50925
Бейсен Құранбек
Бейсен Құранбек
Редакциядан: Талантты тележурналист Бейсен Құранбектің өмірден өткеніне де 1 жылдан асып барады. Республикалық «Айгөлек» балалар журналының редакторы Қымбат Әбілдәқызы әріптес інісі жайлы жылы естелік жазған екен. Аталған материалды БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында жариялауды жөн санап отырмыз.
Бейсен бауыр! Сен танымалдық үшін тележурналистикаға келген жоқсың. Заманның ең қауқарлы қаруы сол болғасын, қаладағы қатыгездік пен даладағы даукестіктің бетін қайтармаққа ақыл-санаңды аямай алдыңа салып, беймаза тірлікті шарқ ұра шарлап жауап іздедің. Үлкен іс тындырып тұрып, ұнамсыз сөз айтпадың, қызыл сөзге жақындамадың. Жаныңның қуанышы жылы жымиысыңда тұратын. Тізгін өз қолымда деп ешқашан асыра сілтемейтінсің және мәре сызығына жетпей шабыт тұлпарын жолда тоқтатпайтынсың. Өзіңнің ақылың жетіп тұрса да, не мәселені көппен кеңесе шешкенді, әртүрлі пікір тыңдағанды қалайтынсың. Хабарыңа шақырылатын қонақтарыңның алуан санатты болуына қарамастан, бір дәстүрлі отбасындай тәртіп сақталатын. Төрде баталы ата мен ақ жаулықты ана, жан-жағында жолы мен жөніне қарай ақылдастар алқасы отырғандай әсер қалдыратын. Тағдыры тығырыққа тірелген, жағдайы дүйім жұртқа жария болған бақытсыз жандарды, кейіпкерлерді қорғаштаумен қоса, намысын оятпаққа «тиісу» де керек болатын. Сондайда ең негізгі жанашыры, қамқоры, сенгені өзің болып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, алды-артыңды абайлап, түп мақсатыңның көмектесу ғана екенін дәлелдейтінсің. Сосын айтылмаған, айтуға аузың бармаған ауыр сөз, ащы өкініш көкірегіңді қарс айырып, басыңды ауыртып тұрып, «айтуға оңай!..» деп күрсіністің көп нүктесін қоятынсың. Қанша хабарыңа қатысып жүріп, небір шиеленісті, шетін тақырыптар барысында түрлі-түрлі мінездер, түсініктер ортасында бір пенденің көңілін қалдырар қатты сөз айтқаныңды, не кінәлі кейіпкерлердің қызбалықпен саған қарсы келіп, дауыс көтергенін, тіпті, теріс қарап күңкілдегенін де көрмеппін. Бұдан асқан пәтулы іс, азаматтық абырой болар ма, сірә?! Бейсен бауыр, сен өзгені сыйлай білгендіктен өзіңді де сыйлата алатынсың. Бойыңдағы аспау, таспау, саспау деген қасиеттер қадіріңді асырып тұратын. Байсалдылық байыптылыққа жеткізді. Өзіңді біреу мақтаса ыңғайсызданып: «Алғыстарыңызды бағдарламаның бір қауым жастарына айтыңыздар, солар ғой бәрін істеп жүрген, менікі дайын нәрсені жүргізу ғана» – деп кішіпейілдік танытып, экран сыртындағы әріптестеріңді әспеттейтінсің. Әр түсірілім соңында қилы тағдыр иелері ме, сарапшылар ма өзіңмен қимай қоштасушы еді. Бірдеңесін ұмытқандай қипақтап кете алмай тұрғанын сезіп, «қане, келе қойыңыздар, ескерткішке фотоға түсейік» – деп көңілін табатынсың. Бәрі балаша мәз болып, сенің жаныңа жақын тұрып түсуге таласатын, соны әжептәуір мәртебе көретін. Сен сыр мен сымбаты келіскен көркем жігіт едің. Іші, сыртың тең еді. Талғамың да мінсіз-тін. Үйлесіммен киінетінсің, бірақ кейіннен байыған біреулердей киімінің бағасы өзіңнен асып тұрмайтын. Маңайыңдағылардың ыстық ықыласы мен мейірлі махаббаты үшін маңызданып, масаттанбайтынсың. Адам біткенді қуантуға жаралғандай күлімдеп қарағаныңмен-ақ көңілдерін тоқ қылатынсың. Кейде түсірілімдер арасында сәл-пәл саңылау бола қалса: «Апай, бір кесе шай ішіп келейік» – деп іш тартатынсың. Бір бөлме сықап тұрған киімдер сенікі болатын. Жөніне қарай оның да шетінен алып, сыйлап жіберетініңе сан мәрте куә болғанбыз. Қазақы жолмен құр қол келмей, бірдеңесін ұстай келген жандардың сый-сияпатын қасыңдағыларға таратып беруде де алдыңа жан салмайтынсың. Сондайда «Әженің баласымыз ғой» деп, көңіліміз босап, жанымыз сүйсінетін. «Қарекеттің» көтермеген мәселесі жоқ. Оған қатысқан ауылдан келетін кейбір ағайындар дәмге шақыратын. Шелек ауданынан өзінің 60, «Москвичінің» 40 жылдығын тойлаған диқаншы апай өзің бастаған ұжымды, арасына мені қосып қонаққа шақырды. Менің бара алмайтыным әу баста белгілі болды. Күн жақындағанда сенің де уақытың келмей, сондағы ыңғайсызданған жан күйің: «Қарапайым адамды жерге қарататын болдық-ау... Апай, көлік те, сыйлық та дайын, Құдай үшін, сіз барыңызшы», – деп қиылғаның кісілік дейтін қастерлі ұғымға таптырмайтын мысал еді. Сен атан түйеге жүк болардай атақ-абыройдың иесісің: «Қазақстан» ұлттық арнасының белді журналисі, Президент сыйлығының иегері, «Жетісу» телеарнасының бас директоры, Мәдениет қайраткерісің, Талдықорған мен Алматының күнделікті жолаушысысың. Ол тырп еткізбейтін жауапкершілік емес пе?! Сенің орныңда кеудесі кебек біреу болса, үнсіз қалар ма еді, онысына сендей ұялар ма еді?! Мен өзіңді спорт журналисі кезіңнен танығанмын. Еркін күрестен КСРО чемпионы Аманжол Бұғыбаев, самбодан әлем чемпионаты жүлдегері Зекен Шаймерденов туралы жазған ой-толғамдарыңа тәнті болып, 1996 жылы Қазақ радиосының «Ұшқын» жастар хабарына сұхбатқа шақырғам. Онда өрімдей жас едің. Өзің де, сөзің де, көзің де жалындап тұрған. Әріптестер «өзі де спортшы сияқты екен, жарқырағалы тұрған жігіт қой» дескен. Араға жылдар түсіп, ғасыр жаңарды. Сен құдіреті күшті «көк жәшіктен» орныңды таптың. Енді күнде өзіңді-өзің көпшіліктің көңіл айнасынан көретін болдың. Сосын даналар айтқандай: «Бір күндік ғұмырың қалғандай уақытыңды қадірледің. Мәңгілік өмірің бардай білім жинадың». Ол жан-дүниеңді байытты, ақылыңа ақыл, жүрегіңе иман ұялатты. Ерте есейтті. Қырыққа жетпей-ақ, ұстамдылықтың ұстасына айналдың. Артық сөз сөйлемеуді, ешкімді асыра мақтамауды, сондай-ақ, сырын білсең де даттамауды дағды қылдың. Сол темірдей тәртіпке бағынған бой мен ой көзі барды сүйіндірумен өтті. Иә, өкінейік, өртенейік, өтті!.. Ойдағысын орып жазатын Оралхан ағам (Бөкеев) «Мәңгілікке ұласатын ұлылық – жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп-салынып алжығанша жасау да емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей, асығыс, зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтау» деген-тін бір сұхбатында. Өте әсерлі пікір. Сұм ажалға Б.Құранбектей жақсыңды қимағанмен, қолдан келмеген соң жылатпайтын, жұбататын осындай жігерлі тоқтау сөзге келісіп тұрып, шетіне қол қоясың. Сұхбат дегеннен шығады, сұхбаттың бір құндылығы жан иесінің ойы өз сөзімен беріледі. Ол сонысымен қымбат. Бейсен марқұм соңғы жылдары кездесулер мен сұхбаттардан алыстап, бой тартып жүретінін сезетінмін. 2017 жылдың ақпанында «Айгөлек» журналының оқырмандар тілегіне орай сұқбатқа шақырдым. Сөзге келместен келісті. Бұл жақсының көзіндей, өлмейтін сөзіндей тасқа басылған бір белгі, есті естелік енді... – Әйгілі тележүргізуші Ларри Кинг ешқашан «Мен» деген сөзді қолданбаса да, бүкіл елді 50 жыл бойы бір жалықтырып көрген жоқ. Ал бізде көзіқарақты қазақ күтіп жүріп көретін бағдарламалар өте аз. Соның бірі де бірегейі сіз жетекшілік етіп жүргізетін «Айтуға оңай». «Екі жақсы» қалай қосылдыңыздар? – Әрі қызық, әрі қиын сұрақ екен. «Екі жақсы қосылмайды дейсің сен, тағдыр қосса мен-ақ жаман болайын» деген Байбота ақынның өлең жолдары есіңізде шығар. «Айтуға оңай» жақсы атанып, елдің көңілінен шықса, жаман болмағанымыз. Телеарнаның жұмысында «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Сүттей ұйыған: «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» білікті команда болмаса, қандай жарық жұлдызың да жарқырай алмайды. Менің жолым болды. 5 жыл бойына бағдарламаны жұдырықтай жұмылған жігіттер мен қыздар дайындап келеді. Мен тек солардың еңбегін жандырып, эфирге алып шығамын. – Телеарнадағы сіз көтеретін тақырыптарда елдік мәселелердің еңсе түзеуі, шешім табуы қалай? Қуанышыңыз бен ренішіңіздің қайсысы басым? – Қазақ қоғамында қордаланып тұрған мәселелерді барлық бұқаралық ақпарат құралдары хал-қадірінше көтеріп жүр. Біз де өз үнімізді қосып келеміз. Кез келген хабарды жасамас бұрын өзімізге: «Осы бағдарламаның кімге пайдасы бар?» деген сұрақты қойып, соған жабылып жауап іздейміз. Екінші қоятын сауалымыз: «Бір адамға болсын, нақты көмегіміз тие ме?» деген нәрсе. Біз елдік үлкен мәселелердің еңсесін түзете алмағанымызбен, жеке бір адамның ауыртпашылығын азайта аламыз. Осы жылдардың ішінде біраз жандарға қол ұшын создық, осыған қуанамыз. Ал кейбір кездерде алдымызға келген жанға әртүрлі себептермен көмектесе алмай жатамыз. Сондай жайттардың жанымызды жабырқататыны рас. – Әр көрсетілімнен соң әртүрлі пікір естірсіз. Есіңізде қалған есті сөзді кім айтты? – Меруерт Сүлейменова деген білімді де білікті, ұлтжанды, намысшыл қазақтың аруы бар. Өзі қоларбаға таңылса да, өнегелі өмірімен өзгелерге үлгі болып жүрген, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған аяулы жан. Сол қарындасымның «Сіз адам жанының зергерісіз ғой» деген бір ауыз сөзі жүрегімді жылытып, әлі күнге күш-қуат береді әрі әрбір кейіпкерімнің жанына тереңірек үңілуге итермелейді. – Ой қазынаңызды немен байытасыз? – Кітап оқимын. Өмірден көргені мен түйгені көп жандардың әңгімесін тыңдаймын. Уақытқа өкпеңіз бар ма? Әлде уақытыңыз өз кестеңізге бағына ма? – Уақытқа өкпе мен базына жүрмейді ғой. Қолдан келгенше оны тиімді пайдаланғанға не жетсін?! Әр күнді жоспарлайтыным рас. Оны жолдан қосылған қауырт шаруалардың бұзып кететіні де рас. Бәрібір жылдық, айлық, апталық, күндік мақсат-жоспарларым көз алдымда тұрады. Солардың тым болмаса 70%-ын орындауға тырысамын. – Бүгінгі ер бала, ер жігіт, ер-азаматтардың тұлғалық қасиетін көтеру, ірілік мінез қалыптастыру туралы ойыңыз? – Бұл өте өзекті мәселе. Қазір әйел ерге, ер жерге қараған заманда өмір сүріп жатырмыз. 70 жылға созылған Кеңестік солақай саясаттың, кейінгі жылдары қолға алынған гендерлік теңдік ұстанымының ащы жемісін жеп жүрміз. Қымбат апай, сізді ойландырған мәселеге қол жеткізу үшін ата-бабаларымыздың ғасырлар бойына сүзгіден өткізген салт-дәстүріне оралуымыз керек. Ол енді айтуға оңай... – Балаларыңызбен сырласа аласыз ба? – Менен гөрі шешелеріне сырын көбірек ақтарады. Онда да толық емес деп ойлаймын. Ержетіп, бойжетіп қалған балалар ата-аналарына барлық сырын бірдей ақтара бермейді ғой. Бірақ олар қандай қиындықта да қастарынан табылатынымды, кез келген жақсы бастамаларын қолдайтынымды біледі. – Қазақ «Балам, балалы болғанда білерсің...» дейді. Ата-ана қадірін қашан түсіндіңіз? – Мен апамның қолында тұрамын. Біздің үйдің берекесі сол кісі. Басқа балаларына қыдырып кеткенде, үй қаңырап бос қалғандай болады. Мен азамат болып атқа мінсем, елдің бір шаруасына жарап жүрсем, сол ата-анамның кішкентайымнан құлағыма сіңірген өсиеттері мен берген баталарының арқасы шығар. – Көрермен көзайымына айналған Бейсен Құранбекті не алаңдатады, нені армандайсыз? – «Не алаңдатпайды?» деп сұрасаңыз жеңілірек болар еді. Үш мәселе ерекше назарымды аудартады: қазақтың әрбір баласының өз ісінің мықты маманы болуы, бақытты отбасын құруы, өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелі, білімді, мақсатты етіп тәрбиелеуі. Армандарым да осылармен ұштасып жатыр.Қымбат Әбілдәқызы, ақын, республикалық «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі