Басие болар басшыны бұқара өзі таңдайды

Басие болар басшыны бұқара өзі таңдайды

Басие болар басшыны бұқара өзі таңдайды
ашық дереккөзі
50340

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берген болатын. Ауыл әкімдерін сайлау – еліміздегі елеулі саяси шараның бірі. Сайлаудың құқықтық негізі болатын заң жобасы да бекітілді. Бұл реформа елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға бағытталған тағы бір оң қадам. Саяси науқан қалай өтеді? Сарапшы мамандар не дейді? Саяси жүйедегі маңызды бетбұрыстың аяқ алысын байқап көрдік.

Ауыл әкімдерін сайлау тарихы алғаш рет 1999 жылы Шамалған өңірінен бас­талған. Осы тәжірибе жалғасын тауып, 2017 жылы бірқатар елді мекенде сайлау өткен болатын. Сол жылы Ақмола об­лысы бойынша 136 ауылда, Алматы об­лы­сындағы 129, Ақтөбе облысындағы 77, Шығыс Қазақстан облысындағы 131, Қарағанды облысындағы 129, Батыс Қазақстан облысындағы 95, Қызылорда облысындағы 72, Маңғыстау облы­сын­дағы 26 ауылда және Солтүстік Қазақ­стан облысындағы 138 ауылда ауыл әкімдері сайланған. Соның нәтижесінде аймақ бойынша 1 413 адам ауылдық, кенттік округ әкімі атанған. Ол кезде ха­лық дауыс бермей, жергілікті мәслихат депутаттары сайлаған.  Ал бұл жолғы сайлаудың сипаты да, ба­­ғы­ты да бөлек. Ол туралы Президент кө­мек­­ші­сі Ерлан Қарин әлеуметтік желіге жа­рия­лаған жазбасында әкім сайлау нау­қа­ны­ның соңғы қадамын былай түйіндеді: – 14 шілдеде аудандық маңызы бар қа­ла­­лар­дың, ауылдардың, кенттердің және ауыл­дық округтердің әкімдігіне канди­дат­тар­ды тіркеу аяқталды. Республика бойын­ша сай­лауға қатысу үшін жалпы саны 2 582 адам өз кан­дидатурасын ұсынды, оның 2 297-сі не­месе 88,9 пайызы қажетті тіркеуден өтті. Саяси партия кандидаттары – 878 адам не­месе 38,2 пайызы. Еліміздің барлық алты сая­си партиясы ауыл әкімдігіне өз канди­дат­тарын ұсынды. Сондай-ақ үміткерлердің көпшілігі, тіркелгендердің 1 419-ы немесе 61,8 пайызы – өз-өзін ұсынғандар. Яғни, жаңа нормалар белсенді азаматтар үшін өз әлеуетін іске асыруға қосымша мүмкіндік бер­ді. Мұның бәрі Президенттік саяси ре­фор­­малардың қоғамда үлкен қызығушылық ту­дырғанын көрсетеді, – деді Ерлан Қарин. Көптің көңіліндегі сауалдың бірі – тіке­лей сайлауға бөлінген қаржы есебі. Бұл қар­­жыландыру мәселесі Мәжілістің заң­нама және сот-құқықтық реформа коми­те­тінің оты­рысында да талқыланды. «Сайлау өт­кізуге шамамен 17,6 миллиард теңге қажет бо­лады. Оның 4,8 миллиард теңгесі биыл 730-дан аса әкім сайлауын өткізуге керек», – деді Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров. Вице-министрдің айтуынша, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын жергілікті бюджет қаржыландырады. Алай­да алдағы екі жылда, яғни 2021-2022 жыл­дары сай­лауға ақша Орталық сайлау ко­миссиясы ар­қылы бөлінеді. Ал кейін, 2023 жылдан бас­тап бұл шығын жергілікті бюд­жет шы­ғындарының базасына қосылмақ. Ауыл әкіміне қоятын талап та, арты­ла­тын міндет те көп. Сайлау заңында атап көр­­сетілгендей, әкім сайлауына жасы 25-тен асқан, жоғары білімді және кемі бір жыл мем­лекеттік қызмет атқарған немесе мем­лекеттік органға жатпайтын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген азамат бақ сы­най алады. Заңға сәйкес, үміткерлерді ұсыну­дың үш түрлі жолы бар: Біріншісі, саяси партия ұсынады. Партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға мүдделі. Екіншіден, дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы са­нының кемінде 1 пайызынан қол жинау ар­қылы өз-өзін ұсынуға болады. Ұсыну аяқ­талатын күні екіден кем кандидат ұсыныл­са, ауд­ан әкімі ұсына алады деген тармағы үштікті түйіндейді. Сонымен ауыл әкімдерінің аламанға тү­­сетін сәті таяу. Аймақтағы өңірлер мен ауыл тұрғындарының белсенділігі қуантады. Десек те, ауылды басқаруға лайық тұлғаның беделі мен абыройы маңызды. Жаңа бас­шы­мен келетін жаңа леп ауыл келбетін көр­кей­­тіп, ел сенімін ақтаса игі.  width=Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі:

