Бір жыл бұрын Түркияға түбегейлі қоныс аударған Алуа Қонарова елге көшіп кеткені және қазақ тілінде сөйлемегені үшін, желіде дөрекі сөздер жазатындарға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Ardak Alanya каналына берген сұхбатында айтты.
– Қай тілде сөйлегенің маңызды ма? Маған тіпті бір бағдарлама арнағандар болды осы үшін. Сатқын дегенді де естідім. Мәңгүрт дегенге тіпті етім үйреніп кетті. Ал бірақ, мәңгүрт деген сөз маған лайық емес. Себебі, мен ана тілімді білемін. Бірақ, өзіме орыс тілінде сөйлеген ыңғайлы. Біз сондай кезеңде өсіп-өндік. Сол себепті, онда тұрған ештеңе жоқ. Қазақ бола тұрып, ағылшын тілінде сөйлесем де, моңғол тілінде сөйлесем де, өзім білемін. Тіл білу – артықшылық, – деді.
– Диванда отырып алып, «өліп қал, Қазақстанға келсең, әуежайда-ақ өлтіріп кетеміз, бізден қорқуың керек» деп жазады. Бірақ олар соншама кім? Менің патриоттығым олардан артық. Мен оны жақсы білемін. Түркияға анамның арманын орындау үшін қоныс аудардым. Елден жырақ жүрсем де, туған жерім жүрегімде, – деді.