50736
Лондонда қазақ тілі сыныбын ашқан Әсел
Лондонда қазақ тілі сыныбын ашқан Әсел
Таяуда Лондонда отандасымыз Әсел Молдағалиеваның мұрындық болуымен қазақ тілі сыныбы ашылды. Әдетте жұрт алыстағы Англияға ағылшын тілінде еркін сөйлеп, дүниенің ілім-білімін меңгеру үшін баратыны белгілі, ал қазір әртүрлі себеппен Тұманды Альбионда тұрып жатқан қандастардың алаң-уайымы туған тілді ұмытып қалмау болса керек. Балалары ана тілінде ағылшынша акцентпен сөйлей бастағанын байқаған Әсел дереу қазақ тілі сыныбын ашуды ұйғарғанын айтады. Лондонда да қазақтар бір қауым ел емес пе, қазақ тілі сыныбы ашылатынын естіген бетте-ақ бірі қуана-қуана баласын жетектеп апарса, енді бірі онда сабақ беруге келісіп, жаңа басталған істің әп-сәтте қиюы келісе кетіпті. Жат жұртта жүрсе де, елді ойлап жүрген елгезек отандасымыз Әселді әңгімеге тартып, жаңалықты өз аузынан естіп-білгенді құп көрдік.
– Мамандығыңыз біз ойлағандай педагог емес, есепші екенін білгенде таңғалғанымыз бар. Бірақ ана тіліңізді ұмыттырмау үшін балаларыңызға күн сайын қазақ тілі сабақтарын жүргізіп жүргеніңізге қарағанда үйде отырып-ақ мұғалім болып алған секілдісіз?
– Мамандығым есепші болғанымен, мұғалімнің жұмысын бір кісідей білемін. Өйткені жаңа ортаға түскен төрт баламның оқу үлгерімін жоғарылату үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Жұбайым дипломат болып жұмыс істейтіндіктен, оның жұмыс бабы бойынша Вашингтонға қоныс аудардық. Онда төрт жыл тұрған соң, Лондонға көшіп келдік. Бастапқыда барлық сабақ ағылшын тілінде өтетіндіктен үлкен ұлдарыма оқу бағдарламасын түсіну қиын болды. Оған қоса, ол кезде олар ағылшын тілін жетік білмейтін. Балаларымның қиналып жүргенін көріп, оларға көмектесудің жолдарын іздестіре бастадым. Интернеттен түрлі пәндер бойынша қосымша материалдар тауып алып, өз бетімше ұғындырып жүрдім. Сосын мұғалімдерінен ақыл-кеңес сұрадым. Олар «Күн сайын кітап оқуға дағдылансын. Олар оқығысы келмесе, өзіңіз қасында отырып жиырма минуттай кітаптан үзінді оқып беріңіз, сонда олар айтқаныңызды есте сақтап, лезде «қағып» алады. Сосын күн сайын үш-төрт сөйлем құрастырсын» деп кеңесін айтты. Сөйтіп, балаларыма мұғалімдерінің айтқанын істеймін деп жүріп өзім мұғалім болып алдым (күліп). Десек те уақыт өте келе балаларымның қазақ тілінде ағылшын акцентімен сөйлейтінін байқадым, сөйтсем, шетелде тұрған қазақтардың балалары да қазақша акцентпен сөйлейді екен. Кейіннен олар толығымен қазақша сөйлегеннің орнына арасына үш-төрт тілді қосып сөйлейтінді шығарды. Мұны түсінуге болады, себебі жаңа тіл үйреніп жүрген баланың сөз арасында сол тілдегі сөздерді автоматты түрде айтып қалатыны белгілі. Вашингтонда тұрғанда балаларым испан тілін оқыған болатын, ал қазір осында біреуі неміс, ал енді бірі француз тілін оқып жүр. Мейлі, көп тіл білсін, десек те қазақ тілін ұмытпасын, акцентпен сөйлемесін деген мақсатпен қазақ тілі сыныбын ашуды қолға алдым.
– Әдетте шетелде оқытылатын тіл курстары шағын кеңседе немесе репетитордың үйінде өткізіледі. Бірақ сіз Лондондағы мемлекеттік мектептен арнайы кабинет жалдауды жөн көрген екенсіз. Сабақ оқуда мектеп атмосферасының ықпалы зор дегеннен туындаған шешім бе бұл?
– Дәл солай. Жалпы, мамыр айында осындай идея туындаған соң, ең алдымен сабақ өткізетін орын іздей бастадым. Ол орын жай ғана кабинет немесе шағын кафе болмауы тиіс екенін әу бастан түсіндім. Себебі балалар ондай жерлерде оқи алмайды, олар мектептің атмосферасын сезінуі керек. Мектеп атмосферасын сезіне алған бала үшін оқуда көп қиындық болмайды. Сондықтан бірден мектеп іздестірдім. Осында орналасқан A* Russian School мемлекеттік мектебінің директорымен кездесіп, өз идеямды ортаға салып, ұсыныс білдірдім. Ол кісі бірден қолдап, сенбі және жексенбі күндері мектеп кабинеттерін жалға беретін болып келісті. Сөйтіп, қыркүйек айының ортасынан бастап, сабақ жүргізуді бастап кеттік.
– Ал мұғалімдерді қалай іріктеп алдыңыз?
–Facebook-тегі Ұлыбританиядағы қазақтар қолданатын топқа мұғалім іздеп жүргенім туралы хабарлама жарияладым. Он шақты қандасымыз бірден жауап берді. Мені қатты қуантқаны – осында он бес-жиырма жылдай уақыт тұрып жатқан кейбір қыз-келіншектер қазақилығын сақтап, қазақ тілін ұмытпаған екен. Олардың «біздің де көмектескіміз келеді» деп ұсыныс білдіргеніне риза болдым. Қазір сол кісілердің біреуі ерікті ретінде біздің сыныпта сабақ беріп жүр. Сосын осында докторантура және магистратура бөлімінде оқитын екі қыз сабақ береді.
– Бірінші сабаққа қанша бала қатысты?
– Бірінші сабаққа он бала қатысты, алғашында екі топқа бөліп оқыттық. Десек те әлеуметтік желіге жариялаған хабарландырудан естіп-білген ата-аналар әлі күнге дейін хабарласып жатыр. Сыныпқа апта сайын бір-екі баладан қосылып жатыр. Қазір он жеті бала оқиды, оларды үш топқа бөліп оқытамыз.
– Құпия болмаса, бір сабақтың құны қанша?
– Бір сабақтың құны – 16 фунт стерлинг, теңгемен шаққанда шамамен 9 мың теңге. «Бір сабақ» деген жай естілуі мүмкін, бірақ біз бір сабақты мейлінше қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Сабақ арасында түрлі ойындар ойнатамыз, сөздік қорын молайту үшін флеш карталар қолданамыз. Шағын әңгімелер оқимыз. Балалардың қызығушылығын ояту үшін иллюстрациялық материалдарды көп пайдаланамыз. «Мынау – парта, анау тұрған – тақта» деп үйретпейміз, әр сөзге ассоциация құрап жазғызамыз, сол ассоциация құрудың есебінен балалар қазақша сөздерді тез жаттап алады. Байқап қарасам, біз жүргізіп жатқан сабақтар балаларға ұнап жатқан секілді.
– Сыныбыңызда оқитын балалар қазақ тілін қай деңгейде біледі екен?
– Балалардың қазақ тілін білу деңгейлері әртүрлі. Кейбірі қазақ тілін білсе де, ұялшақ әрі тұйық мінезіне бола сөйлей алмайды. Олардың белсенділігін арттыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, біздің сыныпта 6-12 жас аралығындағы балалар оқиды. Бірақ төртке енді толған балақайларды да оқытып жүрміз. Олармен сабақ жүргізген тіпті қызық. Оларды әр он бес минут сайын ойнатып, «Аю секілді қорбаңдайық. Енді ара секілді ызыңдайық» деп сабаққа қызығушылығын оятуға тырысамыз. Алдағы уақытта жасөспірімдерді де оқытатын бір топ ашсақ деген ойымыз бар. Қазір тіпті жасы үлкендер де біздің сыныпта оқығысы келіп жүр, әсіресе ата-аналар «тілді ұмытпау үшін біз де оқысақ қайтеді» деп қолқа салуда. Сол себепті алдағы уақытта топтар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
– Еуропада қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушылар шетелдіктерге арналған оқулықтардың ескіріп қалғанын, заманауи талаптарға сай жазылғанын табу қиынның қиыны екенін айтқан еді. Ал сіз оқулықтарды қайдан алдыңыз? Қазақстаннан алдырттыңыз ба әлде интернеттен таптыңыз ба?
– Оқулықтарды Қазақстаннан алдырттым. «Кітап дүкендеріне барып, қандай оқулықтар бар екенін қарап келіңдерші» деп елдегі достарыма, туыстарыма, тіпті ата-анама қолқа салдым. Алғашында интернеттен қарап көрдік, бірақ көбісінің мұқабасы ғана ашылады, ал тұтас кітапты жүктеп алу мүмкін емес болды. Оқулық іздеу де қызық болды, ата-анам дүкендерге барып, кітаптарды сурет пен видеоға түсіріп, балалар оқығанға қызық болсын деп қалың кітаптың арасынан түрлі-түстісін таңдап, маған беріп жіберді.
– A* Russian School мектебінің ресми сайтында қазақ тілі сабақтарында қазақша үйреніп қана қоймай, салт-дәстүрлерді таныстыратыны туралы жазылған екен...
– Салт-дәстүрін жете таныған бала тарихын таниды, сол себептен осы бір ай ішінде балаларға бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу дәстүрінің маңызын айттық. Өткенде тіпті көрімдіктің не үшін берілетінін түсіндірдік. Балалар қазақ тілінде еркін сөйлей алатын деңгейге жеткен соң, Қазақстан тарихымен таныстырмақпыз. Сосын Қазақстаннан шыққан танымал тұлғалар туралы сабақтар өтпекшіміз. Сондай-ақ еліміздегі көрікті жерлер туралы мәлімет беріп, елге барғанда қайда қыдырып баруға болатынын, Қазақстанның қай қаласы археологиялық мұрасымен әлемге танымал екенін айтып бергіміз келеді. Бұл сабақтардың соңы Қазақстанға деген сүйіспеншілікке ұласатынына сеніміміз мол.
– Сондай-ақ сол сайтта жоба үйлестірушісі ретінде сіздің аты-жөніңіз жазулы тұр. Бірақ Іnstagram-дағы qaztili_london парақшасында түрлі ертегілер оқыған видеолар жүктеп, қазақша сөздерге түсініктеме беріп жүргеніңізге қарап, оқу процесін басқарудан бөлек, үш еріктімен бірге сабақ беріп жүрген болар деп ой түйдік.
– Иә, мен де сабақ беремін. Аяқ астынан мұғалім болып кеттім (күліп). Қызық, өз балаларыма көмектесуден туындаған бұл идея осындай үлкен іске ұласады деп еш ойламадым. Жалпы, мен білетінімді адамдарға үйреткенді жақсы көремін. Сол себепті балаларға егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысамын, көп қайталаймын. Балалар болған соң, қайталап сұрамасаң болмайды. Тиісінше сабақ соңында энергияң таусылып қалады, бірақ алдыңа келіп тұрған баланың қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытып, көзі бал-бұл жанып тұрғанын көрген сәтте шаршағаныңды ұмытып кетеді екенсің. Бізге жақын жерде тұратын балалар көшеде маған қазақша сөйлесе жүрегім жібіп сала береді. Сол сәтті пайдаланып «Өткен сабақта не өттіңдер, айтыңдаршы қане» деп әдейі сұраймын, олар болса рет-ретімен барлығын айтып береді. Әдепкіде қазақша бір сөйлем құрай алмайтын балалардың сыныпқа келгенде «Бүгін не өтеміз? Қандай ойын ойнаймыз?» деп у-шулап, жамырай жөнелгенін көргенде атқарып жатқан жұмысымыздың бекер емес екенін түсінемін. Осы ретте айтайын дегенім, ешкімді мәжбүрлеп оқыта алмайсың. Көпшіліктің «Қазақсың ба, қазақ тілінде сөйлеуге міндеттісің» деген ұстанымын құптамаймын. Елде жүргенде үлкен кісілердің қоғамдық орындарда қазақша жауап бере алмай, қиналып тұрған адамға «Сен қалай ана тіліңді білмейсің?» деп ұрысып жатқанын талай көрдім. Бұлай бетіне баса берсек, олардың тілге деген қызығушылығын оята алмаймыз. Вашингтонға көшіп келгенде ағылшынша көп сөз білгеніммен, сөйлей алмайтынмын. Сол кезде өзімді «артта қалған» адам секілді сезініп, өз-өзіме көңілім толмай жүретін. Бірақ мен кездескен америкалықтар тілді толық меңгермегенімді бетіме басып, маған ауыр сөздер айтқан емес. Дүкенге немесе кафеге кіріп бірдеңе сұрасаң, асты-үстіңе түсіп, жандары қалмай, ым-ишарамен болса да түсіндіруге тырысады. Қала берді, «Сізге мынау керек пе? Мынаны меңзеп тұрсыз ба? Жоқ, ана затты әкеп көрсетейін бе?» деп сөрелердегі бұйымдарды алдыңа «үйіп» салады. Әртүрлі себептермен қазақ тілін үйренбеген отандастарымызға дәл осындай сүйіспеншілік танытса екен деймін. Бәлкім, сіз ұрысқан адам қазақ тілін үйренгісі келіп жүрген шығар, мүмкін, қазақша акцентпен сөйлесе мазақ қылатын ортасына бола қысылып жүрген болар. Сол себепті елдегі көпшілік оларды алдымен тіл үйренуге деген құлшынысын арттыруға тырысса екен деймін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