50239
Мәлім де беймәлім «Мю» штамы
Мәлім де беймәлім «Мю» штамы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева «Мю» штамы туралы айтты.
– Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралуымен байланысты қауіп-қатерлердің алдын алу үшін тұрақты түрде індеттің штамдарына толық геномды түрде зерттеу жүргізіп отырады. Егер былтыр бұл жұмыс үш айда бір рет жасалса, қазір екі айда бір іске асырылып отыр. Сол арқылы біз вирусқа қарсы әрекет етудің жылдамдығын қамтамасыз ете аламыз. Толық геномды зерттеудің қолда бар нәтижелеріне сүйенсек, ел аумағында «дельта» штамм басым. «Мю» штамы жоқ деп сенімді түрде айта аламыз, – деді Айнагүл Қуатбаева.Еске салсақ, коронавирус инфекциясының «Мю» штамын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар ол зерттеу жасалуы тиіс індеттер тізіміне енгізілді. Бүгінде «Мю» штамы әлемнің Оңтүстік Америка мемлекеттері, Еуроодақ, АҚШ, Гонконг және Ұлыбритания сынды 39 елінен анықталған. Мамандар «Мю» вакцинациялау және адамның бойында бар дерттері арқылы түзілген иммунитетті бұзуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.