Бұғаттау буллиңнен құтқара ма?
Бұғаттау буллиңнен құтқара ма?
Балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасына «Nur Otan» партиясының депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынған өзгерістер әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Депутаттардың ұсынысы бойынша, шетелдік онлайн платформалар мен жедел хабар алмасу қызметтері Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, өз өкілдіктерін ашуы тиіс екені туралы айтылған. Бұл өзгерісті ұсынған депутаттар мен өзге де медиа сарапшылардың пікірін қаз қалпында бергенді жөн көрдік.
Айдос САРЫМ, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты:«Әлеуметтік желіні заңсыз бұғаттайтын болса, мен отставкаға кетуге дайынмын» дегенім рас
– Қоғамда жиі талқыланатын әңгіменің бірі – интернет мәселесі. «Әлеуметтік желіні реттеу немесе тіркеудің керегі бар ма?» деген сауал да жиі алдан шығады. Осының бәрін ескеретін кез жетті. Қарапайым мысал, алдымен автокөлік пайда болды. Уақыт өте келе, көлік саны көбейіп, жиі жол апаты болды. Жол апатының көбейгені сонша, бірнеше адамның ажалына себеп болды. Содан кейін бағдаршамдар қойылып, жолайрықтар салына бастады. Сол секілді интернет өмірімізге енгелі түрлі жағдайға тап болдық. Тіпті, қарқынды дамығаны сонша дәстүрлі медианы ығыстырып жатқанына өзіңіз де куәсіз. Осының бәрін ескерсек, баспасөзге байланысты заңға өзгеріс енгізу қажет екенін ұқтық. Мемлекет бұл заң арқылы бір ғана дүниені көздеп отыр. Мемлекет заңнама заманның көшінен қалмасын деген ниетпен жасап отырған дүниесі. Заңның бірнеше функциясы бар. Оның ең үлкен функциясы – мемлекеттік органдарға тиісті тетіктерді көрсету. Қаржыландыруға араласып, түрлі мәселелерді шешуге ықпал жасау. Екінші мәселе – мәдениет қалыптастыру. Заң белгілі бір тұрғыда мәдениетті қалыптастырады. Еліміздегі ең үлкен мінбер – заң. Қоғамға ой салып, мәселені шешуге ықпал етеді. Осы тұрғыдан қарау керек секілді. Егер осы заңды пайдаланып, әлеуметтік желілерді заңсыз бұғаттайтын болса, мен отставкаға кетуге дайынмын деп айтқан едім. Өмірдің шындығы болатынын ескерсек, бұл ешқандай эмоциямен айтылған сөз емес.
Бэлла ОРЫНБЕТОВА, медиа сарапшы:Контентті бұғаттау – суға кеткен қайықтың ішіндегі суды шелекпен төгу
– Алдымен, бұл экспериментті көршілес Ресей қолданды. Нәтижесін көріп отырмыз. Иноагент деп қаншама медианы жапты. Сайлау алдында саяси оппоненттерінің ресурстарын жауып тастады. Бірнеше күн бұрын ғана Google өкілдігіне тінтумен келіп, қомақты айыппұл салды. Кибербуллиң проблемасы мұнымен мүлдем шешілмейтінін өздері де жақсы білуі тиіс. Кибербуллиңге қатысы бар контентті бұғаттау суға кеткен қайықтың ішіндегі суды шелекпен төгіп отыруды елестетеді. Кибербуллиңнің негізгі себебі қысым жасайтын контентте ғана емес. Неліктен қайықтың тесігін бітемеске, неліктен буллиңгнің алдын алу үшін әділ сот, қоғамдағы коммуникация мәдениетін, көмек көрсетуші құрылымдарды дамытпасқа ?!. Менің ойымша, бұл заңның көздегені – әлеуметтік желілерді, тәуелсіз платформаларды бұғаттау я болмаса өз «сенімді» адамдарын отырғызу арқылы толық бақылауға алу. Әлеуметтік желіде қазір биліктің кемшіліктерін айту, заңсыздық жағдайларына қарсылық білдіру, елдегі шиеленіске жағдайларды көрсету өте көп. Өкінішке қарай қазіргі жағдайда халықтың сенім кредиті төмендеп кеткен. Азаматтар әділетсіздікке тап болғанда мұңын шағатын, шындықты іздейтін алаң ретінде әлеуметтік желілерді көреді. Кейде әлеуметтік желідегі жариялылық проблеманы шешуге көмектесіп те жатады. Ал бұл жағдай «бас жарылса бөрік ішінде» деп жақсы жағынан көрінуге тырысатын мемлекеттік органдарға, белгілі бір тұлғаларға ұнамайды. Сондықтан осы заң жобасын ұтымды пайдаланып отыр деп ойлаймын.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
Байбалам салмай, байыпты заң жасауға қоғам атсалысуы керек
– Айдос Сарымның ұсынысы деп жеке-дара бөліп жаруға болмайтын шығар. Әлеуметтік желіні реттеу –5-10 жылдан бері мемлекет тарапынан, қоғам белсенділері мен сала өкілдерінің айтып келген тақырыбы. Сөз бостандығын шектемесек те, жүйелі түрде тәртіп болуы керек. Аузына келгенді айтып, балағаттап алып, сөз бостандығым шектелді деу – демократия емес. Қоғамда діни экстремизм мәселесі, жеке басқа тиісу секілді алауыздық тудыратын әлеуметтік мәселелер өршіп тұр. Менің айтқым келгені осы келеңсіз дүниелерді ауыздықтау. Жалғыз Қазақстанда емес, дүниежүзі елдеріндегі күн тәртібіндегі мәселе. Жалпы, осындай дүниелерді алдын алуға қатысты іс-шара ұйымдастыру немесе заңға енгізілетін өзгерісті қолдаймын. Әр дүниенің өз ережесі бар. Жол жүргенде әркім өзінің қалаған жолымен жүріп кетпейді ғой. Сол секілді әлеуметтік желіні де ережеге сай пайдаланып, орынды қолдану керек. Мәселенің екінші жағы да бар. Сөз бостандығын шектейді деп алаңдап отырғандарды да түсінемін. Себебі тәртіп орнатайық, ережелер енгізейік дегенді желеу етіп, сөз бостандығына шабуыл жасалу қаупі де жоқ емес. Біраз уақыт бұрын, әлеуметтік желіде шектеу болмағанымен, бұқаралық ақпарат құралдарына шектеу енгізілген. Естеріңізде болса соның бірі төтенше оқиғаларға байланысты. Төтенше оқиғалар болса БАҚ өздігінен ақпарат таратпауы керек. Ресми мекемелермен келісіп қана ақпарат жариялауға болады деген мәселені көтерді. Ресейде «Интернет тазалығын» желеу етіп, сөз бостандығына шабуыл басталып жатқанын байқаймыз. Бір жағынан «Интернет тазалығын» қамтамасыз ету дұрыс та шығар. Бірақ іс жүзіне асыруға келгенде түпкі мақсат жолда қалып, сөз бостандығын шектеуге алып келмей ме деген сұрақ тұр. Бұл қоғамның да алаңдаушылығын тудырып отыр. Меніңше, осы екі мәселені бөліп, қарастыру керек. Тағы бір анықтап алатын дүние бұл заң бүгін-ертең қабылдайтын деңгейде емес. Жалғыз Мәжіліс депутаттары мен Ұлттық кеңестің қарауындағы дүние емес. Қоғам болып осы заңның түпкі мақсатына назар аударайық. Айқай-шу, ақ пен қараны ажыратпай жатып, дүрбелең туғызу қажет емес. Негізінен елімізде жап-жақсы, ойға қонымды заңдар жазылады. Алайда тиісті жұмыс оң нәтиже беруі үшін қоғамның өзі нақты критерий бойынша бақылап, қате шешім қабылданса, оны дұрыстай алатын ережелер керек. Ал ол үшін қоғам белсенділері мен журналистер, басқа да мүдделі азаматтар мен тараптар қызбалыққа салынбай мәселені бүге-шегесіне дейін зерттеп барып оңтайлы нұсқаның қабылдануына үлес қосқан жөн. Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде айтарым, ашық талқылауға ұсынып, қоғам болып пікір білдірейік. Жақсы мен жаман тұсын нақты аргументтермен талқылайық. Думан СМАҚОВ, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы, медиа сарапшы:Бұл заң әлеуметтік желідегі әлімжеттікті ауыздықтайтынына кепілдік жоқ
– «Балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасына депутаттардың ұсынған өзгерістері қоғамда пікірталас тудырғаны рас. Менің ойымша, онлайн платформаны тіркеудің ешқандай маңызы жоқ. Өйткені ол реттелмейтін және мемлекет тарапынан реттеуді қажет етпейтін дүние. Себебі мемлекет тарапынан қадағаланса, қоғам мүшелерінің сөз бостандығына, сөйлеу еркіндігіне нұқсан келтіретіні анық. Сондықтан бұл тұрғыдан қарағанда әлеуметтік желіні тіркеу, оның жұмысын реттеу секілді жұмыстар адамдардың сөз бостандығынан бұрын еркін пікір білдіріп, жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Егер заңға өзгеріс енсе, буллиң мен кибербуллиң мәселесі ауыздықталатынына да ешкім кепіл емес. Мемлекетке ұнамсыз, түрлі билік органдарын қудалайтын саяси оқиғаларды жариялап, теріс пікір білдірген жеке тұлғаның немесе ұйымның әлеуметтік желісін нысанаға алып, бұғаттау, көзін жою – демократиялы елдің ұстанымына қайшы.
Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА