50395
Жолдауды жүзеге асыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке жүктелген міндет
Жолдауды жүзеге асыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке жүктелген міндет
– Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы – біздің бір жылдық бағыт-бағдарымызды айқындайтын, еліміздің алдағы даму стратегиясын белгілейтін маңызды құжат. Биыл Жолдауда ең маңызды бес бастама көтерілді. Жалпы, қоғамдағы аса өзекті әрі маңызды мәселелер қамтылды. Оның ішінде тіл мәселесі, экология мен экономика, жастар саясаты айтылды. Енді Жолдауда айтқан дүниелердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Менің ойымша, жаңа Жолдауды жария етпей тұрып, өткен Жолдау бойынша алқалы жиын ұйымдастырып, жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесін айқындап алу керек еді. Жолдау жарияланғаннан бастап, құр талқылау аздық етеді. Басты міндет – құжатта көрсетілген нақты тапсырмаларды халықтың пайдасына шешілетіндей етіп орындау. Биылғы Жолдау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен ұштасып отыр. Ол жерде қаралған үш мәселеге назар аударуды жөн көрдім. Біріншісі – IT мамандарды дайындау. Жалпы еліміз шикізат өндірісі саласында өндіруші, тасымалдаушы мемлекет ретінде алысқа бармайтынымыз анық. Президент атап көрсеткендей, 100 мың ІТ маман даярлап шығару – мемлекет үшін аса маңызды қадам. Оларды тек оқытып қана қоймай, тиісті деңгейде жұмыспен қамту мен ІТ компаниялар ашуды жоспарлау қажет. Үкімет бұл тапсырманы атүсті емес, толыққанды орындалуын қамтамасыз еткені жөн. Ертеңгі күні 100 мың маманды даярлап алып, жұмыспен қамти алмаса мемлекет имиджіне сын. Тек бір бағытта жұмыс істесек, жоспар мен көздеген межеге жете алмай қаламыз. Екінші мәселе – ауызсумен қамтамасыз ету. Соңғы 10 жыл бойы осы салаға миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Бірақ нәтижесінде әлі күнге дейін ауызсуға жарымай отырған елді мекен көп. Жазғы іссапар аясында осы мәселе алдымнан шықты. Бұл мәселені шешудің бір жолы – цифрландыру. Арнайы карта жасақтап, сол арқылы қай өңірде ауызсу тапшы екенін бақылап отыру керек. 30 жылдан бері небәрі 19 миллион халықты ауызсумен қамтамасыз ете алмауымыз –немқұрайдылықтың белгісі. Үшінші мәселе – газдандыру. Жерасты қазба байлығының үстінде отырсақ та, елімізде әлі күнге дейін газдандыру мәселесі талқыланып келеді. Президент Жолдауында да солтүстік өңірді газбен қамтамасыз ету жоспарын айтты. Бұл дегеніміз – жүйелі жоспар құрып, нақты мақсатты айқындап алу. Қазір газ құбырлары тартылып жатқан аймақтардағы жұмыстарды ыждаһаттылықпен аяқтау керек. Содан кейін солтүстікке қарай бет алып, газдандыру мәселесін шешіп, халық әлеуетін көтеруді басты назарға алған жөн. Жолдауда айтылған шаруалардың дұрыс жүзеге асырылуы – Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке жүктелген міндет.
Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА