50251
Жоғары білім сапасын арттыруда еселі еңбек ететін боламыз
Жоғары білім сапасын арттыруда еселі еңбек ететін боламыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру және ғылым саласындағы өзекті мәселелерді айшықтай отырып, ары қарай дамытуда айқын бағыттарын нұсқады.
70 жыл көлемінде сапалы білім мен саналы тәрбие жолында еселі еңбек етіп келе жатқан Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті үшін қазіргі нарыққа қажетті кәсіби мамандарды дайындау басты міндет. Бұл ретте айта кетейін, оқу ордамыздың білім беру бағдарламалары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағалауында көш бастап тұр. Соңғы үш жылда облыс ішінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантураның 30-дан астам жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылды.
Биыл біздің университетке 3 мыңға жуық талапкер оқуға түсті. Оның ішінде 900-ден астамы бюджеттік орындарға түсті. Ел Президенті атап өткендей, педагогикалық мамандықтарға тапсырған студенттер саны шекті балл көрсеткіші 75-ке ұлғайтылғанына қарамастан, азайған жоқ. Керісінше, өсіп отыр. Ерекше атап өтерлік жәйт, педагогикалық мамандыққа тапсырған талапкерлердің ҰБТ баллы орта есептен жоғары. Яғни, ұстаздық жолды үздік оқушылар таңдап отыр. Бұған университетімізге оқуға түскен «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестат иегерлерінің саны соңғы жылдары екі есеге артқаны айқын дәлел. Сонымен қатар, биыл Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өңір түлектеріне 400-ге жуық грант берілді. Оның жартысынан астамы өңірде сұранысқа ие педгогикалық мамандықтарды қамтып отыр.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары педагогтарға жақсы мотивация беруде. Бұны биыл бір ғана біздің университетке магистратураға түсушілер қатарының былтырғы оқу жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайғандығы аңғартады. Жалпы, соңғы үш жылда университет студенттерінің қатары екі есеге, яғни, 4 мыңнан 8 мыңға дейін өсті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы педагогтардың еңбекақысын көтеруге 1,2 трлн. теңге бөлінетінін айтып өтті. Бұл ретте бүгіннен бастап еліміздегі жоғары оқу орын мекемелерінде еңбекақы көлемі артқанын атап өткім келеді. Біздің университетте бұл жұмыс 2018 жылдан бері жүзеге асып келеді.
Жолдауда айтылған өзекті мәселенің бірі – балалар арасында оқуды тастау үрдісі пайда болғаны. Бұл әлбетте, жақсы көрініс емес, сондықтан студенттер арасында тәрбие жұмысын қарқындату қажеттігін түсініп отырмыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда елдегі білім беру жүйесі қолжетімді әрі инклюзивті болу тиіс деді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстың ауқымын кеңейтеміз. Алдағы уақытта елдегі ЖОО арасындағы алғашқы үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы ашылады. «Dana bala» жобасында цифрлық, жаратылыстану-ғылыми, техникалық және гуманитарлық бейіндегі көпдеңгейлі қосымша білім беру бағдарламалары қамтылған. «ЅТЕАМ» және «Дарынды балалар» зертханалары, аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция және түзету, сондай-ақ логопедтік кабинет жұмыс істейтін болады.
Мемлекет басшысы айқындап өткен мәселелер бойынша, әсіресе, жоғары білім сапасын арттыруда, ғылымды дамытуда еселі еңбек ететін боламыз.
Мұхтар Төлеген,
«С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры, қалалық мәслихат депутаты