Протезге қол жеткізу үшін он төрт күнде Кала Паттар шыңын бағындырдым – Мария Әуезова

Протезге қол жеткізу үшін он төрт күнде Кала Паттар шыңын бағындырдым – Мария Әуезова

Протезге қол жеткізу үшін он төрт күнде Кала Паттар шыңын бағындырдым – Мария Әуезова
ашық дереккөзі
50681
Мария Әуезова – екі аяғы жоқ болса да, Эверест базалық ла­геріне көтеріліп, Кала Паттар шыңына шыққан әлем­дегі тұңғыш әйел. Оның батылдығы мен табандылығына сүй­сінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оған бионикалық протез алу­ға көмектесуге уәде берген. Сөйтіп, ол қыркүйек айында Елба­сының қолдауымен әйгілі Ottobock неміс компаниясының Мәс­кеудегі филиалында медициналық тексерістен өтіп, протез жаса­тып қайтты. Өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға ар­найы жоба әзірлеп жатқан ерік-жігері мол Марияға хабарласып, әң­гімелескен едік.  width= – Алдымен Бурабайды бағын­ды­рып, сосын Эверест базалық лагеріне көтеріліп, Кала Паттар шыңына шық­саңыз да, өзіңізді альпинист деп ата­ған­ды құп көрмейді екенсіз. Неге? – Мені альпинист деп атағанды ұнат­паймын. Себебі тәжірибелі альпинистер се­кілді анау айтқандай ерлік жасамадым. Сөз­бен айтып түсіндіре алмаймын, бірақ тау шыңын бағындыру – менің жолым. Қан­шалықты ауыр болса да, осы жолды таң­дауға мәжбүр болдым. Уақыт өте келе тауға шыққан ұнай бастады, бірақ сол үшін маған альпинист атағын беру дұрыс емес. Түсінікті болу үшін әңгімені әріден бас­та­сам, сегіз жыл бұрын аяғыма тропикалық жара шығып, денсаулығым сыр бере бас­тады. Екі жыл бойы бұл дерттен айығудың жолын іздеп, көп елге барып, сан рет тек­серілдім. Алайда денеме жабысқан дерт әб­ден асқынып кеткен соң, ампутация жа­сауға келісуден басқа амалым қалмады. Әл­бетте, бастапқыда бұған сенгім келмеді әрі жағдайдың ушығып бара жатқанын көре тұра мұндайға дайын болдым деп айта алмаймын, бірақ менталды тұрғыда бұл қадамға баруға мәжбүр екенімді жақсы түсіндім. Соңында маған көп жақсылық жа­саған дәрігерлер аяғым былай тұр­сын, өзімді аман алып қалу үшін арпалысты. Ба­ғыма қарай, ота сәтті өтті. Десек те, аз қоз­ғалатын болғандықтан, салмағым арта бас­тады. Үш жыл үздіксіз жаттығудың нә­тижесінде 136 келіден 62 келіге түстім. Сол кезде протез киіп жүруді мақсат еттім. Алай­да арбаға таңылған алты жыл ішінде түрлі органдарға хат жазып, көмек сұрасам да, одан түк шықпады. Сосын бапкерім Ва­дим өзінді таныту үшін бір үлкен іс жасау ке­рек екенін айтты. Сөйтіп, алдымен Бурабай тауларына шығамыз деп шештік.  width= – Сонда тауға шығу арқылы көпші­лік­тің, әсіресе мемлекеттік құрылым өкілдерінің назарын аударғыңыз келді ме? – Иә. Қалай болғанда да менің мәселеме на­зар аударту керек болды, әсіресе ден­сау­лық сақтау саласына жауапты адамдардың көңіл бөлгенін қаладым. Сөйтіп, Бурабай жақ­та орналасқан Жеке батыр, Көкшетау жә­не Бөлектау тауларына шықтым, бірақ сон­да да біз күткен нәтижеге қол жеткізе ал­­мадық. Сосын ақылдаса келе, Непалға ба­рып, Эверестің базалық лагеріне кө­тері­ліп, Кала Паттар шыңына шығуға бел будық. Жалпы, мен тауға шығудағы басты мақ­сат протез алу болғанын, бұдан басқа ама­лым қалмағанын әрдайым айтамын. Бірақ көп журналист мұны жазбай қояды. Ақыр аяғында көпшілік танымал болу үшін шыңға шыққан болар деген ой түйеді. Бұл әсте олай емес. Біз ол жаққа бара­тынымыз­ды ешкімге айтқан жоқпыз, ешқандай мем­ле­кеттік органнан көмек сұрамадық. Бір­неше демеуші мен дос-туыстарымыздың кө­мегіне ғана жүгіндік. Тек командадағы жа­қын жандар әлеуметтік желідегі парақ­шаларына біздің әр басқан қадамымыз тура­лы жазып отыр­ды, туыстарымыз бен дос­тары­мыздың бізді уайымдап, біз­ден хабар күтіп отырғаны айт­паса да түсінікті, оған қоса біз таулы аймақта жүріп біраз уа­қыт байланысқа шыға алмадық. Ақы­рын­да менің шыңға шыққаным ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Сөйтіп, маған журна­листер бірінен соң бірі хабарласа бастады. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені журналис­тердің міндеті – жаңалықты жеткізу. Оның үстіне, біз Қазақстанның Көкбайрағын өзімізбен бірге алып жүрдік, оны Кала Пат­тар тауының шыңына шығып желбіреттік. Бұл – біздің ел үшін үлкен мақтаныш. Сон­дай-ақ Кала Паттар тауына екі аяқсыз кө­терілу мақта­натындай жайт деп ойлаймын, келісерсіз? – Әлбетте, мақтануға тұрарлық! Тіпті кә­сіби альпинистердің өзі соңына дейін шы­дамай, орта жолдан қайтып кетеді. – Иә, сол себепті жоғарыда айтып өт­кен­дей, бұл – мен салған дара жол. Сол се­бепті не үшін көтерілгенімді айтуға ұял­маймын. Ерлік жасау үшін шыңға шықтым де­меймін.  width= – «Эвересті бағындырған тұңғыш мүм­кіндігі шектеулі әйел» ретінде та­ны­малсыз. Бірақ сұхбаттың басында «Эверест шыңына шықты деу – қателік» деп түзедіңіз. – Журналистерге алдымен Эверест ба­залық лагеріне көтеріліп, сосын Кала Паттар тауының шыңына шықтым деп қан­ша айтсам да, бәрібір олар «Эверест шыңына шықты» деп жазады. Сол үшін кейде сұхбат бергім келмейді. Бәлкім, Эвересті тақырыпқа арқау ету әдемі есті­летіндіктен, солай істейтін шығар. Бірақ мен ешқашан Эвересті бағындырдым деп айтқан емеспін. Біз алдымен Эверестің теңіз деңгейінен 5 364 метр биіктікте орналасқан базалық лагеріне көтерілдік. Базалық лагерь Эверест тауының етегінде орналасқан, альпинистер шыңға көтерілу сапарын дәл сол жерден бастайды. Көпшілік бұл жерге тікұшақ арқылы жетеді, ал біз жаяу көтерілгенді жөн көрдік. Лагерьге жеткен соң түнде биіктігі 5 640 метр бола­тын Кала Паттар тауының шыңына қарай беттедік. Осылайша, бұл сапарымыз екі аптаға жалғасты.  width= – Шыңға шығу үшін екі апта бойы уа­қыт пен күш жұмсағаныңызды елес­тетудің өзі қиын... – Бәрінен бұрын үстіме киген киім жол бойы қажап тастайтындықтан, бүкіл денем ауыр­ды. Бірақ күн сайын белгілі бір биік­тікке көтерілген кезде «бүгін сен жеңдің» деп өз-өзімді жұбатып отырдым. Қанша қиын болса да, кері қайту туралы еш ойла­мадым. Тек Кала Паттар шыңына шығып бара жатқан кезде бүйрегім ауырып, өзімді жайсыз сезіндім. Бапкерім «Егер сен кері қайтамыз десең, қазір-ақ қайтамыз» деді, бірақ шыңға шығуға бейімделген жергілікті шерпалар «Мария, қанеки! Әне, шың көрініп тұр! Аз қалды! Шыда! Алға!» деп мені желпіндіріп, алға сүйрелеп отырды. Түнгі уақыт болса да олар үнемі «Әне, шың көрініп тұр» деумен болды (күліп). Сол ай­мақ­ты жақсы білетін олардың бұл айтқа­нына сеніп, расымен жақындап қалған шығармыз деп ойлап, бар күшімді салып жо­ғарыға қарай көтеріле бердім. Сөйтіп, бір­неше сағаттан соң, шыңға қарай жақын­дап келе жатқанымызды көргенде екінші ты­нысым ашылғандай болды. Қатты қуан­дым.  width= – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында қайсар мі­не­зіңізге риза болып, сізге протез алу­ға көмек беру туралы уәде бергенін бі­ле­міз. Жуырда ол «Штрих к портрету» ат­ты деректі фильмінде «Марияның қан­шалықты дайындалғанын елес­те­тіп көріңіз. Бұл барлығына үлгі болуы керек. Қазір мен оған протез жасап беру мәселесін қолға алып жатырмын. Оған алға қарай ұмтылатыны үшін кө­мек­тескім келеді», – деп айтқан еді. Жуыр­да Мәскеуге қаралуға Елбасының қолдауымен барып келдіңіз бе? – Иә. Непалдан елге оралған соң, Ассам­блея кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысу мүмкіндігі туды. Сол кезде Ел­ба­сына өз оқиғамды баяндап, жағдайымды тү­сіндіріп айтқан едім, ол протез алуға то­лы­ғымен көмектесетінін айтып, уәде берді. Сөй­тіп, ол кісі берген уәдесін орындады. Осы ретте Елбасының көмегі көп тигенін ай­та кеткен жөн. Жалпы, маған аяққа жа­салатын отаның ең күрделісі – қос тізеден төмен ампутация жасалынды. Тиісінше маған бионикалық, былайша айтқанда «ақылды» әрі құны қымбат протез кию қажет. Қазақстанда жасалатын про­тездер маған жара­май­ды. Елбасының қолдауымен маған қажет протезді жа­сату үшін Мәскеуге барып, арнайы ор­талықта үш ап­та­дай қаралдым. Сөйтіп, маған арнайы әзірленген протезбен елге оралдым.  width=– Тағы сол деректі фильмде Елбасы сіз­ге қажет, құны қымбат протездің тек Германияда жасалатынын айтқан еді. Сонда мамандар протез жасауға қа­жетті құрылғыларды Германиядан ар­найы алдыртты ма? – Иә. Жалпы, Мәскеуге барып қаралуы­ма бірнеше себеп бар. Біріншіден, Мәскеу бізге жақын, екіншіден тіл жағынан кедергі жоқ, сосын пандемияға бола Германияға бару қиындық туғызады. Сол себепті Мәс­кеу­ге барып қаралған әлдеқайда қолайлы болды. Оның үстіне, мен әйгілі Ottobock компаниясының Мәскеудегі филиалында қаралдым. Маған қажет «ақылды» протездің құрамдас бөлшектері Германияда ғана жасалады. Бұл протезді орнатудағы ең маңызды әрі ең қымбат дүние – тізе модулі. Ал қалған бөлігін денемді өлшеу арқылы жа­сау қажеттілігі болғандықтан, ол протез­ді Мәскеуде құрастыру оңай болды. – Жаңа протезге бейімделу процесі қалай өтіп жатыр? – Алты жыл бойы мүгедектер арбасында отырған адамның қазір қандай сезімде жүргенін ойлай беріңіз. Былайша айтқанда, жеті, сегіз айлық бала еңбектеп, жорғалап, аяғынан тік тұрып, тірекке сүйеніп үйреніп, қалай өзі жүре бастаса, менде дәл сондай күй кешіп жүрмін. Протезді бірінші рет киген кезде санамда қандай сілкініс бол­ғанын сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Қанша жерден қымбат әрі жоғары сапалы протез болса да, денеңді ұстай білуді үйренуің қажет, себебі протез өз аяғымыз емес. Әлеуметтік желіге жүктеген видео­ларда протезбен жүргенім оңай көрінетін бо­лар. Бірақ шындап келгенде мұның бар­лығын еңсеру қиын. Әр аттаған қадамым оңайға түсіп жатқан жоқ. Дегенмен бұл ауыр кезең де келмеске кетер. Бірақ өзімді басқалардан өзгешемін деп есептемеймін. Өзімді дені сау адамдармен тең санаймын. Өмірім тамаша, алдыма қойған мақсатым айқын. Күйеуім Мұхтар екеуіміздің отасқа­нымызға биыл он екі жыл толады. Мұхтар мені әркез қолдап жүреді. Алдағы уақытта екеуміз мүмкіндігі шектеулі жан­дарға байланысты жобаларды іске асыр­мақпыз.  width=–«Егер мен кемінде бір адамды ын­таландыра алсам, соның өзі мен үшін жеңіс» деп жазған екенсіз. Әлеуметтік желідегі парақшаңызда сізді сыр­тыңыз­дан бақылау арқылы өмір сүруге деген құштарлығы артқанын жазған желі қолданушылардың қарасы көп. Ал шарасыз күй кешіп жүрген жан­дарға не айтар едіңіз? – Оларға берер ақыл-кеңесім қара­байыр естілуі мүмкін. Бірақ мен өз басым­нан өткен соң, осындай кеңес айтамын: «ала­пат күшке ие біреу аспаннан түсіп, өмі­­рімді түбегейлі өзгертер» деп қиялдап оты­рудың қажеті жоқ. Қол қусырып отыр­май, үлкен нәрсені армандау қажет, сосын сол арманды мақсатқа айналдыру керек. Сол арман мен мақсаттың арасын­дағы та­бал­дырықты аттап өткенде ғана өз жо­лың­ды табасың, өмірге не үшін келгенің­ді тү­сі­несің. Аяқ-қолыңыз сал болса да, жан-дү­ние­ңіз сау болсын. Адамның мүм­кіндіктері шек­сіз екенін, барлығы өзімізге бай­ла­ныс­ты екенін жадыңыздан шығар­маңыз.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары