«Халлю», «K-pop» тағы не?
«Халлю», «K-pop» тағы не?
Газетіміздің өткен сандарының бірінде белгілі жазушы, кинотанушы Айгүл Кемелбаеваның «Киноның алтын қазығы – сценарий» атты мақаласында киноиндустрия өндірісін талдай келіп, корей дорамаларына да тоқталған-ды. «Күн ұрпақтары» атты сериалдан соң: «Сон Джун Ки деген актер жігітке ғашық болып қалдым, үш балам бар, күні-түні соны ойлаймын» деген келіншектің оқиғасын мақалада мысал ретінде келтірген. Бүгінде Оңтүстік Корея мемлекеті дорамаларымен бүкіл әлемнің мәдени кеңістігіне әсер етіп отырғанын көруге болады. «Қиырдағы корей киносы әлемді қалай жаулап алды?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
«Корей толқыны» тарихы
Қоғамға құбылыс болып енген «халлю» немесе «корей толқыны» сонау 90-жылдары Оңтүстік Корея жерінен бастау алған мәдени құбылыс. Ол ең алдымен Қытай мен Тайваньға әсер етті. Содан біртіндеп Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тарап, бүгінде дүниежүзіне танылды. «Корей толқыны» құбылысының мәні – корей елінің поп-мәдениетін, атап айтсақ киносын, телехикаясын, музыкасын, тағамын, киімін, жауынгерлік өнерін дәріптеу. Оңтүстік Корея «халлюмен» байланысты тауарды экспортқа шығару арқылы жылына миллиондаған доллар қаражат табады. Бұл ел экономикасына айтарлықтай оң өзгеріс әкелетіні айтпаса да түсінікті. Корейтанушы Дастан Ақаштың мәліметінше, Кореяның ішкі нарығында мәдени өнімдер былтыр 105 млрд долларға сатылса, экспортқа шыққан мәдени контент 12 млрд доллар болған. «Халлю» термині қолданысқа енген тұста түрлі мәдениеттанушылар мен киносыншылар «уақытша мәдени науқан» деп бағалаған. Алайда жыл өткен сайын қарқыны қатты «корей толқыны» күшейіп, сарапшылардың қателескенін дәлелдеді. «Халлю» жаңа белестерді бағындырып, корей мәдени экспорты ұзақмерзімді даму жолына түсті. «Көрермендерді неге корей телехикаялары қызықтырады?» деген сұрақ қоғамда жиі талқыланады. Мұның себебін мамандар, корей телехикаяларында атыс-шабыс жоқ, саяси мәселені көтермейді, кішісі үлкенді сыйлайды, қыз-келіншектері ашық-шашық киінбейді десе, этнограф-ғалымдар қазақтар мен кәрістердің дәстүрлі мәдениеті мен өмірге көзқарасы ұқсас екенін айтады. Тіпті, отандық кинотанушылар корей кинодраматургтері туралы сөз болғанда, көркем фильмнің сценарийін өмір шындығына барынша жақын етіп жазады, үлкенді сыйлау, кішіге ізет, досқа адалдық дейтін адами қасиеттерді жағымды да шынайы көрсетеді деп бағалайды. Биыл қыркүйекте Оңтүстік Корея «Кальмар ойыны» дорамасын жарыққа шығарды. Телехикая небәрі 10 күн ішінде әлемнің 90 еліне таралып, Netflix ойын-сауық платформасының ондығынан бір-ақ шықты. Дәл осы дорама жанкүйерінің саны дүниежүзінде 100 миллионға жуықтаған. Бұл дорама туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Өткен аптада Білім және ғылым министрлігі «Кальмар ойыны» сериалының қазақстандық оқушыларға әсері туралы түсініктеме берді. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ата-аналар мен мектеп балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйрету керегін айта келіп, телехикаяны 18 жасқа толмағандарға көруге болмайтынын ескертті. Корей елінің киносын сөз еткенде «к-рор» өнерінен аттап кете алмаймыз. Жастардың сұранысын арттырған музыкалық жанрдың құпиясы өзімізге де қызық болды.
«K-pop» пен Q-pop арасы жер мен көктей
Бұл музыкалық эволюция – «корей толқынының» негізгі тамыры. Бүгінде дүниежүзінде 100 мыңға жуық фан-клуб ашылып, тыңдарман жинаған. Әріге бармай-ақ, қазақ қоғамына кең танылған Gangnam Style әніне түсірілген бейнебаян YouTube-тағы 1 миллиард қаралым жинап, Гиннес рекордтар кітабына енген. Корей рэпері PSY-ды бүгінде танымайтын адам жоқ шығар?! Бұл музыка өнерінде ерекше эволюция болғаны ақиқат. Алғашында тек музыкалық жанр ретінде пайда болған «K-pop» көп ұзамай әлем жастары арасында танымал ие болып, оңтүстіккореялық сән мен стильге еліктеген жастардың субмәдениетіне айналып үлгерді. Соңғы кезде қазақ жастарының арасында «K-pop»-қа негізделген Q-pop жанры пайда бола бастады. Осыдан 20 жыл бұрын қазақ эстрадасына жаңалық болып енген «Орда» тобының бағыты k-pop жанры болатын. Сәні мен әні үйлесім тапқан топтың бағытын алғашында ешкім түсінген жоқ. Уақыт өте келе көрермен көзі үйреніп, қоғам қабылдап, тыңдарманы көбейді. Бүгінде топ тарқаса да, жігіттердің дені өнерден ұзаған жоқ. Араға 15 жыл салып, Ninety One тобы қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. «Орданың» өнерін жалғап, жоғарыда айтып кеткен субмәдениет қалыптастырды. Топтың негізін қалаған, «Орданың» экс-солисі Ерболат Беделханның айтуынша, шығыс мәдениеті болғанымен, өзіміздің менталитетке сай, көзқарасқа қайшы келмейтіндей жаңа жанр ойлап тапқысы келген. Жоспары іске асып, Q-pop, яғни Qazaq pop жанры дүниеге келді. Бүгінде 20-дан астам музыкалық топ Q-pop бағытында жұмыс істейді. Q-pop – қазақ қоғамында жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Аға буын өкілдері әлі күнге дейін ұлттық дүниемізге жат деп дабыл қақса да, жастардың ықыласы мен сұранысы азайған емес. Корей мәдениеті қазақ қоғамына қаншалықты ықпал ете алғанын сала мамандары түсіндіріп берді.
Әсия БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ, кинотанушы: «Корей толқынының» екінші дәуірі жүріп жатыр Жалпы корей дүниесіне бүкіл әлемде қызығушылықтың қаншалықты жоғары екенін түсіне бермейтін сияқтымыз. Бұрын Америка, Канада, Еуропа мен Аустралия корей ұлтын білмейтін, «азиялық өзгенің» не «азиялық бөтеннің» бірі деп қана қабылдайтын. Соңғы 20 жылда оның жапон да, қытай да емес, өзіндік келбеті бар дара мәдениет екені анық болды. Қазір BTS немесе «Кальмар ойыны туралы естімеген адам некен-саяқ. 2000 жылдардың басында Азияда қанат жайған «халлю», яғни «корей толқыны» 2010 жылдан бері әлемді жайлады. Қазір «корей толқынының» қарқыны қатты екінші дәуірі жүріп жатыр деп санайтындар бар. Корей елі жарқылдаған шоу жасай алатын, сонысымен Америкамен де иық тірестіріп, таласа алатын поп-мәдениет ретінде қалыптасып келеді. Сондықтан Ерболат Беделхан «корейлерден үйренуіміз керек, сонда ғана өз мәдениетімізді қорғай аламыз» деп, «K-pop»-пен оның баламасы Q-рор туралы айтқаны «корей толқыны» маргиналды субмәдениет қана емес, расында да маңызды заманауи мәдени құбылыс екенін білдірсе керек. «Корей толқынымен» бірге азиат бола тұра, түрі ғана емес, мазмұны да жаһандық және ультразаманауи жаңа мәдениет келді. Бұл бізге «өзіміз сияқты» корейлердің де әлемдік сахнаға көтеріліп жатқанын, яғни бізге де, қаласақ креативті экономиканы дамытуға болатынын ұғындырады. Әсіресе, оған шығармашылық потенциал бары соңғы жылдары анық сезіліп жүр. Ал тәлім-тәрбиеге келсек, «халлю» көрермен назарын ұстап тұруға, визуалды әсерге, кейде эскапизмге негізделсе де, көпқырлы мәдениет. Әрине, гендер, тарих, травма, кімдік (identity) сияқты маңызды мәселені көтеретін дүние бар, сонымен бірге тарих, дәстүр сияқты ұлттық негізді алға тартатын дүниелер де жоқ емес. Бірақ «корей толқынымен» бірге мокпан (мукьанг), яғни қомағайлана тамақ жеу немесе сырт кейіпке әсіре мән беріп, бәлкім кей жағдайда қажетсіз пластикалық отаға, тағы басқа процедураларға әуестік, жалпы мінез-құлықтағы инфантильділік сияқты әдеттер жұғып жатыр. Десе де, интернет пен әлеуметтік желі дәуірінде қалай болғанда да «корей толқыны» балаларымызға ықпал ететін жалғыз ғана құбылыс емесі анық. Америка мен батыс поп мәдениеті, бергісі түрік, Ресей, қала берді жапон мәдениеті де белгілі дәрежеде ықпалды бола береді. Дүниенің біртекті емес екенін мойындауымыз керек және соншалықты көп ықпалдың арасында өзіміздің де келбетіміз бар екенін ұмыттырмау керек. Үйренетініміз – заманауи өнер нарығының заңдылығын түсініп, соған сай әрекет ете білу, жиренетініміз – кей-кейде сол нарықтың басыбайлы қызметшісі болып кетпеу. Жақсы музыка жазу, тартымды сахналық образ жасау, табысты кино түсіруді үйрену керек шығар. Өнер өнімін экспортқа шығаруды үйрену керек. Оның бастауы қайда? Мәселен, Ким Ки Дук, Боң Жун Ху, Хоң Саң Су, Чаң Доң, Чхан Ук Пак, Им Саң Су сияқты бір шоғыр режиссерлер ең табысты фильмдерін 1999 жылдан кейін түсірді. Корей телевизиясында, музыкасында да өрлеу сол кезден басталды. Бұл кездейсоқтық емес. Бәрі Кореяға 1998 жылдан Ким Дэ Чжуннің саясатымен бірге келген, кешенді қолдаудың ықпалы. Соңғы уақытта «креативті индустрия» деген сөзді өз еліміздің маңызды құжаттарында кездестіріп қалып жүрміз, бірақ мемлекетте бұл бағытта кешенді жоспар ғана емес, нақты шешім әлі жоқ сияқты. Гауһар БАТЫРХАН, аудармашы-филолог: Корей киносын көру – құмар ойынға қызыққанмен бірдей 2009-2014 жылдары Ұлттық арна мен Astana TV-да дубляж бөлімінде аудармашы болып еңбек еттім. Кореяда магистратурада оқыдым. Корей киноларын аударып жүріп, олардың өмір сүру салтымен таныстым. Кореяда киноиндустрия қатты дамыған. Олар кез келген өнімді алдымен өз елі үшін шығарады және оның сапасына мән береді. Қай өнімді алсаңыз да, тәрбиелік жағы басым және адамгершілікті ту етеді. Сценарийі зерттеліп, жан-жақты тексеріледі. Актерлердің мыңнан бірі кастингтен өтіп, сұрыпталады. Олар өз рөлдерін жан-тәнімен беріліп ойнайды. Техника өте жақсы дамығандықтан, түсіру кезінде соңғы үлгідегі түсіру құралдарын пайдаланады. Экраны тұнық, актерлері әдемі, сценарийі адамды баурап алатыны соншалық — дораманың бірінші бөлімін бастап көрген адам, қалай соңғы бөліміне жеткенін білмей қалады. Сондықтан, мен оған құмар ойын ретінде қараймын. Қазір жастардың көбі дораманы қызығып көреді. Дегенмен жастардың уақытын алады және тәуелді қарым-қатынаста өскен бала болса, дораманы көру арқылы сол дорамадағы кейіпкердің сезімін түгел бастан кешіреді. Мысалы, бір жасөспірім дорамадағы әртіске еліктейді. Сол әртіс сияқты өзін күтіп, қылықтарын қайталап, стилін өзгертуі мүмкін. Алайда бала өзінің бастапқы болмысынан ажырап қалады. Корейлер тек сыртқы дүниені насихаттайды. Одан кейін корейлер эстетикалық талғамға қатты мән береді. Кореяға барып, дорамадағы өмірді көргім келеді деп армандайтын адам қатты қателеседі. Дорамадағы өмір мен шынайы өмір – екі басқа. Бір дораманы 16 бөлім деп есептесек, бір күнде қалай барлық бөлімін көріп шыққаныңызды сезбей қаласыз. Демек, сіздің бір күніңіздің 16 сағаты кино көруге кетті. Сериал көру ойдың дамуын тежейді. Кітап оқығанда ойлау жүйеңіз дамып, анализ жасауға қабілетті болады. Дорама көріп отырғанда, эмоция мен сезім болуы мүмкін, бірақ миыңыз жұмыс істеп тұрмағанын түсіну керек. Елімізде мәдениаралық байланыстың болғаны құба-құп. Корей жұртынан үйренеріміз көп. Әсіресе, ғылым мен техника саласы көш ілгері дамып жатыр. Адамды құрметтеу, жеке басына қол сұқпау секілді дүниелер құндылық саналады. Жалпы, корей халқы барлық дүниенің оңай жолын іздейді. Өмірді қиындату оларға тән емес. Кореяда кез келген жерде ең оңай, ең түсінікті тілмен түсіндіреді. Мысалы, ауруханаға немесе банкке барсаңыз, сізге аурухананың немесе банктің терминімен сөйлемейді. Мейлінше, қарапайым әрі түсінікті етіп айтады. Сол нәрсе бізге жетіспейді деп ойлаймын.Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА