Дамир Дәулетбаев; Қатерлі ісік кішкентай сәбилерде де кездесуде

Дамир Дәулетбаев; Қатерлі ісік кішкентай сәбилерде де кездесуде

Дамир Дәулетбаев; Қатерлі ісік кішкентай сәбилерде де кездесуде
ашық дереккөзі
530

Онкологиялық сырқатпен күрес күшейген сайын, қатерлі ісікке шалдыққандардың қатары жасарып келеді. Бұған басты себептің бірі – қоғамдағы қатерлі ісікке деген қате көзқарастың қалыптасып қалғандығынан. Яғни, жаман аурудың атын естігенде жаны түршігетін азаматтар тегін тексерулерден өтуге қашқалақтап, тіптен бармайтын да көрінеді. Алматыдағы 65 жылдық тарихы бар онкологиялық орталықтың бас дәрігері Дамир Дәулетбаевпен өткізген сұхбатымыз көпшілікке ой салар деген үмітіміз жоқ емес.

– Дамир Абайділдаұлы, өзіңіз басқаратын орталықта бүгінде қанша азамат тіркеуде тұр?

‒ Бүгінде қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың саны өсіп, дертке шалдыққандар қатары жасарып барады. Алматы қаласы бойынша 20 мың 400-ге жуық науқас есепте тұр. Олардың арасынан ең көп кездесетіні «әйелдердің сүт безі» қатерлі ісігі. 2008 жылдан бері Үкімет әйелдерде болатын осы дертті бірінші және екінші сатыларында анықтау үшін жылына 4 жарым миллиард теңге бөліп келеді. Өйткені қатерлі ісік алғашқы сатыларында табылып, емделетін болса науқастардың 96-99 пайызы айығып, қатерлі дерттен құтылады. Ал бұл дертті 3-4 сатысында тапқанда ол науқастың өмірі ұзаққа созылмайды. Әрі кетсе 1-2 жыл ғана өмір сүреді.

Тіптен, кейбір дәрінің құны бір миллион теңге тұратын. Қазір бізде бір науқас қыз бар. Ол тері қатерлі ісігімен ауырады, яғни денесіндегі қалы үлкейіп ісетін науқас. Оның дерті әбден асқынғанда анықталған. Қазір оған бір дәрі сатып алу үшін он миллион теңге жұмсаймыз. Ал оны біз бірінші сатысында анықтаған кезде емделу арзанға түсіп, жазылып кетер еді. Бүгінде өлім көрсеткіштері ішінен әлемде қатерлі ісік 2-3 орындарға шықты. Бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары болса, қатерлі ісік 2-орынға шығып отыр. Сондықтан да қатерлі ісікпен күрестің маңызы артып келеді. Үкімет арнайы бағдарлама да қабылдады. Бүгінде қатерлі ісікке тексеру тегін, сондай-ақ, арнайы құрал-жабдықтарымыз да жаңартылып, қызмет көрсету сапасы айтарлықтай артты.

Өкінішке қарай, біздің қаракөздеріміз қарайған дүниені «қал» деп жүре береді. Олар алдын ала сақтанып, дер кезінде дәрігерге қаралмайды. Әбден ауруы асқынғанда келеді. Ол кезде дәрігерлердің ажалдан арашалап қалуға мүмкіндігі болмай қалады. Қатерлі ісік асқынғанда емдеу мүмкіндігі төмендейді, бірақ дәрі-дәрмек сататын, шетелде емдеп жазамыз дейтін фирмалардан ұсыныстар көбейеді. Оларға миллиондап ақша берсеңіз де асқынып кеткен ракті емдеп жаза алмайды. Бүгінде біздің мекемеміздің науқастарға қызмет көрсету сапасы жоғары. Ең бастысы, денсаулық сақтау басқармасына рахметімді айтқым келеді. Осы аурухананың бұрынғы бас дәрігері Қайдаров мырзаның ұсынысымен 70 миллион теңгеге жуық қаражатқа арнайы қондырғылар сатып алынды. Сол аппараттардың бірі өте күрделі және қатерлі дертті анықтау мүмкіндігі жоғары микроскоп ‒ қатерлі ісіктің белгілері терінің терең қабатына орналасса да анықтап, қай кезеңде, қайсы сатыға жататынын, қатерлі ме, қатерсіз бе, бәрін анықтап береді. Бұрындары бұндай мүмкіндік болмаған еді. Бұл құрал Қазақстан бойынша біздің емханада ғана бар. Бұдан бөлек, осындай озық және заманауи қондырғылар енгізілуіне орай құқықтық нормаларды қайта қарастырып, енгізуіміз керек. Біздің мекемедегі көп дәрігерлеріміз сүт безіне, хирургиялық дерттерге байланысты алыс-жақын шетелдерге барып білім алуда. Жақында ғана дәрігерлеріміз Түркияға барып, сондағы емдеу, ота жасау тәжірибелерін үйренді. Тағы бір дәрігеріміз Оңтүстік Кореяда білімін толықтырып жатыр. Тағы бір басты ерекшелігіміз – дәрігерлеріміздің көбісі жастар. Олар ағылышын тілін жақсы меңгергендіктен, шетелде оқу мүмкіндіктерін толық пайдалануда. Мекемеміздің тарапынан да кейбір мамандарды өз қаражатымызға шетел тәжірибесін үйренуге жіберіп отырамыз.

Онкологиялық ауруларды емдеудің тәсілі үш кезеңге бөлінеді. Бірі – хирургиялық, екіншісі – химия терапиялық, үшіншісі – сәулемен емдеу. Өкінішке қарай, сәулемен емдеу технологиясы бізде жоқ. Ол тек Алматы қаласындағы Онкологиялық ауруларды ғылыми-зерттеу орталығында ғана бар. Онкологиялық ауруға шалдыққан 20 мың 400 науқастың 60 пайызы арнайы кесте бойынша, сәулемен емдеу кезегін күтіп, емделіп шықты. Бүгінде Алматыдағы «Сұңқар» жеке меншік емханасында сәулемен емдеу аппараты тұр. Бірақ онкологиялық аурулар әлеуметтік науқасқа жататындықтан оны емдеуді жеке меншік емханаларға бермейді. Тек мемлекеттік мекеме ғана емдей алады. «Сұңқар» ақылы түрде қызмет көрсетіп отыр. Бір науқасты толық емдеу 450 мың теңге тұрады. Біз қазір жеке меншік мекемемен келісіп, Үкіметтен ақша сұрап жатырмыз. Елбасының мемлекеттік мекеме мен жекеменшік мекемелер бірлесе жұмыс істесін деген ұсынысына орай, іс бастағалы отырмыз. Олар тікелей мемлекеттен тапсырыс ала алмайды. Сондықтан біз науқастарды оларға жіберу арқылы, ондағы аппараттарды қолдануға мүмкіндік алып отырмыз. Әрине, науқастардың емделу қаражатын біздің мекеме төлейтін болады. Бұны жоғары жаққа түсіндірдік, енді шешімін күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, қатерлі ісікке ота жасалған кезде бірден емдейтін құрылғыны сатып алдық. Ол құрылғы Италияда шығарылады, мамандарымыз оны қолдану тәсілдерін үйреніп келді. Кейбір науқастарға болашақта керек болмауы мүмкін, алайда ота жасалған кезде сәулемен емдеу дерттің күшін әлсіретіп, науқасқа жеңілдік тудырады.

‒ Онкологиялық ауруларға психологиялық тұрғыдан ем көрсету мәселесі жиі көтеріледі. Нәтижесі бар ма?

‒ Расында, науқастың психологиялық мәселесі өте күрделі дүние. Адамға «сенің бойыңда қатерлі ісік бар» десе, кез келген кісі күйзеліске түседі. Соған орай, психологтарды да тартып жатырмыз. Олардың ішінде, өздері де осы дертке шалдыққан, жақындары ауырған мамандар бар. Олар аурулармен сөйлесіп, тегін кеңес беру шараларын жүргізіп келеді. Ал шетелде, психотеропия бойынша күлкімен, музыкамен емдейді. Алайда біздің ғимаратымыздың бұған мүмкіндігі болмай қалады. Соған қарамастан, науқастарға елімізге танымал әншілерді, басқа да әртістерді шақырып, түрлі мерекелік шараларды өткізіп келеміз.

‒ Биыл орталықтың құрылғанына 65 жыл толып отыр. Алайда ғимараттың ескіргені бірден көзге түседі…

‒ Өкінішке қарай, біздің ғимаратымыз өте тозып кеткен. Кезінде бұл мәселелер көтеріліп, арнайы ғимараттың жобасы жасалып, 2011 жылға бекітілген болатын. Алайда жаңа ғимарат салынбай қалды. Ең бастысы, жаңа ғимарат салып, науқастарды емдеу ісін жақсартуымыз керек. Өйткені бұндай дертке шалдыққандар әлеуметтік науқасқа жататындықтан, басым көбі өздері жекелей емделе алмайды. Мәселен, Мәскеуде Путиннің бастамасымен елдегі кәсіпкерлер 10 онкологиялық орталық салып берген. Бұдан бөлек, барлығы да заманауи жабдықпен қамтамасыз етілген. Бізде де жұмыстар жасалып жатыр. Депутаттар мәселе көтеріп, Үкіметте қаралуда. Әрине, салынады деген сөз бар, бірақ тезірек салынғаны жөн болар еді. Себебі біздің көптеген науқастарымыздың қаражаты шетелге кетіп отыр. Оларға шетелде алғашқы мезетте науқастарды сауықтыру шаралары ғана жасалады, ал түбегейлі ұзақ мерзімге емдеуді бәрі бір елде жасауға мәжбүр болады. Себебі олар онкологиялық ауруды емдеудің 3 тәсілінің біреуін ғана қолданады. Ал толықтай сырқаттан айықтырып жіберуі мүмкін емес. Біз тек, шетелдіктер бастаған емді жалғастырамыз. Ал шындығында, біздің де дәрігерлер шетелден оқып келген, біліктіліктері олардан кем түспейді. Егер ғимарат салынса, көптеген науқасты елімізде-ақ емдеуге болар еді. Әлеуметтік науқас дейтініміз – бұндай дерттің емі өте қиын. Бұның шығынын өкімет көтермесе, жекелей науқастар көтере алмайды. Бір дәрінің өзі он миллион теңге тұрады.

‒ Әлемде қатерлі ісікке шалдыққандар қатары жасарып келеді. Алматыдағы көрсеткіш қалай?

‒ Өкінішке қарай, әр адамды қатерлі ісік күтіп тұрады. Жас ұлғая бастаған сайын дертке шалдығу қаупі артады. Бүгінде 20-дан асқан қыз-келіншектер, жігіттерден де бұл науқас кездесіп жатыр. Тіптен, сырқаты асқынып кеткендер де бар. Бұрындары бұндай жаста науқастар болмаған. Бұның басты себебі экология, күнделікті күйзеліс сынды көптеген дүниелер өзінің кері әсерін тигізіп жатыр. Сол себепті қатерлік ісік жасарып отыр. Кішкентай сәбилерден де кездесіп қалады. Бұған көп сырқаттың салғырттығы басты себеп болып жатыр. Қазақстанда 4 жарым миллиард теңге науқастарды онкологиялық аурудың алдын алуға тексеруге бөлінеді. Барлық жерде тегін тексеру шаралары жүргізілуде. Ер адамдар 50 жастан кейін «еркек безін», әйел адамдар 45 жастан кейін «сүт безі» қатерлі ісігіне міндетті түрде тексерілуі керек.

‒ Мекеменің тарихына тоқтала кетсеңіз.

‒ Бұл мекеменің тарихы 1955 жылдан басталды десек қателескеніміз. Себебі әуелде Алматыда онкологиялық бөлім құрылып, кейіннен Онкологиялық ғылыми зерттеу орталығы болып қайта құрылғанда аурухана соның ішінде болған. Кейіннен, ол орталық жабылып, қалалық онкологиялық орталық ашылды. Ол қайтып бөлінген. Негізінде қазақ онкологиялық ауруларды емдеу тарихы XX ғасырдың басынан бастау алады. Біздің мекеменің тарихы да әріден бастау алып, Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сай 1951 жылы Алматыда онкологиялық орталық ретінде ашылған. Осы уақыт аралығында біздің орталық көптеген жетістіктерге жетті. Ең бастысы, дәрігерлері, медбикелері өз тәжірибелерін қазақ онкологиялық орталығын дамытуға жұмсады. Жаңа технология кіргізілгенмен дәрігерлердің тәжірибесі болмаса, емдеу ісі ілгері баспас еді. Бүгінде орталықтың ең егде дәрігері 75 жаста, алайда тәжірибелі жастардың саны басым. Жалпы дәрігерлердің орташа жасын есептесек, 36 жас болып отыр. Жастар көп. Бүгінгі күні ұжымымызда 470 қызметкер бар. Олардың 103-і дәрігер.

‒ Онкологиялық орталықтың бас дәрігері ретінде алматылық тұрғындарға қандай кеңес айтасыз?

‒ Біздің қолымызда алматылық азаматтардың скринингтерінің нәтижелері бар. Алайда бұрынғыға қарағанда бірінші және екінші саты кезіндегі науқастардың қатары көбейгені байқалады. Бұрын 58 пайыз табылса, бұл көрсеткіш ұлғайып, қатерлі ісік дерті тексеруге қатысқан адамдардың 68 пайызынан табылып отыр.

Біздің тіркеуде тұрған науқастар аз емес. Алды 25-30 жылдан бері тіркеуде тұрғандар бар. Әрине, қатерлі дертке шалдыққан адам емделгеннен кейін 5 жылдан артық өмір сүрсе, онкологтардың түсінігі бойынша аурудан айықты деп саналады. Бүгінде біздің диспансердің көрсеткіші бойынша бізге тіркеліп, ем алған науқастардың 50 пайыздан астамы айығып кеткен. Біз өз емделушілерімізге жылқының саумалын, түйенің шұбатын ішуді ұсынамыз. Әрине, спорттың да пайдасы зор. Ең бастысы, нерв күйзелісінен сақтануы керек. Егер кімде-кімнің ата-анасында осы ауру болған болса, оның ұрпағының бойында осы дерттің белгілері анық көрінбегенмен болуы ықтимал. Ал ол белгілер уақыт өте келе, өмір сүру салтына, тамақтануына байланысты қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігінше тексеріліп тұрған дұрыс. Біз генетиканы зерттеу институтымен келісімшартқа отырғанбыз. Ең өкініштісі, көптеген адам науқасының алдын алуға әрекеттенбейді. Сол себепті, сіздердің газетті пайдалана отырып, барлық отандастарымызды тексерілуден өтуге шақырамыз.

‒ Әңгімеңізге рахмет.   Сұхбаттасқан Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары