50222
Бердібек Өмірбаев: Аймақтардың түрленгенін көріп, еңбегіміздің ақталғанына қуанамыз
Бердібек Өмірбаев: Аймақтардың түрленгенін көріп, еңбегіміздің ақталғанына қуанамыз
Жол – ел экономикасының күретамыры. Бірақ бізде жол сапасына қатысты мәселе көп. «Еліміздегі жол саласының мамандары қайдан білім алады, шетелдің озық технологияларын қолданамыз ба?» деген сұрақ көпті мазалайтыны анық. Осы орайда Қордай асуының айналма жолы, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Атырау – Астрахан автожолын жөндеу сияқты ірі жобалардың басы-қасында жүрген жол саласының маманы Бердібек Өмірбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Қазір жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Жыл сайын түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. Сіздер де осындай бағдарламалардың игілігін көріп отырсыздар ма?
– Жалпы, мемлекет тарапынан жол саласын дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстарды оң бағалаймын. Жол сапасының жақсы болуы ел аймақтарының экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне зор үлес қосады. Біз жол салып кеткен елді мекендер көп ұзамай ажарланып шығады, жаңа жұмыс орындары ашыла бастайды деп жеке тәжірибеме сүйене отырып, сеніммен айта аламын. Біз, жолшылар, аймақтардың түрленгенін көріп, еңбегіміздің ақталғанына қуанамыз.
– Бізде жалпы осы жол салу, жол жөндеу мәселесі төңірегінде көптеген дау туындап жатады ғой, жолдардың материалы сапасыз ба, әлде жеткіліксіз бе? Жалпы, біздегі жол саласының мамандары көбінесе қайда білім алады?
– Бұл сұраққа екі мәселені қамтып жауап берейін. Бірінші жол саласының мамандарын даярлау туралы айтып өтейін. Одан кейін жол сапасына не әсер ететініне тоқталып өтемін.
Кеңес үкіметі кезінде елімізде автомобиль жолдарын салатын маман даярлайтын көпке танымал екі жоғары оқу орны болды. Біреуі – Өскемен құрылыс-жол институты, екіншісі – Алматы автомобиль жолдары институты. Ол егемендік алғаннан кейін Қазақ көлік және коммуникация академиясына қосылып кетті. Ал қазір елімізде жолшы маман дайындайтын оқу орындар көбейді.
Мен өзім Мәскеу қаласындағы Мәскеу автомобиль жолдары институтына (Московский автодорожный институт, кейінгі атауы – Ресей мемлекеттік техникалық университеті) 2006 жылы жол құрылысы инженері мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы тәмамдадым. Қазақстанда жаңа ғана енгізіліп жатқан цемент-бетон жамылғылармен жол салу әдістемесі қызықтырып, оқып жүрген кезде де республикалық маңызы бар жолдарда жұмыс істеп, тәжірибе жинадым және өзімнің дипломдық жұмысымды да цемент-бетон жамылғыларды салу әдістемесі тақырыбында қорғадым. 2011 жылы оқу бітірісімен «Дженгиз Иншаат» түрік елінің компаниясында Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бір бөлімшесі саналатын «Қордай асуын айналып өту» жолын цемент-бетон жамылғымен салу жобасынан бастадым. Одан кейін «Нұр-Сұлтан – Теміртау» автожолының бір бөлігін салу жұмыстарына «ИвРус» ЖШС-мен атсалыстым. Қазір «Атырау – Астрахан» жолының Ресеймен шекаралас бөлімінде қазақ-түрік компаниясында жоба басшысымын.Ал «Жолдың сапасына не нәрсе әсер етеді?» деген сұрақ көпті толғандырады. Еліміздегі жолдардың көбі Кеңес үкіметі кезінде салынған, астыңғы қабаттарын төсеу кезінде жолдың жиегіндегі қара топырақтарды пайдаланғанын байқайсыз. Уақыт өте ол әдіс кері әсерін береді. Қайта жөндеу жұмыстарын бастар алдында сол кемшілікті түзеуден бастаймыз. Оған қоса жылдан-жылға еліміздегі экология талаптары күшеюіне байланысты жолға пайдаланатын топыраққа да бақылау қатаңдатылған. Көктемде топырақтан көтерілген жерлер босамау үшін оған соңғы уақыттағы талаптарға сәйкес әртүрлі қоспалар пайдаланамыз.
Қазір жол сапасы әлдеқайда жақсарды. Мысалға, біздің компанияның мамандары 2000 жылдардың басында, жолдар қалпына келтіріле бастаған кезде жол жамылғысының қалыңдығы 37-45 см болғанын айтады. Ал қазір елдегі және шет елдерден қатынайтын ауыр автокөліктер, үлкен халықаралық автобустардың көбеюіне байланысты жолдың конструкциясына қойылатын талап та жоғары. Пайдаланатын қиыршық тастарға, асфальт жамылғысына да талап күшейтіліп, оның сапасын тексеруге де қосымша мекемелердің мамандары атсалысады. Мәселен, біздің компаниямызда да жол салудың әр сатысындағы материалдар мен жұмыс сапасын қадағалауға шетелдің (Түркия, Италия, Беларусь, Ұлыбритания) мамандарымен қатар өзіміздің жол мамандары жұмыс істейді. Ұлттық компания «ҚазАвтоЖол» мамандарымен бірге мемлекеттік «Жол активтерінің сапасын қадағалау орталығы» мен Оңтүстік Корея, Швейцария, Италия мамандары да атсалысады. Осының бәрі – біздің жолдардың сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар.
– Шетелмен бірлесе жұмыс істеу туралы айтып өттіңіз. Жалпы, қазір әлемде жол салу технологиясында қандай жаңашылдықтар бар? Оны біз қолданып жатырмыз ба?
– Әрине. Жоғарыда айтқанымдай, Кеңес Одағының құрамында болған көптеген мемлекеттің ішінде біздің ел бірінші болып цемент-бетон жамылғысының жаңа әдістемесін енгізді және мен оқыған институттағы ұстаздарыммен де байланысым үзілмеді. Олар маған хабарласып тұрады. Беларусь мемлекеті бұл әдісті бізден соң енгізді. Қазір топырақтың сапалық қасиетін арттыратын қоспалар пайдаланатын болдық, ресайклинг машиналарын пайдаланып, жүк көліктеріне төзімділігі төмен жолдарды тез жөндеу әдістемелері де жиі пайдаланылып жатыр.
– Мекемелеріңізде жалпы қанша адам жұмыс істейді?
– Қазір «Сине Мидас Строй» ЖШС еліміздің бірнеше облысында жаңа жол салуға, жолдарды қайта жаңартуға өз үлесін қосып жатыр. Жалпы, қарқынды жұмыс кезінде 9 500-10 000 адам жұмылдырылады. Жолшылармен (асфальт-бетон зауытының, автогрейдер, каток, погрузчик, бульдозер оперторлары, геодезист, жол лаборатория мамандары, ауыр-жеңіл автокөлік жүргізушілері) қатар бухгалтерия, заң, адам санын, жол қауіпсіздігін және техника қауіпсіздігін, экология мен санитарлық талаптарды қадағалайтын мамандар, аспаздар мен жұмысшылардың арнайы формасына жауапты тазалықшы мамандар жұмыс істейді. Жалпы адам санының 10-15 пайызы – әйелдер және жұмысшылардың 75-80 пайызы жергілікті жердің адамдары. Сонымен қатар бульдозер, жеңіл көлік жүргізетін жұмысшылар, лабораторияда жұмыс істейтін мамандар қажет болғанда, жергілікті әкімдікпен бірігіп, жол салынып жатқан жердегі мамандарды тартамыз. Одан бөлек, ауызсу, тамақ әзірлеуге қажетті азық-түлік, жанар-жағармайды келісімшарт негізінде жергілікті кәсіпкерлерден аламыз.
– Бұл кәсіпті әкеңіздің ізімен жалғастырып келе жатыр екенсіз. Жалпы, мамандыққа қызығушылық қайдан пайда болды?
– Иә, мен туып-өскен ауылда жол жөндейтін мекеме үйдің маңында болды, әкем – тәжірибелі жолшы, оған қоса бізбен көрші тұрған ағайындардың көбісі жолшылар еді. Кейін 9-10-сыныпта оқып жүрген кезде жазғы демалыста жол жұмысына белсене араласып жүрдім. Мүмкін соның бәрі жолшы мамандығын таңдауға ықпал еткен шығар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Ділда УӘЛИБЕК