«Ла Скалада» ән шырқап, Өзбекстанның Халық әртісі атанған қазақ

«Ла Скалада» ән шырқап, Өзбекстанның Халық әртісі атанған қазақ

«Ла Скалада» ән шырқап, Өзбекстанның Халық әртісі  атанған қазақ
ашық дереккөзі
50924

Осыдан бір ай бұрын Өзбекстанда тұратын қан­дасымыз Жеңісбек Пиязовтың өз­бек басшысы Шавкат Мирзиёевтің қо­лынан «Ха­лық әртісі» атағын алғанын көп­теген БАҚ жа­рыса жазған болатын. Отыз үш жасында бұл атаққа лайық деп танылған Жеңісбек – әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының сахна­сын­да ән шырқаған тұңғыш өзбекстандық әнші. Өнерлі отбасынан шыққан Жеңіс­бек­ті көпшілік студент кезінен-ақ «Ха­лық әртісі» деп атап кет­кен екен. Жел­тоқсан айында Таш­кент­те өтетін же­ке концертіне дайындық жұ­мыс­та­рын жүргізіп жатқан қандасы­мыз­­ға хабарласып, сұхбаттасқан едік.

– Бала кезіңізден ерекше дауыс иесі ретінде танылғаныңызбен, әдепкіде әнші емес, әртіс болуды армандапсыз. Бұ­лай армандауыңызға Өзбекстанның ең­бек сіңірген әртісі, Қарақал­пақ­стан­ның халық әртісі, атаңыз Зейнел Пия­зов әсер еткен болса керек. – Иә, саналы ғұмырын театрға арнаған атам Зейнел Пиязов секілді әртіс болуды ар­мандадым. Оның үстіне, 2 сыныптан бас­тап тойларда ән салып, өз ортамда танылып жүр­сем де, өтпелі кезеңде өзгерістер болып, дауысым «бұзылды». Сөйтіп, өзім туып-өс­кен Нөкістегі Жапақ Шамұратов атындағы учи­лищенің актерлік бөліміне оқуға түстім. Онда әртістік шеберлікпен қатар, вокалдан да сабақтар жүргізеді. Оқып жүргенде әр­тіс­тіктен гөрі, әншілік қабілетім басымдау еке­нін түсіндім. Дауысымның ерекшелігін байқаған ұстаздарым опера жанрына көп көңіл бөлуге кеңес берді. Одан бөлек, опера күрделі классикалық жанр болғандықтан, осы өнердің қыр-сырын меңгергім келді. Осылайша, бірте-бірте халықаралық бай­қау­ларға қатысып, бас жүлделерді жеңіп ал­ған соң, Өзбекстан мемлекеттік консер­ваториясының академиялық ән кафедрасына емтихансыз оқуға түстім. Консерваторияны бітірген соң музыкалық агент­тердің шақыруымен Германияның Мюн­хен қаласында өтетін опера фести­вальдеріне қатысып, екі жылдай сонда жұ­мыс істедім. Сол екі арада Мюнхен ұлт­тық театрының басшылығы жұмысқа шақырды. Бірақ сол кезде Өзбекстандағылар елге қай­тып келуімді өтініп, Ташкентке көшіп кел­дім. Мұнда келген соң, үкімет барлық жағ­дайымды жасап, ерекше құрмет пен сый­ластық танытты. Десек те әртіс атану құр қиял, бос арман ретінде қалып қойған жоқ, қысқаметражды фильмдерге түсіп, сондай-ақ, түрлі бағдарламаларда әртіс ретінде ба­ғымды сынап көргенім бар. width= Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов «Өзбекстанның Еңбек сіңірген әртісі» атағын табыстау кезінде[/caption]

– Бұған дейін «Халық әртісі» атағы тек орта жастағы өнер иелеріне бері­леді деп ойлап келген біз Өзбекстан пре­зидентінің бұл атаққа отыз үш жас­тағы сізді лайық деп танығанын ес­ті­генде таңғалдық. Өзбекстан тарихында бұл атақты иемденген ең жас әнші сіз бо­ларсыз?

