50934
Нобельді алған алғашқы философ
Нобельді алған алғашқы философ
Нобель сыйлығының 1908 жылғы, яғни тоғызыншы лауреаты – Рудольф Эйкен. Әрине, бұл автордың есімін де, қандай дүниелер жазғанын да оқырман түгіл, әдебиетті арнайы зерттеп жүрген мамандар да аса жақсы біле бермеуі әбден ықтимал. Өйткені, 1908 жылы Швед Академиясы шығармашылығын жоғары бағалаған Рудольф Эйкен лирикалық жырларымен жұртты тамсандырған ақын да, прозалық шығармаларымен оқырман жүрегіне жол тапқан жазушы да, атақты пьесаларымен көрермен көңілінен шыққан драматург та емес. Негізінен ол философия тақырыбындағы еңбектерімен танылған, өз уақытының белгілі ғалымы.
Рудольф Эйкенге бұл атақты марапат «Ақиқатты іздегені үшін» деген желеумен берілді. Өз дүниелерін ол немістің көркем әдеби тілімен жазғанымен, бірінші кезекте Эйкеннің шығармашыл суреткер емес, философ екенін ұмытпағанымыз абзал. Естеріңізде болса, 1902 жылы Нобель сыйлығының «Римнің тарихы» атты іргелі еңбек жазған ғалым Теодор Момзенға не себептен берілгені туралы осыдан бұрынғы мақалаларымыздың бірінде тоқталғанбыз. Суреткерлік шеберлігімен адамзатты мойындатқан данышпан Толстой тұрғанда, әлемге әйгілі марапаттың тарихшы қанжығасына байлануының ғасыр басында үлкен дау-дамай туғызғанын да сол кезде ой талқысына салғанбыз. Ендеше әдебиет өкіліне тиесілі адамзаттық марапатты басқа сала адамының иеленіп кетуі Швед Академиясының тарихында кездесіп тұратын жағдай. Оған таңғалудың қажеті шамалы. Нобель сыйлығы тағайындалған салалардың ішінде философияға арналған марапат жоқ. Сол себептен де әдебиетке тиесілі сыйлықпен кей кездері танымал философтардың еңбектері аталып өтіп, марапатталып жатады. Мысалы, 1927 жылы француздың атақты философы Анри Бергсон, 1950 жылы ағылшын философы Бертран Расселдің әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленгені мәлім. Дей тұрсақ та Бергсон да, Рассел да ғылымда үлкен жаңалық ашқан, адамзаттық ақыл-ойдың алыптары. Философия ғылымының тарихында олардың есімдері Ницше немесе Шопенгауэрлардың қатарында аталады. Айталық, Бергсонның «Өмір философиясы» ХХ ғасырдағы философиялық ойдың дамуына айтарлықтай ықпалын тигізген іргелі зерттеу болып саналады. Бертран Рассельге келсек, ол – ағылшын неореализмі мен неопозитивзмінің ірі өкілі. Бір томға жуық әдеби шығармалары да бар. Өз басым Рассельдің «Қала маңындағы сайтан» повесін оқып шығып, жаңашылдығына қатты риза болғанмын. Өкінішке қарай, философтардың ішінен бірінші болып Нобель сыйлығын алған Рудольф Эйкен дәл олардай әлемге танымал тұлға емес. Ақын-жазушыларды тілге тиек етпегенде, Эйкенді философтар да жыға тани бермейді. Бүгінде оның философиялық мұрасына қызығушылық танытушылар жоқтың қасы, мақалаларына да ешкім сілтеме жасамайды, жазған еңбектерінің ғылым үшін құндылығы жойылған. Өмірде мұндай жағдайлар бола береді. Өз заманында атағы жер жара жаздап, жалпақ жұртқа танымал болғанымен, уақыт өте келе есімдері де ұмытылып, жазған еңбектері де ескіріп қалатын ғалымдар көп. Мысалы, кім қазір өз дәуірінде тарихи-философиялық көңіл күйді қалыптастырған Адольф Тренделенбург деген неміс философын біледі? Тіпті, философия ғылымын арнайы зерттеп жүргендер де оның қандай еңбектері бар екенінен бейхабар болуы ықтимал. Рудольф Эйкен де тап сондай, философияда өзінің айшықты ізін қалдыра алмаған көп ғалымдардың бірі. Айталық, Эйкен Йенск университетінің профессоры атанды. Сол жылдары осы білім ордасында Готлоб Фреге дәріс оқыған екен. Аналитикалық философияның негізін салушы әрі математик Фреге бүгінде – ғылымда мойындалған әйгілі классик. Әлі күнге дейін философтар оның еңбектеріне сүйенеді. Бір қызығы, көзі тірі кезінде Германияда оны ешкім елеген де, жазған еңбектеріне аса қатты назар аударған да жоқ. Ағылшынтілді ортада философтың еңбектері Екінші дүниежүзілік соғыстан соң ғана белгілі бола бастады. Сондай-ақ, әлем мойындаған неміс философы Эдмунд Гуссерльді қазір кім білмейді? Әдебиетшілер болмаса да, философтардың бәрі де оны жақсы біледі деген ойдамын. Бірақ өз уақытында Гуссерль де жұрт біле бермейтін көп ғалымдардың бірі болатын. Міне, көрдіңіз бе, өз дәуірінде жұлдыздары жарқыраған кейбір тұлғалардың еңбегі ескіріп, ал, керісінше елеусіз болып келген кейбір ғалымдардың соңына қалдырған мұрасының ғылымның алтын қазынасына айналып жататын кездері бар екен. Мұндай оқиғалар әдебиетте жиі болып тұрады. Айталық, бүгінгі әдебиет сыншыларының аузының суы құрып мақтап жүрген Герман Мелвилдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» романына жарты ғасырдан астам уақыт бойы ешкім назар аударған жоқ. Модернистік әдебиеттің ірі өкілі Франц Кафканың туындыларына да өз уақытында көз қырын салған сыншылар болмады. Төл әдебиетіміздегі мысалдарға жүгінсек, ұлы Абай да өз дәуірінде бүкіл қазақ мойындаған кемеңгерге айнала алған жоқ. Неміс философы Рудольф Эйкен болса, керісінше көзі тірісінде зор беделге ие болғанымен, ғылымда айшықты ізін қалдыра алмады. Енді Нобель сыйлығының тоғызыншы лауреатының өмірі мен қандай еңбектерінің бар екеніне де қысқаша шолу жасай кетейік. Рудольф Кристоф Эйкен 1846 жылы Аурих қаласында дүниеге келді. Әкесі тым ерте қайтыс болып, шешесінің қамқорлығы арқасында ол ең алдымен Геттингенск, кейін Берлин университетінде білім алып, классикалық философия мен ежелгі тарихты зерттеумен шұғылданды. Гимназияда оқығанда ол матеметика мен музыкамен әуестенген болатын. Геттингенде жүргенде Эйкенге философия докторы дәрежесі берілді. Философия және рационалистік көзқарастармен әуестену қанағаттандырмай, ол Аристотельдің еңбектерін зерттей бастайды. 1870 жылы Аристотель туралы екі кітапшаны жарыққа шығарады. Автор өз диссертациясында Аристотель тілінің проблемасы туралы жазды. 1874 жылы Йенск университетінің профессоры атанып, 1920 жылға дейін онда дәріс оқыды. 1882 жылы Ирен Пасив деген әйелге үйленіп, бір ұл мен бір қыз сүйді. Балалары ғылым жолын қуып, біреуі – химик, ал екіншісі экономист болды. 1908 жылы Рудольф Эйкенге «ақиқатты іздегені үшін» деген мағынадағы қисынмен әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді. 1911-1913 жылдары Эйкен Англия мен АҚШ-тың білім мекемелерінде дәріс оқыды. 1916 жылы Йена қаласының құрметті азаматы атанды. Дей тұрсақ та, Эйкен даңқының дақпырты ғұмырлы болған жоқ, философтың артына қалдырған мұрасының бүгін ғалымдардың қызығушылығын туғызбайтынын біз жоғарыда айтып кеттік. Эйкен философиясының бір бөлігі тарихи, бір бөлігі шығармашыл болып келеді. Кейінгі жазған еңбектерінде шығармашыл жағы басымырақ, бірақ автор осы екі дүниені өзара байланыстыруға ұмтылды. Тарихи еңбектерінде Эйкен философиялық концепциялар мен өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің арасындағы байланыс қажеттілігін көрсетуге тырысты. Эйкеннің пікірінше, оларға әсер еткен барлық философиялық концепциялар, шын мәнісінде қоғамдық проблемаларды шеше алады. Философтың бұл қолданбалы идеализміне ғылымда «активизм» деген ат берілген. Бұл қағидатқа сәйкес, адамзат қоғамы өзі жасаған этикалық таңдау өзін өзгерте алады деп саналады. Осы тұрғыдан алғанда ол моральдық және этикалық нормаларды айналып өтетін Ницшенің құдіретті адам туралы идеясына қарсы шықты. Эйкеннің философиясы өз тұрғысынан интеллектуалдық ой мен дінді табыстыруға әрекет етіп көрді. Сондай-ақ философ адамдардың жаны бар болғандықтан, олар материалдық және рухани әлемнің ортасында болуы керек деп есептеді. Мұндай жағдайда адамдар рухани кемелденуге қол жеткізу үшін тоқтаусыз күш салу арқылы материалдық табиғатты жеңе білуі тиіс. 1872 жылы философтың «Аристотельдің тәсілі туралы» деп аталатын еңбегі жарыққа шықты. 1878 жылы «Бүгінгі философиялық ойлардың іргелі тұзақтары» атты кітабын шығарды. Философтың бұл кітабы ғылыми ортаның қатты қызығушылығын туғызды. Автор аталған еңбегінде түрлі философиялық көзқарастардың тарихи тамырына талдау жасауға тырысады. 1908 жылы Эйкен «Бүгінгі замандағы ойдың негізгі бағыттары» деген атпен оны қайта шығарып, өз кітабын жеке философиялық ойларымен толықтырды. 1890 жылдары Эйкен философия, тарих проблемаларынан кетіп, 1896 жылы өзінің идеалистік, діні және этикалық ойын қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Міне, осылайша философтың «Діннің ақиқаты» және «Жаңа дүниетанымның негізгі белгілері» деп аталатын екі монографиясы дүниеге келді. «Жаңа дүниетанымның негізгі белгілері» деген еңбегінде ол дербес өмір саналып келген рух сезімін ынталандыруға ұмтылды. Эйкен өз еңбегінде Аристотель философиясының көмегі арқылы адамның тіршілік етуінен тыс жатқан жердегі этика қалыптастыруды қайта бағалауға әрекет жасап көрді. Ал, «Социализм: талдау» деп аталатын еңбегінде ол адамның мінезі мен оның әлемдегі орнына қатысты материалистік тәсілі үшін социализмді айыптайды. Күнделікті өмірдің сыртында болатын «биік мақсат туралы» Эйкеннің пікірі философиялық социализмге қайшы келді. Ол өз еңбектерінде социалистердің адамның рухани бастауын бағалай алмайтынын, еркіндік, ақиқат пен ізгілікті тани алмайтынын көре білді. Эйкен адамзат баласына олар үнемі ұмтылуға тиіс рухани ынта туралы айтуға тырысады. Дей тұрсақ та, ескі идеализмді жақтап, Эйкеннің жүйесін сынағандар да болды. Егер Маркс дінді апиын санаса, Эйкен христиандықты нағыз дін санады. Оның айтуынша, «Христианшылдықтың қызметі – дін, қоғам үшін не жасай алады?» деген сұраққа жауап беру. Алайда, философ адамзатты аман алып қалу Құдайдың қолында тұр дегендердің пікірімен келіспейді. Дін «өмірдің мағынасы не?» деген сұраққа жауап беруге тиіс. Ол Ғайсаны Құдай ретінде емес, пайғамбар ретінде қарастырды. Философия Эйкеннің өмірлік ісі болғанымен, ол заманның ғылыми жетістіктеріне тамсана қарады. Ницше сияқты ол абстракциялы зияткерлікке сенбеді, рухани әлемге байланысты Гегелдің көзқарасын қолдамады. Ол адамдық тәжірибені сезіммен және әсермен шектейтін эмпирик болды.1908 ЖЫЛЫ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУҒА ҮМІТКЕР БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР:
1. Джон Морлей (1838-1923) – ағылшындардың қоғам қайраткері, тарихшы. Антиимпериялық бағыттағы тарихи шығармалардың авторы. Вольтердің, Руссоның, Дидроның шығармашылығы туралы монографиялар жазған. Қаламгердің саяси журналистика мен әдебиетке сіңірген еңбегі орасан зор. 2. Алджернон Чарльз Суинберн (1837-1909) – ағылшындардың танымал ақыны, өз заманында Англияның бірінші шайыры болып саналған. 3. Адольф фон Гарнак (1851-1930) – либералдық бағыттағы неміс теологы. 4. Элизабет Фёрстер-Ницше (1846-1935) – атақты ойшыл әрі филолог Фридрих Ницшенің қарындасы. Ницше атындағы мұрағаттың негізін қалаған. 5. Теодор Цан (1838-1933) – неміс қаламгері, протестанттық теолог. Негізінен ұстаздық қызметпен айналысқан. Мектептерде, колледждерде сабақ берген. Өмірінің соңында Лейпциг университетінде дәріс оқыған. 6. Георгиос Сурис (1853-1919) – грек ақыны, жазушы, әрі драматург. 7. Àнжель Гимерà (1845-1924) – испан ақыны, жазушы, драматург. 8. Эдмондо Де Амичис (1846-1908) – италиялық ақын, жазушы, журналист. 9. Антонио Фогаццаро (1842-1911) – Италия жазушысы, ақын, саясаткер. 10. Ярослав Врхлицкий (1853-1912) – чех ақыны, драматург, аудармашы. 11. Йозеф Виктор Видман (1842-1911) – швейцариялық жазушы, журналист, әдебиет сыншысы. 12. Сельма Лагерлёф (1858-1940) – швед жазушысы, 1909 жылы Нобель сыйлығын иеленді.