50244
Жігерлі жастардың жиыны
Жігерлі жастардың жиыны
Өткен аптада Түркістан облысы Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өтті.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған форумда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170-ке жуық жас маңызды мәселелерді көтеріп, жаңа бастамалар ұсынды. Сондай-ақ олар форум аясында ұйымдастырылған түрлі семинарлар мен тренингтерге белсенді қатысып, ұйымдастырушылардың шеберлікті шыңдай түсетін осындай мүмкіндік бергеніне дән риза. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәди Бердібаев бұл семинарлардан көрген-білгені, көңіліне түйгені көп екенін айтады. «Әсіресе, шешендік өнерге баулитын тренингтен үйренгенім көп болды. Жастар орталығының жетекшісі ретінде көпшілік алдына жиі шығамыз, сондықтан осындай пайдалы іс-шараны форум бағдарламасына кіріктіргені бізге жақсы болды», – дейді М.Бердібаев. Ал Ақтөбе облысы Шалқар аудандық мәслихатының депутаты Жанна Әбденова «Форумның пайдасы орасан екенін жастардың жүзінен-ақ байқауға болады, себебі олар бал-бұл жайнап, көтеріңкі көңіл күйде жүр. Бұл олардың бұрынғыдан бетер ерекше құлшыныспен жұмыс істеуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Тіпті, облыстан бірге келген әріптестерімнің де керемет әсер алғанын байқап жүрмін. Жалпы, форум барысында айтылған пайдалы ұсыныстар мен ақыл-кеңестерді түртіп алдық, ауданға барған соң, мұның барлығын іске асыратын боламыз», – дейді.
Айта кетерлігі, бұған дейін 12 рет ұйымдастырылған бұл форумға тұңғыш рет Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы жастар ұйымының өкілдері қатысты. Одан бөлек, Қытай, Германия, Татарстанда жастар мәселесімен айналысатын мекеме өкілдері форумға видеосәлемдемелерін жолдады.
«Единая Россия» партиясы Жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Виктория Федосова бес күн ішінде Қазақстан дарынды жастар мекені екеніне көз жеткізгенін айтады. «Мені бәрінен бұрын мұндағы жастардың күш-қуаты таңырқатты. Қазақстанның әр өңірінен келген жастардың ынтасы мол, шығармашыл, алға қойған мақсаты анық екені көрініп тұр. Кеше болған дарындылар сайысынан алған әсерімді тіпті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сосын оларды Ресейде болып жатқан жаңалықтар да қызықтырады екен. Ресейден келгенімді біліп, қасыма жақындап, біздің елде жүргізілетін жастар саясатында нендей өзгеріс болып жатқанын сұрайды. Одан бөлек, шетелдіктермен жоба жүргізуге жауапты органдар туралы мәлімет сұрады. Сөйтсем, өздері ойлап тапқан жобалары арқылы аймақтар арасында ынтымақтастық орнатып, халықаралық деңгейге шыққысы келеді екен. Бұл – құптарлық іс»,–дейді Виктория. Ал «Жаңа Әзербайжан» партиясы Жастар қанатының төрағасы Бахтияр Исламов «Осы күндер аралығында Қазақстан жастарының жүзі бал-бұл жайнап, белсенділік танытып жүргенін байқадым. Бұл «Jas Otan» Жастар қанатының жастарды көтермелеу үшін көп жұмыс істегенін көрсетеді. Кеше шетелден келген делегаттар Қазақстан жастарының болашағы жарқын екенін айтып, олардың қарым-қабілетін әңгіме қылдық. Ұшқыр ойлы жастар Қазақстанды одан бетер ілгерілетіп, тарихы бай мемлекеттің мәртебесін көтереді деп сенемін», – дейді. Сондай-ақ Тәжікстанның Соғди облысынан келген, Жастар кеңесі филиалының төрағасы Фахридинзода Фирдаустың байқауынша, екі елдің мәдениеті, салт-дәстүрі ұқсас келетіндіктен қазақ жастарымен туыстық байланысы айрықша сезіледі. Ол қазақтарға тән жақсы қасиет ретінде қонақжайлық пен үлкенге ілтипат көрсетуді атап өтті. «Біз Тәжікстаннан жаңа таныстық орнатамыз, көкжиегімізді кеңейтеміз, өзгелердің