Жетістігі мол Жетісу
Жетістігі мол Жетісу
Жаһандық пандемиядан кейін біраз тежеліп қалған экономиканың өсуін қалпына келтіру еліміздің қай өлкесіне болса да, оңай тиіп жатқан жоқ, дегенмен Алматы облысы басшылығының іскерлігі мен облысты өркендетуге арналған шаралардың дер кезінде қолға алынуы Жетісу өлкесінің түрлі салаларда оң көрсеткішке ие болып, екі жылдық пандемиядан зардап шеккен экономиканы жедел қалпына келтіруге жеткізді. Қазір мұның айқын көрсеткіші осы жылдың сегіз айы ішінде қол жеткен өсу қарқынынан анық байқалады. Осы қысқа мерзім ішінде облыс бойынша экономикалық индикатор 110,4 пайызды көрсетіп тұр, ал бұл көрсеткіш Алматы облысын еліміз бойынша бірінші орынға шығарды. Қазақстан бойынша экономикалық индикатор 103,9 пайыз екенін ескерсек, облыстағы өсімнің қандай қарқынды болғанын шамалай беруге болатын шығар.
ЖЕТІСУ − ҚЫЗЫЛШАНЫҢ МЕКЕНІ
Халық күнделікті тұтынатын және көп пайдаланатын өнімнің бірі қант болса, оны біздің елде мол өндіру де Алматы облысына тиесілі екені белгілі. Қантты өндіруге керек басты нәрсе − қант қызылшасы Жетісу өңірінде бұрыннан көп егіледі. Қызылшадан үнемі мол өнім алып жүрген Алматы облысында енді алдағы жылда қант қызылшасын жылдағыдан да көп егіп, өнімді екі миллион тоннаға дейін тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Әрине, бұл жоспарды орындауға өңірдің әлеуеті жетеді. Сондықтан бұрынғы егіліп жүрген көлемге тағы да 37 мың гектардай суармалы жер қосылмақ. Қазір Алматы облысындағы қант қызылшасының алқабы 16,3 мың гектар екен, демек алдығы жылы жалпы қызылша егісінің көлемі 50 мың гектарға жетеді деген сөз. Былтыр Ақсу және Көксу қант зауыттарында жалпы 550 мың тонна қант қызылшасы өңделген. Сондықтан ол көрсеткішті 2 миллион тоннаға жеткізу межеленсе, оны орындаудың да мүмкінгі әбден ескерілген деп ойлауға негіз бар. Қазірден бастап оған қажетті барлық амалдар жасалуда. Мүмкіндіктер жөнінде айтсақ, обылыстағы Ақсу қант зауытының өндірістік қуаты 550 мың тонна болса, Көксу зауытының қуаты – 250 мың тонна. Сондай-ақ Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарының қуаты бір миллион тонна шикізат өндіруге жеткізілмек. Қазір облысқа үкіметтік жұмыс тобы келіп, облыстың екі миллион тонна қант қызылшасын өсіріп, өңдеуге қажетті жер, су, материалдық базасы т.б. ресурстарының мүмкіндіктерін зерттеп жатыр. Үкіметтік жұмыс тобымен кездескен облыс әкімі жергілікті жерлерде олардың жан-жақты аудит жүргізуіне жағдай жасайтынын айтты. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың: − Қызылағаш плотинасы Үкіметтің қолдауымен қалпына келтіріліп, қазірдің өзінде 30 млн текше метр су жиналды. Осы су қоймасының нәтижесінде 7 мың гектар суармалы жер іске қосылады. Тіпті, ауқымы одан әрі де кеңеюі мүмкін. Жалпы бізде екі су қоймасын − Покатилов – (80 млн метр куб), Бүйен (5 млн метр куб), және Қызылағаш (7 мың гектар), Басқан (19,8 мың гектар) Бүйен (5 мың гектар), Жанама (5 мың гектар) суару желілерін салу іс-шаралары белгіленген. Бүгінде 8,9 млрд теңге сомасына Қызылағаш суару массивін салу бойынша жоба дайын, бес жоба бойынша ТЭН және ЖСҚ әзірлеу жергілікті бюджет қаражаты есебінен басталатын болады. Соның ішінде бір ғана Покатилов су қоймасының іске қосылуы 24 мың гектар жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Жергілікті шаруашылықтар бұл бастаманы қуана қабылдап жатыр. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен септігін тигізеді. Біз осы жылдың екінші жартысында сервистік-дайындау орталықтарын құрып, қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлеміз»,− деуі екі миллион тонна қант қызылшасын өндіруге облыстың толық әлеуеті жететінінің дәлелі болса керек. Әрине, қант қызылшасы өсетін алқаптардың бәрі шайып суаруға келе бермеуі мүмкін, сондықтан облыста жаңбырлатып суару жүйесін енгізу мүмкіндігі де қарастырылуда. Тіпті оны енгізуге инвесторлар да дайын. Облыста бұл жаңа технология Қапшағайдан басталмақ. Суды үнемді пайдалану үшін жаңбырлатып суару сияқты жаңа технологияны енгізу өңір үшін тиімді жобаның бірі болары сөзсіз. Ол технологиямен егінді суару су ресурс үнемдеуге пайдасын тигізіп, өнім сапасын арттыруға да әсерін берері анық. Міне, осыларды ескергенде қант қызылшасын екі миллион тоннаға жеткізу Алматы облысы үшін қол жеткізуге болатын жоспар екені дәлелденеді. Оны іске асырудың облыстық Жол картасын әзірлеуге керегі белгілі десек, қазір бұл тарапта да дұрыс жұмыс жүргізіліп жатыр. Онда атқарылатын әрбір шара − жер түгендеу, жаңбырлатып суару технологиясын енгізу, суару желілерін жаңғырту, басқа да барлық жұмыс егжей-тегжейлі қамтылмақ. Талдықорған өңірі – ежелден қант қызылшасын өсіруге маманданған аймақ. Мұнда қызылша өсіру әулеттен-әулетке жалғасып келе жатқан атакәсіп деуге болады. Жалпы, елімізде қант қызылшасы өндірісін 3,5 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Оның 1,5 миллион тоннасын Жамбыл облысы беретін болса, жоғарыда айтып өткеніміздің қалған екі миллион тоннасын Алматы облысы өндірмек.
БІЛІМ САЛАСЫНА САЛАТЫН ҚАРЖЫ МОЛ Жетісу өңірі – ежелден сулы да нулы ғажап өңір. Бұл өлкеде тау да, өзен де көп. Сондықтан тәуелсіздіктен бергі жерде Алматы облысына еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келушер көп болды, сондай-ақ өзге елдерден Отанымызға оралған қандастардың көбі де осы облысқа тиесілі. Қазіргі облыс демографиясының өсу динамикасына осы жайлар жақсы әсер етіп жатыр. Соның нақты бір дәлелі − облыстағы мектеп оқушыларының санының жылдан-жылға көбеюі. Биыл Алматы облысында 50 мыңдай бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған. Бұл еліміздегі ең ірі облыстағы халық санының өсуі жоғары екенін байқатса керек. Жаңа оқу жылында облыстағы оқушылар саны жарты миллиондай өсім көрсеткен. Облыстық Білім басқармасының мәлімдеуінше, өңірде жыл сайын оқушылар саны 20 мыңға өсіп отырған көрінеді, бұл жағдайға демографиялық өсу мен ішкі көші-қон әсер еткен. Ол әсіресе Алматы қаласына жақын аудандарда байқалған. Сондықтан үш ауысымды және бейімделген мектептер мәселесін шешу облыс басшылығы тарапынан ерекше бақылауда тұр. Мектептердегі үш ауысымды оқу үдерісін болдырмау үшін 2025 жылға дейін облыс бойынша 85 мектеп салу жоспарланып отыр. 13 жаңа мектеп іске қосылған, сондай-ақ 3 жекеменшік мектеп өз жұмысын бастаған. Халқы көп Алматы облысы білім саласына жыл сайын мол қаражат бөліп келеді. Биыл облыс бюджеті 312 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылғыдан 30 миллиард теңгеге артық болған. Ал облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына бөлініп отыр. БИЗНЕС СУБЬЕКТІЛЕРІ КӨБЕЙЕ ТҮСТІ Адамдар кәсіппен шұғылдану үшін әрқашан қолайлы орта іздейді десек, бұл жағынан да Алматы облысы алда келеді деуге толық негіз бар. Мәселен, биылдың өзінде облыста 1,2 мың бизнес субъектісі ашылған. Қазір облыста 124,8 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді, соның 1,2 мыңы биыл ашылып отыр. Сондықтан бұл салада 262 мың адам жұмыспен қамтылған. Облыс басшысы Амандық Баталовтың айтуынша, пандемия жағдайында да өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі ұлғайып келеді екен. Өткен жылы бұл саладағы өсім 34 пайызға жетсе, биыл оны 34,3 пайызға жеткізу межеленген. «Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар кәсіпкерлерге елеулі қолдау болды. Бизнестің 928 субъектісі 2,5 млрд теңгеге салық жеңілдігін алды, 418 субъектінің 3,2 млрд теңге сомаға несиесі кейінге шегерілді. Мемлекеттік меншік объектілерінде жалдау ақысын есептеу тоқтатылды. Бұл жеңілдікті 219 шағын және орта бизнес субъектісі 50,8 млн теңге сомаға пайдаланды», – дейді бұл жөнінде облыс әкімі А.Баталов. Облыстағы мемлекеттік қолдау кәсіпкерлікті дамытуға қажетті жағдай туғызып отыр. Мәселен, «Бизнестің жол картасы − 2025» бағдарламасы аясында қосымша 11,8 млрд теңге бөлінген. Соның есебінен облыста 2,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуді, 5 мың жұмыс орнын құруды, 7 мың жұмыс орнын сақтап қалуды жоспарлап отырған көрінеді. Алматы облысында бүгінде 12,3 миллиард теңгеге 1,4 мың жоба қаржыландырылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 87,5 миллиард теңгеге 267 жоба қаралып отыр. ТАУАР ЭКСПОРТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ Кәсіпорындар бәсекеге қабілетті болып, өздері жасап шығарған тауарларын экспорттай алса, оның таза пайда түсіретіні белгілі. Бұл жөнінен де Алматы облысының кәсіпкерлері іскерлік танытып отыр. Алматы облысында қырықтан аса кәсіпорын тауарларын шетелдерге экспорттайды. 2020 жылы өңірде өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 370 миллион АҚШ долларына жеткен. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрікменстан, Қытай елдері Алматы облысының негізгі саудадағы серіктес елдері саналады. Кейінгі жылдарда «Лепсі өнімдері» ЖШС өндірген бал, «Текелі» тау-кен өңдеу кешенінің шойындары, «Алюминиюм оф Қазақстанның» алюминий профильдері, Arba wine шараптары, «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-ның тез дайындалатын кеспелері, «Қаратал Балықтың» көксерке жаясы т.б. кәсіпорындардың өнімдері экспортқа шығарыла бастады. Бұл кәсіпорындар бәрі де мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы. 2020 жылы Алматы облысының ішкі өңірлік өнімінің көлемі 2,3 трлн теңге болса, аймақтың тауар айналымы 3,1 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал кейінгі бес жылда облыстың сыртқы тауар айналымы 78,5 пайызға көтерілсе, тау-кен өндірісі секторында бұл көрсеткіш 32,4 пайызға ұлғайған. ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ БАССЕЙН Дамыған өлкеде мықты құрылыс нысандары жүреді. Бұл жағынан алғанда, биылғы жазда Талдықорған қаласында ашылған заманауи жүзу бассейнінің дәл қазір Орталық Азияда баламасы жоқ. Оның бірегейлігі − олимпиадалық стандарттарға сай болуында. Бассейн жыл бойы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға, сондай-ақ балаларды үйрететін қала тұрғындарының демалуына арналған. Бүгінде мұнда 1126 бала оқиды, қосымша 2 мың бала қабылданған. Бассейннің құрылысы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің табысының айқын нәтижесі болып отыр.ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САЛУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Соңғы жылдары еліміздегі ішкі көші-қонның себебінен және мемлекетіміздегі демографиялық өрлеудің әсерінен еліміздің көптеген қалалары мен облыстарында тұрғын үйге деген сұраныс көбейіп кеткені белгілі. Сондықтан ол мәселені әр өңір барынша өз күшімен және мемлекет тарапынан берілген қаржыны тиімді пайдалану арқылы шешуге талпынып жатыр. Ал Алматы облысында халықтың тұрғын үйге деген мұқтаждығын шешу жолында жақсы жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Биыл облыста аумағы 663,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым құрылысына 45 миллиард теңге бөлінген. Қазір барлығы 2 603 пәтерлік 521 тұрғын үй салынып жатыр, оның ішінде 471 пәтерлік 26 үй Талдықорған, Қапшағай, Іле, Қарасай аудандарындағы тұрғындардың пайдалануына берілген. Сонымен қатар жеке құрылысшылар Талдықорған, Қапшағай, Алакөл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарында 1 397 пәтерлік 37 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 4 030 отбасы тұрғын үй сатып алады. Осы жылы 1 085 отбасы пәтер алды, оның ішінде 247 отбасы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы. Облыс бойынша орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілу деңгейі 98,3 пайыз. Биыл біз оны 7 ауылға су құбырын қосу арқылы ауызсумен қамтамасыз ету 99,5 пайызға жеткізілмек, сонымен қатар 11 ауылдың ауыз суының сапасы жақсарады. Осы мақсаттарға сай «Нұрлы жер» және «Ауыл − ел бесігі» бағдарламалары аясында 42 жобаны іске асыруға 8,6 миллиард теңге бөлінген. Тағы бір айта кететін нәрсе, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 48 ауылдық елді мекенде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша 18,4 млрд теңге сомаға 63 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде 9 нысан пайдалануға берілген, оның ішінде Ескелді және Сарқан аудандарында екі мектепті күрделі жөндеу аяқталып, Балқаш ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген, сонымен қатар Алакөл, Ескелді, Қарасай аудандарында кентішілік жолдар жөнделді.
P.S. Халқы еңбекқор, басшысы елдің қамын ойлайтын болса, ондай өлкеде береке бар. Бұл жағынан алғанда аумағы кең, батысында Жамбыл, солтүстігінде Балқаш көлі арқылы Қарағанды, солтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облыстарымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектесіп жатқан Алматы облысындағы халықтың еңбекке құлшынысы мен жұмыс орындарының көптігі оны өзге аймақтардан ерекшелеп тұрады. Халықтың игілігі үшін жүріп жатқан қарқынды құрылыс жұмыстары өлкенің даму көрсеткіші болса керек.