Асыл құбыламыз Шығыс болуы керек

Асыл құбыламыз Шығыс болуы керек

Асыл құбыламыз Шығыс болуы керек
ашық дереккөзі
51577
Қазақта: «Екі кемені ұстаған адам суға кетеді» деген мақал бар. Соған сәйкес әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңі соңына қарай Абай: Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім. ...Екі кеме құйрығын – Ұста, жетсе бұйрығың! – дейді. Бұл арада ойшыл «Бөтенге еліктеуден қаш, өз жолыңды тап, жазмыш бұйрығы сол!» деген ой тастаған. Өйткені екі кемені ұстау соңы – трагедия. Қазақ деген – діні, жері, тари­хы, дәстүрі һәм менталитеті шығыстық халық. Азия топырағынанбыз. Бірақ өзіңіз де білесіз, киген киім, жүрген жүріс, алған білім, ойлау жүйесі, істеген іс – бәрі-бәрі Батыстікі. Көңілді күпті қылатын тап осы екіұдайылық. Өз білуімше, екі кемені ұстағандық – бірін­ші кезекте, қамсыздық һәм көзсіз елік­теу­шілік салдары. Екіншіден, «стратегиялық құбыламыз Батыс па әлде Шығыс па?» деген мәселені анықтап алсақ құба-құп. Төменде Абай ілімдеріне сүйене отырып, өзара тығыз байланысты екі мәселе төңірегінде ой-пікір­лерімізді ортаға салғанды жөн көрдік.

Еліктеушілік – орға жығатын оғаттық

Еліктеушілік (өзгенікіне әуестік) – қо­ғамдық тұрғыдан алғанда өзіне деген сенімі жо­ғалған ұлтқа тән мінездің бірі. Мұндай ұлт­тың өкілі өзінің тілін, мәдениетін төмен санамақ. Ой-санасына менсінбейтін «вирус» ұялап алмақ. Бұл озық, өркениетті елдерге аян нәрсе, сондықтан соқыр еліктеуден ат-то­нын ала қашады. Олар өнер, кәсіп, тәрбие беру, мейлі, ғылым дейік, міндетті түрде дара соқ­пағын салып, тек өз жолымен жүруге бейіл­ді. Әрнеге еліктеу һәм қызықпақтық – адам­ның табиғатында бар нәрсе. Бұл туралы Абай былай дейді: «Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. ...Сонда есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баян­сыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар бо­лып, өмірі­нің қызықты, қымбатты шағын ит­қорлықпен өткізіп алады екен-дағы, кү­нін­де өкінгені пайда болмайды екен» (15-сөз). Көріп отырмыз, Абай жеке адамдарды, яғни есті кісі мен есер кісіні салыстырған. Бі­рақ бұл сөзі бүкіл қоғамға да қатысты. Өзі­нің қайраты мен ақылына сенген, өсетін есті ұлт дамуының дұрыс бағытына түседі. Әр­неге құмар, еліктегіш, сол себепті өспейтін ұлт алтын уақытын баянсыз, бағасыз нәрсеге жұмсап, ақыр соңында зор өкініште қалары айтпасақ та түсінікті. Тереңдей түсейік. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде адамдықтың та­мыры – «үш сүю» ілімі екенін ұқтыра келе, ке­мең­гер: Осыларды бұзатын және үш іс бар: Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы, – деп ескерткен. Бұл жерде «әуесқой» дегені – сөз болып отырған еліктеушілік һәм әрнеге қы­зықпақтық. Ол – жасандылыққа ұрын­дыра­тын пәленің бірі. Кәне, осы айтылған үш дұшпаннан (пай­да, мақтан, әуесқой) шошыдық па? Бұлай деп мақ­тана алмаймыз. Шыны керек, ел Тәуел­сіз­дігінің отыз жылында ұлттың ғылымы, оны­мен бірге, тілі дами алмады. Еліміздің бі­лім саласын жаулаған реформалар секілді еліктеудің түр-түрінен көз ашпадық. Израиль мем­лекеті құм басқан шөл далада ауыл шаруа­шылығын гүлдендіріп отыр. Міне, ғылымның құдіреті. Біз болсақ, «Ой-хой, жаңа технология, әлемдік пәленше ре­во­люция» десіп, аспандағы айға қол создық. Есесіне қазақ даласын меңгеруге ауадай қа­жетті ғылым салалары (топырақты зерттеу – агрономия, су қорын жасау, суландыру жүйе­сі – гид­ро­мелиорация, жергілікті тұқым шығару – се­лекция және т.б.) әдірем қалды. Түгел то­қырады. Биылғы қуаңшылық, турасын айт­қан­да, келе жатқан жұт Жаратқан иеміздің ата кәсіпті ардақта, өңір-өңірге қажетті ғы­лым­ға көңіл бөл, тек өз күшіңе сен деген ес­кертуі есепті. Қабылдасақ, сабақ алсақ, кәне. Сонымен, әсіре еліктеушілік, яғни фәни дүние жарқылына алдану, ақылдың көзін байлау жақсылыққа апармайды. Бұл мінезден арылу амалы – «әсемпаз болмай әрнеге» ұлттың өзіндік жолын тауып, төл кәсібін, өнерін дамытуда болса керек. Үш сүю (ар мен имандылық) тұнығын бұзатын үш оғаттың бірі – әуесқойлық (еліктеушілік) деген Абай ес­кертпесін қаперге алатын уақыт жетті.

Адастырмас құбыланы Шығыстан іздейік

Ұлт болмысы сақталуы үшін қайтпек ке­рек? Стратегиялық құбыламыз Батыс па, әлде Шығыс па? Енді осы мәселеге көшейік. Ұлт дамуының дұрыс бағытын іздестіру – дүние­та­нымдық мәселе. Дамудың құбыласын білу­дің жөні ерекше, дүниеде тиетін пайдасы зор. Абай: «Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім», – деп осыны айтқан. Жә деп, Батыс пен Шығысқа үңілейік. Олар­дың айырмасы неде? Өркениеттің қос жа­ғалауы несімен бөлек? Абайды қатты қы­зықтырған бұл мәселе әлі күнге ескірген жоқ, керісінше, өзектілігі арта түсуде. Қазақ зиялы қауымы әлі күнге Батыс әле­міне бас иіп, оған табынып келеді. Өйткені Батыс демократияның үлгісі және адамның заң­мен қорғалу деңгейі керемет. Осы заман­ғы өркениеттің локомотиві екені сөзсіз. Әділі ке­рек, жастық шағында Абай да «Күн шығы­сым күн батыс, күн батысым күн шығыс бо­­лып кетті» деп Батысқа таңырқап, оның ғы­­­­лымынан үйренген, өнеріне еліктеген еді. Бұл – 1879-1883 жылдар оқиғасы (осы бес жыл­да Абай Семей шаһарына жиі қатынаған, 12 үлкен іспен тергелуіне орай шаһарда айлап жатуға тура келген). 1885 жылы Семейге келген америкалық сая­хатшы Джордж Кеннан Абай Семей кітап­ханасындағы ғылыми-танымдық әдебиетті құныға оқыды, түгесті дегенді естіп, таң-та­ма­ша қалған. Абайдың меңгергені – Арис­то­те­ль, Сократтан бастап, бертінгі Бокль, Милль, Дрэпер сынды ғалымдар жазған кілең философия, социология ілімдері. «Сибирь и ссылка» атты кітабында Кеннан дедукция мен индукция мәселесін көтерген Абайды сүйсіне жазады. Абай жазған алғашқы екі поэма («Әзім әң­­гімесі» және «Масғұт») Пушкинге елікте­ген­дік, ал тырнақалды екі мысал өлеңі («Ла­шын мен шымшық», «Есек») – Крыловтан алын­ған үлгі. Көркем әдебиеттен бөлек, Ми­хаэлис, Гросс, Блэк, Долгополов, Лоба­новский, Коншин секілді Семейге жер ау­дары­лып, жазасын өтеуге келген орыс дос­тары да ой-өрісін кеңейтті. Дей тұрсақ та, жігіт ағасы Абай Батысқа мойынсұнған, оған еліктеген кезең ұзаққа бар­мады. Рухани жетілу, толысуының келесі са­тысына шыққан соң, ойшыл ақын Батыс­тың ғылымы жаратылыстану (өз сөзінше «дүниені танымақтық») шеңберінде қалып қал­ғанына, сол себепті Еуропаның дамуы сыңар­жақ екеніне көз жеткізеді. Бұл өрке­ниет алды тығырық екенін көре біледі. Одан ру­хани қазына таба алмай, Шығысқа қай­тадан үңіледі. Көңілі шарқ ұрып іздеген ой-өрісін, толық ғылымды сонан табатын бо­лады. Сөйтіп, 1894-1895 жылдары Абайдың «Күн батысы күн шығыс, күн шығысы күн ба­тыс болып», Шығыс қайнарымен қайыра қауыш­қаны анық. Тәңірді тануға құл­шы­нысы және «Толық адам» ілімін қолға алуы – соның айқын дәлелі. Естеліктерден мәлім, медреседе бірге оқыған, көбісі есейгенде Се­мейдің мешіт-медресесінде ишан, имам, мол­да болып қызмет еткен, Кәмәли бастат­қан татар достарымен Абай ешқашанда қарым-қатынасын үзген емес. Шыны сол, ол күнде медресе сөрелерінде сан алуан әде­биеттер иін тіресіп тұрды. Құран және шари­ғат кітаптары өз алдына, сонымен қатар Қазан баспасынан жарық көрген реформатор тұлға Шаһабуддин Маржанидің «Уафит әл-әссәләф» («Өткен бабалар өмірінен») деген жеті томдық кітабы сияқты әдебиеттермен дәйім толығып отырды. Абай кітапханасы, ақын нәр алған, Шығыс қайнары дегенде осы жағдайды ұмытпай ескеру керек. Сонымен, Батыс ғылыми-техникалық прогреске қалай жол салса, солай сананы нәпсі (өзімшілдік, тұтынушылық) билеуіне ай­қара жол ашты. Рухани қазына жұтады. Сол себепті Абай ол жағалаудан көңілін суыт­­ты. Айтпағым, ұғынықты болу үшін «Батыс пен Шығыстың айырмасы неде? Екі жақтың танымдық тәсілдері несімен бөлек?» деген мә­селеге көшейік. Шығыстың танымдық тәсілі – ж­о­ғары­дан төменге қарай. Адамның Алланы тануы, онан соң өзін тануы, онан соң дүниені тануы деген реттілік бар. Адамның аты адам болуы, яғни өмірде адаспауы ғылым-білімді осылай саты-сатылап үйренуіне тәуелді екенін Абай 38-сөзінің кіріспесінде қадап айтқан. Бұл тәсіл ғылымда «дедукция» делінеді. Адамзат дамуының дұрыс бағытта және орнықты болуының кепілі – осы дедукциялық таным. Батыс әлемі ше десеңіз, Еуропада бес ға­сыр бұрын «Қайта өрлеу» атты зор бетбұрыс болған-ды. Ол бойынша батыс ғалымдары «индукция» дейтін (төменнен жоғары қарай, яки объективті дүниені зерттеушілік) та­ным­дық тәсіл сорабына ауысты. Оның жақсы жағы – фәни дүние сырына қанықты. Бүгінгі таңғажайып материалдық гүлдену – соның ар­қасы. Алайда Құдайды ұмытты. Абай қой­ған: «Ғылым, өнер ғадаләттан шықпасын, шар­ғыға (Құдай заңына) муафих (сәйкес) болсын» деген талап жайына қалды. Жарат­қан ие мен адамдар арасындағы нәзік байла­ныс, яғни әлемдік гармония заңдылығы бү­лін­д­і. Адамның мәні – жан, рух екені ес­керіл­меді. Еуропа материалистік деңгейге құл­дыра­ды. Қазақы түрде айтсақ, жетелеуші жоқ – «же­те­сіз» қалды. Қорыта келгенде, Батыс дүниенің кө­рін­ген сырына, Шығыс дүниенің көрінбеген сы­рына жүйрік. Осыменен ерекшеленеді. Батыс әлемінде сананы нәпсінің билеуі, Шы­ғыста тұрмысқа сананың қожа болуы содан. Яғни сана деңгейі әртүрлі. Батыста – ақыл дең­гейінде заң арқылы қалыптасқан сана, Шы­ғыста – ақылға жүрек сенімі қосылған са­на басым. Принциптік өзгешелік осы арада. Қазір кісілік бірте-бірте алыстап барады. Оның жалғыз себебі – жан тәннен жеңілді. Тепе-теңдік жойылды. Шәкәрімге жүгінейік: Жан – қожа, тән дегенің – жанның құлы, Нәпсі неге білмеген бұрын мұны? Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма? Жоғарғы кереметті неше қилы? Бүгінгі күннің шындығы, – дегендей жар­қыра­ған материалдық прогреске бола, жанды тәннің құлы еттік. Дінсіздік (жан жоқ деушілік) жай­лап алды. Құдайшылық (жүректегі иман) кетіп, үстіңгі қабаты – адамшылық (мораль, эти­ка деп ұғыңыз) қана қалды. «Адам не­мене?» өлеңінде тағы Шәкәрім: Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр, Бірін бірі шұқылап қылды жауыр. Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ, Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр. Еуропа білімді жұрт осы күнде, Шыққан жоқ айуандықтан ол да мүлде, – дейді. Бір ғасыр өтті, ахуал өзгерді ме? Өзгерген жоқ, осы заманғы өркениет онан әрмен тығырыққа әкеп тіреді. Заман ақыр белгісі көп. Құдайшылықтан ада, тек адамның заңымен өмір сүруге мүдделі өркениеттің жеткен жері осы. Заттықтан жоғарылап рухани деңгейге көтерілген ойлы кісі үшін барша адамзат – туған бауыр. Айуандық (жарым ес, жарым сана деп оқыңыз) сырын шалғай Шыңғыстау бөктерінен-ақ көріп-білген, зерттеген хакім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй!» деп әлемге жар салды. Жан мен тәннің «балансын» сақтауға шақырды. Сол себепті Абай ілімі – адамзат көшінің дұрыс бағытта және ғаламмен үйлесімді дамуының кепілі. Осы айтылғандар жаңалық емес. Батыс­шыл азаматтар ойға тоқысын деп қай­тала­дық. Батыс әлеміне дәл қазақтай ерген, елік­теген ұлт, әй, некен-саяқ. Онан не таптық? Ре­сейдің, кең мағынасында Батыстың отар­шылдық жүйесі дәстүрлі қоғамды күйретті. Әлем­дік екі соғыс өртіне шарпылдық. Ең жа­маны, қолдан жасалған ашаршылық қа­зақ­тың жарымын жалмады. Енді есті жисақ, шын ерікті ел болсақ. Ай асты әлем үшін Абай – Шығыс ғұламасы, қай­ма­на қазақ та асыл құбыла – Шығыс деп біл­сін. Сонда ғана ұлт болмысы сақталмақ, көңіл төрінде Жаратқан иеге сенім, кәміл иман терең орнықпақ. Ниеті түзелген ұлт рухы көтеріліп, өмірін мағыналы, өзін ба­қытты сезінбекші. Күтулі дүние. Осындай үміт­пен мақаланы сабақтаймын.

Асан ОМАРОВ, Семей қаласы

Серіктес жаңалықтары