50889
Италияның әлемге белгісіз ақыны
Италияның әлемге белгісіз ақыны
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары еліміздегі бәйге атаулының әділетті өтпегенін талай рет көріп, сыйлықтардан көңіліміз суып, етіміздің өліп кеткені ешкімге де құпия емес. Сондықтан амалын тауып, мемлекеттік деңгейдегі ірі марапаттарды әдебиеттегі жолбикелер еншілеп кетіп жатса таңғалмақ түгіл, оған түк мән бермейтін болып алдық. Өкінішке қарай, мұндай келеңсіздіктің әлемдік беделі асқақтап тұрған Нобель комитетінде де оқтын-оқтын болып тұратыны қалыпты құбылысқа айналды. Осыған орай Швед академиясы таңдаған лауреаттардың әдебиетші қауымның сын нысанына айналғанына қай заман. Біреулер беделі күшті академияны нағыз жазушыларды елемей, саяси себептерге орай оқырмандарға аса танымал емес авторларды таңдайды деп айыптайды. Екіншілері, сарапшылардың көбінесе ағылшынтілді әдебиеттің өкілдеріне бүйрегі бұрып тұратынын айтып, Нобель комитетінің академиктерін жазғырып жатады. Үшіншілері Нобельдің қалдырған өсиетіне қарамастан, әдебиет саласындағы сыйлықтың кей кездері сөз өнеріне еш қатысы жоқ адамдарға беріліп кететініне наразылық білдіріп жатыр. Бүгінде Швед академиясының шығарған шешімдеріне қарсы қалың оқырманның наразылығы толастаудың орнына, жыл өткен сайын өршіп, күшейіп барады. Дегенмен Нобель комитетінің оқырман пікірімен санаспауы – кенеттен пайда болған тосын жағдай емес, ғасыр басынан бері жалғасып келе жатқан қалыпты құбылыс.
1906 жылы әлем оқырмандары Швед академиясының әділетті шешім шығаратынына сеніп, ендігі Нобель сыйлығын әлем мойындаған ұлы суреткер Толстойға береді деп үмітін үкілеп отырды. Алайда Ресей ғылым академиясының оны өзіне әперуге әрекет жасап жатқанын біліп қалған Толстой 1906 жылдың 7 қарашасында жақын танысы, фин жазушысы әрі аудармашы Арвид Ярнефельдтке хат жазып, осы сыйлықтың өзіне берілмеуін сұрап, өтініш білдіреді. «Егер сыйлық маған беріліп қалса, одан бас тарту маған ыңғайсыздық туғызар еді», – деп жазады «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының авторы. Ярнефельдт хатты алған соң Толстойдың тілегін орындап, оны Нобель комитетіне жеткізеді. Осылайша 1906 жылы әдебиет саласындағы әлемге әйгілі марапат италия ақыны Джозуэ Кардуччиге берілді.
Джозуэ Кардуччидің есімі де, шығармалары да бүгінде жаһан поэзиясын зерттеп жүрген арнайы мамандарға болмаса, қалың оқырманға беймәлім. Шындығын айтсам, өз басым Кардуччи есімді ақынның өмір сүргенін естігеніммен, ғасыр басында Нобель сыйлығын алғанын білгеніммен, бірде-бір жыр жинағын кітап дүкендерінен кездестірген жоқпын. Беделді сыйлықтың лауреаты екеніне қарамастан, қазір оның аты-жөні де, туындылары да аса көп айтыла қоймайды. Шығармаларын талдаған ірі зерттеулер көзімізге түспегенімен, ақын өлеңдерін орыс тіліне италия поэзиясының білгірі Евгений Солоновичтің тәржімалағанынан хабарым бар. Сонымен бірге, Кардуччи жырлары поэзия антологияларында бірнеше мәрте жарық көрді. Әрине, мұндай жетім мәліметтер ақын шығармашылығын жан-жақты білгісі келген оқырманның ашқарақ көңілін қанағаттандыра алмайды. Дегенмен мен мұндай мәлімет тапшылығын, рухани мұрасы бай италия әдебиетінің емес, сол ұлы халықтың сөз өнеріне аса мән бермеген сыншыларымыздың кемшілігі деп есептеймін.
Италия поэзиясы жөнінде әңгіме айтылғанда біздің бәріміздің де қайта өрлеу дәуірінің ұлы шайырлары Данте мен Петраркадан басқа ешкімді де есімізге түсіре алмай қиналатынымыз жасырын емес. Жиырмасыншы ғасырда Италияның 16 азаматы түрлі саладан Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Солардың алтауы бұл атақты марапатты әдебиет саласынан еншіледі. Атап айтсақ, олар біз бүгін шығармашылығын тілге тиек еткелі отырған – Джоузэ Кардучии, 1926 жылы оны иеленген – жазушы Грация Деледда, 1934 жылы атақты марапатты алған драматург Луиджи Пиранделло, 1959 жылы Нобель сыйлығын алған ақын Сальваторе Квазимода, 1975 жылы Италияның тағы бір ақыны Эудженио Монтале, 1997 жылы драматург Дарио Фо әлемге әйгілі құрметтің қошеметіне бөленіп, өз ұлтының мәртебесін бір көтеріп тастады. Міне, осы деректің өзі Италия әдебиетінің осал емес екеніне көзімізді жеткізе түскендей. Сондықтан Ресей отаршылдығының қыспағында қалып, бір ғасырға жуық уақыт бойы жаһан мәдениетін тек сол халықтың әдебиет зерттеушілерінің еңбектерінен ғана оқып өскен біз шын мәнісінде әлі көп нәрседен бейхабармыз. Еуропа тілдерін жаңғақша шағатын, шет елде білім алып жатқан жастарымыз келешекте біздің көзімізді ашып, Италияның ұлы әдебиетін бізге қайта таныстырады деп үміттенемін.
Әділіне жүгінсек, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы италия әдебиетін Джозуэ Кардуччидің жырларынсыз көз алдыңа елестету әсте мүмкін емес. Замандастары италиялық шайырдың әдеби беделіне құрметпен қарап, адамгершілік өнегесінен үлгі алды. Кардуччи шығармашылығында азаматтық лирикаға да, елінің тарихы мен оның өкілдерінің тағдырына қатысты ойларға да, адам мен мәңгілік табиғат рухының үйлесіміне де орын болды.
Джозуэ Кардуччи 1835 жылғы 27 шілдеде Италияның табиғаты тамылжыған өлкесі Версилияда дүниеге келді. Бала күнінен әдебиет пен тарихқа деген қызығушылығы оянған ол Пизанск университетіне оқуға түсіп, филологиялық білім алып шығады. 1860 жылы Болон университетінде кафедра басқарып, өмірінің соңына дейін онда дәріс берді. Ақынның «Өлеңдер» деп аталатын тырнақалды туындысы 1857 жылы жарық көрді. Жастықтың буымен аңғалдық жасап қойып, қарызға белшесінен батқан Джозуэ шығармашылықпен айналысу арқылы мол ақша тауып, одан құтылуды мақсат етті. Жас ақынның көптеген жақсы өлеңдері 1860 жылы оқырман қолына тиген «Жастық жырлары» деп аталатын келесі жинағына енді. Бұл жинақта Данте мен Петраркаға еліктеп жазған махаббат лирикасы да, арнау өлеңдері де, елінің даңқты тұлғаларына арналған азаматтық лирикасы да болды. Италияның бірлігі үшін күреске үн қосқан ақын қаламынан «Сицилия мен төңкеріс» сияқты шығармалар туды, ұлт-азаттық қозғалысының екі тобына жатқанымен, тағдырдың жазуымен бір тудың астында соғысқан Виктор Эммануил мен Гарибальдиді мадақтады. 1867-1879 жылдары жаңа жинағы оқырман қолына тиді. Ақынның одан кейінгі жылдары да табысты болып «Жаңа ұйқастар», «Жабайы одалар», «Ұйқас пен ырғақ» сияқты бірнеше жыр жинақтарын халыққа ұсынды. Кез келген лирикалық ақын сияқты Кардучии да табиғат тақырыбына назар аударды. Жыр жинағына енген «Жабайы орманда» деп аталатын өлеңінде ақынның алғашқы лирикасына тән көңіл күйдің ағымы анық сезіледі. Онда жабайы табиғат пен бүлікшіл тұлғаның мінезі айқын көрініс тапқан.
