Өмірдің бар ма байлауы?

Өмірдің бар ма байлауы?

Өмірдің бар ма байлауы?
ашық дереккөзі
50622
Мына уақыт дегенің қандай жүйрік, сы­нап­тай сырғиды. Бітпейтін бір қу тір­лік­тің артында жүріп көп жылдар сый­лас, сырлас болған, ақыл­шы ағам болған, рухы биік арда азамат, көпшілік оқыр­манға танымал ға­жап жазушы Нәс-ағаның, Некең­нің, Несіпбектің өмір­ден өткеніне де 40 күн болып қал­ғанын бай­қамай қалыппыз. Қайран, Нес-аға! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үм­бе­тiн екi нәрсенiң қадiрiн бiлу­ге шақырды. Оның бiрi – денсаулық, екiншiсi – уақыт. Уақыт – өмiр, өмiр – қам­­шының сабы. Фирдоуси айт­қан­дай: «Дән көтерген құмырсқаға ти­мең­­дершi, алысқаны өмiр ғой, өмiр сон­дай абзал ғой». Бұл – өмірдің қа­дірін білген адамның айтқан терең фи­лософиялық мәні бар, салмағы бар ойы. Әрине, өмірде әрқалай өт­кізу болады, ол әркімнің Құдай бер­ген қабілетінде, ой-өрісінің терең­ді­гіне, түйсік-санасына байланысты екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ қа­білетті адамның өзі өз мүм­кін­шілігін орынды, толық пайдаланып жүр ме? Уақытын бос ысырап етіп жүргендер ортамызда аз ба? Марқұм Не­сіпбек аға бас қосқанымызда осы мә­селелерді толғана отырып жиі көтеретін, уақыттың бағасын терең түсініп, құрметтейтін. Қазіргі ор­тадағы қарама-қайшылықтарды, адам­дардың мінез-құлқын, пейілдері мен ниетін тарам-тарам етіп зер­делеп, бүгі-шүгісіне дейін сарап­тап, оны өз ойымен тұздықтап отыратын парасаттылығы бар еді. Қынжылатын кездері де аз болмады. Қазіргі жазушылардың шығармаларынан қол үзбей, әдебиеттің лүпілдеген та­мы­рын дәл ұстап отырды. Белгілі қа­ламгерлердің басым көпшілігімен сый­ласып, сырласып, күн сайын те­лефон арқылы пікір алмасып отыр­ды. Шерхан Мұртазаның «Талант- тар – раушан гүлі сияқты: жан-жа­ғы­на жұпар шашады, көңіл ашады» деген сөздері осы Нес-ағаңа арналып айтылғандай. Ол атыраулық жазушы Рахымжан Отарбаевпен, шымкенттік қаламгер Мархабат Байғұтпен, ал­ма­тылық ақын-жазушылар Есен­ғали Рау­шановпен, Тынымбай Нұрма­ған­бетовпен, Жұмабай Шаштайұлы, Мереке Күлкеновпен, Жүсіпбек Қор­ғасбекпен, Мархабат Байғұтпен, Ғалым Жайлыбаймен, қарағандылық ақын Серік Ақсұңқармен, маңғыс­тау­лық ақын Светқали Нұржанмен, аста­налық Дархан Қыдырәлімен, Ерлан Жүніспен, Қуат Әуесбаймен тон­ның ішкі бауындай шығармашы­лық тығыз байланыста болды, сыйласты, бірін-бірі қадірледі, ой-пікір бөлісті, қажет кезде бірін-бірі де­меп, қолдап отырды. Дос дегенде көңілі ақ жайлау, жайма-шуақ бола­тын. Оны біз әр кездесуімізде сезіп, естіп, біліп жүрдік. Сөйте жүріп ол өз таңбасын қазақтың әдебиет әлеміне терең сіңіруге, өзгеше леп беруге күш салды, табандылықпен өз соқпағын, өз жолын іздеді. Сондықтан болар көп уақытта жалғыздықты жаны сүйе­тін. Соңғы жылдары жалғыз­дық­қа тым терең беріліп, тіпті үй-жайы бола тұра, оған бармай, күн-түн де­мей бас көтермей, шығармашы­лық­пен айналысты. Онысы өз жемісін бер­ді. Соның арқасында кесек-кесек сал­мақты, жауһар дүниелер қала­мынан туындады, том-том болып бірнеше кітаптары республикалық баспалардан басылып жатты, газет-журналдар да шығармашылық еңбек­тері мен берген сұхбаттары жария­ланып, жыл сайын жазу­шы­лардың әртүрлі шығармашылық бәйгесінде жүлделі орындарға ие болып жүрді (халықаралық «Алаш» сыйлығы, «Ең үздік әңгіме», «Ең үздік роман», «Рух», жазушылардың халық­аралық ПЕН клубының жүлдесі және т.с.). Өзі үлкен еңбекпен ашқан рес­публикалық әдеби-танымдық «Жам­был» журналының әр нөмірінің са­пасына ерекше мән беріп, әр өңірде тұратын белгілі ақын-жазушылармен байланыста болып, олардың тартым­ды шығармаларын жариялап, оқыр­ман­дарының ыстық ықыласына ие болды. Жас таланттарды да көлеңке­де қалдырмай, қаламынан шыққан топ-топ өлеңдеріне, әңгімелеріне орын беріп отырды. Бұл журналды дайын­дауға, шығаруға 2-3 адам ғана қатысса да Некеңнің ерекше ұқып­ты­лығы мен еңбексүйгіштігінің ар­қа­сында оның сапасы еш төмен­де­меді, журналдың беделі оқушылары алдында зор болды. Әулиеата өңіріндегі қолына қалам ұстап, «ақын болам» деп талпынып жүрген жастарды өз жанына топтастырып, әрдайым қол­дап, жөн-жол көрсетіп, шығар­ма­шылықтарына жол ашып отырды, рес­публикалық басылымдарда өлең­дерінің жариялануына себепкер бол­ды. Таланттыларын танып рес­пуб­­ликалық жыр бәйге-байқау­лары­на, мүшәйраларына қатыстырып, қам­қорлығына алды, олардың ал­ғаш­қы кітаптарына алғысөз жазып, бата беріп, баспалардан шығуына жа­нашыр болды. Сондықтан болар, бо­лашағы зор тараздық жас ақындар Ха­мит, Ерлан, Табиғат, Данияр, Арай­лы, Нұрболат, Нұржан және т.б. Не­кең­нің қамқорлығын сезініп, өздері­не жақын ұстаз, аға деп сыйлап, бауыр тартып, еш іркілмей пікір алы­сып жүрді. Жебеп жүріп біразын Жа­зушылар одағына мүше етті. «Әдебиет адамды тәрбиелейді» деген­дей талай тараздық жастар қабыр­ға­лы қаламгер Н.Дәутаевтың төңірегіне шо­ғырланып, тәлім-тәрбие жинақ­тап, әдебиет айдынына батыл «жел­қайық­тарын» салды. Нес-ағаның жас та­ланттарға деген ниеті, қамқорлығы ерекше-тын. Несіпбек Дәутаевпен 50 жылға жуық араласып, сыйласып, дос­тастық. Өткен жүзжылдықтың 70-жыл­дары Алматыда мединс­ти­тут­та білім алып жүргенімізде шағын шатпақ-шимай мақалаларымызды «Лениншіл жас» газетінің редакция­сына апарып, жариялатып жүрдік. Ол кезде онда Оралхан Бөкей, Қадір Сегіз­баев, Әшірбек Көпішев, Бақыт Сар­балаев және басқа қаламы жүйрік жас журналистер қызмет істейтін. Жер­лес ретінде Әшірбекпен тығыз араластық. Бірде ол өзінің жерлесі кордайлық Несіпбекпен таныстырды. КазГУ-дің журфагында сырттай оқи­ды екен. Жақын маңдағы бір кафеге барып шай ішіп, дастарқандас болып, сөзіміз жарасып кетті. Аудандық га­зет­те еңбек етеді екен. Кейін қызмет­ке Таразға келгесін облыстық газет­тен анда-санда Н.Дәутаевтың мақа­ла­­­­ларын көзім шалып жүрді. Аз жаз­са да саз жазып, оқырмандарын елең­детіп жүрді. Кейінірек ол «Еңбек туы­ның» (қазіргі «Ақ жол» газеті) Қор­дайдағы тілшісі болып орна­лас­ты, хабарласып тұрдық. 2000-жыл­дары Таразға қоныс аударып, «Жам­был» журналын ұйымдастырып, оның бас редакторы болды. Арақа­ты­насымыз жиілеп, сыйластық сыр­ластыққа ауысты. Оның бойындағы зеректік, еңбекқорлық, өмір қағи­да­сы мен ұстанымы, елгезектік, жақын­дары мен басқаға әркез көрсетіп жүретін қамқорлығы кімді болса да тәнті ететін. Мінезінде де табиғи бір ерекшілік бар болатын. Саяқ жүруді ұнататын. Жұмбақ, құпия, сырбаз мінезді қаламгер еді. Кейде Нес-аға телефон шалып: «Сағындық-ай, уақытың бол­са жұмыс аяғына қарай маған соғып кет­ші» немесе «Алдыма Бекет (жур­на­лист-жазушы Бекет Момынқұл) до­сың келіп отыр, келсейші, біраз әң­гіме-дүкен құрып, ағайынды қоңыр қаздай шүйіркелесіп шай ішейік» деп хабарласатын. Әр кездесу, әр жүздесу, әр дидарласу біз үшін ой бө­лісу, пікір таластыру көп жылғы әде­тімізге айналған керемет, ға­жайып шаруа болды. Әңгімеден әң­гіме шығып, кей кезде ол балалық ша­ғы өткен, өсіп-жетілген туған Қор­дай өңірі туралы, кіндік қаны там­ған Иірсу ауылы және оның адам­дары, бала күнгі бастан кешірген оқи­ғалары, достары туралы темекісін бұрқыратып отырып, сабырлы дау­сымен шешіле әңгіме қозғайтын. Ол әркез рухтың әңгімесін айтатын, ойы да, білімі де терең, зерек, үлкен де нәзік жүректі жан еді. – Әкемнен алты жаста айрылдым, онда менің есім кіресілі-шықпалы еді. Ауыл адамдары «Дәутай бойшаң, қарулы, текті азамат еді. Ешқашан қара жұмыстан тартынбай, адал­ды­ғымен, әділдігімен елге сыйлы болды» деп отыратын. Шешем байғұс борша-борша болып, қара жұмысқа жегіліп, бізді қиындықпен өсірді. Мектепті толық бітірмей-ақ еңбекке ерте ара­ластым, 15 жасымда бас шопанға кө­­мекші болып, одан 18 жасқа толға­нымда өз бетімше бір отар қойды алдыма салып, қысы-жазы аптап ыстықта, бет қаратпайтын қытымыр қыста малдың соңында жүрдім. Өмірдің қиындығын да, еңбектің жақсылығын да басымнан өткердім. Боз жусанды далада жай, тым-тырыс қой қуып жүрмей, кітап-журнал қолым­нан түспей көп іздендім, ілім жинадым, тағдырдың толқынында са­намды жетілдірдім. Осының бәрі мені үлкен өмірге дайындап, қиын­дықтарға төселтіп, жақсылықты үйретті, тағдыр шырғалаңы мені ширатты. 23 жасымда кешкі орта мек­тепті бітірді деген аттестат алып, 27 жасымда КазГУ-дің журфагында сырттай оқуға түстім. 36 жасымда жазу-сызумен айналыса бастадым. Мүмкін олай болмағанда менің өмі­рім басқа арнаға түсіп кетер ме еді. Қайдам... Кім білсін...» деп терең ойға бері­ліп, бірер сәт тұнжырап қалаты­ны жиі болмаса да болатын. Тереңнен ой толғататын, қаламының желі бар үлкен шығармашыл-суреткерлік бол­мысымен өз ұстанымына берік бірегей тұлғаға айналудың жолы сірә жеңіл болмағанын әрдайым әңгіме­сінен сезіліп тұратын. Кей сәтте Несіпбектің алдында оның шығармашылығын тал­дай отырып, оның келтірген сю­жеттеріне, кейіпкерлерінің іс-әре­кет­теріне пікір қосып, ойымыздағы түйткілдерді жеткізетінбіз. Жазушы біздің пікірлерімізге әркез сергек қарап, өз ойын кейде қызғыштай қор­­ғайтын, кейде келісетін. Шын­дықты айту, мойындау да, біле білсек, өнер емес пе?!. «Нес-аға, сіздің «Батыр», «Ақ кү­шік» «Кісі киесі» және де бас­қа хи­каят­тарыңыз бен әңгіме­леріңіз киноға өздері сұранып тұр емес пе?. Режиссер тауып, неге солар­ды экранға шығартпайсыз?» деп қол­қа салатын кезіміз де болатын. Сон­да ол: «Оның барлығы қаржыға ке­ліп тіреледі ғой. Белгілі бірнеше ре­жиссерлар хабарласып, ұсыныс жа­саған еді. Бірақ оған әзірше мүм­кіндік болмай тұр. Өмір жеткізсе ал­дағы уақытта көре жатармыз...» дей­тін аспай-саспай. Шераға (халық жазушысы Ш.Мұртаза) туралы көпте­ген естеліктер, тіпті хикаяттар мен ро­­мандар шықты. Аңыз адамға ай­нал­ды десек те қателеспейміз. Сіз де қалам тарттыңыз. Сізге деген көңілі ерен еді деп естиміз. Тіпті «Қордай­дың қоңыр құлжасы» деп ерекше құр­меттегенін де білеміз. Шәкең ту­ралы айтарыңызды әлі де айтып бол­маған сияқтысыз. Шерағаң туралы нешебір қа­лам­герлер естеліктер жа­зып, кітап етіп шығарды. Мен де бір­не­ше естеліктерімді журналдарға бер­дім. Менің ойымша, Шерхан аға­мен мен сияқты 16-17 жыл тығыз бай­ланыста, сыйластықта менен ар­тық ешкім болған жоқ. Ол әркез мені іздейтін. Кездескен сайын Қор­дайда болсын, басқа жерде болсын әдебиет пен тарих, қоғам мен адам­гер­шілік туралы әңгіме-дүкен құрып, орынды қалжыңдасып, бір рахат рухани жылы сезімге бөленетінбіз. Таразға келгенде де мені өзі іздеп келетін. Әңгімеге қызу берілетініміз соншама, түннің жарымын еңсеріп, кейде менің кабинетімде бірге түнеп қалатынбыз. Ойлап отырсам, ол да бір қайталанбас, ғанибет дәурен екен. Н.Дәутаевтың жұмыс кабинеті құд­ды музейдей болатын. Том-том, сандаған қатар-қатар кітаптар бір­неше шкафтарға сыймай, біразы жазық, ұзын үстел үстінде жайылып жа­татын. Алған мемлекеттік орден­дері мен медальдары, төсбелгілері, жүлделері де шкафында жарыса ті­зіліп, көз жауыңды алып самсап тұра­тын. Кейде: «Нес-аға, мына «жыл­тырақтарыңызды» бір «парадный» кос­тюміңіздің төсіне рет-ретімен әде­мілеп қадап қоймайсыз ба? Кейде қонаққа, жиналысқа барғанда жалт-жұлт еткізіп, көптің көңілін өзіңізге аударып жүрмейсіз бе басқалар ұқ­сап? Әйтпесе мыналарыңызды біз­ге беріңіз, жалтыратып мақтаныш­пен тағып жүрейік» деп қалжыңда­сатын­быз. Сонда ол «Шүкір, біраз награ­даларым бар ғой. Бірақ соларды кеудеме тағып, көп алдына шығуды артық санаймын. Ондай менде әуестік жоқ. Бергенін, тапсырғанын әкеп осы кабинетіме жинап жатырмын. Барына береке берсін, шүкір», – дейтін сабырлы қалпынан бір айнымай. Әлі есімде, өткен жылы белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовке Мемлекеттік сыйлық берілгенде сол атақты өзі алғандай қуанып: «Бұл өте орынды болды, әдебиеттің абыройын