Түркістандық Бейсбековтер әулеті сурет салады, тұскиіз тоқиды, киізден киім, жүннен кілем, былғарыдан бұйым жасайды. Бүгінде өнерлі отбасының өз үйінде көркемсурет галереясы да бар. Үйінен галерея ашу себебі – өсіп келе жатқан немере-жиендерінің де қолөнерге қызығуы. Әулеттегі жеті адам Суретшілер одағының, бесеуі Қолөнершілер одағының мүшесі. Ата кәсіпті жалғастырған әулеттің үлкені Болатбек Бейсбеков әңгімесін әріден бастады.
Жеті адам суретшілер, бесеуі қолөнершілер одағының мүшесі
– 1960 жылы Арыс қаласында дүниеге келдім. Әкем – Бектас, құрметті теміржолшы. Қолыма қалам ұстатып, жазу-сызуды үйреткен ұстазым десем болады. Арғы атам Бейсбек – он саусағынан өнер тамған шебер. Бесінші бабам Құдайберген би болған, сегізінші атам Төлебай жаугершілік заманда атақты батыр болған. Бабам Бейсбек танымал шеберлердің басын қосып жүргенде өз ұлына Құлмамбет деген атақты шебердің қызын алып берген екен. Сөйтіп, екі өнерлі отбасы құда болыпты. Бұрын осы өнерім бабамнан келе жатыр десем, әжем жағында да бар екен. Сөйтіп, әкемнің қолдауымен сурет салып кеттім, ата-әжемнің өнері де түрткі болды. Негізі, қолөнер әрбір қазақтың қанында бар. Бала күнімнен қолөнерге қызығып өстім. 9-сыныпты бітіргеннен кейін, Ә. Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесіне оқуға түстім. 1980 жылы оқуды аяқтап, Арыс теміржол стансасында суретші-безендіруші болып жұмыс істедім. Сол жылы әйелім Күләшпен таныстым. Ол да өнерден алыс емес. Теміржол вокзалында кәдесый сататын дүңгіршегіміз болды. Кеңес кезінде бұйымға шикізат табу қиын еді. Ата кәсіпті жалғастыру – басты парызым, – дейді Болатбек Бектасұлы.
– Балаларымыздың мамандық таңдауына ықпал еткен жоқпыз. Олар ата-анасының кәсібін көріп өсті. Ұлттық құндылықтарды дәріптегендіктен, адал табыс та көбейді. Қолдан жасаған бұйымдарға халықтың ерекше ықыласын көрді. Содан болар балаларым қолөнерден алысқа ұзамады. Егер анасы екеуіміз бұл кәсіпте қиналып, шаршап жүрсек, балалар да сезуші еді. Қазір бақытты отбасымыз. Балалар да кәсіпті игеріп, алып кетті. Үнемі балаларыма тіл үйрену, білім алу, өнерлі болу көптік етпейді деп отырамын. Олардың басында жеті түрлі мамандық бар. Келіншегім екеуіміз – кескіндемешіміз. Одан кейін ұлымыз – былғары өңдеу шебері. Былғары өнерімен зергерлік қатар жүреді. Оны да игеріп алды. Келінім мен қызым – тоқымашы. Тоқыма өнерінің де неше түрі бар. Франция елінен бастау алатын гобелен тоқу өнері де қазаққа жат емес. Десек те, ата-бабабан келе жатқан алаша мен кілем тоқу гобеленнен кем түспейді. Тоқыма өнерінің майталманы деп айтсам болады. Ақбота қызым – киім дизайнері. Киізден киімдер тігіп, жыл мезгілдеріне қарай түрлі тапсырыс алады. Қайбір жылы шетелдіктер киізден тігілген аяқкиімдерге қатты қызықты. Шетелге бірнеше рет аяқкиім жібердік. Арайлым қызым да – интерьер-дизайнер. Түрлі ғимарат ішін ұлттық ою-өрнектермен әсемдейді. Салған картиналарының өзінен салт-дәстүр сөйлеп тұрады. «Қыз ұзату», «Алтын арқан», «Жеті киіз» секілді туындылары бар. Біздің отбасы сырт көзге қолөнердің бір түрімен айналысатын отбасы болып көрінуі мүмкін. Біздің әулеттің бағыты бөлек. Бір отбасы мүшелерінің айналысатын кәсібі әртүрлі. Бірақ бір шаруаға үлгермей жатса, бәріміз жұдырықтай жұмылып, жасап тастаймыз. Әйелдер жағы киіз басуға күші жетпей тұрса, білек сыбанып кірісіп кетеміз. Біздің басымдық беретін дүниеміз – қазақтың киіз басу технологиясы мен кілем тоқу өнерін жаңа бағытта жүргізу. Көрме- ұйымдастыру 40 жылдан бері ойда жүрген дүние болатын. Осы күнге дейін «Асылмұра», «Шаңырақ», «Туған жерге тағзым» атты көрмелер өткіздік. Жұмыстарымыз шетелдік көрмелерге қойылды. Германия, Түркіменстан, Түркияның Анкара мен Конья қалаларында Кувейт, Въетнам, Индия, Малайзия, Ресейдің Казань қаласында өткен халықаралық симпозиумдарына туындыларымыз қойылды. Қытайда өткен дүниежүзілік қолөнердің 50 жылдық мерейтойына арнайы шақырылып, әлем өнерпаздары мен көрермендері тарапынан жоғары бағаға ие болдық. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде «Fасырлар үні» көрмесін ұйымдастырдық. Былтыр Қарулы Күштер әскери-тарихи музейінде «Бабалар ізімен» атты отбасылық жеке шығармашылық көрмеміз өтті. Қазір пандемия басталғалы біраз жоспар кейінге шегеріліп тұр. Тараз қаласы мен Түркістан облысында өткізу жоспарда бар. Жалпы, елімізде қолөнердің дамуы бәсеңдеп барады. Көршілес өзбек елінде Тәуелсіздік алғаннан кейін, қолөнершілеріне жағдай жасады. Регистан аумағындағы дүңгіршектерді қолөнершілерге тегін беріп, олар ұлттық дүниелерді жарыққа шығарды. Қазір 20 қаласында қолөнер орталықтары бар. Бізде олай емес. Орталықтар да ешбір қалада жоқ. Қолөнерді насихаттау арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге болады. Адамдарды жұмыспен қамтуға болады. Әр адам нәпақасын табар еді. Елімізге жиі келетін туристер қатты қызығады. Үндістан, Въетнам елдерінде қолөнершілердің жағдайын жасап қойған. Себебі олар – ежелгі рухани-мәдениеттің ізбасарлары, – деп әңгімесін аяқтады шебер.
Қырық жылға созылған кеншілік ғұмыр
Ақтөбе жұртшылығына «Кеншілер әулеті» атанған Оспановтар отбасы жақсы таныс. Олардың кеншілік қызметтегі ортақ еңбек өтілі жарты ғасырға жуық. Жер астында жанқиярлық еңбек етіп, тер төгіп жүрген отбасы мүшелерінің жұмысы ерлікпен пара-пар. Қатермен бетпе-бет келіп, қанша қауіптен аман қалса да, ұрпаққа жалғасқан қызмет. Әулеттің ардагер кеншісі Базарбай Оспановтың айтуынша, өзінен тараған үш ұл да кен саласында жұмыс істейтін көрінеді. Жалпы әулеттегі кенші саны – 8 адам.
– Біздің әулеттің өсіп-өнген жері – Хромтау қаласына қарасты Дөң ауылы. Алайда әкем кен саласынан алыс, қарапайым көлік жүргізуші болған. Анам – үй шаруасында. Отбасында үш ұл, бір қыз болдық. 13 жасымда әкем қайтыс болды. Үлкен ағам шахтер мамандығын игерді. Оның отбасындағы екі ұлы да кен саласында жүр. Өзімнің отбасымнан төрт кенші шықты. Марқұм інімнің отбасында екі кенші бар. Мен 1986 жылы әскерден келгеннен кейін, «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасына жұмысқа тұрдым. 35 жылдан бері табан аудармай шахтада жұмыс істеп келемін. Біздің заманымызда шахтер мамандығы керемет еді. Шахтада жұмыс істеу абырой саналатын. Кеншілер күні кәсіби мереке ретінде аталып өтетін. Қазір ондай қарқын жоқ. Алғашында кеншілерді жер астына клетпен түсіретін оқпаншы қызметіне орналастым. Кейін кен мөлшерлеуші, теміржолшы секілді бірнеше жұмысты істедім. Бір ауысымда сегіз вагонның әрқайсысына 14 тонна кен өнімін тиеу оңай емес. Шахтаның барлық горизонтын, терең шыңырауға дейін жүріп өткен әр жолының қиылысына дейін жаттап алдық. Қалған бауырларым «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасында жұмыс істейді. Ұлдарымның бәрі жоғары оқу орындарын аяқтады. Тұңғыш ұлым Арыстан оқпаншы болып бастады. Қазір басшылық қызметке орналасты. Жауапкершілігі көп жұмысқа басшы болып жүр. Інісі Саламат та ағасы мен әкесінің жолын қуып осы кәсіпті жалғастырды. Кенжем Азамат комбинаттың шахта-құрылыс цехына орналасты. Өзге қаладан жоғарғы оқу орнын тәмамдап келіп, туған өлкеге оралып, қызмет етіп жатқан ұлдарыма ризамын. «Кенші даңқы» атағын абыроймен алып жүрмін деп ойлаймын. Жарым Ұлболсынмен 38 жыл отасып, ұлдарын аяқтандырып, келін-немерелерінің қызығын көріп отырмын. Немерелерімнен тау-кен ісіне араласатыны байқалмайды, – дейді ардагер кенші.
Осы кезде әкесінің сөзін жалғап, ұлы Арыстан әңгімеге араласты.
– Көзімізді ашқалы әкемнің шахтада жұмыс істегенін көріп өстік. Мектепте оқып жүргенде-ақ шахтер боламын дедім. Анам жұмыстың қиын әрі қауіпті екенін айтып, басқа салаға баруыма көндірмекші болды. Алайда менен өзге екі бауырым да кенші мамандығын игерді. Қазір айналаға танымал үлгілі отбасылар қатарындамыз. Бір қызым бар. Оның болашақта қандай кәсіпті игеретіні белгісіз. Менің түсінгенім, жүрегің қалайтын саланы меңгергенде ғана жұмысың өрге басады. Қазір заман ағымына қарай тау-кен ісі көнерген мамандықтар қатарына жатады. Себебі барлық жүйе автоматтандырылды. Жаңа механизмдер дайындалды. Сондықтан қазір маман емес, жаңа үлгідегі механика керек, – дейді кеншінің үлкен ұлы.
Айта кетейік, Базарбай Оспанов әулетінің тағы бір өнері – волейбол ойнау шебері. Комбинаттың командасы атынан талай додаларда жеңіске жетіп, республикалық, облыстық турнирлерден жүлдемен оралып жүрген мықты ойыншы әулет. Кәсібі мен нәсібін қос қанат еткен Оспановтар әулетінің өмірі көпке үлгі.
Омарташылықты отбасымызбен шетелде оқыдық
Алматы өңірінің тумасы Ғабит Нұрәділдің отбасы омарта шаруашылығымен айналысады. Нағашыларынан қалған қырық жылдық кәсіпті отағасы Ғабит Нұрәділұлы жалғап отыр. Ол «Бал-Ара» Қазақстан Омарташылар Ұлттық одағы мен Еуропалық омарташылар одағы, Апиславия қоғамдық ұйымдары федерациясының вице-президенті. Отбасы мүшелері де омарташылықпен айналысады. Жұбайы омарташылықты оқытатын шетелдік білім беру ұйымдарымен жұмыс істейді. Қызы әкесінің кәсібін дөңгелетсе, ұлы шетелде қаржы саласын меңгеріп жүр. Ой мен қырға ара салып, бал жинаған отбасылық кәсіптің құпиясы мен отбасы құндылықтарын айтып берді.
– Мектепте оқып жүргенде сабақтан тыс демалыста Еңбекшіқазақ ауылында тұратын анамның бауыры Болат ағаның үйіне баратынбыз. Ол кісі омарташы болатын. Неше түрлі араларды бағатын. Олардан түрлі өнім алу процесін бала болсақ та, қызықтап жүрдік. Омарташылықпен айналысамын деп ойламадым. Кейін мемлекеттік қызметте болдық. Жоғары оқу орынында инженер-металлург, қаржыгер мамандығын оқыдым. 5 жыл көлемінде мамандық бойынша қызмет атқардым. 2010 жылы еліміздің тұңғыш вице премьер-министрі Сергей Терещенко шақырып алып, кенжелеп қалған ауыл шаруашылығының бір саласы омарташылықты дамыту туралы ұсыныс айтты. Еліміздегі омарта шаруашылығын дамыту үшін дүниежүзінің 35 мемлекетін араладық. Омартаның отаны – Қытай елі, одан кейін Түркия, Аргентина, Украина елдеріне барып, біраз күн зерттедік. Елге келгеннен кейін омарташылардың басын біріктіретін одақ құру керек деп шештік. Нәтижесінде «Бал-Ара» қазақстандық омарташылар одағы құрылды. Одақтың съезін өткіздік, бастапқы бағдарламалары қабылданды. Сөйтіп 42 жасымда омарташылықпен кәсіби түрде айналыса бастадым. Жастайымнан нағашымның ара өнімдерінен көптеген дәрі-дәрмек жасап, бал шайқағанын көргесін аса қиынға соқпады. Соның әсерінен ісіміз алға жылжыды. Жүз жылдық тарихы бар Апиславия еуропалық омарташылар одағын біріктіретін одаққа кірдік. Одағымызды қаржыландыру мәселесін Сергей Терещенко шешіп берген еді. Маман даярлау мақсатында 10-15 адамнан топтастырып, ауыл шаруашылығы факультеттері жанынан кафедра ашып, оқыта бастадық. Шығыс Қазақстан өңірінде екі мың тонналық балды реттейтін зауыт ашылды. Қазақстанда 14 мыңға жуық омарташы бар. Атырау және Маңғыстау облыстарында омарташылық мүлде жоқ десек болады. Тоқырау жылдарындағы ұжымшардың ыдырауы кесірінен үзіліп қалды. Соның әсерінен елімізде кенжелеп дамып жатыр. Өзге ұлттар көп айналысты. «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөзді немістерге қаратып айтуға болады. Тарихи Отанына кеткеннен кейін, ешкім немістердей дамытпады, – деп өткенді есіне алады омарташы.
– Омарта шаруашылығы отбасылық кәсіпке қалай айналды десек, жұбайым республикалық Омарташылар одағы жанынан ашылған оқу орталығында жұмыс істейді. Отбасымызбен омарта шаруашылығын дамыту үшін шетелден оқып келдік. Өзімізден кейін, 200-ге жуық талапкер білім алды. Қазіргі таңда 50 талапкер оқып жатыр. Польшаның Пшчеля Воля қаласында дүниежүзілік омарташыларды оқытатын оқу орны бар. Сонымен қатар Словакия қаласында да қазақстандықтар білім алып жатыр. Машав бағдарламасы бойынша жылда Израилде білім алуға мүмкіндік бар. Ресейде омарташылар академиясы бар. Сол жерде алғашқылардың бірі болып өзім де оқыдым. Сонда жыл сайын қазақстандық омарташыларды оқуға жібереміз. Бұл академияда оқудың тиімділігі қашықтан оқуға болады. Ресейлік ғалымдар Қазақстанға келіп сабақ береді. Тек диплом қорғағанда ғана Ресейге барады. Ол жақта оқуға жас шектеуі жоқ, ал Израилде оқу үшін омарташының жасы 50-ден аспау қажет. Осыдан екі-үш жыл бұрын Алматы қаласындағы кәсіпорындардың бірінде энергетик қызметін атқаратын кісі жұмысынан демалыс алып, менен аралар отбасын сұрап Кеген, Нарынқол жаққа алып кетті. Бұл салаға балаларым да қызығады. Үлкен қызым өзіміз өндірген омарта өнімдерін сатумен айналысады. Екі жыл Ресейде омарта шаруашылығын оқып келді. Сауықтыру орталықтарына қажет бал өнімдерін дайындайды. Балдың адам ағзасына тигізетін орасан зор пайдасы бары белгілі. Ұлым мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Словакияда қаржы-экономика мамандығын оқып жатыр. Мектеп бітіргенге дейін менің оң қолым болды. Ол да омарта кәсібін бір кісідей меңгерді. Екі балам да бал өндіру ісіне қызықты. Мен де қарсы болмадым. Бір күні балмен уқалау массажын да үйреніп келіп, сертификатын көрсеткенде таңғалдым. Адамның денсаулығына пайдалы дүниемен айналысқанына іштей қуандым. Біздің отбасымыздың қағидасы – үздіксіз даму. Өзімнің бауырларымның дені ғылым саласында жүр. Білім алу үшін ақша аяған емеспіз. Қазір отбасы мүшелерінің арқасында көшілгері дамып жатырмыз. Аралар ұяшығының санын 60-қа жеткіздік. Маусым-шілде айында 100-150 мыңға дейін аралар жанұясы көбейді. Мұндай тірліктің мәнісі – Қазақстан омарташыларының біліктілігін арттыру, әртүрлі субсидиялар иеленуге мүмкіндік беру, – дейді омарташылар отбасының отағасы.