Әбдібек Қалибек: Жапонияда құрттың суынан 16 түрлі пайдалы қоспасы бар дәрі әзірледім

Әбдібек Қалибек: Жапонияда құрттың суынан 16 түрлі пайдалы қоспасы бар дәрі әзірледім

Әбдібек Қалибек: Жапонияда құрттың суынан 16 түрлі пайдалы қоспасы бар дәрі әзірледім
ашық дереккөзі
51112

Әбдібек Қалибек Жапонияда теңдесі жоқ қондырғылармен жабдықталған орталық ауруханада қызмет етеді. Қытайдың Үрімші қаласында туып-өскен ол сүттен жасалатын ұлттық тағам – құрттың суынан дәрі әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта Жапонияда жиған-терген тәжірибесін Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін ілгерілетуге қолданғысы келеді. Қазақ медицинасының тарихын зерттеп, әдеп-ғұрыптарымыздың медицинамен байланысы бар екенін алға тартып жүрген Әбдібекпен хабарласып, сұхбаттасқан едік.

–Қытайда медицина университетін бі­тірген соң, бірден Токиоға келдіңіз бе?

– Жоқ, Қытайда бір жыл дәрігер болып жұ­мыс істедім. Негізі, өзім Үрімші шаһа­ры­ның тумасымын. Шыңжаң медициналық уни­верситетінде клиникалық медицина ма­мандығы бойынша білім алдым. 2004 жы­лы Жапониядағы белді оқу орын­дары­ның бірі – Juntendo университетінің ма­гист­ратура бөліміне, кейін докторан­тура­сына түстім. Әрі университет, әрі клиника са­налатын бұл мекемеге алғашында жәр­дем­ші болып жұмысқа тұрған едім, қазір осын­да көмекші профессор болып жұмыс іс­теймін.

– Дәрігерліктен бөлек, жеке кә­сіп­пен айналысады екенсіз. Кәсібіңіз де ме­дицинамен байланысты ма?

– Иә, кәсібім медициналық туризммен бай­ланысты. Жалпы, науқас адам Жа­по­ния­ға келмес бұрын көп ақпараттан хабардар болуы керек, жапон тілін білуі керек. Ең маңыз­дысы, медициналық виза алуы қажет. Оны әуежайдан қонақүйге алып келіп, со­сын ауруханаға жол көрсетіп жүретін бір адам қажет. Біздің компания осындай қыз­мет түрлерін ұсынады. Жапонияға келіп, бір айға дейін сабылып, ауруханаға кіре ал­май, қаражаты болса да, жөнді сервис ала ал­май жүрген науқастардың жайын көріп, 2013 жылы осы кәсіпті қолға алған бола­тын­мын. Десек те бұл кәсіп Жапонияда он­ша дами қоймаған. Байқауымша, жапон­дық­тардың медициналық туризмді қол­дауға «зауқы» жоқ, кедергі де көп. Жа­по­ния Түркия, Германия дәрігерлері секілді «Бізге тезірек келіңіз. Ақшаңыз болса кез кел­ген ауру-сырқауды емдеп береміз» дей­тін ел емес. Барлығы сақтандыру қағазын қол­данады, емдеу процесі қатаң жүргізіледі, бар­лығы қауіпсіз әрі ұсынатын қызмет түр­лерінің де сапасы жоғары. Сол себептен де Жапония медицинасы әлем бойынша бірін­ші орында тұр. Бізге көбіне Қытай, Вьетнам, Оң­түстік Корея, Мексика, Үндістан елінің аза­маттары жүгінеді. Ал Қазақстан аза­мат­тары Жапониядағы Қазақстан елшілігі ар­қы­лы маған байланысқа шығады, бірақ олар­ға компания арқылы қызмет түрін ұсын­баймын. Осында келген қазақтарды жа­ныма жақын тартып, барлығын өзім тү­сін­діріп беремін. Сондай-ақ, оларға гума­нитарлық көмек көрсетемін. Опық жеп қал­масын, екі есе шығынданбасын деп, тиім­ді жол тауып беремін. Қазақтар бірінші күні таныс болғанымен, екінші күні бір-біріне аға-бауыр болып кетеді ғой. Сосын үшінші рет кездескенде ерекше қарсы алып, үйге қонаққа шақырып, жақын араласып кетеміз. Сол себепті осында ем-дом алуға кел­ген қазақтарға ішіміз жылып тұрады. Та­ғы бір айта кетерлігі, біз дәрі-дәрмек жа­сап, оны Қазақстанға экспорттаймыз. Он жыл бойы клиникалық тесттер жасап, өзім ой­лап тапқан үш түрлі биоқоспам бар. Осы жыл­дың соңына дейін лицензия алсам, ал­дымен Жапонияға сатылымға қоямыз, с­о­сын «Қазақстанға арналған» деп жазып, ел­ге жібереміз. Дәрі-дәрмек жасауға рұқсат беретін лицензиядан бөлек, медициналық ап­парат сатуға лицензиямыз тағы бар.  width= – Қазір қандай дәрі әзірлеп жа­тыр­сыз?

– Мен ойлап тапқан биоқоспаның бірі адам­ның иммунитетін көтеріп, қартаюдың ал­дын алып, ішек құрылысының жұмысын рет­тейді. Сосын өзіміздің ұлттық таға­мы­мыз құрттың сары суынан бір биоқоспа жа­сап жатырмын. Оны «Фузилакс» деп ата­дым. Өнімді әрі атауын патенттеп алдым. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді, сосын оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп. Олар әдетте бұлшықетін қатайту үшін кө­біне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суы­ның да сондай қасиеті бар. Бұл қоспаның ішінд­е он алты түрлі құрам бар.

– Сонда құрттың суына он алты түр­лі қоспа қосасыз ба?

– Жоқ, құрттың суын зерттеп көрсеңіз, іші­нен он түрлі құрам табасыз. Соған өзім әзір­леген алты түрлі қоспаны қостым. Бұл дә­ріні әзірлеп жатқанымызға бес жыл бол­ды. Жапонияда бір дәрі жасап шығару үшін кем дегенде төрт-бес жыл уақыт кетеді. Бұйырс­а, осы жылдың соңына дейін үш түрлі өнімді әзірлеп шығармақ ойымыз бар.

– Апа-жеңгелеріміздің құрттың сол сары суын көбіне сыртқа төгетінін кө­ре­тінбіз. Алайда сол сары судың ден­сау­лыққа пайдасы бар екені ойға да келмепті...

– Мен бұл сары судың пайдасы бар еке­нін қазақтың медицина тарихын зерттей келе түсіндім. Қазақ медицинасының тари­хын ақтарсаңыз, таңдай қақтыратын де­ректер жетерлік. Ата-бабаларымыз жаугер­ші­лік заманда жамбасы я белі сынған жауын­герлерді емдеу үшін дәрілерді қалай жа­сап шығарғанын оқысаңыз, таңғаласыз. Қа­зақтың әдет-ғұрыптарын да зерттесеңіз, ме­дицинаға қатысы бар көптеген ілік та­басыз. Мысалы, жеті атаға дейін қыз алыс­пау дәстүрін зерттеп, ол туралы ғылыми түрде мақала жазсаңыз, генетика әлеміне енесіз. «Туыс» генетика бір-бірімен қосылса, бала кемтар болып тууы мүмкін, тіпті денсаулығында ақау болмаса да, өсе келе ауру­шаң болуы ықтимал. Бала кезімізден үлкендеріміз «Туысқандардан қыз алуға болмайды. Осыны ұғынып алыңдар» деп миымызға құйып, санамызға сіңіріп тас­таған ғой. Бастапқыда бұған үстіртін қара­ға­нымызбен, есейе келе бұл дәстүрдің ме­дицина тұрғысынан пайдалы екенін тү­сіндік. Тарихты ақтара берсек, дертке дауа, ауруға ем болатын көп нәрсені табуға болады. Мысалы, жылқының майының зор пайдасы бар. Біздің қыз-келіншектер Оңтүстік Кореяда әзірленетін косметикаға тап­сырыс беріп, қала берді, сауда ор­та­лық­тарында таласып, сатып алып жатады. Солар жылқы майының корейлердің кос­метикасынан да асып түсетінін білсе ғой, шіркін. Жылқының майын бетіңізге жақ­саңыз, аллергия болмайды, әжім түспейді, қара дақ қалмайды. Сиыр мен қойдың майын жей берсеңіз, холестерин көтеріледі, та­мырыңызға зиян келеді. Әсіресе, етке жа­бысып тұрған майдың бел ауруларын, омырт­қа жарығын емдеуде пайдасы зор. Жыл­қы майының сүйекті жұмсартып жі­беретіндей қасиеті бар. Сосын түйе жүнінің де пайдасы зор, ол инфекцияны тарат­пай­ды, ісікті қайтарады. Бұрынырақта ата­ларымыз түйе жүнін жылы суға салып, оған тұз қосып, жібіткен. Сосын оны науқастың сын­ған сүйегінің үстіне басып, гипс секілді қол­данған. Сондай-ақ, аталарымыз тауық жұ­мыртқасын да гипс ретінде қолданған. Жұ­мыртқаның сарысын орамалға құйып, сын­ған жерге басқан.  width= – Сіз мұның барлығын арнайы зерт­те­ді­ңіз бе әлде бала кезіңізден ата-анаңыз­дың айт­қандарына құлақ түр­гендіктен жадыңызда жатталып қалды ма?

– Бала кезде көп нәрсені байыбына ба­рып түсіне бермейміз ғой. «Құрттың суы не­сі тағы?», «Қойшы, осының да емдік қа­сие­ті бар ма?» дейміз. Шыны керек, қа­зақ­тың тағамдарын жегіміз келмей, ауылдан әзір­леп әкелген сусындарды менсінбейтін едік қой. Бірақ, өмір көп нәрсеге үйретті. Ме­дициналық білім алып, Токиода түрлі экс­перименттер жүргізген кезде іздегеніміз мұр­нымыздың астында тұрғанын көрсетті. Қа­зақтың салт-дәстүрі медицинаға тікелей бай­ланысы бар екенін енді біліп жатырмыз. Айта берсек, құнды мәліметтер көп, бірақ құр сөзбен қуырдақ қуырғанша, дәлел келтіруіміз керек. Орыстар, америкалықтар, жапондардың алдына рецептерімізді жайып салып, «Міне, бізде мынадай дәрі бар. Мынау мына тағамнан алынған. Анау жыл­қының майынан жасалған. Біздің ме­дицина әлемінде ашқан жаңалығымыз осы!» деп, нақты дәлелдерді ортаға алып шығуымыз керек. Қарап отырсақ, мұның барлығы тәрбиемен келеді екен ғой. Мысалы, қазақтар жаңа туған сәбиге қой­дың майын жағады. Үлкендерден мұны не үшін жағатынын сұрасақ, баланың аяқ-қол буындары босасын, әйтсін, бүйтсін деген деректерді ғана айтады бізге. Ал бірақ тағы сол қазақ медицина тарихына үңілсеңіз, мұның мәні басқада жатыр. Сәби дүниеге келген соң, көп нәрсеге төтеп беруі керек екені айтпаса да түсінікті. Аталарымыз көшіп-қонып жүргенде киіз үйде жатқан ба­лаға құрт-құмырсқа жоламасын деп қой­дың майын жаққан. Қойдың майының иісі жаман екенін білесіз. Сол иіс арқылы ата-бабамыз нәрестені көп нәрседен қорғаған. Сондай-ақ, ол майды вирус, бактерия жұқ­тырмау мақсатында да қолданған. Сек­сеуіл­ден жасалған қара сабынды да дәрі ретінде қолданған. Коронавирус кімдерге жұғады? Бала кезінен иммунитетіне дұрыс көңіл бөлінбеген, генетикалық әлсіздігі бар адамдарға жұғады. Сосын тәжірибе көр­сеткендей, диабетпен ауыратын, семіздікке шалдыққан адамдар вирусқа төтеп бере алмай жатыр. «Коронавирус жұқтырмау үшін иммунитетіңізді көтеріңіз» дегенді жиі естиміз. Бірақ иммунитет бір-екі күнде көтеріле салмайды ғой, ол туа сала денеміз­ге қойдың майын жаққаннан, тіпті ауылда балалармен бірге ойнап жүріп, арасында қатық тұрған дорбаның сыртын тілмен жа­лағаннан бастап көтеріледі. Жалпы, ор­ганизм жасартуда ішек-қарынның рөлі ора­сан. Ішек-қарын дұрыс жұмыс істемесе, адам тез қартаяды. Біле білсеңіз, ішек-қарын­ның да жасы болады. Сол адамның қан­ша уақыт өмір сүретінін «белгілейді». Ал сол ішек-қарынның жұмысын жақ­сар­татын – осы сарысу. Өзім қалада өскен қазақпын, десек те каникул кезінде ауылға жиі баратынмын. Сол кезде апаларымыздың құрт жасаған кезде жиналған сары суды кіш­кентай балалар мен келіндеріне ішкі­зе­тінін үнемі көретінмін. Кейде сіз айтқандай құртын ғана алып, суын жерге төге салады. Бірақ дәрігер ретінде сізге айтайын, бұл сары судың пайдасы зор. Алдағы уақытта елдегі көпшіліктің бұған көзі жетеді деп ойлаймын.  width= – Қазақстанға жиі келіп тұра­ты­ныңызды айттыңыз. Қытай медици­на­сы­мен таныссыз. Қазір Жапония меди­ци­насының сапасын арттыруға атса­лы­сып жүрсіз. Ал Қазақстан меди­ци­на­сының хал-ахуалын қалай баға­лай­сыз?

– Елде өз ісінің білгірі саналатын мық­ты дәрігерлер бар екеніне көзім жетті. Олар­дың кәбіи деңгейін көріп таңғалдым. Бірақ мені толғандыратын бір мәселе бар – бізде медицина жүйесі дұрыс жолға қойыл­­­­­маған. Мықты мамандар жетерлік, бі­рақ жұмыс сапасын арттыру үшін кемел­денген жүйе керек. Байқап қарасам, елде Кеңес Одағынан қалған жүйемен жұмыс іс­тейді екен. Оған қоса, дәрігерлердің жала­қы­сы аз, аппараттар да жеткіліксіз. Жүйені өз­гертпесе, мықты мамандарымыздан айы­рылып қалу қаупі бар. Дәрігерлер жыл сайын Америкаға барып, біліктілік арт­тырып келсе де, медицинаға деген жалпы көз­қарас өзгермей, сапа көтерілмейді. Әлем жұртшылығы медицинасын мойындаған елдердің тәжірибесіне сүйеніп отырып, Қазақстан медицинасына реформа жүргізу керек. Мысалы, Жапонияда дәрігерлердің жалақысы жоғары. Дәрі-дәрмектің барлығы мемлекеттің қатаң бақылауында. Қулық жасап, артық дәрі-дәрмек алып қалу деген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, Жапония дәрі­ханаларында дәрігердің рұқсаты болмаса дәрі берілмейді. Ал Қазақстандағы фармацевтер ел сұраған нәрсенің барлығын бере береді екен. «Осыны ішсем жазыла­мын» деп, өз бетінше тон пішіп, денесін дәрімен улай берсе, күннің бір күнінде ол адамның денсаулығында кінәрат пайда болады ғой. Дегенмен, Қазақстан – даму үстін­дегі мемлекет. Билік басындағылар дамыған елдерден қалыспай, терезесін тең ету үшін тырмысып, әлемдік аренада өзін мойындатуға барын салып жатыр. Құдайға шүкір, қазір қазақ тілінің де мәртебесі жо­ғарылап жатыр. 2000 жылдары Алматыға барғанымда қазақша сөйлей алмайтын адам­дардың қарасы көп болатын. Соңғы рет барғанымда қонақүйде қызмет ететін, үне­мі орысша сөйлейтін қыздардың «Қа­зақша сөйлей беріңіз» дегенін естіп, қуанып қалдым. Шетте жүрсек те, Қазақстанның бірте-бірте дамып жатқанын байқап, ба­қы­лап жүрміз.

– Әңгімеңіздің ауанын байқап қа­ра­сам, елге келіп жұмыс істеуге ықы­­­ласыңыз бар секілді?

– Әлбетте, елге барып жұмыс істегім ке­леді. Бірақ тарихи Отанға дәрігер ретінде емес, елдегі медицина жүйесін өзгертетін бі­лік­ті маман ретінде барып, еңбек еткім ке­леді. Барған кезде менің сөзімді еститін «құ­лақ» болса деймін. Осы салада жинаған жиыр­ма жыл тәжірибеме сүйеніп, Қа­зақ­стан медицинасын ілгерілетуге мүм­кін­дік берсе екен деймін. Жапонияда жұмыс іс­теген жылдар ішінде жақсы байланыс ор­нат­тым, үнемі ақылын аямайтын кеңес­ші­лерім тағы бар. Одан бөлек, Америка мен Ре­сейде де көтерген бастамама қолдау біл­діретін білікті мамандар баршылық. Бізде «Ре­сей медицинасы мықты ғой. Герма­ния­ның медицинасын әлем мойындайды» де­генді жиі айтады. Бірақ маман ретінде ай­тайын, кейінгі он жыл бойы Ресей мен Гер­мания медицинасы құлдырап жатыр. Қа­зір әлем бойынша медицинасы мықты ел­дердің көш басында Жапония тұр. Үздік үш­тікті Америка мен Франция елдері түйін­дейді. Технология гиганты саналатын Жапонияның медицинадағы озық үлгісін алып, Қазақстанда қолдансақ жаман бол­маймыз.

– Бір сөзіңізде «Жапонияда жалақы жақ­сы төленеді» деп айтып қалдыңыз. Біз­дегі көпшілік шетелде жұмыс істей­тін қазақтардың жайлы ортасын тас­тап, жоғары жалақысын қиып, елге ке­­­летініне сене бермейді…

– Қазақта бір сөз бар еді ғой. «Айналып, ай­налып тұғырын табады» деуші ме еді? Қалай еді?

– «Ат айналып қазығын табады».

– Иә. «Ат айналып қазығын табады» дей­ді. Келешекте атажұртқа оралып, бір жер­ге қазық қағып, сол жерге қора-жай жа­сап, шаруашылық жүргізіп, өмірімізді соңы­на дейін сол жерде өткізсек деп ойлап жүр­м­із. Балалар оқуға түсіп, өз жанын өзі баға алатын жасқа жеткен соң, бізге бұл жер­де не бар? Елге кетеміз. Сосын сізге мы­наны айтайын: қаражат мен үшін бірінші орын­да емес. Қазақстанда маған жалақы бер­мей-ақ та қойсын. Бірақ Денсаулық сақ­тау министрлігінен үлкен өзгеріс орнатуға құ­қық беретін лауазым ұсынса, жалақы ал­май-ақ жұмыс істей беретін едім. Жа­ла­қыға келіп, тіреліп қалған дәнеңе жоқ. Біз табатын ақшамызды таптық. Алатын тә­жіри­бемізді алдық. Бар түсінгенім – жас ұл­ғайған сайын қоғамға пайда келтірудің орайын іздеп, артыңнан із қалдыру үшін шәкірт тәрбиелеуді, білім мен біліктілікті дұ­рыс арнаға бағыттауды көп ойлайды екен­сің. Жас кезімізде ақша табуды көз­дедік, жалақысы жоғары жұмыс істеуді жөн көр­дік, ал қырықтан асқан соң, мұның бар­лығы қалады екен. Сондықтан елдегі көп­шіліктің жоғары жалақыны қиып кете ал­майды деп ойлауын ағаттық деп білемін. Әр­бірден соң, бұл жерде тапқан ақшаны, тырысып-бақсаңыз Қазақстанда да таба аласыз ғой.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары