50349
Қарашаңыраққа қарап бой түзейді
Қарашаңыраққа қарап бой түзейді
Еліміздің ғылым-білім саласына орасан зор үлес қосып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Отанымыздан тыс жерлерге де белгілі аса ірі білім ордасы. Осыдан сексен жеті жыл бұрын ашылып, содан бері қазақ білімі мен ғылымына мол үлес қосып келе жатқан университеттің түлектері Қазақстанның барлық саласында табысты еңбек етіп, қазақ елінің дамуына зор пайдасын тигізіп жатқаны белгілі.
Қазақтың талай тұлғалы азаматтары басқарған ҚазҰУ-ды биыл ақпан айынан бастап филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев басқарып келеді. Еңбек жолын осы университеттен бастаған Жансейіт Қансейітұлы – бірнеше елде елшілік қызмет атқарған, облыстарды басқарған, Білім және ғылым министрі болған, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары лауазымында табысты еңбек еткен азамат.
Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең негізгі жоғары оқу орны ретінде өзге ЖОО-ларға үлгі боларлық білім ордасы. Алайда оны басқаруға Ж.Түймебаев келгенше жұртшылық тарапынан ҚазҰУ-дың сынға ұшыраған кезі аз болмады. Енді сол кеткен кемшіліктердің бәрінің орнын толтырып, университетті жаңа деңгейге көтеруге жаңа ректор шындап кірісіп жатыр.
Әрине, белгілі бір оқу ордасын басқарған адам соның көркеюіне, дамуына тікелей жауапты, десек те ол үдеден ҚазҰУ-ды басқарғандардың бәрі шыға бермегені анық. Әйтпесе, Жансейіт Түймебаев басқаруға келгенше Ұлттық университетте бүгінде жоюға тура келіп жатқан кемшіліктер болмас еді ғой.
Еліміздің оқу орындарында әлі күнге толық шешімін таппаған басты мәселенің бірі − студенттерге арналған жатақхана мәселесі. Бұл проблема ҚазҰУ-де де бар. Қазір соны шешу жолында қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, биылғы оқу жылында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаңа оқу жылында заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткен оқу ғимараттары мен жатақханаларды пайдалануға бермек. Сондықтан ректор күн сайын құрылыс барысымен танысып, әлі де қалпына келтіру жұмысы аяқталмаған нысандарды жоспарға сәйкес аяқтау үшін бәрін өзі тікелей бақылап отыр. Жөндеу барысында тек сапалы құрылыс материалдары қолданылып, ректор тапсырмасымен жаңа оқу жылында студенттерді қабылдауға дайын болу үшін құрылысшылар саны көбейтілген.
Шынын айту керек, ҚазҰУ-дың кейбір жатақханаларына 15-20 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Едендегі линолеумдардың тозығы жетіп, сантехникалық жүйелердің көбі істен шыққан. Сондықтан алдағы екі жылда барлық жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Яғни, жатақханалардың қабырғасын қалдырып есік-терезе, құбыр жүйелері, шатыры бәрі ауыстырылып, жаңадан жасалатын болады.
Бүгінге дейін университет аумағында орналасқан 14 жатақхана студенттердің қоныстануына әзірленіп, студенттер игілігіне ұсынылды. Оның ішінде №6 Студенттер үйіндегі жөндеу жұмыстары бітуге жақын, №4 және №7 жатақханалардағы күрделі жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасып, қазан айында студенттерге берілуі тиіс. Ал өзге жатақханалар студенттерді қабылдауға дайын.
Бұдан басқа университеттің үш оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттардың есік, терезелері және едені толығымен ауыстырылып, бұрынғы тозығы жеткен линолеум төсеніштердің орнына қазір сапалы жаңа ламинаттар төселіп, аудиториялар жаңа үлгідегі заманауи дизайнмен әрленіп, безендіріліп жатыр. Ал Масанчи көшесінде Философия және саясаттану факультеті, колледж және оқу ордасының лицейі орналасқан төртінші оқу ғимаратына да косметикалық жөндеу жұмыстары жасалып, студенттерді қабылдауға сақадай сай тұр. Сонымен бірге Саин көшесінің бойындағы Біліктілікті арттыру институтының жатақханасындағы жұмыстар да аяқталып, жаңа оқу жылына дайын болды.
Тамыз айының соңына жақын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Túrkistan халықаралық газетінің бас редакторы Қуат Әуесбаймен кездескен кезінде өзі басқарып отырған университеттегі болып жатқан жаңалық-өзгерістер туралы былай деген еді:
− Соңғы жарты жыл көлемінде ҚазҰУ-де біраз оң өзгерістер болды. Жылдағыға қарағанда біздің университеттен мемлекеттік грант алуға үміткерлердің саны үш еседен асты. Ал магистратураға қабылданғандар саны 1 598 адамға жетті. Бұл да бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір артық. Сондай-ақ биыл шетелдік азаматтар мен докторантураны қоспағанда, университетімізге 6 440 студент оқуға қабылданды. Оның ішінде орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген 737 озат оқушы біздің студентіміз болды.
Сапалы білім беру үшін университет оқытушылар мен қызметкерлерінің жалақысын көтермей болмайды. Бұл мәселе де бізде шешімін тауып жатыр. Мәселен, осы жылдың наурыз айында еңбекақыны 20 пайызға көтердік. Сондықтан жаңа оқу жылында оқытушы – 200 мың теңге, аға оқытушы – 280 мың теңге, доцент – 330 мың теңге, профессор 500 мың теңге жалақы алатын болады. Бұдан басқа философия докторы (PhD), ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежесі, біліктілік деңгейі үшін де қосымша ақы төленеді.
Қазақ ұлттық университетінің ұжымы бүкіл ел және әлем бойынша университеттің одан әрі дамуының стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асыру бойынша жұмыс атқаратын болады. Себебі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 200 үздік университтер рейтингінде 165-орында көтерілген еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны.
Қазір ҚазҰУ-да 533 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.
Пандемияға байланысты ҚазҰУ санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау мақсатында оқу ғимараттарына, жатақханаларға, кітапханаға, университет ғимараттарына кіру үшін QR кодтары орнатылған Ashyq жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осыған орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атаулы мерекені өз дәрежесінде атап өту үшін негізгі іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Соған сәйкес, университетте тәуелсіздік тарихына және Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы сіңірген еңбегіне арналған шаралар өтті. Кампуста Елбасы саябағы, Ғалымдар бағы, Ағаштар аллеясы ашылып, 1 000-ға жуық көшет отырғызылды.
ҚазҰУ басшысы бұдан әрі қоғамдағы ауызбірлік пен елді өркендету жолында қазақ баспасөзінің рөлі жайында өз ойларын айтты. «Баспасөз қашанда елді тәрбиелейтін, халықтың болашағы үшін қызмет ететін сала ғой. Ол қоғамға ненің жетіспей жатқанын, қандай кемшіліктер кетіп жатқанын ашып айтып, соны шешу жолдарын іздеуге жұмылдыратын күш қой. Сондықтан қазақ баспасөзі өзінің ежелгі қасиеті – ағартушылық қасиетінен айырылмауы керек», – деді Жансейіт Түймебаев.
Иә, Әл-Фарабидей әлемге аты танымал данышпанның есімін иемденген еліміздегі іргелі оқу орны қай жағынан да алда болғаны дұрыс. Өзгелер жетістігіне қарап бой түзейтін оқу ордасының жаңалықтары көңіл қуантарлық.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