көтеретін әділ шешім. Тынымбай ағамыз қазақ әдебиетінде ерекше орны бар, ешкіммен салыстыруға келмейтін керемет суреткер, шебер қаламгер», – деп әріптесінің қол жеткізген жетістігіне шын, ақ пейілмен жүрегі жарыла пікір білдірді. Мұндай көңілі жаз, жылы пейілді, қуанышты тілек кез келген жазушыдан шыға бермейтінін мына қызылды-жасылды өмірден көріп жүрміз. Біреудің табысына қуана білу де үлкен жүректілік емес пе?! Өткен қыс пен көктем айларында ол көрші Қытай елінің баспагерлерінің өтінішімен көлемді, тарихи мәні бар «Тараздың тарихи тағдыры» атты көлемді кітап­ты жазып бітірген еді. Еңбек бірнеше тарихи кезеңдерді қамту ке­рек бола­тын. «Бұл мен үшін күр­делі, ауқымды іс болды. Көп уақы­тым­ды ізденумен, зерттеп, зерделеу­мен өткіздім. Қо­лым жеткен көптеген мәлімет қам­тыған сияқ­тымын. Ойымша, жаман болмау керек. Жыл соңына дейін Пекинде үш тілде (қытай, қазақ, ағыл­шын) жарық көреді», – деп оның бас­падан шыққанын күтіп жүрген бо­латын. Әттең, оны өз көзімен көру­ді нәсіп етпепті. Өзінің өтініші-аманаты бойын­ша Нес-ағаға Қордай­дың боз жусанды қоңыр белдерінің ортасындағы бұрынғы «Иірсу» деп атанған ауылдың маңайындағы ескі бейітте ту сонау ертеде 1953 жылы жерленген әкесі Дәутай (азан қойып қой­ған аты Дәулетияр екен) қария­ның жанынан топырақ бұйырды. Бұрынғылар «Туған жердің топырағы бұйырсын» деп Алла Тағаладан сұрап отырады екен. Онысы бекер емес шығар. Нес-аға да жерлес-замандас­тары­мен қалжыңдасып отырып: «Егер алда-жалда дүниеден өтіп жат­сам, Кенен атам ауылының баты­сын­дағы «Иірсу» маңындағы қоңыр төбе беткейіндегі әкем жатқан зиратқа, Дәутай шалдың жанына сүйреп апарып тастай салыңдар» дейді екен жа­рықтық. Сол тілегі орындалды. Мәң­гілік тыныштықты әке жанынан, туған топырағынан тапты. Р.S. Қарымды қаламгер Несіпбек Дәутайұлы жайлы әлі де талай естеліктер, шығармаларына сараптамалар, әдеби шолулар жазылар. Біз мезгіл-мезгіл оған соғып отырарымызға кәміл сенеміз. Көңіл суымай тұрғанда айтар бірнеше ұсы­нысы­мыз бар. Бірінші, Кордайдың күреңбелдерінің бірінің беткейіндегі ескі зиратта тыныштық құшағында жатқан Нес-ағаға барар жол суып қалмауы, ұмыт қалмауы үшін басына көрнекті құлыптас орнатып, Алматы – Тараз автомагистралынан сәл шеттеу жатқан (шамасы 1 шақырымдай жерде) бейітке дейін асфальт жол болмаса да тасжол тартуымыз керек. Екінші, соңғы жылдары газет-журналдарда берген сұхбаттары мен жарияланған мақалалары және ақын-жазушылардың, дос-замандастарының естелік жазбаларын топтастырып, кітап болып шықса орынды болар еді. Үшінші, республикалық Жазушылар одағы мен облыстық әкімшіліктің қолдауымен дәстүрлі шығармашылық байқауын жариялап, Несіпбек Дәутаев атындағы жүлде – әдеби сыйлық тағайындалса артық болмас деп ойлаймыз. Оны келер жылы 75 жасқа толуы қарсаңына дейін шешсек жөн болар еді.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

Серіктес жаңалықтары