50927
Шымкент – шахмат шаһары
Шымкент – шахмат шаһары
Шымкентте халықаралық шахмат күніне орай ескерткіш ашылды. Орталық саябақта орнатылған шахмат фигурасының биіктігі – 3 м, салмағы – 4 тонна. Сәулетті мүсінді «Шымкент – Қазақстанның шахмат астанасы» атануына орай Black Rock Business ЖШС өкілі Бауыржан Мырзатаев Шымкент қаласына сый ретінде тарту етті.
Сондай-ақ бүгін Шымкентте шахматтан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты басталды. Сайыстың ашылу салтанатына Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, Black Rock Business ЖШС директорының орынбасары Бауыржан Мырзатаев, Қазақстан Шахмат федерациясы директорының орынбасары Әнуар Исмағамбетов және Visit Shymkent орталығының басшысы Айдарәлі Раманов қатысты.
Бұл спорттық сайыс халықаралық шахмат аренасында Қазақстанның оң имиджін қалыптасыра отырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыруды мақсат етеді. Қазақстанда тұңғыш рет Шымкент мектептерінде шахмат ойыны енгізілгені белгілі. Шахмат – әлемдегі кең таралған ойындардың бірі. Шахмат адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, қиын сұрақтарды шешіп, күрделі идеяларды ойлап табуға септігі мол. Шахмат ойынынан Шымкент қаласында да жеңісті дәстүр бар. Көптеген халықаралық додаларда Әнұранымызды шырқата білген алғашқы гроссмейстерлер Ринат Жұмабаев, Гүлісхан Нақбаева мен Жансая Әбдімәлік және Гүлмира Дәулетова – Шымкент қаласының тумалары.
Шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының Шымкентте ұйымдастырылуына Visit Shymkent орталығы бастамашы болып отыр. Айта кетейік, маусым айында Қазақстан Шахмат федерациясы қоғамдық бірлестігі мен Visit Shymkent орталығы ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент