50255
Жанат Төлемісова: Сайлау азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді
Жанат Төлемісова: Сайлау азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді
Алматы облысындағы «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Төлемісова аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлау азаматтардың билікке деген сенімін нығайтуға, олардың конституциялық құқығын толығымен жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтады.
«Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын бақылау, бақылаушылардың құқықтық мәдениетін қамтамасыз ету және сайлау науқанына тұрғындардың белсенді қатысуы үшін бақылаушыларды дайындап, ауылдық округтердегі барлық сайлау учаскелеріне жіберді. Бұған дейін белгілі спикерлердің шақыруымен азаматтық сектор өкілдері, белсенділер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының ішінен бақылаушылар дайындалып, арнайы оқытылып, оларға сайлаудың заңнамалық негіздері және сайлау процесінде бақылаушылар мәртебесі мәселелері толық түсіндірілген болатын. Жалпы, бүгінгі сайлау жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтқым келеді. Байқаушылар заң бұзушылықтарды тіркеген жоқ және олар ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Ауылдық округ әкімдерінің осылай тікелей сайлауы азаматтарға конституциялық құқықтарын толығымен жүзеге асыруға, белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға, әкімдерге халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына асқан жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бүгін өткен сайлау ерекше. Себебі ауыл әкімдерін сайлауы елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Ауыл тұрғындарының ауыл әкімін осылай өзі таңдағаны дұрыс деп ойлаймын», – деді маман.