958
Білім министрлігі мектепке xиджабпен келетін оқушыларға қатысты ресми ұстанымын білдірді
Білім министрлігі мектепке xиджабпен келетін оқушыларға қатысты ресми ұстанымын білдірді
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева үкіметтің білім беру мекемелеріне діни киім киюге қатысты ресми ұстанымын жария етті.
«Бүгінгі таңда БҒМ-ге осы сұраққа байланысты 5 мыңнан астам өтініш келген. Сондықтан бұған қатысты нақты ұстанымдарымызды айтуды ұйғардық. Мектеп жарғысында көрсетілген тәртіпке қарамастан, балаларын мектепке діни киіммен әкелетін ата-аналармен бір емес, көп мәрте түсінбеушіліктер орын алып келгенін білесіздер. Ата-аналар бізге нақты ұстанымдарымызды жариялауды сұрағандықтан, біз оң көзқарас болатынына үміттенеміз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, республика мектептерінің жарғыларында барлығы нақты көрсетілген.
«Егер оқушы діни киіммен келетін болса, ата-анаға ескерту жасалады. Баланы біз қумаймыз, діни атрибутиканы шешу үшін ата-аналарын шақыртамыз, оқушы ары қарай сабағына қатыса береді. Егер екінші, үшінші рет қайталана беретін болса, баланы мектепке кіргізіп, ата-анасын күтеді. Тағы бір рет ескертеміз, оқушы мектепке кірді ме, діни атрибутикасын шешуі тиіс. Мектептен шығысымен қайта кисе де болады. Мұнда ешкімге де моральдық зардап тигізбейміз деп ойлаймын» - деді Э. Суxанбердиева.
Өз кезегінде ҚР Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина бұл тыйым бұрыннан барын еске салды.
«Қоса кеткім келеді, бұл жаңа тыйым емес. Бұл талап бұрыннан бар. Бұл талап білместіктен орындалмай келді. Мектеп формасының енгізілуімен бұл сұрақ өзекті болып кеткені рас. Аталған талап бізде бұрыннан келе жатыр», - деді ол.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мұнда азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды деп отыр.
«Ата-аналармен әңгімелескен жөн деп санаймын. Бірінші кезекте діни киім киетін ата-аналарға түсіндірген абзал. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты діни ұйымдармен бірге атқарып келеді, нәтижелері де бар. Мысал келтіре кетсем, Атырауды алатын болсақ, 2015 жылы мектепке оқушы xиджабпен келген 315 оқиға тіркелген. Мемлекеттік органдар мен діни ұйымдардың бірлескен жұмысының арқасында енді тек 113 бала қалды. Дегенмен жұмыс әлі аяқталған жоқ», - деді Ғ. Шойкин.