293
Сенімділік деңгейін арттыру – басты мақсат
Сенімділік деңгейін арттыру – басты мақсат
Құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың имиджін көтеру, сондай-ақ, жол полициясының қызметіне деген қарапайым халықтың сенімін арттыру мақсатында қолға алынған «Жолдағы қабылдау» акциясы аясында нұротандықтар әр аймақтағы тәртіп сақшыларымен бірлесе отырып жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мәселен, «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы мен Семей қалалық жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері Семей-Шаған трассасы аумағында көлік жүргізушілерін жол ережесі бойынша мазалап жүрген сұрақтары бойынша қабылдау жүргізіп, заңдылық пен конституциялық құқықтарды сақтау мәселелері бойынша азаматтарға түсініктемелер берді. Сондай-ақ, шара барысында көлік жүргізушілері арнайы таратылған сауалнамалар толтырып, жол полициясының жұмысын бағалады. Сауалнамада жол сақшыларының азаматтармен қарым-қатынас кезінде өздерін қалай ұстайтындығы жөніндегі сұрақтар берілген.
Семей қаласында 2016 жыл басынан бері 302 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 27 адам қаза тапса, 385 адам жарақат алған. Оның ішінде 146 жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғасы тіркеліп, салдарынан 9 адам қаза тауып, 149 адам жарақаттанған. Жол-көлік оқиғаларына әкеп соққан басты себеп – жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдары.
Ақмола облысында да «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы өтті. Акция шеңберінде қоғамдық ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен, ІІД басшылығымен азаматтарды қабылдау арқылы халыққа құқықтық және кеңестік көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілді.
– Осы акция жыл сайын өткізіледі және ол тек қана полиция қызметкерлерінің өздеріне ғана емес, облыс тұрғындары үшін дәстүрлі болатын болды. Осы секілді іс-шаралар азаматтардың полиция қызметкерлерінің жұмысына деген сенімділік деңгейін арттыруға ықпал етеді, – деді облыстың жергілікті полиция қызметінің орынбасары Мұратбек Мустафин.
Акцияны өткізу барысында жергілікті полиция қызметкерлері мен әкімшіліктік полиция қызметкерлері заңдылық пен конституциялық құқық мәселелері бойынша сауалнама жүргізді. Кейін тұрғындармен кездесу өтті, оларды елді мекендер жолдарының жай-күйі, балалар жарақаты секілді түйткілді мәселелер алаңдатады екен.
Апта басында Павлодар облысында да «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы аясында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті. Шара барысында партия филиалдары жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірлесе азаматтарға құқықтық көмек, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын, жергілікті полиция қызметінің имиджін арттыру, азаматтарды қабылдау және мәселелерін шешу арқылы партияның тұрғындармен қарым-қатынасын күшейтуге бағытталған іс-шаралар қолға алынды.
«Жол-көлік оқиғалары бүкіл әлем бойынша адамның өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Бүгінгі мақсатымыз – жол жүру ережелерін сақтау жолдағы қауіпсіздіктің бірден-бір кепілі екендігін адамдарға жеткізу. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді партияның Ақсу қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айдос Оразалин.
Акцияға барлығы мыңнан аса азамат, мемлекеттік органдар, педагогикалық қоғамдастық, БАҚ өкілдері қатысты. Мәселен, Ақсуда партияның қалалық филиалында азаматтарды қабылдау өткізіліп, мектептерде жол үстіндегі қауіпсіздік жөніндегі сынып сағаттары, қаланың орталық көшелерінде жүргізушілерге ақпарат парақшаларын тарату өтті. Сондай-ақ Құркөл ауылы тұрғындарымен кездесу болып өтті.
Акция қорытындылары бойынша партияның қалалық филиалының конференц-залында білікті, жол жүру ережелерін бұзбаған жүргізушілерге партия және ішкі істер органдары тарапынан алғыс хаттар табыс етілді.
«Жолдағы қабылдау» акциясы Шығыс Қазақстан облысының Жарма мен Көкпекті аудандарында да жалғасын тапты. Іс-шараны «Нұр Отанның» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы және Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі, Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының жол және техника инспекциясы, ШҚО Ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесі бірігіп ұйымдастырды.
Кездесу барысында азаматтар тарапынан түскен сауалдарға толық түсініктеме берілді. Көпшілікті негізінен жол қозғалысы ережесінде орын алған соңғы өзгерістер толғандырғаны айқын болды. Екі ауданда өткен қабылдауға 350 адам қатысты. Құзырлы орган қызметкерлері тұрғындар тарапынан қойылған 102 сұраққа жауап берді.