Кардуччидің өзі де табиғатынан бостандық пен дербестікті бәрінен биік қойып, жоғары бағалаған, жеке және қоғамдық өмірдегі еркіндікті шектейтін кедергілермен күрескен бүлікшіл ақын болатын. Жыр сүлейі ештеңені жасырмай, бәрін жайып салатын. Міне, осы мінезіне тән сипаттардың бәрі де ақынның «Сайтанның әнұраны» деп аталатын туындысынан көруге болады.
Бұл шығармасында бас кейіпкер күрескер-бүлікші ретінде сипатталған. Көркем туындыдағы Сайтан ол – жұмақтан қуылушы емес, Иегованы жеңген жеңімпаз. Сайтанның бойында адамсүйгіштік қабілет пен ғылыми күмән басым. Ал ғылымға деген күдік болмаса, мәдениеттің прогресі болуы да неғайбіл. Ақын шығармасында Сайтан – техникалық прогрестің ғажайыбы мен символы болып табылатын паравоздың бейнесімен салыстырылады.
Ақынның бұл шығармасы замандастарының арасында түрлі пікір туғызып, жұрттың көбі Сайттанның жағымды бейнесіне үрке қарады. Кардуччи болса қызу пікірталасқа түсіп кетіп, өз ұстанымының дұрыс екенін дәлелдеуге тырысты. Ақын поэзиясында басқа да бүлікшілер – Прометей мен Мартин Лютердің образдары да кездеседі. Соңғысын ол қарама-қайшылықты тұлға ретінде суреттейді. Бір жағынан біз оның бойындағы өз идеалының дұрыстығы үшін мойымайтын күрескерлігіне тәнті болып, екінші жағынан әлемге қарсы шыққан тұлғаның әлсіздігі мен күдігін көреміз.
Кемеліне келген шағында Кардуччи поэзия мен табиғат бір-бірімен гармониялық үйлесімде өмір сүрген, адамзаттың көктемі болып саналатын Ежелгі Элладаның бейнесін жырлауға қызығушылық танытты. Ақынның «Эллин көктемі» деп аталатын үш өлеңі бар. Онда ол дүниені түлете алатын табиғаттың құдіреттілігін жырлайды. Өлеңнің образдық жүйесінде әсемдік пен ақындық символика әдемі үйлесімділік тапқан. «Өгіз» және «Сан Мартино» деген өлеңдерінде Кардуччи туған елінің тамылжыған табиғатына тамсана түсіп, қарапайым ауыл өмірі мен оның адамға сыйлайтын қуанышын жырлайды.
Натурафилософиялық және махаббат лирикасымен қатар ақынның толысқан шағында туған шығармашылығында азаматтық, саяси лирика да кездеседі. Мысалы, 1877 жылы ол «Терм Каракалла жанында» деген ода жазды. Бұл туындысында ақын ежелгі рим сәулетінің ұлы ескерткішіне қарап отырып, өткені мен бүгіні туралы терең ойға батады. Италияның кешегі тарихы мен бүгінгі ахуалын салыстырады. Ақын көзіне өткен заманның адамдары бүгінгі күннің өз бабаларының ұлылық қасиеттерін жоғалтып алған пенделерімен салыстырғанда алып болып елестейді. Өткен күндердің ерлігі туралы естеліктер Кардуччидің ақындық әлемінде бүгінгі күннің шындығымен салыстырылады. Барлық жан-тәнімен өркениетті елдердің арасынан өзіне лайық орнын алып, біртұтас Италияны аңсаған патриоттардың ерлігіне тамсанған ақын өзін қорланғандай сезінеді. Өйткені, италиялықтар өздерінің көптеген ұлы мақсаттарына ұрыс алаңында көрсеткен ерлігімен емес, түрлі саудаласу мен келісімпаздықтың арқасында қол жеткізді. «Италия, сен мемлекет бола алғаныңмен, жаның ұсақталып кетті» деп қайғырады ақын сол жылдары жазған жырларының бірінде.
