50448
Шабыт шақыратын шаһар
Шабыт шақыратын шаһар
Шымкент қаласында Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» атты форум-көрмесі өтті.
Дүниежүзілік туризм күніне орай ұйымдастырылған форум екі күнге созылды. іс-шара «Қазақ ауылынан» бастау алды. Шымкент – туристік әлеуеті жоғары, 2200 жылдық тарихы бар, еліміздегі өзінің тарихи өзегін сақтап қалған бірегей қала. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптік және экономикалық орталық. 2018 жылы Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Сол сәттен бастап жаңа мүмкіндіктер ашылып, биік белестердің дәуіріне жол салынды. Бұл тұрғыда қаламыздың көне Жібек жолының бойында орналасуы және географиялық ыңғайлылығы сауда мен бизнесті, мәдениетті өркендетуге үлкен мүмкіндіктер беріп жатыр.
Сонымен қатар, Шымкент – еліміздегі ең үлкен үш мегаполистің бірі. Үшінші мегаполистің тарихы тым тереңде жатыр. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының шешіміне сәйкес шаһардың көне ғасырлар қойнауында жатқан 2200 жылдық тарихы анықталған-ды. Ескі қалашықтағы «Қазақ ауылына» жиналған қонақтар шымқала тұрғындарының меймандостығын, салт-дәстүрге беріктігін көрді. Мұнда Шымкенттің шырайын арттыратын көрікті жерлеріміз кереметтей көрініс тауыпты.
«Қазақ ауылындағы» кереметтер...
Іс-шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында атап өткендей, әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған туризм саласы кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. «Шымкент 2200: туристік креативті қала бейнесі» іс-шарасы туристік индустрияны дамытудың бәсекеге қабілетті және табысты жобаларын анықтауға және өзара табысты ынтымақтастық орнатуға таптырмас алаң болады деп сенемін», – деп өз пікірін білдірді. Ал «Қазақ ауылына» келуші Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының туристік сала өкілдері шаһардың қолөнершілері мен суретшілерінің туындыларымен танысты. Жергілікті ас үй тағамдарынан дәм татып, театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Одан соң, іс-шараға қатысушылар Цитадель көне қалашығы, Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері мен Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, Жайлаукөл саябағы, А.Асқаров атындағы Дендросаябаққа және арбат алаңындағы Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығының ақпараттық дүңгіршегі сынды біршама нысандарды аралады. Іс-шара барысында Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» конкурсына креативті жобалар бойынша өтінімдер қабылданды. Онда медиа, IT жоба, креативті архитектура, туризм саласындағы креативті қызметтер, қаланың қолөнер бренді және гастрономия бағыттарында үздік жобалар ұсынылған. Форумның екінші күнінде осынау жобалар бағаланып, марапатталмақ. Жобаларға Шымкент қаласының бизнес өкілдіктері, туризм саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері қазылық жасады. Жалпы, конкурсқа 6 сала бойынша 70-тен аса өтінім түскен. Ұйымдастырушылардың айтуынша келіп түскен өтінімдердің басым бөлігі IT-жоба мен креативті сәулет салаларының үлесінде болған. Әр жобада Шымкент қаласын креативті қалаға айналдыру мақсатында шаһарда бұрын-соңды болмаған дүниелер де бар.Саяхат Шымкент қаласынан бастау алады
Шараның екінші күні форум әкімшілік-іскерлік орталығындағы көрмеде болып өтті. Жиынды ашқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барша қатысушыларды, қала тұрғындарын Дүниежүзілік туризм күні мерекесімен құттықтады. «Шымкент қаласына жасаған сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық әлеуетін ескере отырып, Шымкент «Орталық Азияның қуатты экономикалық орталығы» болуы тиіс екендігі туралы мәлімдеді. Ал Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері болуы тиіс екенін айтты. Әлемдегі көптеген қаланың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Туристік креативті қала қалыптастыру бойынша бүгінгі форум-көрмеде қаламызда туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері қарастырылады. Осы ретте, Шымкент өзінің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, еліміз үшін тірек туристік орталыққа айналуына барлық алғышарттары бар. Қала аумағында ежелгі Сайрам тұрғын алабында сопылық ілімнің негізін қалаушы Қ.Ясауидің туған жері, сондай-ақ ата-анасы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи-сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алады. Өздеріңізге белгілі, бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «креативті экономиканы» дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай, әкімдік тарапынан туризм мен креативті индустрияның өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізетінін ескере отырып, туризм басқармасына креативті экономика функциясы берілді. Бұл синергия туризм индустриясының пандемиядан кейінгі кезеңде трансформацияланып, екі саланың қатар өркендеуіне септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде, салаға түсетін инвестиция көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға және туристік бизнестің дамуына жол ашады», – деді М.Әйтенов. Форумда бұдан бөлек, креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин, Salem Coffee және Global Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимов, Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев және басқа да туристік қызмет көрсететін кәсіп өкілдері жетістіктерін айтып, идея бөлісті.Туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеу маңызды
Нұрлан Қабыштаев туристік бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды. Ол үшін Қазақстан Үкіметінің бизнесті қолдау үшін жеңілдетілген несие берудің бірнеше бағдарламасын қарастырғанын атап өтті. Одан бөлек Шымкент қаласының туристік әлеуметін дамыту да бүгінгі жиынның басты тақырыбына айналды. «Туризм индустриясы көптеген ірі мегаполистердің маңызды экономикалық секторы, олар осы саланың кірісіне көбірек тәуелді. Айта кету керек, әлемнің ірі қалаларында құрылған жұмыс орындарының саны оларға келетін туристердің санына тікелей байланысты. Танымал туристік бағыт саналатын кез келген қала экономикалық тұрғыдан өркендейді және туризмге жеткілікті көңіл бөлінбейтін қалалармен салыстырғанда жақсы жағдайда. Сондықтан туристік әлеуетті, оның туристік саласы мен инфрақұрылымының жай-күйін объективті талдауға негізделген Шымкент қаласында туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеу өзекті», – деді Нұрлан Орынбасарұлы. Осы мақсатқа жету үшін шешілуі қажет бірқатар міндеттерді атап өтті. Іс-шара барысында «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» конкурсының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Конкурсқа қала тұрғындарынан медиа, IT жоба, креативті архитектура, туризм саласындағы креативті қызметтер, қаланың қолөнер бренді және гастрономия сынды 6 бағыт бойынша 70-тен аса жоба келіп түсті. Комиссия қорытындысы бойынша үздік жобалар анықталып, жеңімпаздарына номинацияны қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов табыстады. Онда «Шымкент қаласының жаңа қолөнер орталығы мен бұйымдары» жобасын ұсынған Болатбек Бейсбеков «Қаланың үздік қолөнер бренді» номинациясын алса, Virtual tour Shymkent жобасымен Ерназар Байділбаев IT бағытындағы үздік жоба номинациясын иемденді. Ал, Насиба Махмудова Shymkent city Complex жобасымен «Креативті архитектура» бағытындағы үздік жоба номинациясын жеңіп алды. Ал «Үздік гастрономия» бағытындағы номинацияны Ниязбек Дәулет, «Фуд-корт темір жолы» жобасымен үздік деп танылған жұмыстың бірі – «Мобильдік ақпараттық орталық» жобасы, «Туризм саласындағы креативті қызметтер» номинациясы Сембай Жасұланға берілді. «Қоғамдық хромокей» жобасын ұсынған Лаура Сарман «Медиа» бағытындағы үздік жоба номинациясына ие болды. Одан өзге, Next Art Shymkent Virtual Museum App жоба-сы – «жылдың үздік жаңалығы», «Пиццаны дронмен жеткізу» жобасы – «үздік бизнес жоба», «Ұлттық қызғалдақ кейіптегі сувенирлер» жобасы – «үздік ұлттық жоба», «Шымкент қаласындағы жаңа Этнопарк» жобасы – «үздік ғылыми жоба», «Жаңа форматтағы сенсорлы LED экрандар» орналастыру жобасы – «үздік инновациялық жоба», «Металлургтер сарайын» жандандыру жобасына «үздік әлеуметтік жоба» номинациялары берілді. Барлық қатысушыға бағалы сыйлықтар және сертификаттар табысталды. Іс-шара аясында қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Қызылорда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ сонымен қатар, Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығы мен «Тараз туризм», OCA TRAVEL туристік агенттігі арасында екіжақты келісімге қол қойылды.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы