396
Қазақстан төрт олимпиада жүлдесінен айрылды
Қазақстан төрт олимпиада жүлдесінен айрылды
Қазақстандық төрт спортшы олимпиада медальдарын қайтаруы тиіс. Халықаралық олимпиада комитеті осындай шешім шығарды.
Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) шешімі бойынша, қазақстандық ауыр атлеттер - Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова Лондондағы 2012 жылғы Ойындарда алған алтын медальдарын қайтаруы керек. Қазақстандық еркін күрес шебері Таймураз Тигиев Бейжіңдегі 2008 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдесінен айрылды. Ойындар кезінде тапсырылған допинг-сынамаларды қайта тексеруден осы спортшылар өтпей қалды.
Допинг қолданды делінген спортшылар тізімінде қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин де бар. Ол - Лондон және Бейжің Олимпиадаларының чемпионы. ХОК-тың хабарлауынша, спортшының Бейжіңде және Лондонда алынған сынамасынан рұқсат етілмеген станозолол препараты табылған.
Бұған дейін басқа да қазақстандық ауыр атлеттер - Бейжіңдегі Олимпиаданың күміс жүлдегері Ирина Некрасова және қола медаль иегері Мария Грабовецкая, Бейжіңдегі Ойындарға қатысушы Владимир Седов және Лондон Олимпиадасына қатысқан Алмас Өтешовтың сынамаларынан допинг іздері табылды. ХОК аталған бес спортшыға қатысты шешімін әлі жариялаған жоқ.