50497
Нобелді алған символист ақын
Нобелді алған символист ақын
Бұрын-соңды жазылған лирикалық шығармалардың ешқайсысына ұқсамайтын, мазмұны бұлыңғыр, формасы да басқаша, не айтқысы келгені түсініксіз өлең сол жылдардағы жылт еткен жаңалыққа құлағын түріп, көңілі елеңдеп жүрген орыстың ормандай оқырмандарының арасында қызу пікірталас туғызады. Біреулері жаңа өлеңді жер-көкке сиғызбай мақтаса, екіншілері оны тас-талқан етіп, жоққа шығарды. Белгілі әдебиеттанушы Василий Розанов «Символистер мен декаденттер туралы» мақаласында поэзия әлеміне дендеп ене бастаған мұндай жаңашылдықты қабылдай алмай, қатты сынға алды. Жинақты құрастырушы Валерий Брюсов пен оның поэзиядағы жақтастары болса, керісінше, бұл шығарманы жас ақынның өнердегі ең үлкен әдеби табысы ретінде дәріптеп, мақтауын келістіріп, жоғары бағалады. Ақиқатында өлеңсүйер қауымның сүйіспеншілігі мен наразылығын туғызған өлең Владимир Даровтың жүрек қалауымен жазған төл туындысы емес еді. Ол бар-жоғы сол уақыттағы Бельгияның танымал ақыны әрі драматургі Морис Метерлинктің бір өлеңін орыс тіліне тәржімалап, оқырман назарына ұсынып, халықтың пікірін біліп көрмек болады. Әңгімемізге тамызық болу үшін келтірген осы мысалымыздың өзі «шығармашылық әлеміндегі көп қырлы әдеби қызметі үшін» 1911 жылы Нобель сыйлығын алып, граф титулын иеленген Морис Метерлинктің жүз жыл бұрын Ресейдегі күміс ғасыр ақындарының шығармашылығына қатты әсер еткен тұлға болғанын анық аңғартады. Әсіресе, орыс символистері ақын жырларын қолдарынан тастамай, жастанып оқыды.
Қызық. Содан бері сынаптай сырғанап, жүз жылдан астам уақыт зымырап өте шықты. Бүгінде өз заманында жаңашылдыққа жаны құмар жастарды есінен тандыра жаздаған Морис Метерлинктің артында қалған бес өлеңдер жинағының бар екенін Ресей түгіл, өз Отаны Белгияда да жұрттың көбі біле бермейді. Өлең де, прозалық шығармалар да жазғанына қарамастан, сан қырлы суреткердің драматург ретінде ғана әдебиет тарихында аты қалды. Ал балаларға арнап жазған «Бақыт құсы» пьесасы қаламгердің есімін әлем оқырмандарына кеңінен танымал еткен, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған ең атақты туындысына айналды. Жүз жыл өтсе де, бұл пьеса миллиондаған көрерменнің қызығушылығын туғызып, әлемдегі театр сахналарынан түспей, әлі күнге дейін қойылып келеді.
Метерлинктің қаламынан туған көптеген дүниелері Толстой мен Хемингуэйдің көркем шығармаларындай бүгінгі заман оқырмандарының жүрегін жаулап алмағанымен, ол өз заманында әлемдік әдебиетке қатты ықпал етіп, жаңашыл бағыттағы драматургияның негізін салған қаламгерлердің бірі болды. Жиырмасыншы ғасырдың елең-алаңында Метерлинк шығармашылығының Ресейдің атақты ақын-жазушылары Валерий Брюсов, Вячеслав Иванов, Андрей Белый мен Александр Блоктардың үнемі назарында болуы, оның әдеби мұрасының орыс әдебиетіне зор ықпалын тигізгенін дәлелдейді.
Метерлинк шығармашылық байланыстарға ашық, түрлі ағымдар мен ықпалдарға зерек суреткер болды. Талантты тұлға өз шығармашылығында сан алуан философиялық, эстетикалық және көркемдік жүйелерді шиеленістіре отырып, соның негізінде мүлде тосын, мағынасы терең драматургиялық концепциясын дүниеге әкелді. Замандастарын жаңашылдығымен таңғалдырған суреткердің 1890 жылдардағы пьесалары әдебиет пен театрда ғана емес, музыка әлемінде де үлкен резонанс туғызды. Метерлинк туындылары Франция, Бельгия, Австрия, Америка, Финляндия, Греция, Англия, Италия, Бразилия, Ресей елдері музыканттарының қиялына қанат бітіріп, шалқар шабыт сыйлады. Композиторлармен жиі жанжалдасып қалатынына қарамастан, музыканттар Метерлинктің әдебиет пен өнер тарихындағы орны мен қызметін айтарлықтай өсіріп жіберді. Ол белгілі француз композиторы Клод Дебюсимен тығыз шығармашылық байланыста болды. Метерлинк пен Дебюссидің шығармашылығына өнердегі импрессоинизм мен символизм ағымдарының көркемдік-стильдік бағыты қатты әсер етті. Жазушы-драматургтің пьесасы негізінде жазған Дебюссидің «Пеллеас пен Мелизанда» операсының ХХ ғасырдағы француз мәдениетінің тарихында елеулі орны болғанын айта кеткен ләзім. Қаламгердің ең алғашқы пьесалары сахна өнеріндегі статикалық театр жанрына лайықталып жазылды. Мұндай театрдың көркемдік принциптерін суреткердің «Шақырылмағандар», «Соқырлар» атты шағын пьесаларынан анық көреміз. Бұл драмалық туындылар көрермен көңілінде әрекет бір өлі нүктеде қатып қалып қойып, ештеңе болып жатпағандай әсер қалдырады. Драматург әдейі өз пьесасының сыртқы желісінен гөрі өмір мен өлімнің қақтығысында арпалысқан немесе жақын адамдарының қазасына куә болған кейіпкерлерінің ішкі әлемін ашуға баса назар аударады. Міне, осындай жолмен статикалық театр, өнерде жанның театрымен, көңіл күйдің театрымен, ахуалдың театрымен, метафизикалық театрмен қабысып кетеді.
«Поэтикалық» және «прозалық» бастаулардың синтезі – Метерлинктің көлемі шағын драмаларының жанрлық ерекшелігі. Қаламгер пьесаларындағы динамика іс-әрекеттің қозғалысы емес, символдардың қозғалысы, яғни идеялық мазмұнның поэтикалық белгісі ретінде көрініс табады. «Іс-әрекеттен» гөрі ахуалды көрсетудің талабына жауап беретіндіктен Метерлинк шағын форманы таңдады. Бірақ мұндай таңдаудың осал тұстары да жетіп жатыр. Дәстүрлі қалыптан іргесі ажыраған шағын драмалар азғантай топтың ғана қызықтайтын өнеріне айналады.
Морис Метерлинк 1862 жылы Бельгияда, ауқатты отбасында дүниеге келді. 1847 жылы ата-анасы болашақ жазушыны білім алу үшін Иезуит колледжіне оқуға жібереді. Бұл колледжде тек діни тақырыпқа жазған қаламгерлердің еңбектері ғана құрметтеліп, француздардың романтик-жазушыларының туындыларын оқуға рұқсат етілмейтін. Міне, осындай қарым-қатынастардың салдарынан жазушы католиктік шіркеу мен діни ұйымдарды бала күнінен жақтырмады. Білім алып жүріп Метерлинк бірнеше өлең мен әңгіме жазғанымен, әкесі ұлының заңгер мамандығын таңдағанын қалады. 1883 жылы бельгиялық әдеби журналдардың бірінде оның алғашқы өлеңі жарық көрді. Гентск университетін тәмамдап, ол заңгерлік қызметпен айналысуға құқық алады. Бірнеше жылдан соң отбасының қаржысына алғашқы жыр жинағын жарыққа шығарып, біраз уақыттан кейін ең бірінші пьесасы «Мален ханшайымды» жазып шықты. Одан кейін жазушы қаламынан фатализм мен мистицизм сипатындағы бірнеше пьеса туды. 1896 жылдары Метерлинк Парижде өмір сүргенде шығармашылығына қатты әсер еткен символистермен танысады. Сол кездері атақты опера әншісі әрі актриса, әрі жазушы Жоржетта Лебланмен жақындасып 1918 жылға дейін екеуі кездесіп тұрды. Жоржетте жиырма жылдың ішінде Метерлинктің қаламынан туған барлық туындысына игі ықпалын тигізді. Жазушы туындыларында тағдырдың тәлкегіне ұшыраған әйелдердің бейнелері пайда бола бастады. Леблан ол кейіпкерлерді сахнада ойнады. Метерлинктің шіркеу ажырасуға рұқсат етпеген испан күйеуі бар актрисамен ашына болуы әке-шешесінің қатты наразылығын туғызды. Соған қарамастан жазушы азаматтық некедегі әйелімен бірге келген қонақтарды қабылдап, Нормандияда саяхаттап жүріп, талай-талай туындыларды өмірге әкелді. Қаламгердің тырнақалды туындыларында идеализм мен символизмнің белгілері айқын көрініс тапты. Дегенмен жазушының атағын шығарған «Мален ханшайым» ертегі-пьесасы болды. Метерлинк – Батыс драматургиясына үлкен жаңалық алып келген суреткер. «Шақырылмағандар», «Соқырлар» пьесалары әлем әдебиетіндегі өрнегі өзгеше тоқылған бірегей туындылар. Сол кездегі сыншылар ол шығармаларды «ишара мен жұмбақтап айтудың драматургиясы» ретінде сипаттады. Шығармашылығының басты тақырыбы – өлім мен адам өмірінің мәні, адамның қоғамдағы, тарихтағы орны. Ал 1902 жылы жазған «Монна Ванна» пьесасында адамның тағдырдың тежеусіз билігіне қарсы тақырыбы көтерілді. 1906 жылы Метерлинк пен Леблан Грассадағы вилаға көшіп барды. Сол уақытта жазылған «Гүлдердің санасы» деп аталатын эссесінде ол социалистік идеяларға сүйіспеншілігін білдірді. Дей тұрсақ та, Метерлинктің атын айдай әлемге танымал еткен 1909 жылы сахнада қойылған «Бақыт құсы» деп аталатын пьесасы. Жазушының бұл пьесасының бақыт іздеп әлемді шарлаған кейіпкерлері ең соңында оны өз шаңырағынан табады. Адам баласының бақыт іздеу жолындағы қанағатсыздығы тақырыбына терең үңілген суреткер «Бақыт құсынан» кейін «Некелесу» пьесасын жазды. Қаламгердің соңғы жылдары туған «Мария Виктория», «Мария Магдалина» деген пьесаларындағы басты рөлдерде Леблан ойнады. Бірақ сол кезден бастап екеуінің арасындағы махаббат сезімі де салқындай бастады.
1910 жылы шешесі дүние салып, Метерлинк қалың қайғыға батып, жан күйзелісіне шалдықты. Бір жылдан кейін театр сахнасында қойылған пьесаларының арқасында атағы дүркіреп тұрған Морис Метерлинкке Нобель сыйлығы берілді. 1913 жылы жазушы мистицизм тақырыбын зерттеуге кірісіп кетті. Бельгияны басып алғаннан кейін 1914 жылы Метерлинк Француз шет ел легионының қатарына өтуге ниет білдіреді. Неміс басқыншылығы мен майдан даласындағы белгиялықтардың ерлігі туралы дәрістер оқиды. «Бургомистр Стильмонда» деген әскери пьеса жазады. 1919 жылы Даон есімді актрисаға үйленіп, АҚШ-тан шақыру алады. Голливудтың патриархы, АҚШ тарихындағы ең табысты кинопродюссердің бірі Сэмюель Голдвин жазушыға өзі түсіретін фильмдерге арнап бірнеше сценарий жазуды ұсынады. Соңғы жазған пьесаларында Метерлинк інжілдік, ертегілік және тарихи сюжеттерге көбірек үңілді. Өлім тақырыбы қаламгердің барлық туындысында бар. 1920 жылдан кейін Метерлинк эссе жанрына қатты қызығып, бірде-бір пьеса жазған жоқ. Философиялық эсселерінен оның символизмнің эстетикасына жаны жақын болғаны байқалады. Ең әйгілі «Аралардың өмірі», «Құмырсқалардың өмірі» деген эсселерінде жазушы табиғатпен салыстыру арқылы адамның өмірдегі орнын түсіндіруге тырысты. Соңғы шыққан екі эссесіне байланысты африкалық ақын әрі зерттеуші Эжен Маре авторды плагиат, яғни біреудің еңбегін көшіріп алушы деп айыптады. Тақырыбын өзгерткеннен кейін уақыт өте келе көптеген елдің Метерлинк шығармашылығына деген қызығушылығы жоғалып кетті. 1940 жылы әлемге әйгілі қаламгер неміс басқыншыларынан қашып АҚШ-қа қоныс аударғанымен, денсаулығы нашарлап, 1947 жылы Францияға қайтып оралып, екі жылдан кейін дүние салды.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