Кейкі батырдың бассүйегін жерлеу келесі жылға қалды

Кейкі батырдың бассүйегін жерлеу келесі жылға қалды

Кейкі батырдың бассүйегін жерлеу келесі жылға қалды
ашық дереккөзі
238
Бұған дейін 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келген Кейкі батырдың бассүйегі Ресейден елімізге жеткізілгенін хабарлаған едік. Алайда зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Кейкінің бассүйегі іле-шала Венгрияға жөнелтілгендігі белгілі. Антрополог Андраш Жолт Бироның айтуынша, алдағы бірнеше ай ішінде батырдың бет-әлпеті қайта жасалады. Жұмыстың нәтижесін таныстыру Қазақстанда өтеді. Ал Венгриядан Алматыға әкелінген Кейкі батыр бассүйегінің бөліктері  әзірге Орталық музейде сақтала тұрады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры – Кейкі батырдың сүйегін жерлеу мәселелері жөнінде кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Бұл ретте вице-премьер тұтас бір ұлттың намысын арқалаған ақберен қолбасшы Кейкі батырдың бас сүйегінің елге қайтарылуы елдігіміз бен ерлігімізді паш еткен игілікті іс екенін айта келе, батырдың аты мен ерлігін барынша дәріптеп, оның денесін салт-дәстүрімізбен арулап жерлеу қабырғалы халық, іргелі ел екендігіміздің көрінісі деп атап өтті. Ол Кейкі батырдың денесін жерлеу рәсімін ұйымдастыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын құру маңызды екеніне назар аудартты. Себебі ҚР Премьер-министрінің орынбасары құзырлы органдарға Қостанай облысының аумағында батыр бабамыздың денесі жерленген орынды табу мақсатында археологиялық зерттеулер жүргізу үшін рұқсат қағазын рәсімдеуді тапсырған еді. «Қазақтың көзмерген батыры Кейкі батырдың денесі көмілген орынды іздеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру үшін археологтар мен ғылыми қызметкерлер тобын құру мәселесін талқылап отырмыз. Тарихи тұлғаларымыздың атын дәріптеу және олардың мұрасын сақтау еліміздің абырой-беделін арттырып, ұлттық рухымызды өсіреді. Алда жоспарланған іс-шараларды мұқият пысықтап, осынау тарихи маңызы зор келелі іске бір кісідей жұмыла кірісуіміз керек», –  деді Иманғали Тасмағамбетов. Жіті әрі сапалы зерттеу жүргізу үшін уақыт керек. Батыр хақында жиған-тергені бар зиялы қауым өкілдері мен тарихшы ғалымдар батырдың денесі көмілген орынды іздестіру, оны анықтау және жерлеу рәсіміне байланысты дайындықты алдағы жаздың соңына дейін жүргізетін болды. «Еліміздің зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссияның шешімі –Кейкі батырдың бас сүйегін арулап қоюды асықпай жасау. Ең бастысы, елімізге батырдың бас сүйегі келді. Бұл егемендігіміздің, еліміздің, Елбасының беделінің арқасында орындалды. Мұны халық түсініп отыр. Ал енді қою мәселесі қыстың көзі қырауда, апарып жай көме салатын бас емес, ол халық батыры. Елдің батыры, сол себепті арулап, тиісті мемлекеттік деңгейде жерлеу осы комиссияда шешілді», – деді кеңес отырысында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Ақылбай. Комиссия ұсынысы құптарлық. Мәселен, Кейкі батырдың бас сүйегін елге әкелу және оны зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай да бұл шешімді қолдайтындығын жеткізді. «15 қазанда Кейкі батырдың бассүйегі Венгриядан Алматыға жеткізілді. Венгриядағы жаратылыстану ғылымдарының антропологтары Кейкі батырдың бейнесін зерттеп, оның неден қайтыс болғанын анықтау үшін ДНҚ сараптамаларын да жүргізді. Жүргізілген сараптамалардың қорытындысы 10 желтоқсанда дайын болады. Бұл мәселеде бізге Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері белсенді түрде көмек көрсетуде. Қазіргі уақытта Кейкі батырдың бассүйегі Орталық мемлекеттік музейде тұр. Қажеттілік болғанда, яғни, бассүйекті жерлейтін кезде оны туыстарына береміз. Ал батыр бассүйегінің   келер жылы күз айында жерленгені дұрыс болады. Өйткені, оған дейін міндетті түрде көптеген мәселелер атқалылуы тиіс», – деді ол. Кеңес барысында Иманғали Тасмағамбетов Мәдениет және спорт министрлігіне Қостанай облысының әкімдігімен бірлесіп Кейкі батырдың кесенесін жобалау және одан әрі құрылысын жүргізу үшін қажетті барлық шараларды қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ол сондай-ақ, халқымыздың рухы мен мәртебесін көтеру тұрғысында осынау жобаның тарихи маңызына ерекше тоқталып, оны жүзеге асыру үшін құзырлы мекемелер және қоғам өкілдерімен бірлесіп іс-қимыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары