50665
Тарихты түгендеген талант
Тарихты түгендеген талант
Қазақ руханиятында оқырманын таңғалдырған таланттар аз емес. Соның бірі һәм бірегейі – қаламгер, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәнік. Біртума дарынның шығармашылығы көпқырлылығымен күні бүгінге дейін қалың көпшілікті тамсантып келеді.
Зейнолла Сәнік – саналы ғұмырын баспа саласына арнап, қазақтың келешегі үшін күрескен тұлғалы азамат, көнені танып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарабоз қаламгер. Оның қаламынан туған «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Демежан батыр», «Тұғырыл хан», «Қайрақбай», «Баспай», «Сергелдең» атты романдары мен тарихи эсселері, этнографиялық жазбалары бүгінде қалың оқырман мен ғалымдар тарапынан тиісті бағасын алып жатыр.
Ақиқатты айтуды мұрат қылған Зейнолла Сәніктің қай еңбегін алсаңыз да, шешендігіне шындықтың тұздық болғанын аңғарасыз. Жазушының өз сөзімен айтсақ: «Өткеннің табы қайтқан таптаурындарды күліне емес, үрлеп қалсаң-ақ, жанғалы тұрған шоғына мұрагерлік етуіміз керек». Зейнолла Сәніктің өзі де үнемі «жанғалы тұрған» шоқты үрлегенін, оның алауға айналуын мұрат тұтқан жан екенін аңғарасыз.
Заманның көнесі мен жаңасын, зар заман, тар заман, нар заманның бәрін бастан кешіп, солардың азабы мен рахатын, ащысы мен тұщысының дәмін татып, ұрпағына өшпес із қалдырған Зейнолла Сәніктің шығармаларын бүгінгі ұрпақ білуі міндетті екені анық. Ата жұртын аңсап, әр шығармасында туған жерге деген махаббатын бедерлеп, қазақ өнеріне ерекше құрметін білдірген жазушының әр еңбегі қазіргі уақытта зерттелуге әбден лайық.
Ойшыл зияткер Зейнолла Сәнік ұлт болып сақталып тұрудың төрт тағаны бар деген: «әуелгісі – сол халықтың үні, ән-күйі; екінші – тілі; үшінші – тарихы, салт-дәстүрі және соңғысы – атамекені мен тарихи қонысы. Осы төртеуінен айырылған ұлт ел болудан қалады. Осы төрт тағанның бір де бірі кем болса, яки кінәратқа ұшыраса, ол кемтар жанның күйін кешеді...» деп жазған еді.
Байқап отырсақ, жазушының әр шығармасы осы төрт тағанға негізделіп жазылғанын байқауға болады. Қазақ әдебиетінің толымды мұрасына баланған жазушының «Қабанбай батыр» тарихи-эссесін алайық. Жеті жасында нар бала атанып, 16 жасында жауға аттанып, 79 жасына дейін жекпе-жекке түсіп, көз жұмғанша ерлік жалыны, қолының қарымы қайтпаған жойқын батырдың ерлік өмірі, ол туралы айтылған жыр-дастан, аңыз-әңгімелер, оның соғыс өнері, шеберлігі, шешендік даналығы әлі де жиналып реттелуге, зерттелуге тиіс соқталы тақырып, ұрпақ алдында тұрған аса зор, абыройлы тарихи міндет! Аталған эссесінде қаламгер қазақтың хан батыры атанған хас сардар туралы тебірене жазған.
Зейнолла Сәніктің әкесі Мүбәрак көнеше сауаты толық, аңыз-әңгімеге, ата жөніне жүйрік адам болыпты. Домбырада күй тартуды да білген, күйлердің хикаясын айтып отырған. Әсіресе «Қара жорға», «Жорға аю» сияқты күйлерді күмбірлете тартқан. Сол себепті арғы аталары Мәмбет, Қожақұл, Қабанбайға қатысты жыр-аңыздар жазушының құлағына бала кезден құйылған. Кейінгі Қабанбай бабасы жөніндегі зерттеулері терең жазылған туындыға айналған.
Қабанбай батыр туралы еңбекті жазу үшін Зейнолла Сәнік батырдың ұрпақтары көп қоныстанған Аягөз, Үржар, Мақаншы, Жарбұлақ, Үшарал, Талдықорғанның Қабанбай ауылы атанған елді мекені мен сонау Тарбағатай, Ақсуат өңірлерін талай рет аралапты. Батыр бабаның ізі қалған тарихи өңірлерге барып, шежіреші-қариялармен, тарихшы-ғалымдармен, ақын-жыршылармен талай рет сұхбаттасқан. Солардың небір ағынан ақтарылған ақ тілектерін естіп қуанып, солардан шабыт алып жүрген.
Дегенмен бәрінен бір адамның әңгімесі жазушыға қатты әсер еткен тәрізді. Қабанбай батырдың жетінші ұрпағы Дыңғазы батырдың Фарида деген қызы Алматыда жоғары оқу орнын бітіріп, заңгерлік жұмыспен айналысады. Сұрастыра жүріп, 2000 жылы қарашада Алматы қаласында жүрген Зейнолла Сәнікті іздеп тауып, танысады. Ол өзінің Қабанбай батыр туралы кітаптарға айрықша қызығып, ерекше құштарлықпен оқып жүргенін айтады. Әкесінің ұлы атасы Қанағат болыстың сонау Үрімжі түрмесінде қалып, сонан «он мың адамдық» орға тірідей тасталған аянышты тағдырын да үлкендерден естіп, сол туралы бірнеше өлең шумағын жазып келгенін айтып, сол өлеңдерін қолына ұстатқан.
Тебіреніп тұрып былай депті: «Аға, мен білгенде, біздің әулеттен қазақтан шыққан ұлы тұлғалар туралы, сол қатарда Қабанбай әулеттері туралы қалам тербеп, көлемді еңбектер жариялап жүрген сіз ғана. Анау Алакөл өңірінде жатқан қалың еліңіз де солай деп қарайды. Мен ақын емеспін, бірақ қазақ біткеннің бәрі өз арман-тілегін бірнеше шумақ өлеңмен бейнелеуге құмар ғой. Қанағат атамыз, оның әкелері Сүлеймен би, Әділбек батыр, Жақас бай, тіпті Қабанбай атамызға дейін білетін адамдар көп еді, енді барған сайын сиреп, санаулы ғана қариялар қалды. Әйтеуір Сіз шығарған «Қаракерей Қабанбай» атты кітапты ғана медеу тұтып, жүректеріне басқаннан басқа қолдан келері жоқ екенін айтады. Менің тілегім – сол еліңіздің тілегі, ұрпақ тілегі, бойыңызда қайратыңыз барда, сол бір асылдар тобы туралы ұрпаққа үлгі боларлық мұра қалдыруға күш салсаңыз.
«...Зұлмат күндер сырылды,
Өлгені елдің тірілді.
Күн туды ата, күн туды,
Жырлайтығұн жырыңды.
Қабанбай атам көңілде,
Әр қаланың төрінде.
Қаламымен ағаның,
Қайта келді өмірге...» –деп жазушы Зейнолла Сәнікке жыр арнап, шабыт сыйлаған екен.
Зейнолла Сәніктің Қабанбай батыр туралы зерттеулерінің басты бір ерекшелігі – ол тек Қабанбай батыр турасында ғана емес, оның ұрпағы жайлы да ой тербегендігінде. Мәселен, «Сүлеймен би» тарихи эссесін алайық. Сүлеймен би Әлібекұлы – Қаракерей Қабанбайдың төртінші ұрпағы. Ол өз уақытында әділ шешімдер шығарып, шешендігімен тек қазақ жеріне ғана емес, көрші елдерге де даңқы шыққан әйгілі тұлғалардың бірі әрі бірегейі. Сүлеймен бидің әкесі Әділбек батыр Отыншы бидің бас қолбасшысы, бас әскері болған. Ал Отыншы би мен Арғынның Алшынбай биі бөле болып келеді екен.
«Кім жетер Қабанбайға дуа қонған, Батырлық тұқымына қуа қонған, Қодақұл, Әлі, Жақас, ер Әділбек, Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан» – деп ақын Сараның жырлағаны да бар. Қара қылды қақ жаратын әділ билігімен, сөз бастаған шешендігімен, көпті бастаған көсемдігімен көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Сүлеймен би Әлібекұлының өмір жолы жазушы Зейнолла Сәніктің шығармасында анық көрініс тапқан.
«Сергелдең» романында қазақ халқының сергелдеңге түсіп күй кешкені жайлы қиын тағдыры сипатталады. Мың өліп, мың тірілген өмірі баяндалады. Романда жазушының ең көп зерттеген батыр бабасы, қолбасшы Қабанбай батырдың інісі Тұматай ұрпақтарының ата жұртына қандай қиындықпен қайтқаны жайлы әңгімеленеді. Арқадан Тарбағатайға, одан соң Алтайға, өр Алтайдан Гималай тауларын асып, Үнді мұхиты арқылы Қара теңізге дейін көшіп, еліміз егемендік алған тұста ғана Қазақстанға оралғаны жөнінде айтылады.
Зейнолла Сәніктің қаламынан туған тағы бір тарихи роман – Баспай. Романның өзекті кейіпкері – Бәсекең, халық қиялы бойынша суреттелген Атымтай Жомарттың нақ өзіндей. Жоқ-жітікке береген қолы ашық. Ұлт-азаттық қозғалысына да, Үш аймақ төңкерісіне шашқан қазынасы да қисапсыз. Бір жолдың өзінде 300 ер тоқымды ат сыйлаған. Мұндай мәрттік бұрын-соңды қазақтың жомарттық жосығында сирек кездескен. «Америка Корей» соғысы кезінде корейліктерге төрт тұрманы сай аэроплан тарту етті. Бұл аэропланның бауырына Бәсекеңнің аты жазылып, ол ұшақ соғыс аяқталғанша аман-cау ұшты да, соғыстан соң музейге қойылды. Бәсекең сондай-ақ Еміл өзенінің үстіне үлкен көпір салдырған. Бұл жер Баспай көпірі аталып келеді.
Бейбіт заманның ерлігі – жомарттық. Ол туған Отанының амандығы, халқының қамы үшін еш нәрсесін аямаған. Сол кездегі жұрттың айтуынша, Бәсекең бір соғыс аэропланын сатып алу үшін 12 мың қойының 8 мыңын үкіметке өткізген екен. Романның негізгі кейіпкері Баспай Шолақұлының бейнесі бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамдағы шық бермес Шығайбайларға ой салары анық.
Ел ішінен тірнектеп жиналған материалдары негізінде жазған «Халық күйшісі Қайрақбай» атты кітабында ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі күйшінің өнер жолы, Алтай, Тарбағатай, Баян–өлгей аймақтарындағы күйшілік мектептің орнығып, қалыптасуына ықпал еткен біртуар дарын иесінің дәулескер күйші, даңғыл сыбызғышы ретіндегі талант қырлары кеңінен сөз болған. Адамзат тарихында қаншама алапат оқиғалар өтпеді десеңізші! Бұл фәниден азуын айға білеген талай батырлар мен әлемнің жартысын билеген патшалар да өткен. Бірақ өлмейтін, өшпейтін бір-ақ нәрсе бар, ол өнер екені осы Қайрақбай күйші тағдыры арқылы дәлелденеді.
Зейнолла Сәнік бүкіл ғұмырын қазақтың барын бағалап, жоғын жоқтауға арнады. Басына түскен қиындықтарға төтеп беріп, ұлтымыздың қыруар құндылықтарын түгендеді. Соның нәтижесінде соңында 15 том рухани мұра қалдырды. Бұл айтуға ғана оңай, ал оның ар жағында төгілген тер мен ұйқысыз түндер, азабы мол еңбек пен ізденіс көрініп жатқаны хақ.
Зекеңнің бір жазбасында мынадай жолдар бар: «Ұлы тұлғалар туралы толғағанымызда біз мынадай түйінге келдік. Ең әуелі сіз жазбақшы немесе айтпақшы болған ұлы тұлға атына заты сай болуы, екіншіден артында ұшан-теңіз мол мұрағаты қалуы, үшіншіден сол тұлғаның үлгі-өнегесін болашақ ұрпаққа жалғастыратын ұлы немесе қызы болуы шарт. Осы үш шарт орындалғанда ғана ұлы тұлғалар қазіргі ұрпақпен қайта қауышып, олардың асыл мұралары өз мұратына жететін болады» деп жазған екен. Соңында еліне қажет мол мұра қалдырған қаламгердің әр туындысы – бүгінгі және келешек ұрпақтың қажетіне жарайтын сом алтындай құндылық.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Нұрай ҚҰРАҚПАЙ, ЕҰУ түлегі, журналист-баспагер