50373
Өр Текес пен Қызылжар арасында
Өр Текес пен Қызылжар арасында
Әлеуметтік өмірдің қайшылық-қақтығыстарының қайнаған ортасында есейіп-ержеткен ақындардың бірі – өзіндік айтыс мәнерімен, әнші-сазгерлік салмағымен, азаматтық арынымен, шешендік дарынымен сонау 1980-1990 жылдардың өзінде-ақ ерекше көзге түскен, Қытайдағы қазақтардың маңдайалды айтыс ақындарының бірі болған Серік Әнбияұлын атап айтуға болады.
Мен қазақпын, кешегі сақ бабамыз. Өршілміз, ұқсамаймыз басқаға біз. Жетіліп көкбөрінің сүтіменен, Асқар шың болған біздің бас панамыз – деп, толғанған ақынның айтар ойы мен терең сыры «асқар шыңды баспана еткен» ұлттық тарихымыздың арғы-бергі көшірмесінде аңыз-ертегіге жүк болатындай ұлылықтың жатқанын әйгілеп тұрғандай болады. Серік Әнбияұлының өзі шығарған әдемі әуенімен әуелеп жүрген «Демеңіз», «Аттан дейтін сөз қайда», «Балалық» сияқты термелерін тыңдап, «Мекен жыры», «Дала», «Болмайды», «Мен қазақпын», «Алатауға», «Жетісу» секілді толғау-өлеңдерін мәнерлеп оқыған оқырманның көзі жететініне сенімдіміз. Ақын Серік Әнбияұлын аудандық, аймақтық және облыстық ақындар айтысында көп рет жүлдегер болып, ерекше көзге түскені себепті Қытайдағы бірнеше басылым мен «Шарапат», «Каусар» сияқты телеарна бағдарламаларының тілшілері арнаулы іздеп келіп, айтыссүйер қауымға таныстырғанын білеміз. Өйткені ол Қытай қазақтарына танылмал айтыс ақындары Гүлден Мүлікқызы, Айғаныш Дәлелханқызы, Нұрзихан, Ұлжалғас Тұмарбайқызы, Айтбек Әуесұлы, Ғазиза, Гүлбақыт, Мысыр, Зәпия, Гүлсімхан, Ғазиза, Зира, Нұрсара, Әбдіғани Бәзілханұлы, Құрманбек Зейтінғазыұлы, Бауыржан Шормақұлы қатарлы ақындармен айтысып, өрелі өнер көрсеткен болатын. Әбдіғани: Жыр етіп Құлжа сынды қаламызды. Қорғайық жасыл орман даламызды. Тыныстас қазақ елі табиғатпен, Биіктеп биік таудан алам үлгі. Табиғат орта жайлы ағайындар, Бәріміз өсірейік санамызды. Қазағым ежелден-ақ жыршы халық. Тілдескен табиғатпен тіл шығарып. Жаны бір табиғатпен ұлтымыздың, Шертетін ағашы да күй шығарып. Айғаймен қыр қазағы әуенімен, Тастан да жіберетін тіл шығарып. Серік: Жұрт тыңдар ақындары айтса өлең. Келемін ел мұрасын жаттап ерен. Қазақтың әуеніне орман мүлгіп, Саңқ етіп құлақ түрер таста керең. Мүмкін бе осындайда іркілуім? Тыныстас табиғатпен тіршілігім. Жайқалып жапырағын кеңге жайған, Болғанда халқым терек, бүршігімін. Осынау туған дала табиғаттың, Аяймын кірпігімдей бір шыбығын. Әбдіғани Бәзілханұлы мен Серік Әнбияұлының көлемді айтысының ішіндегі осы бір айтыс шумақтарындағы көтерілген тақырыптың адамзат баласына ортақ келелі тақырып екенін былай қойғанда, ондағы өлең жолдарының көркемдік өресінің нағыз ақынға тән суреткерлік шеберлігіне таңдай қақпау мүмкін емес. Әбдіғани ақынның «Шертетін ағашы да күй шығарып... Тастан да жіберетін тіл шығарып» деген образды ой толғамына Серік ақын «Қазақтың әуеніне орман мүлгіп, Саңқ етіп құлақ түрер таста керең. Жайқалып жапырағын кеңге жайған, Болғанда халқым терек, бүршігімін. Осынау туған дала табиғаттың, Аяймын кірпігімдей бір шыбығын» деп теңеу мен әсірелеуге толы көркем де суреткер тіл арқылы сүбелі өлең жолдарын тоқсан толғанып, жүз жүйелейтін жазба ақындарша жандандырады. Осы бір ойымыздың шынайылығын Жамағат Шәрбекұлының «Іле кеші» газетінде жарияланған «Мұңғылкүре ақыны Серік Әнбияұлымен Шапшал ауданының ақыны Ұлжалғас Тұмарбайқызының айтысы да көпті желпіндіріп тастады. Ұлжалғас: Ағажан әзіл айтып, төтеледің, Ел борышын демеймін өтемедің. Ұстазсыз, әр ағасыз аты шыққан Арманның асқарына жетелегін – дегенде, Серік Әнбияұлы: Қандай жақсы шабытты осы өлеңің, Көгеруін тілеймін көсегеңнің. Қол созып, Ай бетіне шығар болсаң, Өлеңмен Күн көзіне көтеремін, – деп тапбермеде жүйелі жауап қайтарып, оны көркем образға орап, тартымды етіп жеткізеді. Серік Әнбияұлының тап бермеде түсірген бұл бір шумақ өлеңінің көркемдік өресі мазмұны қайсыбір жазба өлеңдеріңізден артық болмаса кем түспейді» деген пайымдауы растайтынына күмән келтірмейміз. Айтыс ақындарына қойылатын талап жоғары екенін көп жағдайда айтыссүйер қауым мен айтыс ақындары аңғара бермейді. Ондағы ойды бейнелеу қалай болу керек? Қарапайым болу керек пе? Жоқ, әлде көркем болу керек пе? Әрине, айтыс ақыны ойды көркем бейнелеудің шебері болатынын екінің бірі біледі. Алайда оның шығармашылық заңдылығына көп назар аудармайтын айтыс ақындары да жеткілікті. Айтыс өнеріндегі ойды көркем бейнелеу ұйқаспен қана шектеліп қалмай, сөздердің өзара үндестігі, суреткерлік және бүкпелеу секілді образды ойнақылықпен ұштасып жататынын аңғарған ақын ғана қисынды сөз жүйесімен қарсыласын шаңқаптырып кете алады. Серік Әнбияұлының айтыс өлеңдерінен тыс өтірік өлеңдері мен өтірік өлең айтыстарының өзі бір төбе: Гүлбақыт: Деме мені ағайын өтірікші. Өлтірсең де айтпаймын өтірікті. Тышқанды мініп алып келе жатқан, Мысықты кене шағып өлтіріпті. Серік: Әлі көбін айтамыз қызық істің. Айтысты естіп аспаннан бүгін түстім. Құмырсқаның бір тобын мұзға байлап, Қасап қып кесірткені қымыз іштім. Әріптес таңдайыңды тамсандырмай, Шөлдесең сонда барып қымыз ішкін – деп келетін өтірік өлеңдерінің қиялға бай салмағы зілдей ауырлығымен оқырманы мен тыңдарманын тың әлемге жетелеп ала жөнеледі. Серік Әнбияұлының өлең өнеріндегі терме-толғауларын былай қойғанда, оның «Керуен», «Сағыныш», «Жаңа қоныс», «Белес», «Қанатсыз балапан», «Ағын» сияқты күйлері мен «Көкшетау», «Жаңа дәуір», «Қызылжарым», «Тәуелсіздігім бәрінен қымбат», «Таңжарық» қатарлы әндері топтық ортада орындалып, айтылып жүргені оның сазгерлік қырын ашса, халық әндері мен өзінің авторлық әндерін топтық ортада тамылжытып орындайтын серілігі оның әншілік қырын әйгілеп жүргені белгілі. Серік бір сөзінде: «Менің айтыс сахнасына шығуымды қолдаған қолдаушыларым жақсы болды. Олар – өнертанушы, қоғам қайраткерлері. Олар менің өзімді ғана емес, өнерімді қолдады. Сондықтан да мен өз дарынымды ұштайтын жекпе-жекте көп тосырқап тосылмайтын стильді қалыптастырдым. Өйткені менімен жекпе-жекке шыққан ақындардың алымдылығы менің өз биігімді қалыптастыруыма себеп болды» деген еді. Серік Әнбияұлының табан асты сөз табатын, қарсыласын қапыда сан соқтырып, оқырмандары мен көрермендерінің көңілінен шығатын озық ойлы, иі қанған шымыр өлең жолдарынан жинақылық пен көркемдік өресі жоғары тапқырлықты байқаймыз. Артық ауыз, босбелбеу сөз-сөйлемдердің кездеспейтініне тәнті боламыз да, оның ел-жұрты алдында өз азаматтығы мен ақындық борышын бұлжытпай орындағанына риза болып: Өз басыңа білемін жетеді өнер. Еңбектерің әлі де еселенер. Тілейтінім ардақты ақын досым, Елдің жүгін нар болып көтере бер – деп өнерде де, өмірде де Секеңмен бірге бір терінің пұшпағын илеп жүрген, ақын, досы Жақыпнұр Оқасұлы айтқан ақ тілекті екі етпей орындағаны үшін ақын Серік Әнбияұлын құрметтейміз әрі мақтан тұтамыз. Әнші, сазгер, айтыс өнерінің ақтаңгері, өртекестің ерен жүйрігі, Қызылжар өңірінің төбе биге лайық ақсақалдарының бірі болып келе жатқан Серік Әнбияұлы жайлы біраз толғанған ойымызды қазақ әдебиеті «қашанда ел өміріндегі күрделі тарихи оқиғаларға үн қосып, өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырды. Өткен күн, озған дәурен, көне тіршілік шежіресі болды. Үнемі халық жағынан табылып, елдің бүгіні ғана емес, болашағы үшін де аса мәнді идеялардың ұраншысы қызметін атқарды» деп, көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауиннің терең мәнді, текті пайымдауымен түйіндейтін болсақ, Серік Әнбияұлының күмбірлеген күйлері мен әрлі әуендерінен тыс «Текестен теріскейге дейін» атты алуан тақырыптағы жинағының өзі қазақ әдебиетінің қазынасына жүйеден, қазақ мәдениетінің теңізіне тамған бір тамшы екенінде дау жоқ. Өйткені теңіз бұлақтан бастау алса, оның суының дәмі тамшыдан белгілі болатынын екінің бірі біледі.Бекқожа Жылқыбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты