406
23 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?
23 қарашада қандай елеулі оқиғалар болды?
1992 жылы Алматыдағы Кеңсай зиратында қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің бейіті басына ескерткіш орнатылды.
1995 жылы Астана Мемлекеттік архивінің негізі қаланды.
Астана мемлекеттік архивінің қызметі мұрағат және құжаттар басқармасынан, сонымен қатар Алматы және Сарыарқа аудандарының мұрағаттарынан тұрады.
Ереже бойынша аудандық маңызы бар мекемелер бес жыл сайын құжаттарды тапсыру керек, ал қалалық маңызы бар мекемелер - он жыл сайын.
Астананың Мемлекеттік архиві Ресейдің, Башқұртстанның мұрағаттарымен өзара әрекеттеседі. Архивте - қазақтың тарихи қайраткері Мұстафа Шоқайдың хаттары сақтаулы. Мемлекеттік архивте 1915 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың Қазақ тілі кітабы сақталып тұр.
2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданы Мағжан Жұмабаев атындағы аудан болып өзгерді.
2004 жылы 23 қарашадан 5 желтоқсанға дейін Алматыда Балалар үйіне - бейбітшілік жалпықалалық әлеуметтік шарасы өтті. Ұйымдастырушы - әйелдерге арналған Кенгуру журналының редакциясы. Шара мақсаты - өмір жағдайларына байланысты отбасынан айырылғандарға көмек көрсету.
2004 жылы Алматыда ТМД-ның 12 елінің және ҚХР Бас прокурорларының қатысуымен Прокуратура органдарының қазіргі кезеңдегі құқыққорғаушылық міндеті тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан тарапынан ҚР Бас прокуроры қатысты.
2005 жылы белгілі ақын және қоғам қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Олжас Сүлейменовке Татарстанның Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы атағы берілді.
2005 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды.
Заң орта және шағын бизнесті, бәсекеге қабілетті экспорттауға бағдарланған өндірісті, жеке тұлғалар мен шағын бизнес субъектілерінің мүлігін ресмилендіру процесін жандандыру мақсатында салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған.
2007 жылы Павлодарда бұрыннан шығып келе жатқан қоғамдық-саяси газеттердің қатарын екі жаңа апталық басылым толықтырды. Қазақ тіліндегі Шаһар және орысша шығатын Наша жизнь газеттерінің алғашқы сандары жарық көрді.
2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Венгрия Республикасының жоғарғы мемлекеттік наградасы Алқалы үлкен крестпен марапатталды. Елбасыға орденді Будапештте Венгрияның Президенті Ласло Шойом салтанатты жағдайда табыс етті.
Аталған орден Н. Назарбаевқа Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы достық байланыстардың қалыптасып, даму ісіне қосқан зор үлесі үшін беріліп отыр. Венгрияның Алқалы үлкен крест орденімен мемлекет басшылары да марапаттала алады. Мемлекеттік наградалар туралы заңға сәйкес, Венгрияның Президенті лауазымы бойынша аталған орденнің кавалері.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Президенті Венгрия басшысын екі елдің достық байланыстарын дамытуға қосқан елеулі үлкен үлесі үшін біздің еліміздің бірінші дәрежелі Достық орденімен марапаттады.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Венгрия Республикасына мемлекеттік сапары кезінде Будапештте бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Венгрия Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Венгрия Республикасы Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевқа Венгрия қыпшақтары одағының Құрметті көсемі атағы берілді. Бұл диплом Будапештте Елбасының Венгрияға мемлекеттік сапары кезінде тапсырылды.
Бүгінде Венгрияда қазіргі Қазақстанның аумағынан шамамен 750 жыл бұрын көшкен қыпшақтардың 100 мыңға жуық ұрпағы тұрады.
2009 жылы КСРО және Қазақ КСР-нің халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Шығыс Қазақстанның Құрметті азаматы атағы берілді.
Сол күні КСРО және Қазақ КСР-нің халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың туған жері Семейде мерейтойлық концерт өтті.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев балалардың құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі қосымша шараларды қабылдауға және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды.
2010 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде ЕҚЫҰ саммитінің құрметіне орай үш көркем маркадан тұратын пошталық блокты салтанатты таныстыру өтті. Блокта Ақорда, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан туы аясындағы Қазақ елі бейнеленген. Авторы - Данияр Мұхамеджанов.
2010 жылы Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ шағын комитетінің 12-отырысы өтті. Оның барысында Қазақстан мен ЕО арасындағы екіжақты сауда-саттық мәселелері талқыланды.
2010 жылы қазақстандық ғалымдар Алматы апорты сорты алма ағашының алғашқы микроклондарын алды. Олар Алатау етегінде теңіз деңгейінен 1000-1200 метр биіктікте өсіріледі.
2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ орталығы ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құжаттар жинағын қазақ және орыс тілдерінде шығарды.
2010 жылы Алматыда қазақ жазушысы, кинодраматург Дидар Амантайдың Қарқаралы басында кітабының тұсаукесері өтті. Жинаққа Гүлдер мен кітаптар романы, Мен сізді сағынып жүрмін повесі, Post Scriptum әңгімелер жинағы енген.
2010 жылы СуперЛото жеңімпаздарының бірі (есімін жарияламауды сұраған) ұтысының 10%-н, яғни 3 млн теңгені ДОМ (еркін мейірімділік қоғамы) қайырымдылық қорына аударды. Чек қайырымдылық қордың директоры Аружан Саинға берілді.
2011 жылы Алматыда Қазақстан мен Үндістан арасындағы тарихи қарым-қатынастарға арналған Радха Райнаның Echoes of a Distant Past: India and Kazakhstan атты кітабы жарыққа шықты.
2011 жылы Алматыда белгілі қазақстандық режиссер Абдолла Қарсақбаевтың мұражайы салтанатты түрде ашылды.
2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бюджетті жоспарлау мен орындау барысындағы бюджеттік процестердің сапасын арттыруға, бюджеттің дағдарыс салдарына тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2014 жылы Мәскеуде білім алып жұрген қазақстандық студенттер Он ғасыр жырлайды атты қазақ тілі және поэзия кешін өткізді.
2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек қатынастарын жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының жаңа еңбек кодексіне қол қойды.
2016 жылы Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандық жол атты Брайль шрифтімен басылған кітабының таныстырылымы өтті.
2016 жылы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы бірауыздан қабылданды. Декларацияда Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіргендігі атап өтілген.
2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына тағайындалған Антониу Гутерришпен кездесті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев А.Гутерришті БҰҰ-ның Бас хатшысы қызметіне сайлануымен құттықтады.
Кездесу барысында тараптар біздің республиканың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігі аясындағы Қазақстан мен БҰҰ арасындағы табысты ынтымақтастықтың жалғаса беретініне сенім білдірді.