50496
Самал Смаханқызы: Елден бөлек, қоғамнан оқшау болғым келмейді
Самал Смаханқызы: Елден бөлек, қоғамнан оқшау болғым келмейді
Самал Смаханқызының есімі әлеуметтік желіде жақсы таныс. TikTok желісіне жариялаған видеосы миллионнан көп рет қаралыпты. Бала күнінде екі аяғынан айырылып, протезге тәуелді болып қалған бойжеткеннің арманы асқақ. Самалмен қоғамдағы ерекше жандардың мұң-мұқтажын талқылап, олардың әл-ахуалы төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Самал, жақында жаңа жұмысқа орналасқаныңызды білеміз. Жалпы, елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдардың жұмысқа орналасу деңгейі қалай? Өзіңіз де біраз уақыт мамандық бойынша жұмыс таба алмапсыз?
– Жаңа жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қызметім – SMM маманы. Негізгі мамандығым – журналистика. Жұмыстағы адамдармен де қарым-қатынасым жақсы. Компанияның Instagram парақшасы мен сайтын жүргіземін. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуын жақсы немесе жаман деп айта алмаймын. Өзім де жұмыс іздеген кезде мүгедектігім туралы айтып, анықтаманы көрсеткен емеспін. Жұмысқа орналасатын кезде біраз қиындық болды. Бірақ халыққа қызмет көрсету орталықтарында түрлі деңгейде ерекшелігі бар қызметкерлерді көрдім. Демек, жұмысқа орналасуға болады деген сөз.
– Бір сөзіңізде «әр ата-ана мүмкіндігі шектеулі баласын менің ата-анамның ұстанымымен тәрбиелесе» депсіз. Отбасыңыз, ата-анаңыз туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Отбасымда анам мен төрт ағам бар. Әкем өмір бойы көлік жүргізушісі болды. Кейін шағын кәсібін дөңгелетіп, кәсіпкер атанды. Анам еш алаңсыз бес баланы тәрбиелеп, үй шаруасымен айналысты. Өйткені әкем біздің барлық жағдайымызды жасады. Осыдан алты жыл бұрын әкем дүниеден өтті. Тұрмысы жақсы отбасында дүниеге келіп, ешқандай таршылық пен жоқшылық көрмедім. Қатарластарымның алды болып өстім. Әкем тапқанының бәрін маған жұмсаған. Ана тілімізде сөйлеп, ұят деген ұғымды санаға сіңдіріп, тәрбие алып өстім. 8-сыныпқа дейін әкем айтқан ертегімен ұйықтадым. Түнгі 3-те балмұздақ жегім келсе, ауылдағы дүкеннің сатушысын оятып, маған балмұздақ әкеліп беретін. Әкем мен төрт ағамнан тек жақсы пікір естіп өстім. Үйден жылылық көрмеген қыз баласы сырттан көмек күтеді. Қыз баланың тәрбиесінде әкенің рөлі өте зор. Қазір маған ер адам тарапынан жақсы сөз айтылса, мен оған қуанбаймын. Жай ғана рақмет айтып, бас изеймін. Өйткені әкем мен ағаларымнан түрлі мақтау мен мадақты естіп өскенмін.
– Бойыңыздағы ерекшелігіңізді көпке дейін жасыруға қоғамдық комплекс себеп болды ма? Қазір тағдырға мойынсұнып, сол болған оқиға туралы айтып беруге дайынсыз ба?
– Қоғамдық комплекс себеп болды деп айта алмаймын. Өйткені менде өзін-өзі жақсы көру, бағалау сезімі жақсы дамыған. 23 жыл бойы дене бітімімдегі ерекшеліктен ұялған емеспін. Ата-анам мені өз бағамды білетін адам етіп тәрбиеледі. Бұл қыз бала үшін ауадай қажет тәрбиенің бөлшегі еді. Қыз бала өзін бағалай білуі керек. Менің әкем: «Қазақстанда қанша қыз бар, бірақ ең әдемісі – менің қызым. Менің қызыма ханзададан басқа ешкім тең емес», – деп мені жігерлендіретін. Алғаш протезді де әкем кигізіп, жетектеп жүргізіп үйреткен. Сабақтан «үштік» баға алып келсем, менің көңіл күйімнің түспеуін қадағалап, маңдайымнан сүйіп отыратын. Менің дене бітімімдегі ерекшелікті жіпке тізсем, оның мәні неде?! Ес білгелі өзімді «ерекше адамдардың» қатарына қосқан емеспін. Әкем де «Біздің үйде мүгедек бала тұрмайды» деп отыратын. Толыққанды адам қатарына қосылуыма осы сөз жетіп жатыр еді. Бірде әкем: «Ақсаңдағаның – мүгедектігіңді мойындағаның» дейтін. Көшеде балаларды көрсетіп: «Сен мына балалардың аяғын көріп тұрсың ба?», – дейтін. «Иә» десем: «Олардың бәрінің аяғы бірдей, ал сенікі басқаша, демек сен өзгешесің», – деп үйретті. Үйге қонақ келсе, дереу менің аяғымды кигізіп қоятын. Ешқашан аянышты етіп, жарты аяғымды көрсеткен емес. Содан болар, мүлдем мүгедектік туралы ойламадым. Әкем мен анамның тәрбиесінің арқасында мүгедектігімді мойындамай бойжеттім десем болады. Сау адамдардан түк те айырмашылығым болмағандықтан, айналамның дені протез киетінімді білмеді. Бір күні көп жылдан бері жасырған құпиямен бөлісетін кездің жеткенін сездім. Себебі мүгедектігі бар тұлғаларға деген қоғамның көзқарасы өзгеше екен. Мүгедек адамның өзінде ұялшақ қасиет басым болады. Мен олармен бір толқында өмір сүретін болғандықтан, психикалық жай-күйін өте жақсы білемін. Осыдан кейін аяғымды толық көрсету туралы батыл қадамға бардым. Жаныма екі құрбымды ертіп алып, фотосессия жасадық. Әлеуметтік желіге салатын видео әзірледік. 18 миллион халықтың талқысына салуға рұқсат етіп, темір аяқпен биледім. Аяғымнан айырылу оқиғасын баяндауға дайынмын, уақыты келгенде айтып беремін.
– Ерекше қажеттілігі бар тұлғалармен қаншалықты жиі араласасыз? Олардың мәселелерімен таныссыз ба?
– Мені елең еткізген тіркес ерекше қажеттілігі бар тұлғалар сөзі болды. Біздің құлағымыз «мүмкіндігі шектеулі жандар» деген сөзге үйреніп қалыпты. Мүмкіндігі шектеулі адам қоғамға шексіз мүмкіндікті қалай береді? Сонда он екі мүшесі сау адамның мүмкіндігі шексіз де, мүгедектің мүмкіндігі шектеулі ме?! Олай ойлау – қате. Шектеулі мүмкіндік – адамның миында. Айналамда өте көп араласатын адамдар бар. Олармен байланысым үзілген емес. Жыл сайын протезбен қамтамасыз ететін орталыққа барып, протезді жаңартып отырамын. Сол кезде біраз адамдармен танысып, әңгімелесеміз. Түрлі тағдыр иесі бар. Бір байқағаным, оларда қорқыныш бар. Көзіңіздің қиығымен қарағаннан-ақ ол адам мазасызданып, тыпыршып кетеді. Өзінен-өзі қуыстанып қалады. мүгедектігі бар барлық тұлғаның басындағы бір-ақ қорқыныш бар: ол – қоғам бізді қабылдамайды деп қорқуы. Мүгедектердің әлемі бөлек деп ойлайды. Адамдар екіге бөлінеді: қарапайым және ерекше. Артық бөліністің қажеті жоқ.
– Әлеуметтік желі арқылы көпшілікке танылдыңыз. Өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?
– Қоғам мүгедектерді 100 пайыз қабылдамайтынын көрсетті. Бұған менің көңілім толмайды. Бұл істі бастаған соң, аяғына дейін жеткізгім келеді. Ерекше адамдарды қоғамға араластыруға ниеттімін. Олармен қалай сөйлесіп, қандай қарым-қатынас орнату керегін түсіндіргім келеді. Ерекше адамдар мен қарапайым адамдардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ екеніне қоғамның көзін жеткізгім келеді. Танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген сияқты халыққа берері бар азаматпен танысып, әріптес болдым. Басқа қызметкерлерге жұмыс барысында қандай ескерту айтса, маған да кемшін тұсымды айтып, бағыт-бағдар берді. Жақсы жалақы тағайындап, тұрақты ем алуыма да жағдай жасады. Бұл – қоғам көзқарасының өзгергенінің кішкентай көрінісі. Тағы бір жақсы жаңалығым бар. Алматы облысы Талғар қаласында «Медикер» деген протез орталығы бар. Сол жерде өзіме арнап екі түрлі протез жасалынып жатыр. Бірі – тауға шыққанда киетін спорттық протез болса, екіншісі – биік өкшелі аяқ киімге арналған протез. Спорттық протезбен емін-еркін секіріп, жүгіруге болатынын естігенде қатты қуандым. Үш ұйықтасам да түсіме кірмепті, протезбен туфли киемін деген ой. Жалпы, еліміздің медицинасының дамығанын да көруге болады. Мүгедектігі бар тұлғалардың неге мұқтаж екенін ескеріп, отандық өнім етіп шығарып жатқандары қуантты.
– Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
– Анамның жиі айтатын сөзі бар еді. «Барлық қиындықтың соңы бақытты сәтпен аяқталады» деген. Мүмкіндігі шектеулі тағдырластарым мені көріп, «Мына қызды қоғам қабылдады қой, демек мені де қабылдайды», – деп соңымнан еретіндеріне сенемін. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға айтарым, баланы қоғам назарынан таса қылмаңыз! Оны басқа балалардан бөліп немесе тастап кетпеңіз. Баласын ата-ана қабылдағаннан кейін барып, қоғам қабылдайды. Арманым өте көп. Соның бірі – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға жәрдемдесу. Жыл сайын менің арқамда бір бала шет елде ем алып, денсаулығын жақсартса – менің арманымның орындалғаны. БАҚ беттерінде мүгедектерді де сау адам сияқты қабылдау керегін көбірек насихаттаса деймін. Сонда ғана қоғамнан шеттетілмей, толыққанды адам екенін сезіп, өмір сүруге құштарлығы оянар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА