Көңілді демалыс көпшілікке қолжетімді ме?

Көңілді демалыс көпшілікке қолжетімді ме?

Көңілді демалыс көпшілікке қолжетімді ме?
ашық дереккөзі
51098

    Жаз – демалыс маусымы. Екі жылдан бері қашықтан білім алып жатқан балалар тоғыз ай бойы үйде отырғанның есесіне жазғы ка­никулды асыға күтетіні анық. Ата-аналар да балаларының демалысын тиімді ұйымдас­тыруға барын салып, түрлі тынығу лагері мен оқу-сауықтыру орталықтарына жібереді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мемлекеттік деңгейдегі шаруа болса да, ши­кілік көп. Ата-аналар бағасымен келіспейді, бас­шылық бағаны түсірмейді. Мәселенің мән-жайын анықтап, мамандармен сөйлесіп көр­дік.

                                                             САПА МЕН СЕРВИС Жаз бастала салысымен қала баласының ауылға, ауыл баласының қалаға ағылатыны белгілі. Соңғы екі жылда бұл үрдіс сап тиыл­ды. Карантин басталып, әр бала өз ата-ана­сының қамқорлығында қалды. Ауыл баласы да бұрынғыдай қалаға елеңдеп тұрмайды. Балалар қашықтан оқи алмаған білімін толықтырып, түрлі үйірмелерге жазылады немесе жазғы тынығу лагеріне барады. Биыл жазғы демалыс Білім және ғылым министр­лігі ұсынған «Қазақстан балалары, жазды қуанышқа толтырайық!» тақырыбымен ұйым­дастырылды. Министрліктің мәліме­тін­ше, биыл балалар лагері мен оқу- сауықтыруға арналған 13 мың ұйым жұмысы істейді. Оның 236-сы қала сыртында, ал қалған 11 мыңға жуығы мектеп жанынан ашылған. Осы жылы әлеуметтік жағдайы тө­мен отбасылардан шыққан 500 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс кезінде оқу –сауық­тыру орталығына жіберіледі. Эпидемиялық жағдай тұрақты болса, биыл жазғы демалыс лагерлеріне 1 миллионнан астам оқушы демалады деп жоспарланған еді. Алайда жағдай әлі бір қалыпты емес. Балалар дема­лыс орталығының көп шоғырланған жері – Алматы облысы мен Шымкент қаласы жә­­не Бурабай аумағы. Бағалары да ор­на­ласқан жері мен көрсететін қызметіне бай­ланысты әртүрлі. 10 күнге 45 000-75 000 теңге аралығында. Одан қымбаттары да жетіп жатыр. Кейбір лагерьлерде қосымша сабақ беріліп, халықаралық деңгейде өтетін олимпиадаға дайындайды. Соған сәйкес қызмет ақысы да қымбаттайды. Қарапайым отбасының қалтасына 40 мыңдық демалыс салмақ болатыны анық. Қазіргі жағдайға байланысты ПТР-тест пен баланың керек-жа­рағын қосыңыз.

                                    БИЫЛ 3 МИЛЛИАРД 816 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ Елімізде мектеп жасында 3,5 млн оқушы бар болса, солардың 70 пайыздан астамы – лагерьге баратын оқушылар. Алайда былтыр індет өршігенде лагерьлердің есігі жабылды. Биыл сол олқылықтың орны толтырылмақ. Жазғы демалыс лагерьлері балаларға жаңа достар табуға, жаңа білім алуға және түрлі көңіл күйді бастан кешіруге мүмкіндік береді. Сондықтан көптеген ата-ана жазғы балалар лагерьлерінің ашылуын асыға кү­теді. Алайда еліміз әлі «қызыл аймақтан» шықпағандықтан, бұрынғыдай жұмыс істеуге шектеу қойылған. Елімізде жыл бойы және маусымдық демалысқа арналған 235 лагерь жұмыс істейді. Оның 143-і мемле­кеттік және 92-сі жеке меншік. Осы лагерь­лер­де балалардың жазғы демалысын ұйым­дастыруға биыл жергілікті атқарушы ор­гандардан 3 миллиард 816 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 9 әлеуметтік санатқа жататын және үздік оқушылар мен төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен бүл­дір­шіндердің демалысы ұйымдастырылады. Ал қалған балалар жазғы лагерьлерге ақылы негізде бара алады. Естеріңізде болса, был­тыр карантин шектеулеріне байланысты жазғы демалыс орындары жұмыс істеген жоқ. Бірақ осы мақсатта 3 миллиард 774 миллион теңге бөлінген болатын. Оның тек 822 миллионы ғана игерілді. 2019 жылдың жазында балалар демалысы үшін 4 мил­лиард 333 миллион теңге бөлінді. Осы қар­­жыға 377 мыңға жуық баланың жазғы демалысы ұйымдастырылды.

                                             САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР САҚТАЛҒАН БА? Биыл мемлекеттік санитарлық дәрі­гердің 30 сәуірдегі №17 қаулысына сәйкес республика аумағында балаларды сауық­тыру лагерьлерінің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ондағы қызмет әлеуметтік-эконо­ми­калық объектілердің жұмысын шектеу критерийлерімен айқындалған. «Жасыл» аймақ­тағы өңірлерге сәйкес жазғы лагерь­лер шектеусіз, «сары» аймақтағы лагерьлер 50 пайыз, «қызыл» аймақтағы 30 пайыз жүктемемен жұмыс істейді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуын­ша, жазғы лагерьлерде санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек. Өңірлер тиісті жұмыстарын атқарып, сауықтыру лагерьлері балаларды қабылдап жатыр. Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағ­дай ескерілетін болады. Санитарлық дәрігерлермен бірге балалардың қауіпсіз де­малуы қамтамасыз етілуі керек. Осы уа­қытқа дейін ауыл мектептерінде тегін ла­герьлер жұмыс істеген еді. Қазір барлық ла­герьде санитарлық талаптар қатаң сақтал­ған. Кіреберісте қолды жуу үшін сабын мен антисептиктердің қойылуы және маска тағу режимі тұрақты қадағаланады. Үй-жайлар­ды жиі-жиі желдетіп отыру да маңызды. Ауа райы қолайлы болса, іс-шараларды мүм­кіндігінше сыртта ашық аспан астында өт­кізді. Бөгде адамдар мен ұйымдардың қа­тысуымен бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.

                                                     АТА-АНАЛАРҒА КЕРЕК БЕС ДЕРЕК Көп жағдайда ата-ана баласының қа­рым-қабілетін жетік білмегендіктен кез кел­ген үйірме мен қосымшаларға жаздыра береді. Жазғы демалыс лагерін таңдағанда да осы олқылық көрініп тұрады. Әрбір ата-ана лагерь түрлері мен тегін оқу-сауықтыру ор­талықтарын білсе, баласының болашағы үшін маңызды қадам жасай білер еді. Осы орайда лагерьге қандай жағдайда тегін жолдама алуға ие болатынын айтқымыз келеді. Лагерьдің бізге таныс сегіз түрі бар: Тілдік – мектеп мұғалімімен шет тілін үй­рену; Мектеп жанындағы – спорттық бай­қаулар, шығармашылық студиялар, мұға­лімнің сүйемелдеуімен көрнекі жер­лерді тамашалау. Бастауыш сынып оқушыларына арналған; Спорттық – жай және спорттық мектептер базасында спорттық үйірмелерге қатысу. Кез келген сыныптың оқушыларына арналған; Туристік – көрнекі жерлерге сая­хаттау. 5-8 сынып оқушыларына арналған; Пән­дік – пәндерді тереңдетіп оқыту (фи­зи­ка, химия, биология, математика және т.б.). Барлық мектепте 8-10 сынып оқу­шы­ларына арналған; Өлкетану – экскурсияларға шығу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға ар­налған; Экологиялық – ағаш, гүл отыр­ғызу, оларға күтім жасау, өсімдіктер әлемі­мен танысу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған; Күндізгі лагерьлер – шығармашылық студиялар, спорттық жарыс­тар мен жаттығуларға қатысу. Барлық оқушылар үйі мен оқушылар сарайында бар. Баланы лагерге орналастырудың тетігін тапса, тегін жазуға болады. Ол үшін ата-ана қосымша білім беру ұйымдарының толық тізімімен танысуы керек. Тізімді Білім басқармаларының сайтынан көруге болады. Онда таңдалған лагерьдің жұмыс кестесімен және толық бағдарламасымен танысуға мүмкіндік бар. Ұйымдардың сайтына сіл­те­мелер маусым айында жарияланып қой­ған. Кез келген лагерьге жазылуға бола­ды. Оған баланың тіркелген мекенжайы мен тұрғы­лықты жері маңызды емес. Алайда мектеп жанындағы, пәндік, тілдік лагерьлерді бала­ның өзі оқитын мектептен таңдаған дұрыс. Жазғы лагерьлер 1 маусымнан бастап жұмыс істей бастайды, оларға жазылу әлі күнге дейін жүріп жатыр. Жалпы, бала­лардың жазғы демалысының аяқталатын уақыты – 10-20 тамыз аралығы. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен балаларға ар­налған сауықтыру лагеріне «Білім туралы» заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес әлеуметтік көмекке мұқтаж балалар мен мүгедектігі бар балалар және түрлі қиын өмір­ді бастан кешіп жатқан көпбалалы от­басының балалары тегін қабылданады.

                                                               МАМАНДАР БҮЙ ДЕДІ:  width=Ержан БАЙТАНАЕВ, Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

      ЖОСПАРДАН ТЫС ТЕКСЕРІСТІ КӨБЕЙТУ КЕРЕК – Лагерьге асыға жеткен балалардың бақытты сәтінен артық ештеңе жоқ. Бірақ олар­дың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сондықтан демалыс орындарындағы шара­лардан бөлек әр ата-ана баласын лагерьлерге жіберер алдында жеке бас гигиенасын қалай сақтау керегін түсіндіргені де абзал. Қа­зақстан Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №17 қау­лысына сәйкес республиканың аумағын­да балаларды сауықтыру лагерьлерінің қызметіне рұқсат етілген болатын. 2021 жылғы 26 шілдедегі жағдай бойынша жал­пы республика бойынша 153 балаларды сауықтыру ұйымы санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтердің талап­тарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды. Барлық сауықтыру ұйымдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі №146 бұйрығымен бекітілген «Балаларды сауықтыру және санаториялық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитария­лық қағидаларының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Балалар сауықтыру лагерьлеріне жиі ерекше тәртіппен және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Тексеру барысынды лагерьлерде талаптардың бұзылғаны анықталған жағдайда жауапкершілікке тартылады. Мектеп жанындағы лагерьлерді ашу карантин кезеңінде санитариялық қағидалардың талаптары мен әлеуметтік-эко­номикалық объектілердің жұмысын шектеу өлшемшарттарына сәйкес жүр­гізіледі. Өлшемшарттарына сәйкес түрлі аймақ әл-ахуалға қарай жұмысты жалғас­тыра береді. Әрбір ата-ата баласының құ­жат­тарын дайындайтыны белгілі. Сол құжаттардың басында 079/е нысаны сауық­тыру лагеріне баратын оқушыға медици­налық анықтама бірінші тіркеледі. Одан кейін бұрын-соңды жұқпалы аурулармен ауырмағанын растайтын құжат. COVID-19 бойынша ол лагерьге келгенге дейін 72 сағат бұрын алған анықтама болуы керек.

 width=Сержан АЛИБАЕВ, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы РМҚК Бас директоры:

ЖЫЛЫНА 15 498 БАЛА ҚАБЫЛДАЙМЫЗ

– «Балдәурен» республикалық оқу-сауық­­тыру орталығында және оның фи­лиалдарында жазғы науқан Білім және ғы­лым министрлігі бекіткен мерзімдерге сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып басталды. Басшылық бекіткен тақырыптық ауысымға сәйкес, бас орталыққа әр ауысымда 288 ба­ла, жылына еліміздің әр аймағынан 4 608 бала демалады. Сондай-ақ Алматы облысы, Түркістан облысы, Қарағанды облыстарын­да филиалдар бар. Солармен қоса есеп­тегенде жылына 15 498 баланы қабыл­дай­мыз. Қазақстан Республикасының Бас мем­лекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Соған сәйкес жұмыс та­лабы жаңарып тұрады. Балалардан ПТР-тест анықтамасын тапсыру міндеттелді. Осы­ған байланысты орталық қызметкерлері вакцинациядан өтіп жатыр. Күн сайын медициналық кешен қызметкерлерді вак­цинациялау бойынша өзгерістерді қадағалап, термометрия жүргізеді. Жалпы, орталыққа мемлекеттік квота есебінен тегін жолдама 5-9 сыныптағы 11 және 15 жасқа дейінгі, қоғамдық іс-шара, оқуға белсенді араласқан, түрлі жарыстар, олимпиадалар, фестивальдер, байқау жеңімпаздары және көпбалалы, аз қамтылған отбасындағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларына беріледі. Тегін жолдама балаларға бір рет қана беріледі. Еліміздің өңірлері бойынша жолдамалардың квотасы, жыл сайынғы жоспар, ауысымдардың жоспар-кестесі, орталыққа келу кестесі 25 қара­шаға дейін министрлік шешімімен бекі­тіледі. Жол­дамаларды тарату квотасы жоспарына сәй­кес облыстық Білім департаменттері, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­ларының Білім басқармалары ауысымның тақырыптарына сәйкес балаларды орта­лыққа жіберуді жүзеге асырады. Мемлекет меншігіндегі басқарма болғандықтан, балалар тегін демалады. Бөлінген қаражат орталықтың ағымдағы жөндеу жұмыстары, материалдық- тех­никалық базаны жаңарту, ауысым қаты­су­шыларының уақытын тиімді өткізу үшін түрлі үйірмелерге қажет құрал-жабдықтар­мен қамтамасыз етуге жұмсалды. Атап ай­татын болсақ, биыл орталықтың асха­насы мен ғимараттың үшінші-төртінші қабатына күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Балалар үшін қазіргі заман талабына сай жабдықталған бөлмелер және гидро­массаждық душ кабиналары қойылған. Балалар ауысым барысында 6 рет тамақпен қамтамасыз етіледі. Күн сайын сауықтыру және профилактикалық іс-шаралары: мас­саж, су процедуралары, емделу ванна­лары, сауна, коктейль беріледі. Сондықтан дема­лыс уақытын ұйымдастыруға бөлінген мем­лекет қаржысы тиісті мақсатта жұм­са­лып жатыр деп айтуға толық негіз бар.  width=Әйгерім АСАН, психолог:

ЛАГЕРЬДЕГІ ЖАҒДАЙДЫ ҮЙДЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ

– Жыл бойы он­­лайн оқыған ба­ла­лар жазғы дема­лысты сағына күткені анық. Смартфонға телмірген оқушылар кейін смартфонды жек көретін жағдайға жетті. Сондықтан, үш ай уақытты бірнеше кезеңге бөлген жөн. Алғашқы айда паркке қыдырту, ойын-сауық ке­шендеріне апаруға болады. Бұл кезеңде көбірек бала ата-анамен бірге жұмыс істегені абзал. Паркке барып бірге сурет салыңыз. Жеке сырласып, армандарын сұраңыз. Екінші айда біліміне мән беріңіз. Қызық кітаптар мен танымдық дүниелерді бірге оқып, көрген дұрыс . Кітап ав­торын әңгімелеу арқылы бала қызығушы­лы­ғын оятуға болады. Жеке тұлғалық даму да назардан тыс қалмауы керек. Ми жұ­мысын жақ­сартуға арналған ойындарды жиі ойнату да пайдалы. Демалыстың соңғы кезеңінде баланы мектепке дайындық қадамын жасаңыз. Мектеп құралдарын бірге таңдаңыз. Өзі пайдаланатын болған­дық­тан «Қайсысын аласың, қай дәптер ұнайды?» деп пікірін сұрау арқылы қызы­ғушылығын біліуге болады. Егер лагерьге жіберуге мүмкіндік болмаса, ата-ана лагерьдегі жағдайды үйде жасауға тырысуы керек. Таң­ғы жаттығу, ойын ұйымдастыру, көрші ба­лаларды шақырып, жарыс өткізу баланы ынталан­дырады. Бұл шаруаның түк те қиындығы жоқ. Уақыт жоқ деген – сылтау. Осыдан кейін көп ата-ана тайм-менедж­мент­ті білмейді. Әр кезеңді есептеп үйренсе, бала да соған дағдыланады. Мысалы, 1 сағат кі­тап оқисың, сосын паркке барамыз деген сияқты. Егер уақыттан асып, бағынбай жат­са, жазалауға болады. Мысалы, смартфонда 1 сағат артық ойнады, сол үшін бассейнге 1 са­ғат аз түседі. Отбасы­лық бюджетке бай­ла­нысты ата-ана баласын ақылы оқу-сауықтыру орталығына жібере алмай жата­ды. Бұл трагедия тудыратын мә­селе емес. Сол үшін «Ақша жоқ екенін көріп отырсың, қайдағы лагерь?» деп негатив сөз айтып, бала жанын жаралау да қажет емес. Ұрыс­қан­нан мәселе ушығады. Одан да лагерьге келесі жолы жіберемін, сен үшін мына­дай үйірме таптым десеңіз, бала қатты қуанады.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

 

Серіктес жаңалықтары