50728
Шыңғысхан Қазақстан, жас кәсіпкер: Нидерландпен қатар Қазақстанда да кәсіп ашқым келеді
Шыңғысхан Қазақстан, жас кәсіпкер: Нидерландпен қатар Қазақстанда да кәсіп ашқым келеді
Шыңғысхан Қазақстан – Нидерландта жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп жүрген қазақ. 24 жасқа енді толған ол серіктесі британдық Макс екеуі Bondi электрокөлік қызметін ұсынатын компания ашқан. Ол жазғы олимпиада ойындарына іріктеу турнирінің ресми серіктесі атанған жеке компаниясы арқылы алдағы уақытта Қазақстанға қатысты жобаларды жүзеге асырғысы келеді. Қазақстан деген тегінің өзі тегін емес, қайда жүрсе де қайдан келгенін әйгілеп тұратын қандасымыз Шыңғысханға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Ең алдымен білгіміз келетіні – тегіңіз расымен Қазақстан ба?
–Иә. Әкемнің есімі – Қазақстан. Әкемнің есімін атам қойған. Ол кісі Шыңғысхан секілді мақсатына жетпей тынбайтын адам болсын деген оймен менің есімімді де өзі қойған. Есімім өзіме ұнайды, есте тез сақталады. Еуропалықтарға біздің есімімізді атау қиын, сондықтан Шыңғысхан Қазақстан десе барлығы елең етіп, таңғалысын жасырмайды. Жалпы, аты-жөнім үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті сол атқа лайық болу керек екенін жадымнан шығармаймын.
– Жеке кәсіпті дәл Нидерландтан ашуға не түрткі болды?
– Негізі, бұл жобаны іске асыруда ата-анамның көрсеткен үлгі-өнегесінің рөлі орасан. Ата-анам Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы аймақта егін шаруашылығымен айналысады. Бос уақытымда әкеме көмектесіп, ол кісінің үлкен кәсіпті дөңгелетіп, табысқа кенеліп отырғанын көріп, алдағы уақытта әкемдей болуға ынталандым. Негізі, ата-анам үнемі жұмыста болғандықтан, ата-әжемнің қолында өстім. Ата-әжем айтқанымды орындап, ыңғайыма жығылып, еркелетіп өсірсе де, тынбай еңбектеніп жүрген ата-анама әрдайым көмектескім келетін. Оған қоса кәсіпкерлік туралы жазылған көптеген кітаптан атағы жер жарған кәсіпкерлердің жалғыз өзі жетістікке жеткенін оқып, қызығушылығым одан сайын арта түсетін. Сол мақсатпен Нидерландтың шығыс бөлігінде орналасқан Арнем қаласындағы Қолданбалы ғылымдар университетінің (HAN) халықаралық бизнес факультетіне оқуға түстім. Оқуда жүргенде Макс есімді британдық азаматпен кездесіп, жақын араласып кеттік. Сөйтіп жүріп екеуіміз студенттік қауымдастық құрдық, көптеген іс-шара өткізіп, қайырымдылық кештерін ұйымдастырдық. Сосын оқумен ғана шектелмей, көп іс тындырғымыз келетінін түсініп, Bondi жобасын ойлап таптық.
[caption id="attachment_151472" align="alignnone" width="1024"] Шыңғысхан серіктесі Макспен бірге[/caption]
– Велосипед Нидерландтағы ең танымал транспорт түрі екені белгілі. Электровелосипедпен байланысты бұл жобаларыңыз жергілікті тұрғындардан қолдау таппай, сұраныс болмай қалады деген уайым болды ма бастапқыда?
– Нидерландта велосипед көп болғанмен, адамдардың көбі көлікпен жүреді. Ал көліктің ауаны ластайтыны, адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, ол біршама орын алады. Оған қоса Нидерландта көлік тұрағының қызметі қымбат әрі қала көшелері тар, сонымен қатар, көлік шығынын өтеу үшін қыруар қаржы жұмсалады. Осының барлығын ескеріп, жағдайды өзгерту үшін кәсіп ашу керек екенін түсіндік. Сөйтіп, әртүрлі факультетте оқитын, тегін жұмыс істеуге келіскен студенттердің басын біріктіріп команда құрдық. Өнімді құрастырып, сынақтан өткіздік. Бірақ жобаның басталуы әлемді әбігерге салған пандемиямен тұспа-тұс келді, ақырында командамыз тарап, кеңседе серіктесім Макс екеуіміз ғана қалып, жұмыс істедік. Бұдан бірдеңе шығатынына кәміл сенген екеуіміз инвестор іздедік. Электровелосипедтің машақаты мен шығынды көп қажет ететін іс екені құпия емес. Біз жолыққан инвесторлардың басым көпшілігі мұның үлкен инвестиция талап ететінін айтып, күмәндана қарады. Дегенмен олардың арасында бізге үміт артқандар да аз болмады. Сөйтіп, ықтимал инвесторлар тізімін құрастырып, арасынан бастамамызды қос қолдап қолдайтын, бізге көп еркіндік беретін, жұмысымызға кедергі келтірмейтін бір инвестормен ынтымақтастық орнаттық. Сосын жобамызды министрлік арқылы тіркеуге қойып, лицензия алдық. Сөйттік те жаңа команда жасақтап, жұмысымызды бастап кеттік. Жобаның іске қосылғанына аз уақыт болса да, Гаага қаласында өткен, жағажайдағы волейболдан Жазғы олимпиада ойындарына іріктеу турнирінің ресми серіктесі атандық. Бір қарағанға барлығы мен сипаттағандай оңай болып көрінуі мүмкін, бірақ қыруар шаруа атқарылды. Велосипед шығаратын зауыттарды аралау, мобильді қосымша әзірлеу де оңай емес. Негізгі кеңсеміз Ардем қаласында орналасқан, бірақ дәл қазір Гаагадағы кеңседе көп уақыт өткіземін. Командамызда бүгін жалпы саны он бір маман бар, арамызда тек студенттер ғана емес, сондай-ақ білікті мамандар да қызмет етеді. Алдағы уақытта қатарымыз бірте-бірте толығып, көбейе түседі, себебі алдымен Нидерландтың көп қаласын қамтып, сосын Еуропа нарығына шығуды көздеп отырмыз. Жалпы, бұл жобаның болашағы зор, себебі электровелосипедтің уақыт өте келе қолайлы қатынау құралына айналатынына көпшіліктің сенімі мол. Электровелосипедті қатынау құралы ретінде қолдансаңыз, жылдамдықты сағатына жиырма бес шақырымға дейін арттыруға болады. Мұны аулаңызға апарып жүрмей-ақ, кез келген көшеде мініп, кез келген жерге қойып кетсеңіз болады. Ақысын мобильді қосымша арқылы төлейсіз. Біз тек электровелосипед емес, сонымен қатар, шағын электрокөлік, электросамокат, электроскутер ұсынамыз. Осы ретте жобаны неліктен Bondi деп атағанымызды айта кетсем, Бонди – Аустралиядағы танымал жағажай атауы. Тұрғындар біздің көлікті қолданғанда өздерін жағажай маңындағы самал желді сезінсін деген мақсатпен осылай атауды жөн көрдік. Оның үстіне айналаның барлығы сұр түсті дүниеге толы болғандықтан, көңілі жабырқаулы адамдарға жақсы көңіл күй сыйласын деп электровелосипедті көк түске боядық.
[caption id="attachment_151471" align="alignnone" width="1024"] Шыңғысхан командасымен бірге[/caption]
– Сіз туралы әлеуметтік желіден естіп-білген қолданушылардың біразының «Шенеуніктің баласы шығар, барлығы оңай болған болуы керек. Әйтпесе танысы жоқ адамға шетелде жалғыз өзі кәсіп ашу қайдан?» дегендей пікір жазғанын көзіміз шалды. Бірақ әлеуметтік желідегі бір жазбаңызды оқысақ, барлығы біз ойлағаннан да басқаша екен...
–Мен туралы жағымды пікірлер көптеп жазылғанымен, ара-тұра осылай «түртіп» кететіндер де бар. Оларға оңай болып көрінуі мүмкін, бірақ көпшілік шын мәнінде қалай болғанын білмейді. Ата-анам бастапқыда оқудың ақшасын төлеп бергені рас, бірақ қалғанын өзім төледім. Оқу ақысын төлеу үшін көзге көрінген мүмкіндіктің барлығын пайдаланып, жұмыс істедім. Оқудан қол босаған уақытта көптеген фермада жұмыс істедім. Таң атпастан велосипедпен шығып, қала сыртында орналасқан фермаларға барып, құлпынай теріп, қияр, қызанақ жинадым. Тіпті, сүт фермасында сиыр сауып, тезек тердім. Сосын күндіз сабағыма барып, кешке тағы сол велосипедпен қала маңында орналасқан мейрамханадағы жұмысыма барамын. Түннің бір уағында тас қараңғы, қуыс-қуыс көшелермен жүріп, қалаға кері қайтатынмын. Ешқандай жұмыстан қашпаймын. Керісінше мұндай жұмыстар маған көп нәрсе үйретті. Қазір де клиенттер қолданған велосипед батпаққа тұрып қалса, өзіміз барып алып шығамыз. Кез келген жұмысты істей береміз. Бұл – жоғарыда айтып өткендей, ата-анамның көрсеткен тәлімі. Сөздің шыны керек, еш дамыл таппай, тыраштанып еңбек етіп жүрген ата-анам демалсын, бұлай жұмыс істеуін доғарсын деген мақсатпен кәсіпкерлікпен айналысып жүрмін, бірақ бір орында отыра алмайтын ата-анам үйде құрдан-құр отыруға келіспес, сірә.