 ҚАР ТАЗАЛАУҒА ҚАУҚАРСЫЗ ӘКІМ КІМГЕ КЕРЕК? – Елімізде әкім сайлау науқаны халыққа таңсық дүние емес. Осыдан 15-20 жыл бұ­рын да халық әкімін өзі сайлап, тікелей дауыс берсе деген ұсыныстар талай айтыл­ды. Бұл жолы Президент Қасым-Жомарт Ке­мелұлының тікелей қолдауымен өтіп жа­тыр. Сондықтан қалың бұқара әкім сай­лауына дайын деп айтуға толық негіз бар. Бірақ басқа да мәселе туындайды. «Халық қан­шалықты лайық кандидатты дөп басып таңдай алады?» деген заңды сұрақ туады. Басты мақсат – досы мен танысын емес, ауыл өмірінен хабары бар, жауапты, мем­лекеттік басқару жүйесін білетін азаматты анықтау. Өйткені әр жерде әртүрлі әңгі­мелер айтылып жүр. Халық өзі білікті ма­ман мен жаңашыл іскер басшыны анықтай алғанда ғана сайлау нәтижесі жемісін бермек. Халықтың жеке таңдауы – досына, туысына дауыс беру деген сөз емес, сай­лауал­ды бағдарламасынан үміт күтіп, білікті басшыға сенім артуы. Танысын таң­дап, ол кейін ел билеу ісін іліп әкете алмай, тә­жірибесіз болып шықса, елдің өзі қи­на­лады. Бұл сайлаудың негізгі мақсаты – ауыл әкімін сайлау арқылы халық белгілі бір деңгейде жауапкершілікті өзіне алады. Бұрын аудан әкімдеріне «өздері әкеліп отыр­ғызып еді, ауыл көркеймеді» деген арыз-талап көбейгендіктен, бұл бастама батыл әрі әділ шешім болды. Болашақта аудан, қала әкімдерін сайлауды да осы форматта ұйымдастыруға болады. Ең бас­тысы – сайлау жүйесінде халықтың сауатын көтеріп, таңдау құқығын беру. Бұл – өз-өзін басқару жүйесіндегі алғашқы қадам. Жаңа әкімге жүктелетін міндет – ауыл-аймақтың көркеюіне үлес қосып, ел бірлігін сақтау. Ауыл-аймағын, жер мәселесін жүйелеп, рет­ке келтіру. Қыста қар тазалауға қауқарсыз, су тасқынына төтеп бере алмайтын, өртте жігіттерді біріктіре алмайтын әкім кімге керек?! Қоғам сайлау механизмдерімен жақсы таныс. Ауыл әкімін тағайындау төңірегінде әңгіме көп. Ағайыншылдық арасы ажырап кетеді деген қауіп те жоқ емес. Бір атаның балалары алауыздық қадамға бара қоймас деп ойлаймын. Ел ағалары мен ауыл ақ­сақалдары жаңа басшыға көмектесіп, жұ­мыс істеуіне мүмкіндік беруі керек. Рушыл­дық пен жершілдік, ағайын арасындағы билік үшін күрес дамымаған, артта қалған елдерде болады. Саяси мәдениет қалып­таспаған елдегі көп мәселенің бірі – осы. Ұлты мен дініне, ұстанымына қарай кемсіту, менсінбеу – саналы қоғамға жат. Біз өмір сүретін қоғамның саяси сауаты бар, сон­дықтан әлеуметтік келеңсіздік болмайды деп сенемін. Бірақ оған ешкім кепіл бол­майды. Басты талап – әділетті сайлау. Соған сай жұмыс істеу керек.

