ҰБТ-ға «ұрланып» кіріп ұятқа қалғандар

ҰБТ-ға «ұрланып» кіріп ұятқа қалғандар

ҰБТ-ға «ұрланып» кіріп ұятқа қалғандар
ашық дереккөзі
50289

Биыл оқу жылы аяғында Нұр-Сұлтан қаласында мектеп бітірген төрт түлектің орнына басқа адам кіріп, ҰБТ тапсыруға тырысқан. Олар жарты күн­дік сынақ үшін жалған төлқұжат жасатқан. Олар­дың арасында белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы да бар. Елордадағы ең мақтаулы мектептердің бірін тәмамдап, «Алтын белгі» иегері атанып, ҰБТ-дан 60 балл жинаған түлек неге мұндай заңсыздыққа бар­ды? Аталған оқиға бойынша, жалған құжат жасау фак­тісімен Нұр-Сұлтан қаласының 22 жастағы тұрғыны күдікке ілінді. Күдіктінің үйін тінту кезінде ком­пьютер мен жеке куәлік жасаған аппарат та­былды.

Осы оқиғадан кейін қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Бірі мектепті енді бітірген баланың болашағына алаңдаса, екіншісі өзге азаматтар сабақ алып, аяқ тартып жүретін болады дейді. Үшінші тарап қылмыстық іс тек жалған құжат жасағандарға қозғалып, ал жасатқандар жазасыз қала ма деп алаңдайды. Сала мамандары қоғамның талқысына түсіп, мәселенің көтерілгені дұрыс екенін айтады. Biometric заманауи сәйкестендіру тех­нологиясының барында мұндай әрекеттер тіпті орынсыз көрінеді. Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-тармағы бойынша (Жалған құжаттарды, мөр­табандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қол­дан жасау, дайындау немесе өткiзу) іс қозғаған. Әлі күн­ге дейін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білім беру саласында заңбұзушылық жиі кездесетіні жасырын емес. Алайда елге есімі белгілі азаматтың оқиғасы көп ата-ананы ойландырғаны анық.

«Алтын белгі» сатыла ма?

Келесі жылдан бастап «Алтын белгі» иегерлеріне қойылатын талап күшейеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты: «Алдағы оқу жылынан бастап «Алтын белгіге» үміткерлер үшін талап одан сайын күшейеді. Медальді оңды-солды тарату болмайды. Біз талаптарды кезең-кезеңмен жыл сайын өзгертіп жатырмыз. Биыл енді екінші кезең қамтылады. Екінші кезең дегеніміз, тоқсандық «бес» бағасымен қатар, үміткерлердің 5-11 сынып аралығындағы барлық тоқсандық бағалары да «5» болуы керек деген қағида енгізіледі», – деді. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары «Алтын белгі» иегерлерінің саны күрт өскен. 2019 жылы төсбелгіні 7 349 оқушы иеленсе, 2020 жылы 8 615 түлек қол жеткізген. Биылғы оқу жылын 9 738 мектеп бітіруші «Алтын белгімен» аяқтаған. Мамандар медаль таратудан рекорд орнатқан мектептердегі білім сапасының күмәнді екенін айтады. Қазір «Алтын белгінің» құны арзандап, қадірі қашқаны да құпия емес. Жыл сайын осы марапаттау рәсіміне мемлекет қазынасынан медальді жасаудан бастап, табыстауына дейін миллионға жуық қаражат бөлінетін көрінеді. Жаңбырдан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай арзан атаққа құмартып жүрген жас өскіннің қарасы көп.

Цифрландыру жүйесі жалған дипломның жолын кеспек

Білім саласындағы келеңсіздіктің бірі – жалған дип­лом саудасы. Елімізде жалған дипломмен жұмысқа тұ­рып, заңды айлық алып жүрген қызметкер жетерлік. Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 20-ға жуық жалған дипломды анықтаған. Жалған құжаттарды пайдаланған адамдарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалған диплом 250-500 мың теңгеге сатылады екен. Ал 1 миллион теңге ұстатсаңыз көшірме емес, түпнұс¬қасын да алуға болады екен. Алайда өтіріктің арты абырой төгетінін есте ұстаған жөн. Министрліктің хабар­лауын­ша, тапсырыс берушіні сендіретін басты себеп – барлық құжаттың ресми бланкілерде басылып, нақты түпнұсқа­мен сәйкес келетіні. Дипломдарды тексеру кезінде түпнұсқадан еш айырмасы болмайтынын айтады. ЖОО-ның базасына тіркелмегенде ғана жалған екенін анықтауға болады. Былтыр ақтөбелік 34 мұғалім жалған дип­ломмен сабақ беріп келсе, Қызылордада түрлі са­ладағы 12 маманның дипломы жарамсыз деп та­нылған. Мұн­дай оқиғаларды тізе берсек көп. Шығыс Қазақстан облысының тумасы жарты миллион теңгеге диплом сатып алып, шетелде жұмыс істемекші болып, құжат­тарын өткізгенде шетел университеті жалған дипломды жарамсыз деп таныған. Соңғы оқу жылында диплом саудасының күрт өскенін байқаған мамандар ЖОО түлектеріне дипломды қағаз түрінде де, электронды нұс­қада да бере бастады. 1992 жылдан бастап берілген 2,5 млн диплом цифрландырылды. Жыл сайын дип­ломды растауға қатысты 500 мыңдай өтініш келіп түседі. Біріншіден, дипломды растауға жұмсалатын уақыт пен ресурс үнемделеді. Екіншіден, мемлекеттік үлгідегі жалған дипломдардың айналымы жойылады. Соңғысы жұмыс берушілер жұмысқа орналасуға үміткерлердің біліктілігі туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Одан кейін барлық білім беру ұйымына құжат қабылдау автоматтандырылды. Осындай цифрлы жүйе ғана жалған диплом саудасының жолын кеспек.

Қайыржан ТОКУШЕВ, республикалық Sanaly urpaq жобалық кеңсесінің жетекшісі:

 width=Мектеп директорларының заңсыз әрекеті үш есеге артқан

– Sanaly urpaq жобасы 2018 жыл­дан бері жұмыс істеп ке­леді. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің бас­­­­тамасымен бүгінде еліміздің барлық оқу орын­дары­мен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жобаның мақсаты – білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қа­лыптастыру. 2019 жылы білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. ЭЫДҰ елдерінің үздік прак­тикаларына жақындату мақсатында, бәсекеге қабі­лет­тілікті дамыту және арттыру үшін ғылым салаларын қар­жыландыруды 7 есеге, жоғары білім беруді 2 есеге ұлғайту көзделген еді. Қойылған міндеттерді іске асыру осы саладағы жауапты лауазымды тұлғалардың қызмет­тік міндеттерін адал орындауына байланысты. Алайда, же­келеген лауазымды адамдар өздеріне берілген сенімді пайдаланып, жеке пайда табу мақсатында және мем­лекеттің, қоғамның мүдделеріне қайшы бюджет қара­жатын жымқырады. Статистика мәліметінше, білім беру жүйесіндегі сы­байлас жемқорлық фактілері екі есеге азайған. Былтыр 174-ке жуық заңсыз әрекет тіркелсе, биыл жартыжылдық есебінше 87-ге азайған. Өңірлер бойын­ша білім беру саласындағы қылмыстың ең көп саны Шымкент қаласында – 23 факт, Алматы қаласында – 14, Шығыс Қазақстан облысында – 13 және Түркістан облысында 8 факт анықталған. Биыл білім беру сала­сындағы жергілікті атқарушы органдар бөлімшелерінің басшылары жасаған қылмыстың саны 35 пайызға өскен. Мектеп директорларының заңсыз әрекеттері де был­тырғыдан үш есеге көтерілген. Ағымдағы жылы жалпы білім беретін мектептердің 2 директоры сотталған. Көп жағдайда сыбайлас жемқорлық фактілерін білім беру мекемелерінің басшылары жасайды, олар өздеріне жүк­телген сенімді пайдалана отырып, бюджет қаражатын ұрлаған, өз карталарына ақшаны заңсыз аудару жолымен, жалған жұмысқа орналастыру және мектепке қабылдау, жұмысқа орналастыру, орындалмаған жұмыстарды қабылдау актілеріне қол қою үшін пара алған. Оңтүстік Африканың ежелгі оқу орындарының бірі Стелленбос университетінде «Білімнің құлдырауы – ұлттың күйреуі» деген стенд ілінген. Жалғыз сол елдің білім саласы емес, күллі әлем естен шығармайтын сөз болса керек-ті.

Мейрамгүл НҮСҮПБЕКОВА, педагог:

 width=Білім жүйесіне басқару менеджменті жетіспейді

– Білім саласы ең көп ре­фор­маға ұшыраған дегеннен гөрі реформа жасай алмаған ми­нистрлері жиі ауысқан сала деген дұрыс шығар. Реформа білім саласына керек болды, өйткені білімді адам қа­лыптастырмай, білімді ұрпақ тәрбиелемей, мемлекеттің ілгері дамуы мүмкін емес еді. Менің ойымша, білім саласын басқарған министрлердің жиі ауысуы – мем­лекеттің білім саясатын жүзеге асыру қиындығы. Даму­дың кезеңдерін күтпей, жоспарланған істі аяғына дейін жеткізбей, үстірт қарау – саланы қайта құлдырату. Болон декларациясы ұлттық ерекшелікті енгізбегеннен сынға ұшырады. Білім саласы көп өзгерістен емес, басқару ме­неджменті жетілмегеннен құлдырады. Мектеп бітіруші түлектердің жазығы жоқ, оң-солын танымаған баланы қылмысқа итермелегендер жазасын алуы керек. Біздің де оқушылар дайындық орталықтарына барады, олардың да «басын қатыратындар» сол орталықтан табылады. Бала еліктейді, соңы не боларын болжай бермейді. Өйткені оның арты ақшаға келіп тіреледі. «Ақ­шаңды төледім, нәтижесі қане?!» деп ата-ана төлеген ақшасын бұлдап, баланың жүйкесін шаршатады. Бала тезірек нәтиже көрсеткісі келеді. Жыл бойғы «еңбегінің» төмен болғанын қаламайды, алдауға тез көнеді. Заң алдында бала өз әрекетіне, үлкен өз әрекетіне жауап бергені дұрыс. Бірақ алданған бала мен алдағандардың арасын айыра білу керек.  Білім берудің көлеңкелі тұсын қоғам қасіретіне бағалауға болады. «Адалдақ алаңы», «Ан­тикор», «Жемқорлықпен күрес комитеттері» секілді қоғамдық ұйымдар бар. Бірінен кейін бірі тексерсе де жемқорлық тыйылмай отыр. «Алтын белгі» – баланың он бір жыл оқыған еңбегінің жемісі. Оны саудаға салмай, біліміне қарай беру керек. Білім және ғылым министрі қо­ғамдағы сондай кемшілікті жою үшін белсенді мұ­ғалімдердің тобымен кеңес өткізіп отырады. Қор­даланған мәселені кең отырып талдап, бірлесе шешім шы­ғарады. Соңғы жылдардағы осы үрдіс оң нәтиже беріп, талай жемқордың, сыбайластардың аяғына тұсау салынып жүргені қуантады.

Ержан МЫРЗАБАЕВ, психолог:

 width=Ата-ана баланың жетістігін отбасы имиджі деп түсінеді

– Бала психологиялық тұрғыдан заңсыз әрекет істеуге қорқатындықтан, үйіндегі ата-анасы, жақындары ғана ықпал етеді. Өйткені оқушы ең жақын, сенімді деген адамдардың ғана сөзін тыңдайды. Қазір үлкен өмірді мектептен кейінгі өмір деп шатастыратындар бар. Мектеп бітіргеннен кейін де оқушылық өмірі университет бітіргенше жалғаса береді. Өйткені бала әлі білім алушы, әрі ата-ананың қамқорлығында. Жұмыс істеп, өзінің өміріне жауапкершілік алып, қаржылай тәуелсіз болғанда ғана үлкен өмір басталады. Баласы ержеткен ата-ананың ең бірінші шаруасы – баланың өз-өзіне сенімділігін арт­тыру. Өзін-өзі бағалауды дұрыс қалыптастыруы керек. Өзінде жоқ дүниелермен мақтануға да жол берілмеуі керек. Қазір баласының «Алтын белгі» алуы, ҰБТ-дан жоғары балл жинауы отбасының имиджіне айналды. Жалпы отбасының беделі үшін баланы пайдалану қате тірлік. Ол әулеттің абыройын асқақтатып, беделін көтеретін феномен емес. «Менен туған бала ғана «Алтын белгі» алады» деп айту – өз балаңның табиғи болмысын қабылдамау. Мұны көп ата-ана мойындамаса да сөзі мен әрекеті айғақ.

Серіктес жаңалықтары