– «Мен – түптің түбінде Отанға міндетті түрде оралып, елге пайда тигізуді мақсат тұтатын азаматпын» деп жауап қалдырыпсыз тағы сол әлеуметтік желідегі жазбалардың біріне. Қазақстанмен байланысты қандай жоспарларыңыз бар?
– Алдағы уақытта Қазақстанмен байланысты жобалар міндетті түрде жүргізілетін болады. Ең алдымен осы кәсіпті дамытып, осы саланың білгірі болып алайын. Сосын елге оралып, ойыма түртіп жүрген идеяларды іске асырғым келеді. Қазақстанда көлік құралынан басқа кәсіп көзін ашу ойымда бар. Сондай-ақ, стартап жобаларды жүргізуді неден бастарын білмей жүрген жастарға көмектескім келеді. Қызық естілуі мүмкін, бірақ шетелде қазақ болу маған қатты көмектесті. Мұнда мені түрлі іс-шараларға жиі шақырады, пікір-ұсыныстарын ортаға салатын кілең голландиялықтар мен еуропалықтардың арасында жалғыз азиатпын. Оған ерекше естілетін аты-жөнімді қосыңыз. Қай жиынға барсам да, көптің ішінен ерекшеленіп тұрамын. Тиісінше, көбісі қызығушылық танытып, сұрақтың астына алады. Ара-тұра нәсілдік дискриминацияға тап болатын кездер де болады, бірақ ондай жайттарға аса мән бермеуге тырысамын.
– Сан алуан стартап жобаларды ары қарай дамыта алмай жүрген отандастарыңызға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Кейінгі кезде елден менен ақыл-кеңес сұрайтындар көбейіп кетті. Күні кеше ғана он алты жастағы бір бала шетелде кәсіп ашудың жолдарын сұрап жазады. Көбісіне шетелде кәсіпті қалай ашқаным қызық. Мүмкіндігінше барлығына жауап беруге тырысып жатырмын. Шыны керек, отандастарым мұндай реакция танытады деп күтпедім. Әлеуметтік желідегі жағымды пікірлер мен жеке өзіме жазған хаттарды оқи отырып, жанды жадыратар жылылықты сезіндім. Бірақ көпшілік ойлағандай шетелде кәсіп аштым деп атойлап тойлап жатқан мен жоқ, өйткені бұл жоба – тек бастамасы ғана. Әлі үйренеріміз көп. YouTube платформасындағы жеке парақшамда шетелдік кәсіпкерлермен сұхбаттасамын. Жаңашыл бастама көтеріп жүрген олар жетістікке жетудегі құпиясын айтып, ешкімге айтпаған сырларын бөліседі. Мұндай әңгімелесулер қиялыма қанат бітіреді. Ал стартап жобаларын сәтті жүргізе алмай, сергелдеңге түсіп жүргендерге айтарым – ісіңіз қазір өрге баспай тұрса да, түбі жақсы жаққа өзгеретініне сеніңіздер. «Мұнымнан ештеңе шықпайды» деп қолды бір сілтемей, шиеленіскен түйінді шешкен дұрыс. Әрекет етіңіздер. Көпшіліктің іскерлік ортаға еніп кетуіне кедергі келтіретін «Қой, ұят болады» деген түсінікті тастап, қысылмай, қымтырылмай, өз жобаларыңыздың тиімділігін дәлелдеңіздер. Сосын тағы бір айтарым, тіл білмеймін деп бас қатырмаңыздар, сондай-ақ адамдарды жақыннан тани біліңіздер. Мысалы, мен голланд тілін жетік білмесем де Нидерландта кәсіп жүргізіп отырмын. Инвесторлар сізді шыққан жеріңізге емес, қарым-қабілетіңізге қарап бағалайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, сенім артқан адамдар бір-ақ күнде қатардан шығып, серіктесім екеуіміз жалғыз қалдық. Кәсіп жүргізуде еш тәжірибеміз болмағандықтан біз де басында сіздер секілді басымызды тау мен тасқа соғып, көп қателік жібердік. Әдепкіде бұл істі ары қарай іліп әкететінімізге сенбегендер қазір бізге қолдау көрсетіп жүр. Сондықтан, сіздің де айыңыз оңынан туып, алдыңыздан барлық есік айқара ашылатынына сенімдімін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