 width=Самат НҰРТАЗА, саясаттанушы:

        «БҰЛ ҚАЙДАН КЕЛГЕН ӘКІМ?» ДЕГЕН СҰРАҚ ЕНДІ ҚОЙЫЛМАЙДЫ – Қоғам әкім сайлауына толықтай дайын емес. Бірақ ауыл әкімдерін сайлау – тест. Билік пен Үкіметтің жасап отырған тестілеуі. Егер де ауыл әкімдерінің сайлауы ой­дағыдай өтсе, онда аудан әкімдерін сайлауға қоғам дайын деген сөз. Мемлекет ауыл әкімдерін сайлау арқылы күрделі сая­си бастамаларға қоғамның дайындығын тексергісі келеді. Сондықтан, ауыл әкімдерін сайлау үлкен тәжірибе әрі сынақ болмақ. Бұл жолы ауыл тұрғындары Үкіметке «қай­дағы бір әкімді жіберді» деп ренжи алмайды. Себебі сайлаған өздері. Сондықтан бұл саяси бастаманы халық пен мемлекет ара­сындағы жауапкершілікті бөлісуі деп түсіндіруге болады. Мемлекет «өз ауылың­ның әкімін өзің сайлап ал» дегенді ашық айтып отыр. Ауыл әкімін сайлау – жергілікті бас­қару институтын нығайтуға ықпал ететін тың жүйе. Қазір мәлімет бойынша 730 ауыл­дың кем дегенде 600-і дұрыс сайлау өткіз­се, онда демократиялы түрде аудан әкімдерін сайлауға көшеміз. Бәлкім, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының әкімдерін халық сай­лай­тын күн де алыс емес шығар. Ағыл­шын­ша айтқанда, step by step арқылы жүзе­ге аса­тын жүйе. Сайлау нәтижесін еш­кім бол­жай алмайды. Еліміздегі демокра­тия дең­гейін де осы науқан анық көрсететін болады.

Бауыржан СЕРІКБАЕВ, саясаттанушы: width= САЯСИ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАС­ТЫРАТЫН НАУҚАН

– Осы күнге дейін ауыл әкімдерін аудан мәслихаты бекітіп, тағайындап келді. Бұл да белгілі бір деңгейде өз жемісін берді. Атап айтсақ, жаңадан мемлекет құрылып жат­қан­да ел мен оның экономикасына айтар­лық­тай оң ықпал етті. Бүгінде елімізде ха­лықтың белсенділігінің артуына бай­ла­ныс­ты ауыл әкімдерін сайлауға деген сұраныс бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Қазір ауыл халқы да әкімдердің жұмысына көңілі толмаса орталықты кінәлауға бейім. Себебі халық жергілікті басшыны тағайындау про­цесіне қатыспайды. Елімізде өткелі отыр­ған ауыл әкімдерін сайлаудың мақсаты – жергілікті жерді басқарудың заманауи принциптерін дамытатын саяси жүйеге қадам басу. Бұл жүйе жалғасын тапса, мем­л­е­кеттің дамуына да оң ықпал етері анық. Орта Азия елдері ішінде ауыл әкімі сай­лауын халық қолына берген алғашқы елміз. Мұндай саяси батыл қадамды жүзеге асыр­ғанымыз – дұрыс бастама әрі жауапкершілігі мол іс. Эволюциялық өзгеріске бір табан жа­қындататын бастама – ауыл әкімдерін сайлау. Халық сайлауға барып, процеске ті­келей араласуы керек. Сол арқылы саяси мәдениет қалыптасады. Ауыл әкімдерін сайлау ережесіне сәйкес, партия атынан немесе өзін-өзі ұсынғандардың да бағы мен бабы қатар шабуы мүмкін. Төрт жылдан кейін «Әкім не істеді?» деген заңды сұрақ туа­ды. Сол кезде жұртшылық көрші ауыл­дардың әкімімен салыстырады. Басқа ауылдың іскер әкімі ауылды көркейтіп, ал екінші бір сайланған әкім ауылға ешқандай рең бере алмаса бұл қоғамға ой салады. Әкімдерді нақты практикалық жұмысына қарап салыстыру, талап ету мәдениеті келеді. Бұл реформаның тағы бір ұтымды тұсы – саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Еуропа елдерінде, АҚШ немесе Түркияда жергілікті жердің басқару өкілдерін сайлау процесі жақсы жолға қойылған. Халық та белсенді атсалысады. Олар үшін ауыл, қала әкімін сайлау науқаны алдағы келе жатқан Президент немесе Парламент сайлауына дайындық іспеттес. Партиялар да белсенді жұмыс істейді. Бір партияның үміткері өткен жолғы сайлаудан да аз ұпай жинап, көрсеткіші бәсеңдесе, жеңілу себебін анықтап, анализ жасалады. Тиісті шешімдер қабылданады. Біздің ел де сол сауатты, өркениетті жүйеге ақырындап аяқ басып келеді. Егер бұл реформа көптің көңілінен шықса, Мемлекет басшысы айтқандай, 2024 жылы аудан әкімдерін де сайлауға келеміз. Президент бастаған оң реформаны терең түсініп, халқымыз іскер, ауылға жаны ашитын, қолынан іс келетін азаматтарды сай­лайды деп сенеміз. Себебі ауылдың дамуы ауыл халқының дұрыс та сауатты таң­дау жасай білуіне, сайлауға белсенді қа­тысуына тікелей байланысты болмақ.  width=Абзал ҚҰСПАН, құқық қорғаушы:

ХАЛЫҚ ТАЛАБЫ МЕН ӘКІМ ЖАУАПКЕР­ШІЛІГІ АРТАДЫ

– Өзімнің түсінігімде, халық жаппай сайлауға әлі дайын емес. Ең демократиялық жол – сайлау. Елімізде сайлаудың өтуі өте дұрыс. Оның ішінде ауыл әкімін сайлау. Елімізде сайлаудың өтуі өте дұрыс. Оның ішінде ауыл әкімін сайлау эксперимент ретінде жүргізіліп жатқан тәжірибе. Оған дейін саусақпен санарлық қана ауыл әкімдері сайланып көрді. Бұл науқаннан күтілетін нәтиже – ауыл өмірінің саяси науқанға дейін және кейін болып салыстырғандағы өзгерген келбеті. Халық өзі сайлағаннан кейін талап етіп, әкімге жауапкершілік арта алады. Халыққа жақын болып, елдің мұң-мұқтажын реттей алды ма деген тақырыпта зерттеу керек. Осы жолы билік мұқият, жан-жақты қадамға барып отыр. Бұл мені қуантты. Өйткені бұл саяси бастама – әділдікті талап ететін ашық мәселе. Біз демократия деген сөзді жиі қолданамыз. Менің ойымша, 100 пайыз «демократия» болмайды. Ұлттық мәселені біржақты етіп алмай, демократияның принциптеріне толық көшіп кету қисынсыз. Өйткені ұлттық мәселе төңірегінде тарқатылмаған түйінді мәселе көп. Осыған мән берген жөн.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА 

Серіктес жаңалықтары