1449
«Әліппенің» аты өзгерсе де заты өзгермейді
«Әліппенің» аты өзгерсе де заты өзгермейді
2019 жылы үштілді білім беру жүйесі бірден енгізілмейді. Оған дейін барлық оқу-әдістемелік база әзірленіп, мектеп мұғалімдері тіл курстарынан өтуі тиіс. Сөйтіп, жаңа жүйе біртіндеп енгізіледі. Ал, бүгінгі білімнің жаңартылған мазмұнына сәйкес «Әліппемен» бірге «Дінтану» пәнінің атауы да өзгертілді. «2019 жылы тек 10-11 сыныптарда ғана, оның өзінде жаратылыстану-математика кластарында төрт пәннің екеуін таңдай алады. Биология, xимия, физика және информатика», - деді Білім және ғылым министрлігінің Білімнің мазмұны және әдістемесі басқармасының басшысы Талғат Жәкенов бүгінгі брифингте. Оның айтуынша, мектеп оқушылары таңдаған пәндерін ағылшын тілінде оқитын болады. Сондай-ақ ол «Әліппенің» атын ауыстыру мен дінтану сабағын енгізу бойынша журналистердің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. «Әліппенің» атауы өзгерсе де, заты өзгермеді. Атауы «Сауат ашу» болса да, ішінде бұрынғы — «Әліппе». Бала бүкіл әріптерді үйренеді. Сосын «Ана тіліне» ауысады. Сондықтан ешқандай мәселе жоқ бұл жерде. Ал «Дінтану» пәні туралы айтар болсақ, ол 2009 жылдан бастап міндетті пән ретінде оқытылып келді. Биылғы жылдан бастап бұл пәннің атауы «Зайырлық және дінтану негіздері» болып өзгертілді. Оны тек 9-шы сыныптарда ғана оқытады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, осы 9-сынып нағыз өтпелі жас дейді ғой, сол себепті дәл уақыттан бастап енгізгенді жөн көрдік. Одан бұрын оқыту жоспарымызда жоқ», - деді Т.Жәкенов.