеңестердің міндеті, мақсаты қандай? Сонымен қатар өзіңіз жетекшілік ететін Miras қоғамдық кеңесінің бағыты, бағдарламасы туралы айтып берсеңіз. Сосын тағы бір мәселе, осы қоғамдық кеңестер қандай да бір мәселенің шешілуіне ықпал ете ала ма? – Тікелей ықпал етеді. Өзімнің жауапкершілігімдегі дүниені айтайын, Miras қоғамдық кеңесі – мәдениет пен руханият бағытында жүзеге асырылмай жатқан мәселені көтеретін алаң. Елімізде ұлттық идеологияны насихаттайтын, атап айтсақ, мемлекеттік тілдің деңгейі, кино өндірісі, әдебиет пен өнер, тарих пен театрға қатысты шешілмеген мәселе көп. Біздің кеңесте қаралатын тақырыптың ауқымы кең болғандықтан, кеңес мүшелері де әртүрлі сала мамандары. Депутаттар ғана емес, қоғам белсенділері мен журналистер, есімі елге белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері мүшелікке қабылданды. Бұл – кәдімгі үлкен талқылау алаңы. Бір ғана мысал айтайын, ең алғашқы басқосу қазақ киносының жай-күйіне арналды. Отандық киноиндустрияны дамыту, дубляж саласын жандандыру, кинолардың қазақ тілінде сөйлемеуі, киноның сапасына қатысты мәселені қозғадық. Тек депутаттар ғана емес, осы салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандарды да шақырдық. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, кино саласында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде есеп берді. Miras қоғамдық кеңесінің мүшелері іріктеу кезінде, қоғам мен халық арасында жүріп, етене қарым-қатынас орнатқан тұлғаларға басымдық бердік. Смағұл Елубай бастаған белгілі азаматтар, Айгүл Кемелбаева, Айгүл Елшібаева, Нұртөре Жүсіп секілді қазақ руханиятының мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген қайраткерлер киноға қатысты пікір білдіріп, ұсыныс айтты. Бәрін талқыға салып, бірауыздан қабылданған 19 ұсынысты Үкіметке жолдадық. Соңына дейін жеке қадағалайтын боламыз. «Nur Otan» партиясының жанынан құрылған 14 қоғамдық кеңесінің бағыты әртүрлі. Ертең Miras қоғамдық кеңесінің отырысы болады. Басқосуда еліміздің тарихи орындары мен мәдени ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу талқыланады. Жошы хан ескерткішінен бастап, Маңғыстаудағы мыңжылдық тарихы бар мәдени мұралар да қамтылады. Осы ғимарат пен объектілерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін іс-шара жоспары жасалады. Отырысқа ғылыми-реставрациялаумен айналысып жүрген мамандар, тарихшылар, сәулетшілер қатысады. Ол жақта да нақты ұсынысты талқылап, Үкіметке жібереміз. Айтылған ұсынысқа министрлік құрамы мен мемлекеттік органдар да жауапты. Кеңестегі қаралатын мәселенің бәрі партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының назарындағы дүние болып отыр. Президент Әкімшілігінің қадағалауында болғандықтан, министрлер де бұл істің әр тармағы мен бабының, талап-тілегінің орындалуына өздері де мүдделі. Кезекті науқаншылдық қана емес, нақты жүзеге асатын шаруа. Ертең екіншісін өткіземіз. Жыл соңына дейін 5 отырыс жоспарланған. Күзде мемлекеттік тілдің мәселесін көтереміз. Қоғамның көкейінде тұрған үлкен мәселе. Кезекті еңбек демалысынан келген соң, алғашқы жиынымыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналады. Бұл қоғамдық кеңестің депутаттарға Үкіметпен етене жұмыс істеуіне берілген мүмкіндігі. Осы кезеңге дейін біраз шаруа атқарылды. Miras қоғамдық кеңесі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, ұлттық идеологияны насихаттайтын түрлі кешенді бағдарламаларға мұрындық болған алаң. Жаңа тренд пен контент қалыптастырып, Үкіметке жаңашыл бағытта ұсыныс айтуды жалғастырамыз. Жыл бойы жүргізілген жұмыстардың есебін халық алдында қорытындылаймыз. Халық та тікелей хат жазып, ұсыныс пікірін білдіруге толық құқығы бар. Көп дүние заңға байланысты болғандықтан, заңға өзгеріс енгізу туралы пікір де айтылды. – Алда журналистердің кәсіби мерекесі. Сіз заң шығарушы органға БАҚ-тан келген кәсіби журналиссіз. Қазіргі біздің ұлттық журналистиканың сипаты, кәсіби дәрежесі жайлы баға берсеңіз. Парламент мінберінен ұлттық журналистиканың болашағы, әрі оның қуаты мен қоғамға ықпалы жайлы маңызды сауалдар, өзекті тақырыптар көтеру жоспарыңызда бар ма? – Көзімді тырнап ашқаннан журналистиканың қазанында қайнап келемін. Қатардағы тілшіден бастап, бас редактор қызметіне дейін көтерілдім. Журналистиканың жағдайы маған мәлім. Жақында ғана журналистердің мәселесін көтеріп, Парламент қабырғасында арнайы сауал дайындап едім, белгілі себептерге байланысты кешігіп жатыр. Басқа қызметкерлер арасында журналистердің әлеуметтік мәртебесін айқындау мәселесінің көтерілгеніне біраз жыл болды. БАҚ өкілдері мәртебесі жоқ мамандық деген түсінік бар. Мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты журналистердің нақты статусы жоқ. Сондықтан қоғамның көзқарасы әртүрлі. Олардың басында мәселе жоқ емес. Өзім де жап-жас қыз-жігіттермен әріптес болдым. Бәрінің басында баспана жоқ. Алматының маңайындағы Талғар, Қаскелең секілді елді мекендерден қатынап жүрді. Қаланың ішінде тұрса, жалдамалы пәтерде күн кешті. Жас отбасылардың екі-үштен бала-шағасы бар. Журналистердің ешқайсысы мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды. Депутаттық сауал дайындағанда 10 мыңға жетпейтін журналист бар екенін білдім. Блогерлерді қосып тұрған жоқпын. Нақты қолында дипломы бар, кәсіби маман ретінде қалыптасқан жастар. Журналистердің баспана мәселесін шешу мемлекет бюджетіне онша салмақ болмайды. Журналистер күні қарсаңында осындай мәселе көтеруді жоспарладым. Алдағы уақытта да осы шаруамен түбегейлі айналысуға ниеттеніп отырмын. Журналист – идеология саласының солдаты ғана емес, қоғамның қантамыры. Елге індет келгенде, жаудың алдыңғы шебінде жүрген мамандардың бірі – журналистер. Әртүрлі жағдайға түсіп жатса да, қазақ журналистерінің жанкештілігіне қайран қалам!. «Ұлттық журналистика» ұғымына заман талабын сай жаңа медиа, жаңа технология енгенімен, сөз өнері мен көркемсөзге деген құрмет бөлек. Ұлттық журналистиканың сипаты уақыт өзгерген сайын кешегі Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаевтар қалап кеткен журналистикадан алыстамауы керек. Міне, біздің журналистканың құндылығы осында. Журналистке деген жеке көзқарас пен кәсібіне деген құрмет уақыт өткен сайын үдей береді. Оларды мемлекет деңгейінде қолдау керек. Қазір кез келген жерден қолындағы телефонымен сұқбат алып, видео тарататындар көбейіп кетті. Екінің бірі, егіздің сыңары журналист болған заманда, жазуға төселген, журналистке тән қабілеті бар кәсіби маманның бағасы жоғары. Барша әріптесімді төл мерекемен құттықтаймын!
– Әңгімеңізге рақмет! Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА