50431
Шетелдегі қандастар «Отанға барар жол» байқауы арқылы оқуға түсе алады
Шетелдегі қандастар «Отанға барар жол» байқауы арқылы оқуға түсе алады
Халықаралық білім беру корпорациясының бастамасымен шетелде тұратын қандастарымыздың Қазақстанда жоғары білім алуына мүмкіндік беретін «Отанға барар жол» байқауы ұйымдастырылмақ.
Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Маргарита Имандосованың айтуынша, бұл бастаманың мәні зор.
«Бұл байқау Қазақстанның азаматы емес, бірақ ұлты қазақ азаматтарға сапалы білім алуға мүмкіндік беру үшін ұйымдастырылып отыр. Жалпы, шетелден келген студенттердің ә дегенде Қазақстандағы ортаға, оқу жүйесіне бейімделуіне уақыт керек екені белгілі. Бұл – көпқырлы үдеріс. Бұл бағытта біздің корпорацияның тәжірибесі мол. Біздің корпорацияның құрамына кіретін Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы (KazGASA) мен Қазақ-Америка университетінде (KAU) 69 шетелдік студент білім алып жатыр. Ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер де бар. Бізде оқуға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Оларға кез келген уақытта көмектесуге жауапты арнайы бөлімдер де бар. Сондықтан байқау арқылы біздің грантты иеленетін қандастарымыз да елге келгенде еш кедергіге тап болмайды деп ойлаймыз»» – деді ректор Маргарита Амандосова.Аталған корпорациясының бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев байқаудың ережесін түсіндіре отырып, елдегі өзге оқу орындарының бұл игі бастамаға қолдау көрсетуін сұрады.
«Шетелде бес миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың арасында Қазақстанның белді университеттерінде оқығысы келетіндердің қарасы көп. Бұған әлеуметтік желілер арқылы және біздің байланысу орталығына келіп түскен хаттардың легі дәлел. Білім және ғылым министрлігінің қандастарымызға арналған бағдарламасы бар, бірақ қандастарымыздың көбі қажетті ұпай жинай алмай, оқуға түсе алмай қаламыз ба деп қорқады. Сол себепті корпорацияның Бақылау кеңесі «Отанға барар жол» байқауын ұйымдастырып, қандастарға 20 грант бөлу туралы шешім қабылдады. Қазақстанда оқығысы келетін қандастар біздің байқау арқылы ҰБТ тапсырмай-ақ, оқуға түсе алады. Ол үшін олар байқаудың ережесімен танысып, белсене қатысуы керек. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде талапкер әлеуметтік желіде қазақ тарихындағы танымал тұлғалар туралы эссе жазуы керек. Ал екінші кезеңде «Мен неге Халықаралық білім беру корпорациясына түскім келеді?» деген тақырыпта эссе жазуы тиіс. Бұл екі кезеңнің қорытындысы 18 шілде күні белгілі болады. Сосын 25-шілдеде сұхбаттасу кезеңі өтеді. Ал келесі күні жеңімпаз анықталады. Осы ретте Қазақстандағы оқу орындарының өкілдеріне осы бастамаға қолдау білдіру жөнінде ұсыныс айтқым келеді. Қазақстанда жалпы саны 120-ға жуық оқу орны бар. Әр оқу орны кем дегенде бір-бір гранттан бөлсе, 120 қандасымыз елде оқу мүмкіндігін иеленетін еді. Сөйтіп, олар оқу үшін осында көшіп келіп, кейіннен жанұясын көшіріп әкеліп, қатарымызға қосылатын болады» – деді проректор өз сөзінде.