50861
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: Киноның алтын қазығы – сценарий
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: Киноның алтын қазығы – сценарий
Көктемде «Nur Otan» партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі журналист, ақын Жанарбек Әшімжанның басшылығымен қор мүшелері қазақ киносына қатысты мәселелерді талқылаған болатын.
Кино қазіргі заманның ең құдіретті өнер саласы болып алтын тұғырда орныққалы 100 жылдан енді асты. Дүниежүзілік киноның әрқилы тақырыбы бар. Ұлтқа ақ-адал қызмет еткен ірі тұлғаларды кино қаһарманы ету мемлекеттілікті бекітеді. Сценарий артық не кем, кеміс жазылмау керек, шынайы деректерге бағыну зор суреткерлікке жол ашады, жалғанмен бояп, әсірелеу артық әрі нанымсыз, шындықты көркем беру қажет. Бұл кәсіби зерттеушілікті және әжептәуір ұзақ, мұқият уақыт жұмсауды талап етеді. Бұл іспен әуесқой, тек ақша қуған адамдар шала-пұла айналысса бәрі бекер, оң нәтиже шықпайды. Ондайлар дайын тұрған шаблонға салып құртады. Киноның алтын қазығы – сценарий үлкен жауапкершілікпен, кәсіби даярлықпен жасалуы керек. Нәресте тоғыз айда жетілгені сияқты, сценарийдің өсіп-жетілу, туу мерзімі сақталмаса, іс өнбейді. Асығыстық шала-шарпы, шикі, құр әншейін долбарға тәуелді үстірт дүние тудырады. Мұның түбі – желге ұшқан, бекер ысырап болған аса үлкен қаржы, еліміз үшін үлкен шығын. Кинематография саласына келген жастар ең алдымен оның негізін құрайтын көркем әдебиетті жақсы білуі керек. Кинорежиссура, актер қауымы, қоюшы-суретшілер, тұтас алса, фильм түсіруге қатысты баршасына бұл ауадай қажет таным. Қазіргі көп фильмнен нақ осы әдебиеттен мақұрұмдық бастан-аяқ сезіліп тұрады. Қазақта мықты кинокомедия жоқ. Көшірмешілдігі жоқ, соны, ұлттың мінез-құлқын, менталитетін, тектілік қасиеттерін юмор арқылы әдемі бере алатын қызық, күлкілі, түйдек-түйдек оқиғалы сюжетке құрылған кинокомедия болса қазақ халқының дүниежүзілік имиджіне оң әсер етіп, өмірге ғашық күлкісімен, дүниені дұрыс көруімен, адамшылық болмысымен әлемде аты жүріп тұрған «псевдообраз» Боратты жоққа шығарар еді. Кинокомедия атауын сылтау етіп киноға әуестенгендер жасап жатқан арзан күлкі, өтірік оқиғалармен, сүйкімсіз көріністерімен қазақ ұлтын мазақ қылғанды тыю керек. Отансүйгіштікті шын өсіретін кинематография, отандық бір ғана күшті киномен сананы жаулап алуға болады. Өсер ұрпақты, шетелдік көрермен қауымды да бірдей баурап алуға әбден болар еді. Әлемдік киноөндіріс өнімділігі жағынан бәрінен асып кетпесе олқы түсіп жатқан жоқ. Миллиондаған фильм түсірілді әрі бұл үрдіс үздіксіз жалғаса береді. Солардың ішінен аса таңдаулы, шедевр фильмдер жүздеп, мыңдап саналса соның өзі өркениет үшін баға жетпес құнды қазынаға айналып кетеді. Тіпті жеңіл жанрдан да мұқият іздену арқылы нағыз классика түсіруге болатынын америкалық жас кинорежиссер Роберт Эггерстің «Мыстан» атты мистикалық фильмі (2015) дәлелдеді. Әншейін қаптаған көзсіз үрей тудыратын фильмдермен оның арасы жер мен көктей. Нағыз табанды жұмыс. Суреткерлік