тәжірибесімен танысамыз, сондай-ақ жастар саясатында қолданатын әдіс-тәсілдерімізбен бөлісеміз деп ерекше құлшыныспен келдік. Осы ретте форум ұйымдастырушыларына ерекше алғыс айтқым келеді, біз қонақта емес, өз үйімізде жүргендейміз», – дейді Тәжікстан өкілі ағынан жарыла. Қазақстанға бірінші рет келіп тұрған Ислам ынтымақтастық ұйымы Жастар форумының жоба үйлестірушісі Юнус Чолак болса, түріктер мен қазақтар арасында ұқсастық көп екенін бұрыннан естігенін, бірақ сол туыстық байланысты осында келгенде сезінгенін байқап, таңғалғанын жасырмады. Естеріңізге сала кетсек, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы – Азия, Еуропа және Африканың 57 елі мүшелігіне кіретін ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. «Jas Otan» Жастар қанаты 2018 жылы Стамбұл қаласында өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының 3-ші Бас Ассамблеясында Жастар форумы басқармасының мүшесі атанған болатын. Сондықтан «Jas Otan»-мен тығыз байланыс орнатқан ИЫҰ Жастар форумы өкілінің бұл іс-шараға қатысуы кездейсоқтық емес. Юнус Чолактың айтуынша, бұл форум – түркі әлемінің жастары үшін керегі мен берері көп басқосу. Сол себепті ол түркітілдес мемлекеттерде жастар ісіне жауапты тұлғалар осылай жиі бас қосып тұруы керек деген ұсыныс білдірді. Оның бұл ұсынысын қолдай кеткен Өзбекстан Республикасы Жастар Одағы төрағасының орынбасары Шерзод Олимов бұл форумның расымен берері мол болғанын айтады. «Өзбекстаннан келген делегаттар осы форум кезінде жаңа функциямен таныс болдық, мысалы Қазақстан биыл бірінші рет тікелей дауыс беру арқылы ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізді. Біз үшін бұл – жаңалық, себебі бізде әкімдерді жауапты тұлғалар өзі сайлайды», – дейді Шерзод.
Қазақстан жастары мен ТМД елдеріндегі жастар ұйымдары өкілдерінің бұл басқосуы бекерден-бекер емес. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, алдағы уақытта үлкен саясатқа араласуды көздеп жүрген шетелдік жастар ұйым өкілдерімен бетпе-бет кездесудің өзіндік мәні бар. «Қазақстан – дамушы мемлекет. Экономикамызды көтеру үшін экспорттық саясатты дамыта түсуіміз керек. Ал экспортты күшейту үшін өнім болуы тиіс. Өнімді дамытудың бірден-бір жолы – осындай халықаралық форумдар арқылы болашақ саясаткерлермен байланыс орнатып, өз өнімдерімізді осы азаматтар арқылы өзге елдерге жеткізу», – дейді Е.Бейсенбаев.
ТМД және Түркия елдері жастар саясатындағы үздік тәжірибелерді қолданудың маңызы зор екенін атап өткен «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев форум соңында шетелдік жастар ұйымының өкілдерімен ынтымақтастық меморандумдарға қол қойды. Бұл меморандум негізінде Қазақстан жастары шетелдік жастар ұйымының өкілдері және онда қызмет ететін жастармен бірлесіп бірқатар жоба әзірлеп, сондай-ақ, біліктілікті арттыруда түрлі жиындар өткізе алады.
Форумның жабылу салтанатына қатысқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Jas Otan» Жастар қанатының халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп жатқанын айтып, форумға арнайы шақырылған шетелдік делегаттарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол «Jas Otan» жай ғана жастар ұйымы емес, маңына 35 жасқа дейінгі 100 мыңнан астам белсенді қазақстандықты топтастырған үлкен алаң екенін баса айтып өтті. Сөз соңында ол форум қатысушылары мен қонақтарын түркі әлемінің мәдени астанасына айналған Түркістан қаласына саяхат жасап, сонымен қатар, Түркістан музыкалық драма театрында сахналанатын, белгілі қаламгер Дулат Исабековтің әлі сиясы кеппеген «Бөрте» пьесасын көруге шақырды.