201
Қазақстан 2018 жылы 20 жаңа су қоймаcын салмақ
Қазақстан 2018 жылы 20 жаңа су қоймаcын салмақ
Қазақстан 20 жаңа су қойманың құрылысын 2018 жылы қолға алады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында министрліктің су ресурстары комитеті су шаруашылық мекемелерін дамыту және пайдалануға беру басқармасының жетекшісі Мұрат Бейсенов мәлім етті.
Басқарма басшысы сөз басында Қазақстандағы су қоймалардың санына және оларды басқару принципіне тоқталды.
«Осы жылдың 1 қазанындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасының аумағында 309 су қоймасы бар. Оның ішінде 83-і республикалық меншікте, 191 су қойма коммуналдық меншікте, 35-і жекеменшік. Су ресурстары комитетінің аумақтарда сегіз бассейндік инспекциясы бар. Жалпы, Қазақстанда су ресурстарын басқару принципі бассейндік принципке негізделген. Сондықтан да, су ресурстары комитетінің бассейіндік инспекциялары ірі су қоймаларының жұмысына үнемі мониторинг жүргізеді»,-деп хабарлады М.Бейсенов.
Екі жыл бұрын осы су ресурстары комитетінің басшылығы Қазақстан 2020 жылға дейін 20 жаңа су қойма салу туралы бағдарлама әзірледі деп хабарлаған еді. ҚазАқпарат тілшісінің осы мәселе төңірегіндегі сұрағына жауап берген М.Бейсенов ол су қоймаларды қаржыландыру тек 2017-2018 жылдары басталатынын хабарлады.
«Елбасының тапсырмасы бойынша, су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында 21 су қойма салынады деп көзделген. Әзірге, экономикадағы дағдарысқа байланысты, ақша бөлінген жоқ. Бүгінгі таңда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары жаңа су қоймаларын салу жөніндегі техникалық негіздеме әзірлеп жатыр. Қаражат 2017 жылдан бастап әуелі техникалық экономикалық негіздеме әзірлеуге, содан кейін жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге, 2018 жылдан бастап осы жобаларды жүзеге асыруға ақша бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда әзірге қаржы бөлінген жоқ. Бюджеттік кодекске сәйкес, біз жаңа талаптарды орындап, ұлттық экономикалық министрліктің қорытындысын алуымыз керек», – деп түсіндірді М.Бейсенов.