– Жоқ, 2013 жылы әнші Гүлсанам Ма­ма­зоитова отыз екі жасында «Халық әртісі» атанған болатын. Бастапқыда мен де сіз секілді бұл атақ жасы үлкендерге ғана беріледі деп ойлайтынмын. Бірақ, әсте олай емес екен. Өзімді мақтағаным емес, бірақ елу-алпыс жастағы адамдармен салыс­тырғанда Өзбекстанда өнерді насихаттап, әсіресе опера жанрын ілгерілету үшін барын­ша еңбек еттім деп айта аламын. 2012 жылы бүкіл әншілер көз тігетін беделді сайыс Муслим Магомаев атындағы халық­ара­лық жарыста гран-при иегері атандым. Маған дейін бұл байқауда Өзбекстаннан еш­кім жүлделі болмаған. Осы байқауда топ жар­ған соң, 2014 жылы Өзбекстанның ең­бек сіңірген әртісі атағын иелендім. Сосын 2018 жылы Қарақалпақстанның халық әртісі атағын алдым. Одан бөлек, әйгілі «Ла Скала» опера театрында өнер көрсеткен тұң­­ғыш өзбекстандық әнші атандым. Ел ара­сында ұмытылып бара жатқан өзбек романстары туралы кітап шығарып, оның аудио және видео нұсқаларын әзірлеп шығардым. Байқаған боларсыз, біз бір орын­да отырмаймыз, концерттен кон­церт­ке қатысып жүреміз. Осындай азды-көпті ең­бегімізді елеп-ескерген президентіміз Шавкат Мирзиёев «Халық әртісі» атағына лайық деп таныды. Шынымды айтсам, бұл атақты аламын деп күткенім жоқ. Бұл сыйлыққа лайық деп жүзге тарта өнерпазды іріктеуден өткізген екен, сол жүздің ішінен жүйрік шыққаныма қуаныштымын. Қазір халықтың операға деген қызығушылығы едәуір артып, аудитория ауқымы кеңейді. Қа­зақстан жұртшылығы Димаш Құдай­бергенге қалай таңғалса, Өзбекстанда өте­тін классикалық кештерге келген көпшілік біз­дің өнерімізге дәл солай тамсанады. Мы­салы, мен президенттер қатысатын жиын­ға Фаррух Закиров, Юлдуз Усмо­новалармен бірге өнер көрсетемін. Ал бұл қатарға кіру үшін өз ісінің хас шебері бо­лып, үнемі өз бабыңда жүруің керек. Жал­пы, мен Өзбекстан мемлекеттік кон­сер­ваториясында магистратура бөлімін бітіріп, Италияның Озимо және Пезаро қаласында ор­наласқан екі бірдей академияда оқысам да, алған біліммен тоқтап қалмай, үнемі із­деніс үстінде жүргенді құп көремін. Оның үстіне, мен – өнерлі әулеттің ізін жал­ғастырушымын. Әкем Бүркіт Пиязов Нөкіс қаласындағы бірінші музыка мектебінде домбырадан сабақ береді. Әкем өзі тоғыз ағайынды, бауырларының басым бөлігі өнер саласында қызмет етеді. Ал біз отба­сын­да екі қыз, төрт ұл тәрбиеленіп өстік. Бар­лығымыз да өнер жолында жүрміз. Сол себепті өнер десе ішкен асын жерге қою, сахнаны киелі мекен санау – қанымызда бар қасиет. [caption id="attachment_156210" align="alignnone" width="1024"] width= Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев "Халық әртісі" атағын табыстау кезінде[/caption]

– Бір қызығы, көпшілік сізді сту­дент кезіңізден-ақ «Халық әртісі» деп атап кеткен екен. «Көп тілегі көл» деген осы болар.

