«Нұр Отан» партиясы: Жастарды қолдау – жасампаздыққа жол ашу

«Нұр Отан» партиясы: Жастарды қолдау – жасампаздыққа жол ашу

«Нұр Отан» партиясы: Жастарды қолдау – жасампаздыққа жол ашу
ашық дереккөзі
534
«Бірігіп пішкен тон келте болмас» дейді қазақ. Кей ретте игі бастамалар, ішінара мемлекеттік бағдарламалар жауапты органдар арасында ынтымақтың аздығынан оң нәтижеге жете алмай жататыны құпия емес. Сондықтан Мемлекет басшысы билік буындарының бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеуі керегін үнемі айтады. Мұны ескерген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова және Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта осы құжат арқылы жоғары оқу орындарына түсе алмаған және Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмаған мектеп түлектеріне қолдау көрсетілетін болады. Отырысқа төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде мектепті енді ғана бітірген, жаңа өмірге қадам басқан жастарымыздың жұмысқа орналасуының маңызына тоқталды. «Егер шындығында біз тәуелсіздікті алған жылдарымызда еліміздің барлық өңірлеріндегі жастарды түгелдей жұмысқа орналастырған болсақ, қазіргі қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктерге кезікпес едік деп ойлаймын. Өйткені Абай атамыздың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегеніндей мынадай тоқ, бақуат заманда адам жұмыс істемей, қолын қусырып бос жүретін болса деструктивті ұйымдарға, түрлі қылмыстық ортаға тартылып, теріс жолда жүрген діни ағымдардың ықпалында кетуі мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Демек, бұл біздер мен сіздер атқарған жұмыстардағы кемшіліктерден туындаған мәселе деп қарастыруымыз керек», – деді М.Құл-Мұхаммед. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары меморандум аясында Елбасы тапсырмаларын жүйелі түрде орындауға, жастардың болашағына қатысты қордаланған біраз мәселенің түйінін шешуге жол ашылатынын айтты. «Елбасының тапсырмасын орындау бізге үлкен үш мәселені шешуге мүмкіндік береді. Ең алдымен, біз мектеп бітірген жастарды түгелдей жұмыспен қамтитын боламыз. Екіншіден, Елбасының «Нұрлы Жол» жаңа индустрияландыру саясаты бойынша ашылған кәсіпорындарға жұмысшылар тартамыз. Үшіншіден, жұмыссыз жастардың теріс жолға түсуінің алдын аламыз. Сондықтан Елбасы тапсырмасын орындау ең басты міндеттердің бірі болып есептеледі. Алдағы уақытта бұл жұмыс «Нұр Отан» партиясының барлық филиалдарының қатаң бақылауында болады», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Мәселенің маңызын түсіну үшін мектеп бітірген түлектерге қатысты мына деректерге назар аударған жөн. Биыл 122 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, олардың шамамен 70 мыңы ҰБТ-ны сәтті тапсырған. Ал 37 мыңнан астамы тестілеуге қатыспай, 14 мыңы сынақтан өте алмаған екен. Партия бастамасымен еліміздің барлық аймағында егжей-тегжейлі сараптау жұмыстары жүргізіліп, биыл сынақтан өте алмаған және оқуға түспеген мектеп түлектерінің тізімі жасалған. Соның арқасында ҰБТ-да қажетті ең төменгі баллды жинай алмаған 14 мың түлектің 2,5 мыңы қайта тестілеуден кейін ЖОО-ға қабылданғаны анықталып, одан бөлек, 5 мыңға жуығы техникалық-кәсіптік білім беру мекемелеріне түскен. Тағы 346 түлек қазірдің өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, тағы жүздеген түлек өздігінен жұмыс та­уып, еңбекке араласса, кейбірінің шетелге оқуға кеткені белгілі болған. Енді бірқатары әскер қатарына шақырылып, келесі бір топ мамандарды қайта даярлау орталықтарында білім алуда. Осылайша, ҰБТ тапсыра алмаған 9 мыңға жуық түлек өмірдегі өз бағыт-бағдарын тапты. Ал ҰБТ-ға мүлдем қатыспаған 37 мың түлектің 2820-сы – қазақстандық, 6205-і шетелдік ЖОО-ларға оқуға түскен. Сондай-ақ, 21663 түлек кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне қабылданды. Қалған екі мың мектеп бітіруші мамандар даярлау орталықтарында білімдерін жетілдіруде, кейбірі әскер қатарына шақырылады. Дей тұрғанмен, әлі 10 мың түлектің мәселесі нақты шешімін таппай отыр. Оларға біз тілге тиек етіп отырған меморандум аясында көмек көрсетілмек. Аталған құжатта мектеп түлектерін жұмыспен қамтудың мынадай тетіктері қарастырылған: – халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы мектеп түлектерін оқытуға, жұмыспен қамтуға және орналастыруға көмектесу; – халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жастарға мамандық таңдауда кәсіби бағыт-бағдар беру; – біліктілігін арттыру, сондай-ақ, кәсіби даярлау және қайта даярлау бойынша тегін курс­тар ұйымдастыру; – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жастарды жұмысқа орналастыру. «Нұр Отан» партиясының бұл салада мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Нақты айтқанда, партия қазақстандық кәсіпорындармен жемісті ынтымақтастық орнатып, «Сәтті қадам» жобасы аясында колледждер мен ЖОО түлектеріне тәжірибеден өтуге, кейін жұмысқа орналасуға көмектесіп келеді. Осылайша, мыңдаған жастың өмірден өз орындарын табуына жағдай жасады. Бүгінде Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған партияның бұл бастамасын Қазақстанның 240 жетекші компаниясы қолдап отыр. Отырыста сөз алған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жастарды жұмыспен қамтуда арнайы «Жол картасы» жасалғанын, ол бойынша барлық жергілікті әкімдерге қандай мамандықтарға сұраныс барлығы жөнінде тізім жіберілгенін, қандай кәсіптерге зәрулік барлығы да анықталып, колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқып мамандық алуда қолдау көрсетілетінін айта келе бұл ретте оқу ақы, тамақ пен тұратын жайы да тегін болатынын атап өтті. Өз кезегінде Ғылым және білім министрі Ерлан Сағадиев ел жастарының бәсекелі өмірде көштен қалмауындағы білімнің рөліне тоқталып, сапалы білім берудің арқасында жастардың талай биікке көтерілетіндігіне сенім артты. Жиында облыстарда атқарылып жатқан келелі істер де сөз болды. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов жастарды жұмыспен қамту мәселесінде «Сәтті қадам» партиялық жобасының маңызына тоқталды. «Биыл облысымызда ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 5524 түлектің 868-і шектік деңгейден өте алмады. Орталық аппараттың тапсырмасымен, аталған жобаның 3-бағыты бойынша сол түлектерді түгендеп, оларды жұмыспен қамтуды қолға алдық. Осы мақсатта бірнеше басқармалармен және білім ордаларымен тығыз байланыс орнаттық. Соның нәтижесінде бүгінде 231 түлек жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсті, 486-сы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне қабылданды. Сондай-ақ, 43 жас әскер қатарына шақырылса, 71-і шетелге оқуға кетті. Тағы 2 түлек қайта даярлау курстарында білім алуда. Ал қалған 24 жас жұмысқа орналасты. Міне, бұл тек «Сәтті қадам» бойынша атқарылған жұмыстар. Енді бұл бастаманың аясы кеңейіп, оң нәтижелер артатыны даусыз», – деді ол. Ал Атырау облысында жастар мәселесінің қалай шешіліп жатқанын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы Абзал Талтенов баяндады. «Бүгінгі меморандум тек қолдауға ғана лайық бастама. Осының арқасында мыңдаған жас өмірдегі өз орындарын табатынына сенімім мол. Қазіргі таңда елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуді екінші рет тапсыруға рұқсат берілгені белгілі. Бұл мүмкіндікті де пайдалана алмаған жастар студенттер қатарына шартты түрде қабылданады. Жалпы, биыл Атырау облысында 1118 мектеп түлегі ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балл жинай алмады. Соның 456-сы қайта тестілеуге қатысса, 291-і жоғары оқу орындарының студенті атанды. Одан бөлек, 563 түлек колледждер қабырғасында білім алады.Ел жастарының жарқын болашағын ойлаған «Нұр Отан» партиясы маңызды істі қолға алып, жастардың әлеуметтік бейімделуін мақсат етіп отыр. Бүгінгі қол қойылған меморандум соның жарқын көрінісі. Жастардың жағдайын жақсартуды көздеген «Сәтті қадам» жобасы сынды тың бағдарламаларды еліміздегі барлық жоғары оқу орны қолдайды деп сенемін», – деді Абзал Талтенов. Отырысқа жұмыс берушілер, жастарға қолдау көрсетуге ниетті компаниялар да қатысты. «ҚазПласт» және «Bekem plast» компаниялар тобының бас директоры Сергей Водько: «Біздің компания заманауи технологиялар арқылы полиэтилен заттарын және полиропиленнен гофрлі құбырларды өндіреді. Кәсіпорнымыздың құрылғанына көп бола қоймаса да, келешегінен зор үміт күттіреді. Осы ретте бізге жас мамандардың да септігі мол болатынын айта кеткенді жөн санап отырмын. Бүгінгі меморандум – соған жасалған маңызды қадам. Партия тарапынан жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, арнайы оқу орындарында білім алу бастамасы өте орынды және ұтымды екенін көрсетті. Біздің компания осы жоба аясында өз қатарына 10-ға дейін жастарды жұмысқа алуға және болашақта тығыз байланысты жұмыс істеуге дайын», – деді. «Ақмола вагон жөндеу зауыты» директорлар кеңесінің төрағасы Зейнулла Шибкенов те кәсіпорынның партиямен меморандум аясында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. «Соңғы жылдары Елбасымыз кәсіптік-техникалық білім беруге ерекше көңіл бөліп, тиісті орындарға нақты тапсырмалар бергенін білеміз. Соның арқасында елімізде техникалық мамандардың саны артып, жұмыс күші көбейгені анық байқалады. Бүгін қол қойылған құжаттың арқасында сол бастаманың аясы кеңейіп, одан әрі жандана түсетіні анық.Өз кезегі біздің кәсіпорын жастарды жұмысқа қабылдауға дайын. Дәл қазіргі кезде зауытымызға газбен дәнекерлеуші, слесарь сынды мамандар қажет. Олардың біліктіліктерін арттырып, кәсіби тұрғыда өсулеріне қолдан келген барлық жағдайды жасаймыз», – деп сендірді зауыт басшысы. «Нұр Отан» партиясының мектеп түлектерін жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін жаңа жобасы еліміздің өзге кәсіпкерлері тарапынан да қызу қолдау табарына сенім мол.

Серіктес жаңалықтары