Жаңа оқу жылы: Ұстазға – сабыр, оқушыға – төзім
Жаңа оқу жылы: Ұстазға – сабыр, оқушыға – төзім
Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқушылар дәстүрлі оқу форматына дайындалып жатыр. Биыл сегіз мыңға жуық мектеп дәстүрлі форматта жұмысын жалғастырады. Екі жылдан бері қашықтан білім алған оқушылар үшін – көптен күткен қуаныш. Жаңа оқу жылында елең еткізген екі жаңалықтың бірі – әліппе оқулығы мен ана тілінің оралуы. Одан кейін қазан айында елге келетін Pfizer екпесінің 12 жастан асқан балаларға салынуы. Өзге де ауыз толтырып айтатын дүниелерді сараптадық.
Жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйектен басталып, 34 аптаны қамтиды. Биыл да жыл соңында тағы 4 апта жазғы мектеп ұйымдастырылады. Мемлекеттік мектептерден гөрі жекеменшік мектептердің саны артып, білім беру сапасы тағы бір сатыға көтерілмек. Ресми мәлімет бойынша, жаңа оқу жылында 7475 мектепте 3,6 млн-нан астам оқушы білім алады. Биыл 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта болғанымен, қашықтан оқу кезінде білім сапасындағы олқылықтарды толтыру бойынша кешенді жұмыс жүргізу басталды. Халықаралық тәжірибеде жүргізілген қашықтан оқытудың нәтижесіне сүйенсек, жаңа оқу жылында негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын түзету жоспарланған. Сонымен қатар үлгерімі нашар балалармен де қосымша сабақ өту қарастырылған. Тамыз айынан бастап пән мұғалімдері де біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр. Елімізде індет басталғалы қашықтан білім алған оқушылардың үлгерімі төмендеп кеткені айтылған еді. Тіпті биыл мамыр айында республикалық педагогикалық кеңесте Қазақстанның білім жүйесі «бұдан әрі қашықтан оқуға шыдай алмайды» деген сөзді де құлақ естіді. Эпидемиялық ахуал ауыздықталмай тұрса да, дәстүрлі форматтың оралуын естіген қоғам пікірі екіге бөлінді. Оффлайн оқудың артықшылығы көп. Алайда ата-аналар балалар вирус тасымалдаушы болады деп алаңдайды. Сол үшін де қоғамда алаңдаушылық туып отыр. Жаңа оқу жылында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау үшін арнайы санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылданған. Мектепте маска тағып жүру режимі енгізілген. Барлық білім беру ұйымдарында күнделікті термометрия, желдету, кварцтау, дезинфекция шаралары өткізілетін болады.БАЛАЛАРҒА ВАКЦИНА САЛУ – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ
– 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын салу ұсынылды. Біз 12 жастан асқандарды назарға алып отырмыз. Балалар жасына назар аудара отырып, олар вакцина салдыруға мүмкіндік алды. Тиісінше, азаматтар вакцина алу керек пе, жоқ па өздері шешеді, бірақ біз вакцина алуға шақырамыз, өйткені вакцина көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штамдар балаларға әсер етеді, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Сондай-ақ министр вакцина ерікті түрде болатынын да айтып өтті. Тамыз айының алғашқы онкүндігінде жарияланған мәлімет бойынша, білім мекемелеріндегі педагогтердің 93,1 пайызы және басқа қызметкерлердің 88,4 пайызы КВИ-ге қарсы вакцина алған. Қазір коронавирусқа шалдыққан науқастың 6 пайызы – балалар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шілде айында балалардың дерт жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп, жалпы саны 13 047-ге жеткен. Дәрігерлердің айтуынша, барлық мекемелерде ұжымдық иммунитет қалыптастыру өте маңызды. Сол кезде ғана індеттің беті қайтып, аты жаман ауру бәсеңдейтін көрінеді. Жалпы, мамандар екпе алу профилактика үшін керек деген тұжырым жасап отыр.
МӘСЕЛЕ КИІМДЕ ЕМЕС, ЗЕЙІНДЕ Оқушылар мектеп формасын киюге міндетті ме? Ата-аналарды алаңдатқан сауалға Білім және ғылым министрі былай жауап берді: «Мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық», – деді Үкімет отырысында. Әлемді жайлаған індет түрлі салаға шығын әкелді. Соның бірі – сауда-саттық кәсібі. Пандемия салдарынан арнайы мектеп формасын тігетін тігін шеберханалары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Кейбір мектеп мұғалімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары оқушылар арасында әлеуметтік теңсіздік орнап кетуінен қауіптенеді. Десек те, мектеп формасының міндеттелмеуі ата-ана қалтасына да салмақ болмайтыны анық. Сондықтан биыл классикалық үлгіге рұқсат етілуі түйінделген мәселені шешкендей болды. Десек те, мектеп формасы оқушының жауапкершілігін арттыратын негізгі фактор екенін естен шығармаған жөн.
