51017
Жаңа оқу жылы: Тамыз конференциясында домбыра курсын енгізу ұсынылды
Жаңа оқу жылы: Тамыз конференциясында домбыра курсын енгізу ұсынылды
Биылғы «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Тамыз конференциясының аясында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Назарбаев зияткерлік мектептері АҚ ұйымдастырған музыка пәні секция жұмысының отырысы өтті.
Секция жұмысында 2021-2022 оқу жылдарында музыка пәні бойынша болатын өзгерістер қызу талқыға түсті. Оның ішінде биылғы 2021-2022 оқу жылындағы басты ерекшеліктің бірі – мектептің таңдауы бойынша, қазақ тілінде оқытатын мектептердің 6-сыныптарында музыка пәні шеңберінде «Домбыра үйрену» курсын аптасына 1 рет жүргізу болып отыр. Әрине, бұл ұлттық жәдігерімізді жас ұрпаққа кеңінен насихаттап дәріптейтін басты жаңалық ретінде халқымыз үшін қуанышты жаңалық. Мектептерде музыка кабинеті, домбыра аспаптары болмаған жағдайда музыка сабағы жаңартылған мазмұндағы Үлгілік оқу бағдарламасы арқылы іске асырылып, жалғаса береді. Алдағы уақытта «Домбыра үйрену» курсының ұлттық құндылықтар негізінде дайындалған жаңа бағдарламасы әзірленуі жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мектептің дайындығына қарай және білім алушылардың қалауы бойынша оқыту тіліне қарамастан барлық мектепке «Домбыра үйрену» курсын вариативтік компоненттің сағаттары есебінен енгізуге де болады. Білім алушылар «Домбыра үйрену» курсында қазақ музыка тарихының көрнекті өкілдері Кетбұға, Боғда, Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Дина Нұрпейісовалармен жалғасын тапқан халық күйшілерінің, әнші-жыршыларының, ХХ-ХХІ ғасырдағы кәсіби күй өнерінің майталмандарының өмір жолдары және шығармашылықтары жайлы мағлұмат алады. Одан кейін ұлттық аспаптық музыканың қазіргі кезеңдегі заманауи даму стилімен танысады. Білім алушылар домбыра аспабын нота сауатынсыз «құйма құлақ» әдісімен үйренеді. Үйретудің басқа да әдістерін ұстаздың шеберлігіне қарай қолдануларына болады. Сыныптағы білім алушылардың музыкалық есту қабілетіне және мүмкіндігіне қарай аспапта үйретілетін туындыны (күй немесе әнді) таңдау ұстаздың еркіне беріледі. Қосымша көмек ретінде үйретуге ұсынылатын туындылар тізімі бағдарламада қарапайымнан күрделіге қарай рет-ретімен көрсетіледі. «Домбыра үйренуге» арналған әдістемелік көмекші құралдардың бірнеше нұсқасы ұсынылады. Курсты музыка пәнінің мұғалімі жүргізеді, мұғалімнің аспаптық біліктілігі сәйкес келмеген жағдайда (баян, фортепиано аспабын меңгергендер) мектептің «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі өткізе алады. Мектеп бағдарламасында үйірме жұмысы қарастырылмаған жағдайда, қосымша білім беру мекемелерінен мамандар тартуға болады. «Мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама деп есептеймін. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану заманында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет. «Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекетіміздің айрықша назарында болады», деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бойынша қасиетті домбырамызды ұлықтаудың алғашқы қадамы жасалды. Домбыраны білім алушыға болашақта шебер күйші-домбырашы болу мақсатында емес, ұлттық құндылықты бойына сіңірген, қазақ музыка тарихы мен мәдениетінен хабардар, өнерге жаны құштар, көркем мінезді, жан-жақты азамат болып ер жетуі үшін үйретуіміз керек. Қолына домбыра ұстап, шертіп көрген бала болашақта күй десе құлағы елеңдеп тұратын нағыз тыңдарман, ұлттық өнердің насихатшысы болары анық. Биыл «Күй анасы – Дина Нұрпейісованың» туғанына 160 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Елорда күнінің мерекелік шарасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылып, күй анасының ғұмырнамасы және барлық күйлері енгізілген жинақтың тұсауы кесілді. Шара барысында халық композиторының шөберелері жас өнерпаздарға 10 домбыра аспабын тарту етті. Алдағы 1 қыркүйек «Білім» күніне орай Дина Нұрпейісованың ұрпақтары әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың талантты ұл-қыздарына 20 домбыра сыйлауды жоспарлап отыр. Ғасырлар қойнауынан асып, ата-бабамыздың көзіндей болып қалған қасиетті домбырамызды ұлықтап, келешек ұрпаққа аманат ету үшін жасалатын осындай игі шаралар еліміздің әр өңірінде кеңірек орын алса, ұлттық құндылығымыздың ұрпақ алдындағы маңызы аса түсері анық.Алтын МАХАНБЕТОВА,
Ы. Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясының
аға ғылыми қызметкері.