қолтаңба айқын. Режиссер әуелі темірқазық идеяны сүйіп таңдаған, терең зерттеген, сценарийін өзі жазған. Ал фильмге жұмыс істеген мамандар тарихшылармен кеңесіп, оқиға өткен XVII ғасырдың панорамасын, жылнамалық жазба деректерін терең зерттеген. Костюмін жасаушы суретші әйел сол дәуірде пуритан отбасы киген киімге қатысты 35 кітапты оқып шыққан. Ол дәуірде ағылшындар жүннен, зығыр мен кендірден тоқыған киім киген екен, шыт мата болмаған. Осының негізінде анықтап барып кейіпкерлерге киім тігілген. Эггерстің фильмінде дін де бар, халықтың көне сенімі де бар. Адам баласына тән ауыр күнәлар бар. Шындық өмір мен ертегі тұтасып, қабысып кеткен, бірінен бірін ажырату қиын. Бұл фильмге бірнеше интерпретация жасауға болады. Әркім өзі көруімен қабылдайды. Бәрі де шындық болып шығуы ғажап емес. Үлкен аудиторияға «шайнап берген ас болмайды». Біздің қазақ фильмдерінде нақ осы еңбекқорлық пен мұқияттылық, шеберлік, тарихи дәуірлерге сәйкес келетін нақты детальдарға ерекше мән беру жетіспейді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда кино өндірісі керемет өркендеп, мемлекет қазынасына қыруар қаржыны күн сайын құйған үстіне құйып жатыр. Олардың кино мамандары шынында мықты. Ең бастысы – туған елін шын сүйетін, патриотизмге негізделген, ұлттық рухты әрбір сериалы уағыздайды. Олар жас ұрпағын солай дұрыс тәрбиелеп жатыр. Біздің жасөспірім ұл-қыздарымыз осы сериалдарды қызыға көру арқылы басқа халықты идеал көріп, пір тұтып өсіп жатыр. Ертең талай қазақ балалары буыны қатып, өсе сала махаббат, бақыт іздеп сол елге тайып отырады. Оның бір себебі, шетел киношылары кілең текті қаһарман жасап жатыр. «Күн ұрпақтары» атты сериалдан соң бір қазақ келіншегі: «Сон Джун Ки, актер жігітке ғашық болып қалдым, үш балам бар, күні-түні соны ойлаймын» деп пікір жазыпты. Ол әдемі, талантты актер, бірақ, мұндағы мәселенің түйіні, кинодраматург оның рөлін текті, батыл, нағыз ер азамат жасағанында жатса керек. Ол келіншек расында тартымды бейнеге ғашық болып тұр. Кино өнерінің құдіреті де сонда. Егер әлгі актер әншейін бір алаяқтың рөлін ойнаса оның әсері дәл осылай шықпас еді! Міне, қисын қайда?! Мелодрамада көбінесе иллюзиялық модельдерді қиыстырғыш. Оңтүстік Корея мемлекеті дорамаларымен бүкіл әлемнің мәдени кеңістігін жаулай бастады. Киноиндустрия саласында озықтық бұл елге күн сайын дерлік (!) керемет қаржылай табыс әкеліп жатыр. Негізгі артықшылықтары мынада: сериалдарын16-20 сериядан асырмайды, ащы шектей шұбалаңқылық жоқ; Өткір сюжетті, интригасы күшті; Әлем әдебиеті мен мәдениетінен қарыздана қалса, соны шебер жасайды. Корей дорамалары бір тақырыптың сан түрлі вариацияларын көп малданады, сценарийге өзек боларлық идея, тақырыпта өздерін өздері қайталау барған сайын көбейіп бара жатыр. Қазіргі шетелдік боевик фильмдердің басты көзірі естен тандырарлық көріністер арқылы көрерменді қайран қалдыру, есеңгірету арқылы шоқ басқандай ыршыту, сондай оқиға көкейде жатталып қалады. Мұхиттың арғы жағынан ағылып жатқан өткір сюжетті фильмдерде болсын, сондай-ақ корей фильмдерінде тіс сындыру эпизодын бірқатар фильмнен көруге болады. Бір кейіпкер қарсыласын ағып келіп қосаяқтап ауыздан тебеді, тісін опырып түседі. Мафиоза басшысы бәсекелесіне қыр көрсету пиғылымен оның кісісінің ауызына қолын салып жіберіп, саусағы тістеуік құсап, ана бейшараның тісін жұлып алады. Бұл ненің белгісі? Мұның зұлымдықтан бөлек бір атауы сценарийлік дағдарыс, тақырыпқа тұздық болатын идеялардың сарқылуы, қатыгездік арқылы есеңгірететін эпизодтардың қайталана беруі. Ал өзінде жоқ болса, адамзат қарызданады, техникалық жағынан жымын білдірмей ұрлайды. Жалпы, бұл – әлемдік құбылыс. Әдебиет пен өнерде бұл ерте қалыптасқан. Адамзат ежелден өстіп күн көреді. Мәдениеттер бір-бірімен жалғасады. Қазіргі жаһанданған әлемде рухани байлықты білдірмей тонайды. Голливуд сценарий жағынан әлдеқашан тоқырап тұр, киноқаһармандары кілең құбыжық, өрмекші, қансорғыш, тірі өліктер тәрізді адам еместер немесе жөзөкше, алаяқ, маньяк, оның бәрі адам баласын аздыруға негізделген. Кино арқылы нені болсын насихаттауға болады. Ресейлік кинорежиссер, біздің жерлесіміз Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі нағыз классика болып шыққан! Адам баласына жанашырлық, қоғамның, дәуірдің шын бейнесін, аса ауыр әлеуметтік құбылысты бір ғана фильммен-ақ беру бар, тіпті ішінде әдемі юморы да бар. Біздің қазақ қызына, Самал Еслямоваға осы фильмнің арқасында аса беделді сыйлық бұйырғанының өзі неге тұрады?! Қазір жұрттың көбі кітап оқымайды. Бірақ нені болсын талғамай көре береді. Сондықтан қаптаған отандық сериалдарда тілбұзарлық процесс жиі қайталанады. Сәл үзіндісін қараса жетіп жатыр. Орыс тіліндегі нұсқадан аударып алған калькамен сөйлеу, қазақша дұрыс сөйлемеу жиі ұшырасады. Кейіпкерлер кинода тіл шұбарлап, екі тілді араластырып, қойыртпақ сөйлеуге тыйым салу керек. Заман шындығы осы болса да! Сөйтсе, бірте-бірте ана тіліміз түзеледі. Ең бастысы, ана тілін білмейтіндер ұлттық киноны орташа қылудан асыра алмайды. Өйткені қанша жерден білімді әрі дарынды болса да терең тамырлары жоқ, сарқылмас ақ бастауы жоқ. Ал шетелдік менталитетпен түсірілген фильмдер сендірмейді. Олардікі бір күндік көбелектің тірлігіне ұқсап тұр.Бұдан шығатын қорытынды: сценарийге ерекше мән берілуі керек. Сценарийсіз ештеңе өнбейді. Ал бізде ғажап рухани қор көздері бар, тек ұқсатылмай жатыр. Кино – синтездік әрі ұжымдық өнер. Әуелі сценарий авторын режиссер таңдайды, екеуінің тандемі мықты болса фильмнің бағы жанады, содан кейін актерлер, композитор, суретшілер маңызды рөл атқарады.Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Есенберлиннің романдарын экрандағанда фрагменттік тәсілді қолдану керек деп ойлаймын. Яғни, белгілі бір кезеңге, маңызды оқиғаларға қатысты сюжеттік желіні екшеп алып, бір фильм етіп бөлек түсіру қажет. Осы тәсіл арқылы көп ұтуға болады. Фильм авторларын көлемді нәрсені игере алмай милықтаудан құтқарады. Көрерменді жалықтырмайды. Сөйтіп біртіндеп құнды романдар бірнеше фильмге арқау болады.