– Иә, консерваторияда сабақ берген ұста­зым аудиторияға кіріп келсем «О, Ха­лық әртісі келді!» деп айтатын. Сабақ ор­тасында да «Халық әртісі, бері кел! Мына ән­ді орындап көр» деп шақыратын. Бәрінен бұрын мені осы атаққа лайық деп сол кісі айт­қан еді. Байқағаным, көпшілік адал ниет, жақсы тілек білдірсе, расымен ар­ман­дар орындалады екен. Өкінішке қарай, сол ұста­зым былтыр дүние салып, «Халық әр­тісі» атанғанымды көре алмай кетті. Ол кі­сі­ден бөлек, концерт жүргізушілері мені сах­наға үнемі «Халық әртісі» деп ша­қыра­тын. Ән шырқап болған соң, олардың қа­сын­да барып «Мен бұл атақты әлі алғаным жоқ. Жаңылыспаңыздар. Дұрыстап ша­қы­рыңыздар» деп түзеп кететінмін. Мені осы­лай хабарлап жүргенін көріп-естіп жүрген тың­дармандардың бірі өткенде «Сен «Ха­лық әртісі» атағын жақында ғана алыпсың ғой. Біз сені бұрында алған екен деп жүр­сек» деп таңғалады. «Халық әртісі» ата­ғымен марапаттау кешінде президентпен әзілдесіп, «Бұрын мені көпшілік «халық әртісі» деп айтқанда, өзімді ыңғайсыз сезі­ніп, ылғи түзетіп жүретін едім. Енді жақсы болды, түзетіп, қысылмайтын болдым!» деп айттым. [caption id="attachment_156213" align="alignnone" width="1024"] width= Өзбекстанның Халық әртісі, «Ялла» тобының жетекшісі Фаррух Закировпен концертте[/caption]

– «Жеке концертін шоуға айнал­дыра­тын опера әншісі» деген атағыңыз тағы бар. Эстрада әншілерінің кон­цер­тін тамашалағанды жөн көретін тың­дарманды классикалық кештерге қы­зықтырудың бір тәсілі ме бұл?

– Иә, мен концертімнің бірінші бөлі­гін­де опера айтсам, екінші бөлігі мүлде басқа форматта өтеді. Сөйтіп, кештің соңы шоуға ұла­сады. Арасында әзіл-сықақшылар көрер­мендерді ду күлдіріп, олардың көңілін ау­лайды. Біздің кеште операны тыңдап оты­рып ұйықтап қалу деген жоқ. Сахнада ән ай­тып тұрғанда көрерменнің ерекше ықы­ласпен тыңдап отырғанын байқаймын. Қа­зір Өзбекстандағы өнерсүйер қауым жеке концертімді асыға күтіп жүр. Билетті са­тылымға шығарсам, лезде сатылып кете­тінін білемін. Жоғарыда айтып өткенімдей, Өзбекстанда операға деген қызығушылық өте жоғары. Сол себепті тыңдарманды ұстап тұрудың әртүрлі жолын қарастыру керек. [caption id="attachment_156214" align="alignleft" width="212"] width= Әйгілі «Ла Скала» театрының сахнасында[/caption]

– Жаңа бір сөзіңізде «Ла Скала» театрын­да өнер көрсеткен тұңғыш өз­бекстандық өнерпаз екеніңізді ай­тып қалдыңыз. «Ла Скаланың» сах­на­сын­да ән шырқауды армандамайтын әнші жоқ шығар. Ал сіз бұған қалай қол жеткіздіңіз?

– Негізі, мен көп агентпен жұмыс іс­тедім. Италияға барғанда агенттердің айт­қанын бұлжытпай орындауға тырыстым. Бірде олар мені музыка әлемінде ең ірі саналатын Россини фестиваліне шақырды. Ал сол фестивалді тамашалауға келген бас­қа агенттер менің өнеріме жоғары бағасын беріп, ізінше «Ла Скала» театрында ән шыр­қау туралы ұсыныс білдірді. Бір байқағаным, та­лай мықтыны іріктеп жүрген олар сіздің қан­дай әнші екеніңізді жүзіңізден-ақ та­ниды екен. Сосын олар адамның мінезіне де қатты көңіл бөледі. Бір сөзге келуі қиын, ма­шақат пен қиындық тудыратын өнер ие­лерін тіпті де есепке алмайды. Ал мен жүр­ген жерімде қалжыңмен қағытып, үнемі күліп жүргенді жөн көремін. Сондықтан бо­лар, жолым болып, екінің бірі арман­дайтын театрда ән шырқадым. Негізі, осы тәжірибем арқылы «Ла Скалада» ән шыр­қауды армандап жүрген Өзбекстан жас­тарына өмірде бәрі де болуы мүмкін екенін дәлелдеп бердім деп ойлаймын. [caption id="attachment_156215" align="alignnone" width="1024"] width= Өзбекстан әншілерімен бірге[/caption]

– Бізде опера әншілері тек опера теат­рының сахнасында өнер көрсетеді деген түсінік қалыптасқан. Әңгімеңізге қарағанда сіз белгілі бір театр труп­па­сынан гөрі, агенттермен тығыз жұмыс істейтін секілдісіз. Солай ма?

– Дәл солай. Түрлі кештерде өнерімізді бай­қаған агенттер шетелде ұйым­дас­тыры­латын концерттер мен фестивальдерге жиі шақырады. Осылайша, агентпен келі­сім­шарт жасасып, екі-үш ай, тіпті бір жыл уа­қыт көлемінде сыртта жүреміз. Одан бөлек, ба­ритон және тенор дауыстылармен салыс­тырғанда, Еуропада мен секілді бас дауы­сы­мен айтатын әншілер аз, сондықтан бізді тың­дағысы келетін тыңдарман қолқа са­лып, концерт өткізуімізді жиі сұрайды. Қа­зір Грекия, Аустрия және Финляндия елін­дегі агенттермен келісімшарт жасасып жа­тырмын. Алдағы күндері шағын коман­даммен бірге Еуропаға жол жүрмекпін. Негізі, қазір желтоқсан айында Ташкентте бес мың орындық Достық үйінде екі күн бойы өтетін жеке концертіме дайындалып жүр­мін. Одан бөлек, келесі жылы Қарақал­пақстанда Өзбекстан бойынша тұңғыш рет ашылатын опера мектебінде көркемдік жетекші қызметін атқаратын боламын. [caption id="attachment_156216" align="alignnone" width="1024"] width= Қазақстан әншілерінің ортасында[/caption]

– «Халық әртісі» атанғаныңызды ес­ті­ген қазақстандықтардың сізге ті­лек­ші болып, қолдау білдіргенін сезген бо­ларсыз. Тіпті, мұндай ерекше қол­дауды байқаған Қарақалпақстан тұр­ғындары әлеуметтік желіде «Ол біздің елдің әншісі» деп жазып, сізді өзара «бө­ліске» салып жатқанын байқадық.

– Әлбетте, Қазақстан халқының ерекше қол­дауын басынан сезіндім. Әлеуметтік же­ліде «Өзбекстанда қазақ жігіті «Халық әртісі» атаныпты» деп жарыса жазғандарын оқыдым. Қарақалпақстан тұрғындарының «Ол біздің бала!» деп таласып жатқанын да көр­дім. Қазақтар мен өзбектер «Алпамыс батыр» жырын екі жаққа бөліп, таласады ғой. Сол секілді екі жақтың маған үлкен маңыз беріп, «ол біздікі» дегеніне ерекше қуанып, масаттанғанымды жасырмаймын. Демек, мен дүйім жұртқа керек екенмін. Қазақ екенімді бұрыннан білетін әрі жаңа­дан біліп жатқан көпшілік «Қазақстанға көшіп келмейсіз бе?» деп жиі сұрайды. Олар­ға былай айтамын: үйіңізде қазақша ет әзірлеп, оны дастарқанға енді қоя бер­геніңізде көршіңіз табағымен қоса көтеріп әкетіп қалса не болады? Оның бұл әрекетін түсінбей, ашуға булығасыз ғой. Мен Өзбек­станда тудым, осында өсіп-өндім, осы жер­де әнші ретінде танылдым. Қазақстанға жиі келіп тұрамын, бірақ Өзбекстан – менің үйім. «Ағаш та бір жерде көгереді» дегендей, бір жерде жүріп-ақ көгере берейік. Негізі, біз­дің президент екі елді бір-бірімен жа­қын­дастыратын мәдени іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып жүр. Жалпы, мен көптеген қазақстандық әншілердің өнерін жоғары бағалаймын, әсіресе МузАрт то­бының жанкүйерімін. Одан бөлек, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджановтардың туындыларын сүйіп тыңдаймын. Негізі, операмен кәсіби түрде айналысқанға дейін той-томалақтарда өнер көрсеткенмін, сол кезден бері көпте­ген қазақ әндерін жатқа білемін. Той демек­ші, Таш­кентте тұратын көп қазақтың той-тома­лақ­тарына қатысып, қолдау білдіріп жүремін. Олар ұйымдастырған іс-шара­лардан қал­мауға тырысамын. Сондықтан осы жаққа да бір әнші керек-ау деп ойлай­мын. Ал Қа­зақ­станда менсіз де әншілер көп қой.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары