1078
Ем іздегенге есігіміз ашық па?
Ем іздегенге есігіміз ашық па?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше 2022 жылы емдік туризм әлемдегі жетекші салалардың бірі болмақ. Көптеген ел осы бағытта дамуға күш салып жатыр, біздің елде медициналық туризм саласын ілгерілетуге қатысты бастамалар көтерілді.
Алайда коронавирус пандемиясы жалпы туризм мен халықаралық қатынастарға едәуір шек қойды. Еліміздегі медициналық туризмнің қазіргі ахуалы қандай? Жалпы, медициналық туризмнің әртүрлі анықтамалары бар. Медициналық туризм қауымдастығының мәліметі бойынша бұл – бір елде тұратын адамдардың сапалы және қолжетімді медициналық қызмет алу үшін басқа елге сапар шегуі. Ал Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы №211-II Заңында бұл саланың өз анықтамасы бекітілген. Оған сәйкес, медициналық туризм – тұратын жерінен тыс жерде мамандандырылған медициналық көмекті, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алуды демалыспен біріктіретін туризм түрі. Яғни бұл ұғымның ауқымына ем іздеп шетелге шығу немесе керісінше шетелден емделуге келу, бір елдің бір аймағынан екінші аймағына бару, шипажайларда ем-дом қабылдау жатады. Медициналық туризм халықаралық туризмдегі жаңа бағыт ретінде әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұл нарық қазір тез дамып жатқаны соншалық – қазір медициналық туризм туралы нақты ресми мәліметтерді табу өте қиын. Мысалы, түрлі дереккөздер медициналық туризм нарығының әлемдік көлемін 10 миллиардтан 100 миллиард АҚШ долларына дейін, ал жыл сайын саяхаттайтын медициналық туристердің санын 5 миллионнан 16 миллион адамға дейін деп бағалайды. Жаһандық денсаулық институтының (Global Wellness Institute) деректері бойынша 2025 жылға қарай бұл саладағы нарық көлемі 140 млрд АҚШ долларынан асады деген болжам бар.Шетелден ем іздегендер
2020 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шетелдік клиникалармен 787 миллион теңгеге шарт жасасқан. Жалпы, жыл сайын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге 100-ден астам пациент, ал шетелдік мамандарды тарта отырып, отандық медициналық ұйымдарда емдеуге 30-дан астам пациент жіберіледі екен. Ведомство шетелде емделуге берілетін квота бойынша ем алатындардың ерекше санаты жоқ екенін айтады. Елімізде емделген, бірақ оңалмаған науқастардың барлығы шетелдік клиникада медициналық көмек ала алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мәліметінше қазақстандықтарға бюджет есебінен шетелге емделуге 2012 жылдан бастап жол ашылған. Жалпы, шетелде ем алғандар туралы нақты статистика жоқ деуге болады, себебі өз қаражатына емделетіндер саны көп. Ал әртүрлі дерек бойынша жыл сайын шамамен 50 мыңға жуық қазақстандық шетелге емделуге барады екен. Елден ем іздеп шығатындардың көбі Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай, Израиль, Германия сияқты мемлекеттерге барады. Бұл туралы мәлімет Journal of Health Development ғылыми журналында жарияланған (2020 ж.). Мысалы, Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтының (Korea Health Industry Development Institute) деректеріне сәйкес жыл сайын 15 мыңнан астам қазақстандық онкология, репродуктология және гинекология, жүрек-қан тамырлары, эндокринологиялық және бүйрек ауруларын емдеу, сондай-ақ пластикалық хирургия қызметін алу үшін Оңтүстік Кореяға баратын көрінеді. Ал Түрік медициналық туризм қауымдастығының (Turkish Healthcare Travel Council) есебі бойынша жыл сайын Қазақстаннан Түркияға радиотерапия, онкология, нейрохирургия, реконструктивті пластика және оңалту сияқты бағыттар бойынша медициналық қызмет алуға баратындар саны 7 мыңнан асады. Медициналық туризм саласындағы әлемдік жағдай үнемі өзгеріп отырады. Егер бұрын бұл салада Батыс Еуропа мен Америка Құрама Штаттары көшбасшы саналса, бүгінде оларды Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ығыстырған. Қазір 50-ден астам ел экономикасын дамыту мақсатында медициналық туризм туралы Ұлттық бағдарлама да қабылдаған екен. Мәселен, Германия, Израиль, Түркия, Үндістан, Сингапур, Таиланд сияқты елдер науқастарға жоғары сапалы қызмет көрсету үшін медициналық инфрақұрылымының дамуына, инновациялық технологиялар, озық құрал-жабдықтармен қамтылған клиникалардың құрылысына миллиондаған қаржы құяды. Бұл елдердің мамандары үнемі әлемнің мықты деген университеттерінде білімін жетілдіріп отырады. Сондай-ақ шетелдіктерді емдейтін емханалардың дәрігерлері бірнеше тілді меңгерген. Өйткені медициналық қызметкерлердің бірнеше тілді меңгеруі біраз елдерде міндетті жұмыстардың біріне кіреді. Ал бізде ше? Біздің елде медициналық туризм 2017 жылдың аяғынан бастап мемлекеттік деңгейде белсенді дами бастаған. Ұзақ уақыт бойы кардиохирургия, нейрохирургия, трансплантация, онкология және тағы басқа бағыттар бойынша ем алу үшін өзге елдерге баруға мәжбүр болған науқастар қазір қажет емді шекара аспай ала алады. Әсіресе, елордадағы әлемдік стандарттарға сай, жетекші орталықтардың әлеуеті зор. Тіпті, шетелдіктер үшін Қазақстанда халықаралық талаптарға сай медициналық қызмет алуға мүмкіндік туды. Бірақ енді ғана қарқын ала бастаған бұл саланың әлі де реттелмеген, реттелуі тиіс мәселелері көп.Біздің қауқарымыз қандай?
Жыл сайын медициналық көмек алу мақсатында Қазақстанға келетін шетелдіктердің саны екі мың адамнан аспайды екен. Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының деректеріне сәйкес, 2016 жылы республикалық медицина ұйымдарының стационарында емделген шетелдік пациенттер саны 1 500 болса, 2017 жылы 1 431 адам келген. Ал 2018 жылы олардың саны артып, 1 682 адамға жеткен. 2019 жылы елге 1 797 медициналық турист келіпті. Бұл динамика медициналық туризмді дамытуда бірқатар проблемалар бар екенін көрсетеді. Ал пандемия кезінде бұл көрсеткіш одан сайын төмендегені анық. Ұлттық статистика комитетінің 2021 жылғы маусымдағы дерегіне сәйкес пандемияға байланысты Қазақстанға келген туристердің саны 90,9 пайызға азайған. Оның ішінде нақты қанша адам емделу үшін келгені беймәлім. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығында Медициналық туризмді дамыту бөлімі жұмыс істеген болатын. Сол бөлімнің бас маманы болған Диляра Ағыбаеваның сөзінше, пандемияға байланысты бөлімнің жұмысы тоқтаған.– Пандемияға байланысты, қаржыландыру бойынша қиындықтарға Медициналық туризмді дамыту бөлімі жұмысын тоқтатты. Бұрын біз бұл бағытта зерттеулер жүргізгенбіз. Бірақ қазір нақты мәлімет табу өте қиын, – дейді маман.Елімізде заманауи медициналық кластердің, сонымен қатар көптеген заманға сай жабдықталған басқа да медициналық, стоматологиялық, косметологиялық клиникалар мен ЭКҰ орталықтарының бой көтеруі Қазақстанда туризмді, оның ішінде сауықтыру туризмінің негізін берік қалауға мүмкіндік берді. Медициналық туризм саласындағы ең басты нәрсе – медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігі. Қазір елордалық клиникалар заманауи жабдықта емдеудің жаңа жоғары технологиялық әдістерін ұсынады. Сонымен қатар елордада көптеген медициналық орталықтың JCI халықаралық аккредитациясы бар екенін атап өту қажет. Денсаулық сақтаудағы сапа стандарттары саласында JCI аккредитациясы өте беделді және ол медициналық ұйымның халықаралық деңгейде қабылданған Медициналық және әкімшілік стандарттарға, сондай-ақ пациенттердің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарға сәйкестігін растайды. Қазір әлемде JCI стандарттары бойынша 800-ден астам аурухана аккредиттелген. Ал JCI-де аккредиттелген ұйымдар саны бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 25-орында. Баратын елді таңдау кезінде қауіпсіздік пен саяси тұрақтылықтың маңызы зор. Бұл жағынан біздің ел өте қолайлы. Оған қоса, әлемдік рейтингтер мен деректерде еліміздегі медициналық қызмет көрсету сапасы жағынан озық, бағасы жағынан тиімді деп көрсетіледі. Мәселен, Вookimed.com (әлемнің кез келген нүктесіндегі клиникаларды іріктеу және емдеуді ұйымдастыру бойынша тегін халықаралық платформа) рейтингінде ұсынылған 71 халықаралық клиниканың мәліметтері бойынша, кей ота түрлері Нұр-Сұлтан қаласының клиникаларында Түркияға қарағанда 4,3 есе, Германияға қарағанда 5,2 есе және Израильге қарағанда 5,4 есе арзан екен. Алайда Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықтардың медицинаның мүмкіндіктері туралы жергілікті халықтың да, шетелдіктердің де жеткілікті дәрежеде хабардар болмауы емделушілер санының көбеюіне тосқауыл болып отыр. UMC корпоративтік қорының статистикалық деректеріне сәйкес, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» және «Ұлттық нейрохирургия орталығында» 2015-2018 жылдары барлығы 12,3 мың шетелдік медициналық турист емделген. 2017-2018 жылдары «Ұлттық нейрохирургия орталығының» нейрохирургиялық бағыттағы жалпы бөлімшесі Тәжікстан азаматтары арасында үлкен сұранысқа ие болған. Ал «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» қызметтерін 2011-2015 жылдары Қырғыз Республикасы азаматтары көп пайдаланған. Жалпы, қазір заманауи медициналық технологияларға қол жеткізе алатын және шетелдік пациенттерді қабылдауға әлеуеті бар 9 негізгі медициналық ұйым жұмыс істейді. Медицина сарапшысы, дәрігер Қайырғали Көнеев біздің елдегі медициналық орталықтардың әлеуеті өте жоғары, бірақ назар аударылуы тиіс мәселелер жоқ емес екенін айтады. Қайырғали Көнеев, медицина сарапшысы:
Шетелдіктерді тегін емдеу мәселесін қайта қарау керек
– Медициналық туризм саласы пандемиядан кейін жалпы әлем бойынша тұралап қалды деп айтуға болады. Ал негізінен бұл салада біздің елдің потенциалы өте жоғары деп ойлаймын. Жоғары сапалы технологиялармен қамтылуы жағынан, сапа жағынан алсақ та солай. Орталық Азия бойынша медициналық туризм бағытында Қазақстанның әлеуеті жоғары. Бірақ бізде нормативті-құқықтық база бойынша көп мәселенің бір қайнауы ішінде. Мысалы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстанға жұмыс істеуге, оқуға және тағы да басқа мақсатта келген кез келген шетелдіктің өзі де, отбасы да тегін ем ала алады. Яғни олар қордағы ақшаға емделеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, себебі 4 миллион, 5 миллион тұратын дәрілер бар, оның барлығы тегін қарастырылады. Бұл туралы шетелдіктер әлі хабардар бола қойған жоқ, дегенмен пандемия аяқталған соң, бұл туралы біліп алса, бұл біздің елдің бюджетіне үлкен салмақ болады. Бұған денсаулық сақтау жүйесі шыдас бермейді. Яғни үкіметі тегін бере алмайтын, өздері сатып ала алмайтын елдердің азаматтарына бізге келіп, азаматтық алмай-ақ МӘМС-ке тіркеліп, сол арқылы тегін көмек алуға жол ашық. Мұның дұрыс емес екенін, бұлай болмайтынын талай рет айтып, мәселе де көтерген едік. Әлемде ешбір мемлекетте мұндай мүмкіндік таппайсыз. Тіпті, Рсейде осы сияқты норма жоқ. Мәселен, сіз Ресейге барып білім алсаңыз, жаман айтпай, жақсы жоқ, сол жақта жазатайым оқиғаға ұшырасаңыз, бәрі ақылы болады, шетелдіктерді тегін емдемейді. Осы мәселені назарға алу керек.Әкім ТҰРСЫН, медицина сарапшысы, QMed ұлттық инновациялық медицина палатасының директоры:
Дамыған елдермен салыстыруға әлі ерте
– Бұл сала карантинге дейін жақсы дамып келе жатқан болатын. Ал қазіргі ахуалды 5 балдық жүйемен алғанда, 3 балға бағалар едім, бірақ Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына емделу үшін келіп жатқан шетелдіктер аз емес. Онкология, кардиохирургия, нейрохирургия салаларында әлемдік деңгей бойынша сұраныстағы мамандар да бар. Еліміздегі медициналық орталықтар Орталық Азия бойынша алдыңғы қатарда. Оған қоса жеке клиникалар да көбейді. Дегенмен Алматыдағы кей орталықтарға реконструкция қажет. Бірақ дамыған елдермен салыстыруға келе бермейтінін ашып айтқан жөн. Бізде, әсіресе қызмет көрсету саласы ақсап тұр. Оны дамыту үшін инвесторлар тартуды қолға алу керек. Үлкен медициналық университет ашсақ, оның ағылшын тілінде сапалы білім бере алатын әлеуеті болса Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерден студенттер көп келер еді. Солардың базасында үлкен университет клиникасын жасақтауға болады.