ҚАЙТА ОРАЛҒАН ӘЛІППЕ, СЫНҒА ІЛІККЕН – САУАТ АШУ Білім және ғылым министрінің айтуынша, биылғы оқу жылында екі облыс бойынша оқулықтар жеткіліксіз. Олар – Түркістан және Павлодар облыстары. Аталған облыстарда қосымша қаржы бөлініп, бұл мәселе шешіліп қалар деген үміттеміз. Білім күні 1-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау ұйымдастырылады. Ал 2-11 сынып оқушылары бекітілген кабинеттерге барып, тақырыптық сынып сағаттарына қатысады. Алғашқы қоңырау салтанаты кезінде алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге Әліппе оқулығы табысталатын болады. Бес жыл бұрын оқулықтың атасы атанған Әліппе себепсіз алынып, Сауат ашу енгізілген болатын. Бұл жаңалық қоғам наразылығын тудырып, сынға ұшырап еді. Биыл жоғалғанымыз табылып, сөнгеніміз қайта жанғандай қуандық. Алайда, білім төңірегінде әңгіме қозғалғанда оқулықтың олқылығынан айналып өте алмаймыз. Әлі күнге дейін оқулық дауы жалғасып келе жатыр. Кінә кімнен, қате неден?!. Әліппемен қауышатынына қуанған қоғамды енді оқулықтың мазмұны қызықтырады. Ғасыр құрдасына айналған оқулық ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының негіздемесінде әзірленген. Жалпы оқулық алмастыру – білім беру реформасы бола ала ма? Бұрынғы әдістеме қазіргі заман талабын қанағаттандыра ма? Осы және өзге де оқулық мәселесін мамандардан сұрап көрдік.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі:PISA ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІН ӘЛІППЕГЕ ЕНГІЗГЕН ЖӨН – Әліппе – білім бастауы. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанмен бірге Әліппенің мазмұнына қатысты депутаттық сауал жолдадық. Тиісті жауап хат та келді. Бұрын бастауышты бітірген екі буын Әліппені оқымады. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдерін қайтадан жазғы кезеңде Әліппені оқыту методикасы бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткізу ауадай қажет. Әліппеден кейін оқытылатын Ана тілі оқулығы арасындағы пәндік мазмұндық пәнаралық байланысының сабақтастығын сұрадық. Білім және ғылым министрі жаңа әліппе А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленетінін айтты. Жаңартылған білім мазмұны мен оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға арналған методикалардың да ескерілгенін атап өтуге болады. Одан кейін біз назар аударған дүние мыналар: оқулықтың сыртқы дизайны мен иллюстрациясы. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай тапсырмаларды оқушылардың орындай алатын қабілетін де ескерген жөн. Бірақ шешімді қабылдаған – эксперттік кеңес. Ғалымдар мен мектеп мұғалімдері, оқулық авторлары мен сарапшылар бірігіп, осы нұсқаны қабылдады. Сондықтан кеңеске сенім артамыз. Биыл 400 мың бала 1-сыныптың табалдырығын аттайды. Сол 400 мың баланың ата-анасы мен қоғам мүшелері, көпжылдық еңбек өтілі бар, бастауыш мектепте білім берген ұстаздардың да пікірі назарға алынуы керек. Осы жолғы Әліппеде көп нәрсе ескерілді деп ойлаймын. Тағы бір мәселе бар. Әлемде оқушылардың оқу сауаттылығы халықаралық стандартқа сай бекітілген PISA халықаралық тестімен бағаланады. Сол оқу сауаттылығының бағалау алғышарттары әліппеге де енгізілсе деген ұсыныс болған. Әуелі жеңіл, сосын сатылай күрделене түсетін тапсырмалар берілсе баланың дағдысы дамитын еді. Білім саласы – үнемі үздіксіз дамып отыратын сала. Жылдам әрі үнемі өзгеруді қажет ететін ақпараттық заманда өмір сүріп жатырмыз. Оқулықтардың сапасын арттыру үшін ең алдымен оқулықтарды әзірлеу, басып шығару, сараптамадан өткізу секілді ұйымдастыру мәселелері Үкіметте немесе Білім және ғылым министрлігінің толыққанды жауапкершілігінде жүзеге асырылуы қажет.
Шынар ҚАПАНТАЙҚЫЗЫ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫ БАСПАҒА ӨТКІЗБЕЙ ТҰРЫП, ҚОҒАМ БОЛЫП ТҮЗЕСЕК – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманымын. Студенттеріме өзіндік жұмыс ретінде үнемі оқулықтарға талдау жасатамын. «Біткен іске сыншы көп» деген бар ғой. Сол оқулықтар баспадан шықпай тұрған кезде okulyk.kz сайтына жарияланып, халық талқысына ұсынылады. Сол кезде белсенділік көрсету қажет деп ойлаймын. Солай баспадан сапалы оқулық шығуына әркім өз үлесін қоса алады. Елімізде оқулық сапасын жан-жақты бағалаудың ауқымды жүйесі жасалған. Ол жерде мамандар тарапынан оқулықтың сыртқы түрі, безендірілуінен бастап, психологиялық, тәрбиелік, дамытушылық әсерімен қоса, ғылыми, дидактикалық, ақпараттық, тілдік, әдістемелік мазмұнына дейін түгел қамтитын жүзге тарта өлшемшарт бекітілген. Олар үнемі толықтырылып отырады. Ең бастысы деп айтуға келмейді, әрқайсысы маңызды, өйткені бәрі бір-бірімен тығыз байланыса келіп, біртұтас сапалы дүниенің дайындалып шығуына кешенді түрде ықпал жасайды. Әрине, ең алдымен ғалымдар мен практик мұғалімдерден тұратын тікелей мамандар ұжымы жұмыс істеуі қажет. Жақында бір жобаның басы-қасында жүрдім. Әріптестерімізге оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, ойды нақты жеткізуге қажет тілдік құралдар мен бірліктерді іріктеуде, сөйлемдерді стильдік тұрғыдан дұрыс құру үшін лингвист мамандардың көмегі аса қажет екеніне көзім жетті. Нағыз өз ісіне берілген, білімді мамандардан тұратын ұжым болса, пікірдің бәрі тыңдалып, ең тәуірі жарыққа шығар еді.
Дәурен САҒЫНҒАЛИЕВ, «Білім беру саласының үздігі», тарих және құқық пәнінің мұғалімі:
МАЗМҰНЫ БАЙ, ТІЛІ ШҰРАЙЛЫ ОҚУЛЫҚ КЕМШІН – Мектептердің дәстүрлі оқу форматына көшуіне қатысты мәселеде қоғамның пікірі екіге жарылды. Десек те, білім беру жүйесі қашықтан оқытудың тағы бір жылына төтеп бере алмайтыны да есепке алынды. Білім ордаларында тиісті дәрежеде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі форматқа көшу – қажеттіліктен туған дүние. Білім сапасының төмендеп кетуі ата-ана, педагогикалық орта тарапынан жиі көтерілгендіктен дәстүрлі форматқа көшуіміз де заңдылық. Алайда бала денсаулығына қатысты мәселе туындайтын болса қашықтан оқытуға байланысты шаралар кезек күттірмей қабылдануы керек. Оқулық сапасына қатысты мәселе жақын күндері шешімін табады деу қиын. Оқулық дайындап шығару – ғылыми тұрғыдан күрделі проблема. Академик А. Колмогоров оқулық жазуды реактивті ұшақ жасаумен теңестіруі де тегіннен-тегін емес. Біздің елдегі оқулықтану ғылымының жеткілікті деңгейде дамымауы, авторларды іріктейтін ғылыми мекеменің болмауы, оқулықтардың қысқа мерзімде дайындалып шығуы тақырыпқа қайта оралуға мәжбүрлейді. Қоғам тарапынан жиі сынға ұшыраған бұл мәселеге ғылыми негізде кірісетін кез жетті. Мектеп оқулығы бәріне тұтас баға беруге келмейді. Себебі оқулықтың мазмұнына баға беру үшін сол пәнге қатысты тиісті білім мен біліктілік дәрежесі талап етіледі. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқулықтарды парақтай отырып, өзім байқаған бір құбылыс оқулықтардың бір сарынды жазылуы. Яғни, ғылыми стильге басымдық бере отырып, қандай да бір тарихи кезең не шығарма өзінің құнарын жоғалтып алғандай көрінеді. Бұл жерде дерек пен дәйекті теріске шығарып отырған жоқпыз. Алайда педагог ретінде мені баланың жас ерекшелігіне бейімдеп, оның қызығушылығын арттырып, қазақ халқының бай рухани мұрасы мен тілінің құдіреттілігін танытатындай оқулықтың болмауы алаңдатады. Оқулық мазмұны ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге ықпал етпесе, келешекте ұлтқа қызмет қылатын ұрпақ қайдан болсын?!
Елдос НҰРЛАНОВ, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:ОҚУЛЫҚ ҮШІН ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС – Биылғы жаңалық оқулықтың әр бетіне QR кодын енгізгеніміз десек болады. Оқулықтағы мақал-мәтел, өлеңдерді оқушы сканерлеу арқылы аудио нұсқасын тыңдай алады. Орыс тіліндегі Букварьға да дәл осындай функция орнатылған. Бұл – цифр дәуірінің дамығанының дәлелі. Заңнамаға сәйкес оқулықтар бес жыл сайын жаңарып отырады. Жаңарудың жолы – оқулықты қайта басу немесе бұрын қолданылған оқулыққа түзету мен толықтыру енгізу. Елімізде кітаптарды басып, әзірлеу мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние емес. Мемлекет тек сапасына қатысты сараптама өткізеді. Қазір 40-қа жуық баспа бар. Олардың 20-сы айтарлықтай белсенді. Қанша оқулық жарық көрсе, сонша сын-пікірдің астында қаламыз. Алайда деректерге қарап сөйлеген дұрыс. Өйткені оқулықтардың сапасына қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Азаматтық қоғам қалыптастырып, демократияға бетбұрыс жасап жатырмыз. Сондықтан әркімнің пікір айтуға құқығы бар. Оқулықты үш жарым миллион оқушы тегін қолданады. Оқушының қасында ата-анасы, әжесі бар. Олар баласымен бірге сабақ оқуға ынталы екен. Карантинде осыған көзіміз жетті. Сізге өтірік, маған шын, осы күнге дейін 7-8 миллион адам оқулық туралы пікір білдірді. Сондықтан оқулықтың олқылығы мәселесіне оралмау мүмкін емес. Одан кейін қоғам сұранысын қанағаттандыратын әмбебап оқулық құрастырып шығару – шындыққа жанаспайтын дүние. Орталығымызда сын-ескертпелерге үнемі бақылау жүргізіледі. Оның басым көпшілігі расталмайды. Сын-пікір айтатындар маман болмай шығады немесе жеке субъективті пікірін айтады. Кейбіреулер фейк аккаунттар арқылы әдейі дау шығарып, арандатып отырады. Әлеуметтік желінің жазылмаған заңдылығы бойынша олар шын ақпараттан гөрі, бес есе тез тарайды. Ресми өкіл ретінде мойындаймын, оқулықта қате бар. Басым көпшілігі – техникалық сипаттағы қателер. Кейде ғана морфологиялық қате кездеседі, бірақ аз. Жақында осы тақырып төңірегінде мәлімдеме жасаймыз. Мемлекет тарапынан іс-шаралар қолға алынып жатыр. Мемлекеттік сараптаманың ережесі мен рәсімдері өзгерді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, баспалардың жауапкершілігі күшейді. Баспалар әзірлеген оқулықтарын әкелместен бұрын баспаішілік сараптама өткізу міндеттелді. 2012 жылы жарық көрген Білім және ғылым министрлігінің №344 бұйрығы бар. Сол жерде баспалардың қалай сараптау керегі егжей-тегжейлі баяндалған. Оқулықты басып шығару – нарық пен бәсеке. №344 бұйрыққа сәйкес, бізге келген оқулық пен оған ілесіп келетін оқу-әдістемелік кешендерін сараптау үшін команда құрамыз. Іштегі қызметкерлерден бөлек, 2000-ға жуық сырттан бақылайтын сарапшылар құрамы бар. Содан іріктеп, бір ғалым, бір әдіскер, бір мұғалім таңдалады. Мұғалімдердің өздері зерттеуші-педагог санатынан болуы керек. Еңбек өтілі мен авторлық туындылар жазғаны да ескеріледі. Одан кейін қоғамдық талқылау деген бар. Биылғы жаңа оқу жылында оқушыға жол тартатын жаңа кітаптардың онлайн таныстырылымында модератор болдым. Әр оқулыққа кемінде 16 мың адамнан пікір айтты. Мысалы, Әліппе оқулығын көбі ұнатты. Қоғамдық талқылау кезінде Нұр-Сұлтан, Семей, Қызылорда, Тараз қаласына бардық. 379 мұғаліммен кездесіп, олармен пікірлестік. Осылардың бәрін қорытып, пәндік сараптамалық комиссияға жібердік. Бірақ қоғамдық талқылаудың маңызын әсірелеп жіберуден абай болған жөн. Қоғам ішінде түрлі саланың мамандары бар. Тіпті, дамыған елдердің өзінде қоғамдық талқылаудың үлесі – 5 пайыз. Өйткені шешімді сала мамандары қабылдайды. Бізге журналистер мен лингвистерді, қоғам қайраткерлерін оқулық сараптауға қосыңдар деген ұсыныс айтылды. Бірақ басы-қасында жүрмей, тек келіп-кетіп пікір берушілер қажет емесін бірден айтамыз. Оқулық жоспарланғаннан бастап, жарық көргенге дейін кәсіби мамандар ғана жұдырықтай жұмылуы керек.