Өмірінің соңына дейін Кардуччи өз Отанын ерекше сүйіп, еліне, жеріне деген адал махаббатынан айныған жоқ. Замандастары Кардуччидің поэзиясын өте жоғары бағалады. Бірақ ақын өлеңдерін қабылдай алмай, оған сын айтушылар да табылды. Тағдырдың тауқыметін де, түрлі қиындықтарды да көріп, табалаған дұшпандарына лайықты жауап та бере білді. Оның поэзиясы дәуірдің өзіндей сан қырлы әрі қарама-қайшылықты болды. Уақыт өте келе ол хрестоматиялық ақынға айналды, оның өлеңдерін оқушылар жаттап, поэзияның жұмбағын іздеген талай ғалымдар Кардуччи шығармашылығының қыры мен сырын зерттеді.
Джозуэ Кардуччи 1907 жылдың 16 ақпанында дүние салды. Ақынды соңғы сапарға шығарып салуға екі жүз мыңнан астам адам жиналды. Міне, осыдан-ақ Италия халқының өз ақынын қалай мақтаныш тұтып, ерекше құрметтегенін көруге болады.
1906 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР:
1. Хьюстон Стюарт Чемберлен (1855-1927) – ағылшын-неміс жазушысы, әлеуметтанушы, нәсілшілдіктің негізін салушылардың бірі. 2. Луи Франк (1868-1937) – бельгиялық жазушы, заңгер, саясаткер және мемлекет қайраткері 3. Уильям Бут (1829-1912) – ағылшын уағызшысы, Құтқару әскерінің негізін қалаған генерал. 4. Джордж Мередит (1828-1909) – Викториан дәуіріндегі танымал ағылшын жазушысы. 5. Джон Морли (1838-1923) – ағылшындардың әкімшілік қайраткері, тарихшы. 6. Льюис Моррис (1833-1907) – ағылшындардың танымал ақыны. Нобель сыйлығына алты рет ұсынылған. 7. Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) – ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның ең атақты шайыры болып мойындалған. 8. Герхарт Гауптман (1862-1946) – әлемге әйгілі неміс драматургі. 1912 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алды. 9. Георг Моррис Кохен Брандес (1842-1927) – даниялықтардың танымал әдебиет зерттеушісі, публицист, натурализмнің теоретигі. 10. Анджело де Губернатис (1840-1913) – италияның танымал ғалымы. 11. Антонио Фогаццаро (1842-1911) – италия жазушысы, ақын, саясаткер. 12. Толстой Лев Николаевич (1828-1910) – әлемге танылған орыс жазушысы. «Казактар», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» атты атақты романдардың авторы. Адамзатқа танылған талай қаламгерлердің шығармашылығына қатты әсерін тигізген. Жазушының шығармашылығы туралы мыңдаған мақала, жүздеген зерттеу жазылды. Шығармаларының желісімен көптеген фильм түсірілді. 13. Борден Паркер Боун (1847-1910) – америкалық философ, профессор. 14. Гастон Буасье (1823-1908) – француз тарихшысы, Ежелгі Рим мен көне дәуірдегі христиандардың тарихы туралы көптеген еңбектің авторы. 15. Альбер Сорель (1842-1906) – француз тарихшысы, Француз академиясының мүшесі. 16. Ярослав Врхлицкий (1853-1912) – чех ақыны, драматург, аудармашы. 17. Педро Пабло Фигероа (1857-1906) – чили жазушысы. 18. Йозеф Виктор Видман (1842-1911) – швейцариялық жазушы, журналист, әдебиет сыншысы. 19. Сельма Лагерлёф (1858-1940) – швед жазушысы, 1909 жылы Нобель сыйлығын иеленді.Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